Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

МАЛ ДӘРІГЕРІНЕ АРТЫЛАТЫН СЕНІМ МОЛ

МАЛ ДӘРІГЕРІНЕ АРТЫЛАТЫН СЕНІМ МОЛ
ашық дереккөз
МАЛ ДӘРІГЕРІНЕ АРТЫЛАТЫН СЕНІМ МОЛ
Ауылшаруашылық өнімдерінің сапалы болуы үшін, ең алдымен, мал ауру-сырқаудан аман болуы қажет. Бұл тұрғыда ветеринария саласы мамандарының ел үшін еткен еңбегі айрықша екенін айта кетуіміз керек. Жуалы ауданы Ақтөбе ауылдық округіне Бәйтерек, Жаңаталап, Ақтоған ауылдары мен Күркіреусу стансасы қарайды. Округ орталығы Бәйтерек ауылында орналасқан ветеринариялық пункт меңгерушісі Раймхан Тойбековтің айтуынша, ауылдық округте 2 мыңнан аса мүйізді ірі қара, 1 500 жылқы мен 11 мың уақ мал бар. Р.Тойбеков ұзақ жылдан бері ветеринария саласында еңбек етіп келе жатқан майталман маман. – 1979 жылы қазіргі Құлан агротехникалық жоғары колледжіне оқуға түсіп, 1983 жылы аяқтадым. Еңбек жолым енді басталғанда әскер қатарына шақырылып, 1986 жылы Отан алдындағы борышымды өтеп келдім. Біздің ауыл, яғни Ақтөбе ауылдық округі ол кезде «Военный совхоз» деп аталатын. Әскерден келгеннен кейін екі жыл кеңшардың ветеринариялық дәріханасында меңгеруші болып еңбек еттім. Одан кейін сиыр, шошқа фермаларында мал дәрігер болып 1992 жылға дейін жұмыс істедім. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін кеңшардың да, ауылдың да аты ауысты. Елді жұмыссыздық жайлап, сол жылдары біршама уақыт заңсыз балық аулау ісін қадағалаумен айналысып, арада көп уақыт өтпей өз кәсібіме қайта оралдым. Содан бері осы салада табан аудармай еңбек етіп келемін. Негізі жұмыс сапасының артуы қатарымыздың жас мамандармен толығуында, олардың осы саланың жұмысын бес саусағындай білуінде жатыр. Екі фельдшердің бірінің жасы елуге таяса, екіншісі қырықты алқымдап қалды. Менің жасым да алпысты алқымдады. Бір қуанарлығы, ауылдық округтің ветеринариялық пункт қызметкерлері арасында буынаралық үзіліс жоқ. Барлығымыз бір-бірімізді араға он жыл салып өкшелеп келе жатқан мамандармыз. Салада буынаралық байланыс үзілмеген жерде жұмыс жүйелі жүргізіледі. Біздің атқаратын жұмысымыз жоспарға сай жүзеге асырылуда. Оның ішінде малдан қан алу және төрт түлікті түрлі аурудан қорғау үшін вакцина салу жұмыстары өз мерзімінде орындалуда. Мысалы, қазіргі таңда біз екі ай бойы 1 080 ірі қараға, 5 мың уақ малға Сібір жарасы, сарып ауруларына қарсы вакцина егіп, қан сынамаларын алдық. Жұмыс әрі қарай жалғасып, жоспарды мамыр айында аяқтаймыз. Одан кейін тамызға таман екінші кезең басталады, – деді Раймхан Тойбеков. Аталған ауылдық округте қаңғыбас ит-мысыққа қатысты мәселе жоқ көрінеді. Қандай да бір мал қотыр, сүйел секілді жеңіл-желпі ауруға шалдықса, малды емдеу үй иесінің қаражаты есебінен жүргізіледі екен. Бұрын сарып ауруын емдеу мал иесінің есебінен жүргізілсе, қазір ол да мемлекет қаржысы есебінен атқарылады. Ауылшаруашылық жануарларын бірдейлендіруде, яғни малды сырғалауда сырға төлге тегін салынады. Қора-жайды кене басса, алдымен қора-қопсы қидан тазартылып, залалсыздандырылады. Залалсыздандыруды мал дәрігерлері ақыға атқарса, малды кенеден арылтатын дәрі-дәрмектерді мал иесі өзі сатып алады. Ақтөбе ауылдық округінің мал дәрігерлері ветеринариялық қауіпсіздік, азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін үнемі назарда ұстайды. Округте төрт түлікке қатысты жұқпалы ауруларға қарсы күрес жоспарға сай жүргізілуде.
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар