arainfo.kz...

arainfo.kz...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

КӨКТЕМНІҢ БІР КҮНІ ЖЫЛҒА АЗЫҚ

КӨКТЕМНІҢ БІР КҮНІ ЖЫЛҒА АЗЫҚ
ашық дереккөз
КӨКТЕМНІҢ БІР КҮНІ ЖЫЛҒА АЗЫҚ
Күн жылып, жердің тоңы жібіген кезде көктемгі егіс, дала жұмыстары басталады. Ал жауапты науқанға ертерек қамдану керек. Кеше облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кеңеске басқарма басшылары мен аудан әкімдері қатысып, жобалық-сметалық құжаттамалардың әзірленуі, көктемгі дала жұмыстарының жай-күйі қаралып, сараланды. Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиева сөз алып, 2024 жылы пайдалануға берілетін нысандар, олардың сапасы мен мерзімдік кестеге сәйкестігі, бюджет есебінен әзірленетін жобалық-сметалық құжаттамалардың қазіргі жай-күйіне тоқталды. Келесі кезекте облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Мұқашев дала жұмыстарына дайындық барысы туралы баяндады. – Биыл облыста 644,5 мың гектар алқапты егістік мақсатында игеру қолға алынған. Соның ішінде дәнді және дәнді бұршақты дақылдар 364,7 мың гектарға, майлы дақылдар – 45,8, қант қызылшасы – 7,9, картоп – 4,5, көкөніс – 23,1, бақша дақылдары 7,9 мың гектарға және мал азығы дақылдары 190,5 мың гектарға егіледі. Бүгінде дала жұмыстарына қажетті 44,8 мың тонна тұқымның 42,9 мың тоннасы дайындалып, Байзақ, Жамбыл, Меркі аудандарында көктемгі дала жұмыстары басталды. Бұдан бөлек 1 280 гектарға арпа, 225 гектарға көкөніс, 32 гектарға картоп егілді, – деді Н.Мұқашев. Спикердің сөзінше, биыл суды тиімді пайдалану мақсатында облыстағы су үнемдеу технологиялары пайдаланатын алқапқа қосымша 7 мың гектар қосылған. Соның есебінен жалпы 47 мың гектарға су үнемдеу технологияларын енгізу жоспарланып отыр. Өз кезегінде өңір басшысы облыстың бірқатар ауданында әр күні жылға азық болатын жауапты науқанға дайындық дұрыс жүргізілмегендігін айтып, аудан басшыларына нақты жұмыстармен айналысуды тапсырды. Ең бастысы, көктемгі егіс науқанын уақытылы, ұйымшылдықпен, барынша сапалы өткізу керектігін тілге тиек етті. – Жанармайдың жеткізілуі бойынша шаруаларды ақпараттандырып, ұсыныстарды тездетіп жинақтау керек. Аудан әкімдері мен салаға жауапты орынбасарлары бұл бағыттағы жұмыстарын күшейтіп, егіс алқаптарын күнделікті аралап, шаруалармен тығыз байланыс орнатуы қажет. Сондай-ақ мемлекеттік қолдау мен жеңілдетілген несиелерге қол жеткізуі үшін түсіндірме жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп отыруы шарт, – деді Ербол Шырақпайұлы.

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар