Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Аl-Mansur»-дың алар асуы алда

«Аl-Mansur»-дың алар асуы алда
Ашық дереккөз
Кезінде Тараз қаласында «СКА-ЮГ» атты кәсіпқой футзал клубы болғанын бүгінде біреу білсе, біреу білмес. Бразилиялық бапкер Этьен Гомес-Де Оливейра жаттықтырған команда 2012 жылы құрылып, жоғары лигада облысымыздың намысын қорғаған болатын. Алайда Алешандре-Де Оливейра Родригес, Энрике Акира Ватанаби, Марсио Энрике де Алмейда, Ренато Гомес Миранда, Везлей Маноел-Де Оливейра Андраде сынды бразилиялық ойыншылар мен жергілікті жастардан жасақталған команданың ғұмыры ұзаққа созылмады. Жақсы нәтиже көрсете алмағандықтан облыс әкімдігі тарапынан қаржыландыру аяқталып, 2015 жылы клуб жабылады. Осылайша «СКА-ЮГ»-тің тасын өрге сүйреуге тырысқан ойыншылардың кейбірі еліміздегі басқа командалардың қатарына қосылса, бірі футзалмен мүлдем қош айтысты. Енді бірі бапкерлікке бет бұрды. Команданың белді шабуылшысы болған Дархан Әбдеш те бірнеше жыл әуесқойлар лигасында түрлі командалардың сапында ойнап, бүгінде бапкерлікпен айналысып жүр.

Жалпы кейінгі жылдары Қазақстанда шағын футбол қарқынды дамып келеді. Бұл сөзімізге ұлттық құраманың осыдан үш жыл бұрын Литвада ұйымдастырылған әлемдік додадағы нәтижесі мен былтыр Нидерландта жалауы желбіреген Еуропа біріншілігіндегі табысты өнері дәлел бола алады. Ұлттық құрама мен «Қайрат» командасының Еуропа төріндегі жарқын жетістіктері еліміздің әр өңірінде футзалдың серпінді дамуына айтарлықтай ықпал етуде. Өкінішке қарай, үлкен футболдың талай жұлдызын тудырған облысымызда шағын футболдың жағдайы әзірге оңалмай тұр. Дегенмен кешегі кәсіпқой футболшы, бүгінгі бапкер Дархан Талғатұлы өткен жылдан бастап кәсіпкер Санжар Сисенғалиевтің бастамасымен сең жай-жай қозғала бастағанын айтады. Өз кезегінде Дархан да өңірімізде шағын футболды дамыту, талантты жастарды тәрбиелеу бағытында аянбай еңбек етіп жүр. – 1994 жылы Жаңатас қаласында дүниеге келдім. Екінші сыныптан бастап Тараз қаласындағы мектепте білім алып, сол кезден футболға қызығушылығым оянды. Сөйтіп, үшінші сыныпқа көшкен жылы футбол үйірмесіне қатыса бастадым. Мектеп бітіргеннен кейін Шымкент қаласындағы Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетіне «Денешынықтыру және спорт» мамандығына оқуға түстім.

Жоғары білім ала жүріп «СКА-ЮГ» кәсіпқой футзал командасында ойнадым. Егер клуб жабылып қалмағанда облысымызда футзал спорты әлдеқашан аяққа нық тұратын еді.Алайда клуб басшылығына берілген уақытта оң нәтиже көрсете алмағандықтан клуб ойыншылары жан-жаққа тарыдай шашылып кеттік. Кейін алматылық «Қайраттың» жастар құрамасында Біржан Оразов, Дәурен Тұрсағұлов сынды қазіргі ұлттық құраманың көшбасшыларымен бірге ойнап, үлкен тәжірибе жинадым. Жастар арасында Испанияда өткен Еуропа чемпионатына қатысып, төртінші орын алдық. Жастар құрамасымен бірге одан басқа да ірі жарыстарда жұлдыздай жарқырап, жүлделі орындардан көрініп жүрдік. Алайда сол бір кездерде қатты ұяңдау болып, ары қарай дамып кете алмадым деп ойлаймын. Егер командаларға барып, бапкерлердің алдында шеберлігімді дәлелдей білсем, қазіргі таңда кәсіпқой футзал клубтарының бірінде ойнап жүретін бе едім?! Соңғы жылдарда әуесқойлар лигасында өнер көрсетіп жүрдім. Бірде кезекті жарыстан қайтып келе жатып команда ашу туралы ой келді. Футзалға байланысты арманым, мақсатым көп еді. Бірі орындалды, бірі орындалмады. Сөйтіп, өзім жетпеген жетістікке шәкірттерім жетсе екен деген ниетте өткен жылы тәуекел етіп «АL-МАNSUR» командасын құрдым, – дейді Дархан Әбдеш.

Былтыр қазан айында ашылған командада бүгінгі таңда 30-40 жасөспірім тәрбиеленуде. Жаттықтырушылар Дархан мен Дарынның алдағы мақсаты – жасөспірімдерді шарболаттай шыңдап, талантын ұштау, қазақ футзалының жұлдыздарын тәрбиелеу. Дарын Әбдеш те «Қайрат», «Ордабасы» сынды футзал командаларында ойнаған кәсіпқой футболшы. – Дарын інім екеуміз қазір 2012, 2013, 2015 және 2016 жылғы жасөспірімдермен жұмыс істеп жатырмыз. Уақыт өткен сайын ойыншыларымыздың деңгейі өсіп келеді.

Мәселен, Санжар ағамыздың ұйымдастыруымен биыл алғаш рет Жамбыл облысының жасөспірімдер лигасы басталған болатын. Жарысқа біз екі команда қостық. 2014-2015 жылғы жасөспірімдеріміз өз топтарында көш бастап тұр. Бүгінге дейін 12 ойын өткізді. Әлі жеңілістің ащы дәмін татқан жоқ. Бұл топта 15 команда бақ сынауда. Ал бір командамыз турнир кестесінің ортасында келе жатыр. Командамыздың осындай жетістіктері, ата-аналардың алғысы бізді жігерлендіреді. Мотивация береді. Кейде ата-аналар «балам жаттығуға асығып тұрады, сіздерге келгелі ойын мәнері өзгерді» деп рақметін айтқанда төбеміз көкке жеткендей болады.

Жалпы бізде аптасына 3 рет жаттығу өтеді. Сенбі-жексенбі күндері түрлі жарыстарға қатыстырамыз. Осы уақытқа дейін бір баланың жаттығу ақысы 10 мың теңге болған. Жақында 15 мың теңгеге көтердік. Шынын айтқанда, бағаны көтергеннен бізге ешқандай пайда жоқ. Залды жалға алу ақысын төлейміз, басқа да шығындар жетіп артылады. Кейбіреулер көл-көсір табыс тауып жатыр деп ойлауы мүмкін. Мүлдем олай емес. Бір тиын пайда тапқан емеспіз. Керісінше команданың жоқ-жітігін түгендеу үшін қарызданып-қауғаланып кетеміз.

Дегенмен мұның бәрі уақытша екенін жақсы түсінеміз. Қиындықтардың бәрі артта қалып, «АL-МАNSUR» командасы әлі талай асуларды алады деп ойлаймын. Егер дәл осылай қарқында жан-жақтан жұмыс істей берсек, күндердің күнінде біздің облысымызда да футзал спорты қанатын кеңге жаятыны анық. Ал футзал даму үшін жастарды көп қолдау қажет. Турнирлерді жиі ұйымдастыру керек.

Осы орайда Санжар ағамызға алғысымды білдіргім келеді. Қазір бірінші лигада облысымыздың атынан «Омега» командасы өнер көрсетуде. Талантты жастардың басын қосып, футзал командасын құрып, бүгінде барлық шығынын көтеріп, үлкен қолдау көрсетіп жүрген Санжар ағамызға қалай алғыс айтсақ та жарасады. Қазір турнир кестесінде екінші орында келе жатқан «Омега» командасы бірінші лигада топ жарса, жоғары лигада өнер көрсету мүмкіндігіне ие болады, – дейді Дархан Әбдеш.

Болашақта ағайынды Дархан мен Дарынның шәкірттері Қазақстан ұлттық құрамасының, әлемнің үздік командаларының сапында жасындай жарқылдап жүрсе, таңғалуға болмайды. Себебі дана халқымыз «Ұстазы мықтының ұстанымы мықты» деп бекер айтпаған. Лайым, Дархан мен Дарынның дара жолын шәкірттері жалғап, Жамбыл облысының абыройын асқақтата берсін.

Талғат Нұрханов

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар