«Art Sport» - қа бөлінген қаржының сұрауы жоқ па?
- author AR-AY
- 29 наурыз, 2024
- 255
Жиында ұлттық, техникалық және қолданбалы спорт түрлері мен бұқаралық денешынықтыру, әуесқой және кәсіпқой спортты дамыту, инфрақұрылымның қолжетімділігін қамтамасыз ету, бөлінген қаржыны тиімді пайдалану бойынша атқарылған жұмыстар туралы облыс әкімдігі денешынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұржан Жолдасбековтің баяндамасы тыңдалды. – Бұқаралық спортты дамыту, жоғарғы спорт жетістігіне жету және спорт резервін дайындау – денешынықтыру және спорт басқармасы алдында тұрған ең маңызды міндет. Биыл облыстың спорт саласының ағымдағы шығындарына 14,9 миллиард теңге, саланың материалдық-техникалық базасын нығайтуға 120,3 миллион теңге бөлінді. Былтыр облыста спорттың олимпиадалық және олимпиадалық емес түрлерін дамыту дирекциясы ашылды. Бүгінде облыс көлемінде басқармаға қарасты 53 спорт мекемесі жұмыс атқаруда, – деген Нұржан Жолдасбеков саладағы жетістіктерге тоқталды.
Отырыста облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Рауан Садырқұлов пен облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Лаура Отарбай есеп берді. Мұнан соң сөз алған облыстық мәслихаттың экономика, бюджет, салық және жергілікті өзін-өзі басқару жөніндегі тұрақты комиссияның атқарған жұмысы туралы комиссия төрағасы Фарида Жүнісова қосымша баяндама жасады. Комиссия төрағасы күн тәртібіне шығарылған алғашқы мәселе бойынша жүргізілген зерделеу жұмысының нәтижесіне тоқталды. Айтуынша, ауылдық жерлердегі бірнеше елді мекенде спортзал жоқ немесе бар болса да пайдалануға жарамсыз. Сондай-ақ күрделі жөндеуді қажет ететін оқу орындары бар көрінеді. Оқу орындарында спорттық құрал-жабдықтардың ескіруі және қарапайым спорт ойындарына қажет доптардың жоқ екені анықталған. Сонымен қатар спорт саласына жеткілікті деңгейде көңіл бөлінбейтін аудандарда мектептерге спорттық құрал-жабдықтар сатып алуға соңғы үш жылда қаражат қарастырылмапты.
Ал Тараз қаласындағы мектептерге қымбат бағада сапасыз бірреттік доптар мен торлар сатып алынған. Осыған орай денешынықтыру пәнінің ұстаздары өз қаражаттарына спорттық ойындарға қажет доптар сатып алып отырған. Фарида Жүнісова спорт саласындағы өзге де олқылықтарды сын тезіне алды. Мәселен, Тараз қаласы мен аудандарда орналасқан 10 спорт ғимараты күрделі жөндеуді және 10 спорт ғимараты ағымдағы жөндеуді қажет етеді. Спорт нысандарының басым бөлігі қолданысқа берілгеннен бері жөндеу көрмеген. – Мысалы, беткеұстар Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт кешенінің төбесінен су өтіп, еденге төселген қымбат төсеніштерге қауіп төндіріп отыр.
Одан бөлек ғимараттың жылу мәселесі де сын көтермейтін жағдайда. Олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының жатақханасы әбден тозған. Ал ыңғайластырылған бөлмеде орналасқан асханасы санитарлық талаптарға сәйкес келмейді. Осы іспетті Жуалы ауданының Б.Момышұлы ауылындағы бокс залының аянышты күйі мен ондағы жылу жүйесінде орын алған ақау балалардың өміріне қауіп төндіріп тұр. Спорт мектептеріне қатысты өзекті мәселелердің қатарына тозығы жеткен жиһаздар мен компьютерлік техникаларды жаңғыртуға қаржы бөлінбеуі де жатады. Облыс әкімдігі денешынықтыру және спорт басқармасына бағынысты спорт ұйымдарына көп жылдар бойы компьютер сатып алуға қаражат бөлінбеген. Қолданыстағы компьютерлер істен шыққан. Салдарынан қызметкерлер өздерінің жеке компьютерлерін пайдалануға мәжбүр болған.
Осыған орай спорт ұйымдарын 160 компьютермен қамтамасыз етуге барлығы 63 миллион 600 мың теңге қарастыру қажеттігі туындап отыр, – деді баяндамашы қысқы спорт түрлері насихатталмайтынын, аталған спорт түрі бойынша білікті жаттықтырушы мамандардың жетіспеушілігін де мәселе ретінде көтерді. Фарида Жүнісованың келтірген деректеріне сүйенсек, өткен жылы бұқаралық спортты дамыту және балалар мен жасөспірімдерді денешынықтыруға тарту мақсатында мемлекеттік тапсырыстарды енгізу арқылы бюджеттен 930,7 миллион теңге бөлініпті. Нәтижесінде 4-17 жас аралығындағы 8 100 бала мен жасөспірімдерге спорттық секциялар тегін негізде 19 спорт түрімен айналысуға мүмкіндік жасаған. 2024 жылға жергілікті бюджеттен 1 миллиард 237 миллион теңге бөлініп, 19 спорт түрі бойынша 8 мыңнан астам баланы қамту жоспарланып отыр екен.
Яғни биыл өткен жылға қарағанда қаржы көлемі 303 миллион теңгеге артқан. Қазіргі таңда 71 өнім беруші 6 061 баланы қамтыған. Алайда қыруар қаржыны қалтаға басқан өнім берушілердің басым көпшілігі жалға алған ғимараттарда жұмыс істеп келеді. Зерделеу барысында мектептердің спортзалын жалға алып отырғандар да анықталыпты. – Спорт мекемелерінің басшыларымен арнайы өткен кездесуде «Art Sport»-қа бөлінген қаржының құмға сіңген судай жоқ болып жатқанын қынжыла жеткізді. Себебі зерделеу жұмыстары барысында балалар санын артық көрсетіп отырған кәсіпкерлік нысандардың бар екені анықталып отыр.
Сонымен қатар сол жекеменшік нысандарда үйірмеге қатысушы балалар бірінші рет келіп отырғандарын, оларды мектептен жібергенін айтқан кездері де болды. Облыста спорт мектептері, білім орындары мен аула клубтарында жоғарыда аталған 19 спорт түрі түгел қамтылған. Алайда осы мемлекеттік мекемелерде спорттық құрал-жабдықтардың жетіспеушілігі орын алуда, – деді Фарида Жүнісова. Басқосу барысында халық қалаулылары сауалдарын жолдап, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Сессияда өзге де мәселелер қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.
Айжан ӨЗБЕКОВА