Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Нақты іс нәтижеге бастайды

Нақты іс нәтижеге бастайды
ашық дереккөз
Нақты іс нәтижеге бастайды
Өткен аптада Тараз қаласында алғаш рет ұйымдастырылған I халықаралық «KazАgroZhambyl-2024» көрме-форумының басталғанын газетіміздің №22 (1070) нөмірінде жариялағанбыз. Үш күнге созылған ауқымды жиын «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде бастау алып, сарапшылар Қазақстанның әртүрлі топырақ-климаттық жағдайларында тұқымшаруашылығын дамытудың, өндірісті ұлғайтудың және өнімділікті арттырудың мүмкіндіктерін талқылады. Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде «KazAgroZhambyl-2024» форумы аясында Түркі агробизнес форумының экономикалық ынтымақтастық ұйымының сегізінші тұқымшаруашылығы конгресінде келелі мәселелер қозғалды. Жиында ҚР Ауылшаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров агроөнеркәсіптік кешен ел экономикасында маңызды рөлге ие екенін атап өтті. Ауылшаруашылығы саласының дамуы – біздің азық-түлік қауіпсіздігімізді қамтамасыз етудің және экономиканың экспорттық әлеуетін іске асырудың маңызды факторы. Сонымен қатар ауылшаруашылығы – қазақстандықтардың жартысына жуығының негізгі табыс көзі. Соңғы уақытта сала өнімнің өзіндік құнының жоғарылауынан және өткізу нарықтарының шектеулі болуы себебінен елеулі мәселелерге тап болуда. Мәселелерді шешу үшін министрлік салаға талдау жасап, негізгі себептерін анықтауға назар аударды. Нәтижесінде жол картасы дайындалды. Жол картасы аясында ылғалды көп қажет ететін және монокультураларды қысқартуға, рентабельділігі жоғары дақылдар алаңдарын кеңейтуге бағытталған егіс алаңдарын әртараптандыру көзделген, – деді Айдарбек Сейпілұлы. Министр Қазақстан тұқымшаруашылығын дамыту мәселелері бойынша жемісті ынтымақтастыққа мүдделі екенін және осындай тиімді диалог алаңы бизнеске, үкіметтік емес ұйымдар мен инвесторларға байланыс орнатуға мүмкіндік беретінін тілге тиек етті. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев форум инвестициялық өзара тиімді ынтымақтастықты, агроөнеркәсіп саласындағы бастамаларды іске асыруға бағытталуымен маңызды екенін атап өтті. Жамбыл облысы – жоғары экономикалық жағынан қарқынды дамып келе жатқан өңір. Экономикалық даму әлеуеті зор. Өңір экономикасындағы өте маңызды сала – ауылшаруашылығы. Айта кету керек, біздегі тұқымшаруашылықтары өндіретін тұқымдар сапалық сипаттамасы бойынша шетелдік баламаға сай келмей жатады. Тұқымды өсіру бір жұмыс, әрі қарай өңдеп, сатылымға шығару тағы бір жұмыс. Былтыр біз шаруаларды сапалы жоғары репродукциялы тұқыммен қамту мақсатында ғалымдардың жетекшілігімен 12 түрлі күздік бидай дақылын сеуіп, дақылдың шығымдылығы мен сапасына сынама жүргіздік. Мұндағы тағы бір мәселе – тұқымды егіске сапалы дайындау. Алайда техникалық мүмкіндіктің, яғни тұқымды жетілдіретін зауыттың жоқтығы бізге қолбайлау болып отыр. Сол себепті бүгінгі форумда тұқымшаруашылығын және тиімді ауылшаруашылығы өндірісін дамыту, тұқым нарығындағы ағымдағы жағдай мен жаңа трендтер үшін өзекті, ең маңызды мәселелер шешімін табады деген ойдамын, – деді Ербол Шырақпайұлы. Сонымен қатар облыс әкімі өңіріміз шетелдік серіктестер ұсынатын жобаларды жүзеге асыруға, инвесторлармен бірге жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ басқосуда агробизнес өкілдері үшін компаниялардың тұсаукесері және стратегиялық келісімдер мен келісімшарттар жасауы көзделген B2B сериясы өтті. Отандық фермерлер серіктестерді тауып қана қоймай, өз өнімдерін өткізу нарығын да кеңейту мүмкіндігіне ие болды. Форум аясында ұйымдастырылған іс-шараның бірі – «Arai Plaza» бизнес-орталығында Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің ауылшаруашылығы министрлерінің үшінші отырысы өтті. Кездесуде ауылшаруашылығы бойынша өзара ынтымақтастықты арттыру, сауда көлемін ұлғайту, сондай-ақ тауарлар логистикасының құнын төмендету мәселелері қаралды. Басқосуға Айдарбек Сапаров, Түркі мемлекеттері ұйымының бас хатшысы Кубанычбек Өміралиев, Әзірбайжан ауылшаруашылығы министрі Меджнун Мамедов, Өзбекстан ауылшаруашылығы министрі Иброхим Абдурахмонов, Қырғызстанның су ресурстары, ауылшаруашылығы және қайта өңдеу өнеркәсібі министрінің орынбасары Кубат Қасейінов, Түркияның ауыл және орманшаруашылығы министрінің орынбасары Эбубекир Гизлигидер қатысты. Маңызды жиында Айдарбек Сапаров: «Ауылшаруашылығы өнімдерінің саудасын дамыту үшін Қазақстанда барлық мүмкіндік жасалған. Ең алдымен, елімізде жер ресурстары жеткілікті. Бізде егіс 24 миллион гектарды, ал жайылым 180 миллион гектардан астам алқапты құрайды. Елдегі азық-түлік өндірісінде соңғы екі жылда айтарлықтай өсім байқалып, жалпы көлемі 6,9 миллиард АҚШ долларына жетті. Сонымен қатар салаға инвестиция көлемі де өсуде. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның ауылшаруашылығына 2,5 миллиард АҚШ доллары инвестицияланды. АӨК өнімдерінің экспорты да өсуде. Жүргізіліп жатқан жұмыс шеңберінде су ресурстарының тапшылығын ескере отырып, монокультуралар алаңы, сондай-ақ ылғалды көп қажет ететін дақылдар алаңы қысқартылады. Ғылыми ұйымдар сапалы тұқымдар өнімділікке 30-40 пайыз, минералды тыңайтқыштар 20-25 пайыз әсер ететінін дәлелдеді. Осыған байланысты біз бес жыл ішінде қолданылатын тұқымдардың сапасын арттыруға тырысамыз, – деп атап өтті министр. Жалпы Түркі ұйымына мүше елдер арасындағы сауданы дамытуға кедергі көп емес, бірақ бірқатар өнімде импорттық баждар бар. Ал қазақстандық импортқа келетін болсақ, еліміз отырысқа қатысушы мемлекеттерден жарты миллиард АҚШ доллары сомасына ауылшаруашылық өнімдерін сатып алады. Бұл санатта негізінен жеміс-жидек өнімдері, цитрус жемістері, көкөністер, кондитерлік өнімдер және басқа да тауарлар бар. Жиында қатысушыларға ауылшаруашылық өнімдерін, атап айтқанда, ет пен сүтті, картоп, қант қызылшасы, майлы дақылдар мен жемістерді, көкөністерді, тері шикізатын және жүнді Қазақстанда өңдеу ұсынылды. Бұл ретте елімізде инвесторларға түрлі мүмкіндіктер берілетіндігі, оның ішінде салықтарды төлеу мерзімін босату немесе кейінге қалдыру бойынша 25 пайыз көлемінде инвестициялық шығындарды өтеу мүмкіндігі бар екенін тілге тиек етті. Жиын соңында Түркі ұйымы мемлекеттерінің Бас хатшысы Кубанычбек Өміралиев, Әзірбайжанның ауылшаруашылығы министрі Меджнун Мамедов, Өзбекстанның ауылшаруашылығы министрі Иброхим Абдурахмонов, Қырғызстанның су ресурстары, ауылшаруашылығы және қайта өңдеу өнеркәсібі министрінің орынбасары Кубат Қасейінов, Түркияның ауыл және орманшаруашылығы министрінің орынбасары Эбубекир Гизлигидер өзара сауданы дамыту туралы өз көзқарастарымен бөлісіп, ұсыныстарын жеткізді. Отырысқа қатысушылар ұйымға мүше елдер арасындағы тауар айналымы бойынша көрсеткіштерді арттыру бойынша жұмысты күшейту қажет деген ортақ пікірге келіп, аталған мемлекеттердің ауылшаруашылығы министрлері арнайы коммюникеге қол қойды. Айта кету керек, бұл жиын Ұлыстың ұлы күні мерекесімен тоқайластыра ұйымдастырылғандықтан форум-көрменің үшінші күні қатысушылар мерекеге орай жұрт назарына ұсынылған концерттік бағдарламаны да тамашалады. Мерекелік іс-шара барысында «Аударыспақ», «Қыз қуу», «Көкпар», «Бәйге», «Алтыбақан» секілді ұлттық спорттық ойынның түр-түрі ұйымдастырылды. Нұрым СЫРҒАБАЕВ
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар