Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«LESSON STUDY» – ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ТӘСІЛІ

«LESSON STUDY» – ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ТӘСІЛІ
ашық дереккөз
«LESSON STUDY» – ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ТӘСІЛІ
«Lesson study» – ағылшын тілінен аударғанда «сабақты зерттеу» деген мағынаны білдіреді. Яғни бірнеше мұғалім топ құрып, бірлесе отырып сабақ жоспарын құрады, мақсатын айқындайды, кем-кетігін, артықшылығын талқылайды. Бір-бірінің сабағына қатысып, оқушының белсенділігін, қызығушылығын, қиындығын бақылайды. Осылайша сабақ түсіндірудің ең тиімді тәсілін бірлесе отырып ізденеді, жан-жақты зерттейді.  «Lesson study» әдісі 1999 жылы ағылшын тілді мектептерде қолға алына бастаған. АҚШ, Германия, Жапония елдерінде математика сабағының білікті мамандары өз сабақ беру тәсілімен бөліскен. Содан кейін аталған зерттеу әдісі әлемге таныла бастады. Азия, Еуропа, Солтүстік Америка, Таяу Шығыс, Африка елдері де тиімді әдісті білім жүйесіне енгізді. «Lesson study»-ге жоспарлау, оқыту мен оқуды талдау, өз қорытындыларын тұжырымдап, құжаттарды бірлесіп жүзеге асыратын мұғалімдер тобы қатысады. «Lesson Study»-дің циклін өткізген соң мұғалімдер педагогикалық тәсілдерді түрлендіріп немесе жетілдіріп, кейін ашық таныстырылым өткізіп, баспада жариялау арқылы әріптестеріне таратады. «Lesson study» әдісі бірнеше сатыдан құралады. Алғашқы қадамда мұғалімдер зерттелетін тақырыптың негізгі нысанасын айқындайды. Мұнан соң сабақ жоспарын құрмас бұрын сауалнама жүргізіп алады. Келесі қадамда жоспар құрады. Жоспар аясында деректер жинайды, оқу жоспарын қайта қарастырады, әдебиеттер тізімін жасайды. Сондай-ақ зерттеу сабағын мұғалім видеоға жазып, сақтап қойғаны абзал. Кейін топ мүшелері сабақты қайта қарап, артықшылығы мен кемшілігін анықтай алады. «Lesson study» – мұғалімдерді оқыту және тәжірибесін дамытудағы ынтымақтастық тәсілі. Әдіс мұғалімдердің педагогикалық білімі мен тәжірибесін дамытуда өте тиімді. Топта жұмыс істей отырып мұғалімдер тиімді тәсілді тауып қана қоймай, өзара бірлесіп жұмыс істеудің, ауызбіршіліктің қаншалықты маңызды екенін түсінеді. Бірлік арқылы кез келген қиындықты еңсеріп, мақсатқа жетеді. Ұстаздан үлгі алатын оқушы да бұл жақсы қасиетті бойына дарытады. Ізденіс пен ауызбіршілік арқылы мақсатқа жетуге болатынын ұғады, ұстаздарынан үйренеді. Білім саласы еш уақытта бір орында тұралап қалған емес. Үнемі дамып, өзгеріске ұшырап отырады. Және бұл қалыпты жағдай. Технология дамыған, жан-жақтан ақпараттар легі тоқтаусыз келетін заманда жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренген жөн. Әрине, жаңа әдісті бірден енгізбес бұрын тәжірибе ретінде сынап көреді. Тиімді ме, қажет пе, сол жағы жан-жақты қарастырылады. Десе де ұстаздар қауымы жаңалыққа жаны құштар болу керек деп есептеймін. Себебі сабақ әдісін өзгертіп тұру арқылы оқушының қызығушылығы артады. Бәлкім, жаңа әдіс арқылы оқушының тақырыпты қабылдауы тез әрі оңай болуы мүмкін. Сабақты тек бір сарында өткізе берсек, оқушылардың ынтасы төмендеп кетеді. Әсіресе бастауыш сынып оқушылары үшін сабақ беру тәсілін жиі өзгертіп тұру тиімді. Балалар ойын түрінде сабақты жақсы қабылдайды. Балаларды демеп, мақтау сөз айтып, ынталандырып тұрудың да маңызы зор. Әр бала өз зейінімен, талпынысымен, мінез-құлқымен ерекшеленеді. Ал жақсы ұстаз әр баланың көңіліне жол таба алады. Ұстаз бен оқушы арасында жақсы қарым-қатынас болса, сабақ беруде, түсіндіруде қажетті нәтижеге жылдам жетуге болады. Халқымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе – білім» деген екен. Яғни сонау біз қызыға, таңғалып, тамсана қарайтын озық елдерге біз білім арқылы ғана жете аламыз. Бұл мақсатқа жету үшін мұғалімнің ізденісі, тәжірибесі, жаңа технологияларды игеру және пайдалану қабілеті қажет. Жоғарыда атап өткен әдісті мұғалім тиімді пайдалана білсе, оқушы мен ұстаз арасында ынтамақтастық орнап, сабақтың тиімділігі арта түседі. Әрі оқушының шығармашылық қыры да дамитын болады, өз бетінше ізденіп, оқуға талпынысы өседі. Қазір мектептің әр күні көптеген ғылыми жаңалыққа, терең әлеуметтік өзгерістерге толы. Бұрындары оқу үрдісінде мұғалім басты рөлде болса, қазір оқушының белсенділік танытатын уақыты. Бүгінгі оқушы жан-жақты, тіпті мұғалімнен артық біліп, одан оқ бойы озық болуы да мүмкін. Ондай кезде оқушының сабаққа деген қызығушылығы төмендеп кетуі ғажап емес. Сондықтан мұғалім оқушылардың ынтасын төмендетіп алмас үшін олардың алдын орап, өз біліктілігін көрсете алу керек. Ол үшін жаңа әдіс-тәсілдер жетерлік. Біз сөз қылған «Lesson study» – тиімді әдістің бірі. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, кеңесе отырып істеген жұмыстың нәтижесі де көңіл қуантарлықтай болмақ. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, біздің бүгініміз де, ертеңіміз де білімді ұрпақ. Оларға жақсы, сапалы білім беруде ұзтаздар қауымы еш аянып қалмауы қажет.

Меруерт ӘБСӘТ, О.Жандосов атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі, Шоқпар ауылы, Шу ауданы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар