ОМАРТАШЫЛЫҚ ОЛЖАҒА КЕНЕЛТЕДІ
Жақында ҚР Ауылшаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауов ҚР Парламенті Мәжілісінің аграрлық мәселелер комитетінің отырысында бал арасы шаруашылығының жай-жапсарын баяндады.
Жиында вице-министр Қазақстанда омарта шаруашылығы оң қарқынмен дамып келе жатқанын атап өтті. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2022 жылдың соңында республикадағы баларалардың саны 218,4 мыңды құрап, 2021 жылмен салыстырғанда (198,6 мың) 10 пайызға артқан. Елімізде асылтұқымды ара тұқымдастары да жыл өткен сайын көбейіп, 2023 жылы 66,8 мыңға (2022 жылы – 58,1 мың) жеткен. Асылтұқымды ара тұқымдастарының 32,3 мыңы – карпат, 12,2 мыңы – орталық орыс және 22,3 мыңы карника аралары екен.
Бал өндірісіне келетін болсақ, 2022 жылдың қорытындысы бойынша, шамамен 3,9 мың тонна бал өндіріліпті. Бұл көрсеткіш 2021 жылы 3,7 мың тоннаны құраған. Бал өндірісінің негізгі үлесі Шығыс Қазақстан, Павлодар, Абай, Алматы, Түркістан және Жетісу облыстарына тиесілі. Ал Әулиеата өңірінде бірді-екілі омарташы болғанымен нарық сұранысына жауап беретіндей іргелі шаруашылықтар жоқтың қасы.
Сондай-ақ өткен жылы бал экспорты 222,7 тоннаға жеткен. Қазақстандық бал Өзбекстан, Сауд Арабиясы, Қытай Халық Республикасы, Қырғызстан және Ресейге жөнелтіледі екен. Ресей, Тәжікстан, Беларусь, Иран және Қырғызстаннан да елімізге бал импортталатынын айта кетуіміз керек. 2022 жылмен (58,1 тонна) салыстырғанда 2023 жылы бал экспорты 3,8 есеге артса, импорт көрсеткіші өткен жылдардың деңгейінде қалыптасқан.
Отандық омарташыларға мемлекеттік қолдау көрсету үшін асылтұқымды малшаруашылығын дамытуды субсидиялау қағидалары шеңберінде балараның ұяларымен селекциялық және асылтұқымдық жұмыс жүргізуді субсидиялау көзделген. Балара ұясы үшін субсидиялар нормативі – 5 мың теңге. Бұл мақсатқа 2023 жылы 509,2 миллион теңге, 2024 жылы 713,6 миллион теңге бөлініпті.
Сонымен қатар 2023 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында «Ауыл аманаты» жобасы бойынша омарта шаруашылығын дамытуға жеңілдетілген несие алу мүмкіндігі жасалғанын айта кету керек. Омарташыларға берілетін несиенің ең жоғары сомасы –
29,5 миллион теңге. Осы ретте дәл қазір облыстағы «Ауыл аманаты» жобасына қатысушы ауылдық округ тұрғындары мүмкіндікті жібермей омарташы шаруашылығына ден қойса, ұтылмайтыны анық. Өйткені өткен жылдың өзінде жоба шеңберінде Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында жалпы құны 80 миллион теңгеге жуық 12 омарта шаруашылығының жобасы қаржыландырылған екен.
Сондай-ақ «Ғылыми зерттеулер мен іс-шараларды бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру» бюджеттік бағдарламасы шеңберінде 2021-2023 жылдары «Арашаруашылығында селекциялық процесті тиімді басқару технологияларын әзірлеу» ғылыми-техникалық бағдарламасына 627,4 миллион теңге көлемінде қаражат жұмсалыпты.
Бағдарламаның жеңімпазы болып республикада аудандастырылған ара тұқымдары үшін селекциялық және асылтұқымдық жұмыс бағдарламасын әзірлеген, бағалау әдістемелерін жасаған және балараларды сақтау, тиімді пайдалану жөнінде ұсыныстар берген «Қазақ малшаруашылығы және жемшөп өндіру ғылыми-зерттеу институты» танылған.
Қазіргі уақытта 2024-2026 жылдарға арналған аталған бюджеттік бағдарлама шеңберінде «Қазақстанның агробиоценоздарында ара тектік қорын ұтымды пайдалану жүйесін және балара шаруашылығының экологиялық өнімдерін өндіру технологияларын әзірлеу» тақырыбы бойынша конкурстық рәсімдер жүргізіліп жатқанын айта кетуіміз керек. Бұл мақсатқа 566,6 миллион теңге қарастырылған.
Негізі балара шаруашылығының екпінді дамып келе жатқанына қарамастан, бірқатар проблемалық мәселе де бар. Бұл жайында Бағлан Бекбауов: «Қазақстанға шығу тегі белгісіз балараларды әкелу, өсімдіктерді пестицидтермен және гербицидтермен өңдеу барысында баларалардың өлуі, саладағы жетілдірілмеген заңнама, тағы басқа да жайттар осы шаруашылықтың дамуына тұсау салуда. Жалпы министрлік жергілікті атқарушы органдармен, қоғамдық бірлестіктермен, ғылыми ұйымдармен, ауылшаруашылығы тауарын өндірушілермен бірлесіп проблемалық мәселелерді, еліміздің балара шаруашылығын одан әрі дамытудың міндеттері мен мақсаттарын пысықтауға дайын», – деді.
Бұл мәселе алдағы уақытта оң шешім табатынына сенімдіміз. Ең бастысы, қандай да бір іс бастағысы келіп жүрген жамбылдық еті тірі азаматтар омарташылық кәсіптің де олжаға кенелтетінін қаперінде ұстаса игі.
Нұрым Сырғабаев
Келесі мақала
НИЕТ КЕРЕК, NEET ЖАСТАР!
Ұқсас жаңалықтар
Ауыл шаруашылығы
Рекордтық 580 млрд теңге егіншілерді қолдауға бағытталды
- авторAR-AY
- 6 желтоқсан, 2024