Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

БҮТІНДІ БҮЛДІРЕТІН БҰЗАҚЫЛАР АЗАЙМАЙ ТҰР

БҮТІНДІ БҮЛДІРЕТІН БҰЗАҚЫЛАР АЗАЙМАЙ ТҰР
ашық дереккөз
БҮТІНДІ БҮЛДІРЕТІН БҰЗАҚЫЛАР АЗАЙМАЙ ТҰР
Тарихи-мәдени ескерткіштерді қирату, түрлі нысандарды бүлдіру фактілері жыл санап көбеймесе, азаймай тұр. Аялдамалардағы қираған орындықтар, қисайған қоқыс салғыштар, жұлым-жұлым болған жарнама қағаздары қала көркін кетіріп тұрғаны жасырын емес. Мемлекет меншігіне немқұрайды қарайтын, ойына келгенін істеп, жауап беруден жалтаратын бұзақыларға шектеу қою мәселесіне Мемлекет басшысы да баса назар аударып отыр. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін вандализмге тұсау салу туралы Жолдауларында айтқан болатын. Жуырда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында да вандализм мәселесін қозғап, әлем елдеріндегі мысалдарды тілге тиек етті. – Тағы бір кесел, бұл – вандализм. Өкінішке қарай, қоғамдық мүліктен бастап, мыңжылдық мәдени мұраларға дейін – бәрін жаппай бүлдіру кейінгі кезде әдетке айналған. Бурабайдағы «Жұмбақтасты», Баянауылдағы «Кемпіртасты» қараңыздар. Ең жауһар жерлеріміздің сұлулығы шимайдың астында қалып жатыр. Үйдегі лифтіні, ауладағы ойын алаңын, көшедегі аялдаманы қиратудың қандай қисыны бар?! Мұның бәрі – барып тұрған тәртіпсіздік, мәдениетсіздік. Өркениетті елдің әрбір азаматы қоғам мүлкін өз мүлкіндей қорғауы керек. Дүниежүзінде, нақты айтқанда, Жапонияда, Оңтүстік Кореяда, Қытайда, Сингапурда жағымды мысалдар көп, осы елдер көпке үлгі болып отыр. Ал біз неге олардан кем болуымыз керек? – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Осы орайда алдымен «Вандализм дегеніміз не?» деген сауалға жауап іздеп көрелік. Жалпы вандализмнің шығу тарихы тым тереңде жатыр. Деректерге сүйенсек, 450-жылдары Рим империясында пайда болған. Вандализм сөзінің мағынасы «қиратушы», «сындырушы» дегенді білдіреді. Римнің архитектуралық құрылыстарын қиратқан мәдениеті осал тайпаларға қатысты айтылған термин. Одан бері де қаншама жыл, қаншама ғасыр өтті. Вандализм жойылудың орнына, керісінше уақыт өткен сайын тамырын тереңге жая түсуде. Қарапайым ғана мысал, Тараз қаласының орталығындағы «Jastar» аллеясына барсаңыз жаға ұстатарлық талай сұмдықты көзіңіз көреді. Орындықтарға есімдерін ойып жазып, түрлі суреттер салып кеткен. Кейбірінің ағашын сындырып тастаған. Ұялы телефон қуаттау үшін орнатылған арнайы құрылғылардың бүгінде бүтіні қалмаған. Жарықшамдардың да бүлінгені аз емес. Көпқабатты үйлердің қабырғаларына жазылған жазуларды айтпақ түгіл, оқуға ауыз бармайды. Бұдан бөлек тарихи-мәдени ескерткіштерге жасалып жатқан «қастандықтар» қаншама?! Мәселен, коронавируспен күресте өз өмірлерін құрбан еткен дәрігерлерге арналған «Денсаулық» саябағындағы ескерткіштің басын бір емес, бірнеше мәрте вандалдар қиратып кеткенін ұмыта қойған жоқпыз. «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Берік Жүсіпов те ұлы даламыздың құндылықтарын қорғау жұмыстары қалай жүріп жатқаны жайлы әңгімелеп, бірқатар деректі алға тартты. – Тарихи-мәдени ескерткіштердің жай-жапсарын зерделеу мақсатында жыл сайын мониторинг жұмыстарын жүргіземіз. Нысандарға қатысты заңбұзушылықтар мен ескерткіштердің сақталуына әсер ететін факторлар болса дер кезінде анықтап, оған қатысты тиісті іс-шараларды қолданамыз. Кәсіпорын мамандары далалық экспедицияға шыққанда аудандар аумағындағы ескерткіштердің техникалық жай-жапсары мен қорғалу деңгейін анықтайды. Өкінішке қарай, аталмыш жұмыстар барысында тарихи-мәдени орындарға орнатылған темір қорғау тақтайшалар мен анықтамалық гранит тақталарды бүлдіріп, сындырып кету жағдайларын жиі кездестіреміз. Бұл – мәдениеттің төмендігінің көрінісі. Салдары тарих және мәдениет ескерткіштерінің сәнін қашырып, кәсіпорын бюджетіне салмақ түсіруді. Мысалы, соңғы мониторинг жұмысы барысында «Тәңірқазған», «Бөріқазған», «Ақкөл» тұрақтарында, «Түймекент», «Оххум» қалашықтарында қорғау тақтайшалары мен ақпараттық тақталар қолды болғаны анықталды. Сондай-ақ, Құлан қалашығының территориясын қорғау мақсатында жасалған сыртқы темір қоршауларды жергілікті тұрғындардың төрт түлігі сындырып, бұзып, мүшкіл жағдайға жеткізген. «Тектұрмас» кесенесінің қабырғасындағы кірпіштерге кісі есімдерін жазып кеткен. «Меркі» қалашығы орталық сауда орнының жанында орналасқандықтан, тұрғындар тарапынан қоқыс тастау фактілері жиі орын алады. Мониторинг нәтижелері бойынша кәсіпорын мен аудандық инспекторлар бірлесіп, қалпына келтіру жұмыстарын атқарады. Мұндай әрекеттер берісі адамдық, әрісі құқықтық тұрғыдан да құптарлық іс емес. Амал қанша, айтудан ауыз шаршады, көпшіліктің құлқы солай қалыптасқан, – дейді Б.Жүсіпов. Ал облыстық полиция департаментінің имидждік жұмыс және ішкі коммуникациялар бөлімінің инспекторы Гүлдана Апиза да бүтінді бүлдіретін бұзақылар азаймай тұрғанын қынжыла жеткізді. Сондай-ақ департамент маманы вандализммен ұсталғандар жазасыз қалмайтынын баса айтып өтті. – Президент тапсырмасымен былтырдан бастап вандализм актілері, қоғамдық және жеке мүлікті бүлдіргені үшін жаза қатаңдатылды. «Мүлдем төзбеушілік» қағидатын іске асыру аясында қоғамдық орындарда әдепсіз сөздер айтып, қорлау, ғимараттар мен өзге де құрылыстарды, қоғамдық орындарға нұқсан келтіру және қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзатын басқа да ұқсас әрекеттер үшін 20 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салу немесе 15 күн есебіндегі әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн 1 жыл iшiнде тағы да қайталанса, 30 тәулікке дейінгі мерзiмге әкiмшiлiк қамаққа алуға әкеліп соғады. Қоғамдық тәртіпті бұзғаны және бөтеннің мүлкін бүлдіргені туралы фактілер анықталған жағдайда тиісті шаралар қабылдау үшін «102» нөміріне хабарласу керек, – деген Гүлдана Апиза вандалдармен қоғам болып күресу керектігін жеткізді. Бүтінді бүлдіріп, қоғам меншігіне атүсті қарайтындармен күресіп жүргендердің бірі – Әбілхайыр Құдыретәлі. Волонтер өткен жылдың маусым айынан бастап 300-ден астам белсендімен қаладағы 100-ге жуық граффити жазуды өшіруге атсалысқан. – Қаладағы бірнеше ықшамаудандағы көпқабатты үйлердің қабырғаларын граффити жазулардан тазалауға астсалыстық. Өз атын әр жерге қайталап жаза беретіндер аз емес. Солардың көбісін жасайтын оң-солын танып үлгермеген жастар. Арасында қызық көріп, рұқсат етілмеген жерлерге барып сурет салып, полиция қызметкерлерінен қашып, содан ерекше рақат алатындар да бар. Бұл – таза жабайылықтың, мәдениеттің төмендігінің көрінісі, нағыз вандализм, – дейді Әбілхайыр Ерболұлы. Психологтардың айтуынша, вандализм адамның девиантты мінез-құлқынан туындайды. Салдарынан өнер, мәдениет объектілері мен мемлекеттік маңызды орындар бүлінеді немесе біржола жойылады. – Вандализм терминінің мағынасы мәдени ортада және діни салада кеңінен қолданылады. Яғни мәдени ескерткіштер мен ғимараттарды бұзу ғана емес, рухани құндылықтарды жою, өнер, білім, мәдениеттегі ерекшеліктерге немқұрайды қарауды да білдіреді. Адам вандализм арқылы ішкі күйін, басқа адамдармен келіспей тұрғанын жеткізеді. Мысалы, бір жасөспірім ғимараттың сыртын бояп, сызып немесе сындырып кетсе, қоғамға деген наразылығын білдіреді. Ал қоғамға деген наразылығы – өмір сүру дағдысын, әлемді қабылдау деңгейіне байланысты. Кейбіреулер «іште сақтама, сыртқа шығарып таста» деген кеңесті дұрыс түсінбеуі мүмкін. «Агрессиямды сақтамай, шығарғым келеді» деп көшедегі көрінген затқа тиіседі. Сонымен қатар біреудің «сен оны істей алмайсың, қолыңнан келмейді» деген сөзіне еріп, батылдығын даладағы затты бүлдіру арқылы дәделдегісі келуі де мүмкін. Адам вандализмге неліктен баратынын нақты айту қиын. Бұл ауытқуға жатпайды. Себебі адам ғимаратты біреуге еліктеп, ашуланып немесе наразы болып бұзады. Осылайша ішкі жанайқайын білдіреді әрі осылайша өмірде өзін мойындатқысы келеді, қоғамдағы өз орнын дәлелдегісі келеді. Ресей психологі, ғылым кандидаты, доцент Людмила Ватова 11-23 жас аралығындағы адамдардың вандализм жасау себептерін зерттеген. Психолог осы жас аралығындағы адамдардың вандализмге баруын 4 деңгейге бөледі. Бірінші – бейсаналы деңгей. Себеп – ашу-ызаның сыртқа шығуы, алкоголь немесе есірткі әсері. Екінші – саналы деңгей. Себеп – ойын, сауық құру, еліктеу, ішкі «менін» жақтау. Үшінші – саналы әрі жеке психологиялық деңгей. Себеп – өзін-өзі ұстау, қорғау немесе кек алу. Төртінші – саналы әлеуметтік-психологиялық деңгей. Себеп – өзін-өзі растау, наразылық, қайғыға, ренішке назар аудару, жауап беру. Ал өзімнің тәжірибемнің барысында бала кезден келе жатқан жан жарасы вандализм жасауға негізгі себеп болатынын дәлелдеуде, – дейді тәжірибелі психолог Мөлдір Онурқызы. Деректерге сүйенсек, вандализмге көбіне 12-16 жас аралығындағы жасөспірімдер барады екен. «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының жетекшісі Дәурен Бағжанов вандализм жасайтын балалар емес, оларға дұрыс тәрбие бермеген ата-аналары кінәлі екенін айтады. – Ата-аналар перзенттеріне күнделікті мүлікті қиратпау, кез келген жерге сурет салмау, шимайлауға болмайтынын құлақтарына құйып өсірген жөн. Әрбір дүниенің киесі бар екенін, әрбір заттың артында қанша адамның еңбегі жатқанын, оған мемлекеттен арнайы қаржы бөлінетінін түсіндіріп отыру керек. Құндылықтарды бағалауға дағдыландыру қажет. Үйде дұрыс тәрбие алған бала тәртіпсіздікке бармайды, – дейді Дәурен Орайұлы. Осындайда Қадыр Мырза Әлінің: «Кімді аяйды есіргендер, Қызғандар?! Қасиетті ұғымдарды сызғандар. Бәрін, бәрін, Барлығын да бұзады Бақилардың тыныштығын бұзғандар!» – деген өлеңі еріксіз еске түседі. Қоршаған ортаға құрметпен қарау, құндылықтарды қадірлеу – адамның таным-түсінігі мен әдебі, ішкі мәдениетіне байланысты. Сайып келгенде, отаншылдық та өз еліңе, өз жеріңе сыйластықтықтан, жанашырлықтан басталатыны анық.

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар