Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ҰЛТ ҚАЙРАТКЕРІНЕ ДЕЙІН ӨСІРГЕН ӨМІР

ҰЛТ ҚАЙРАТКЕРІНЕ ДЕЙІН ӨСІРГЕН ӨМІР
ашық дереккөз
ҰЛТ ҚАЙРАТКЕРІНЕ ДЕЙІН ӨСІРГЕН ӨМІР
Халық жазушысы Шерхан Мұртаза «Ай мен Айша» роман-дилогиясында Антуан де Сент-Экзюпериді «бір данышпан» деп көрсетіп, шығарманы былай бастаған: «− Сен қайдан келдің? – дегенде, бір данышпан: − Мен балалықтың елінен келдім, – деген екен. Ересектерде сол «балалықтың елінен» келмеген ешкім жоқ...». Расында, Шерхан Мұртаза балалық кезеңін барынша шынайы, барынша әсерлі етіп жазып қалдырды. Ол «Ай мен Айша» шығармасында өткен ғасырдың қайғы-қасіретімен қоса сол кезеңді басынан өткерген жетім баланың, жесір ананың мұңын арқау етті. Өзі туралы, замандастары туралы жаза отырып, өзін шыңдаған балалық әсерлерін суреттеді. Туған жерді сүюді, оған деген мәңгілік өшпес сағынышты, аналық данышпандық пен ағайындық мейірімнің, тағдырдың қатал соқпағының барын үйретті. Елдің бәрі мейірімді бола бермейтінін Тасбет пен Жуанқұл образдары арқылы ашық көрсетті. Автор Әулиеатаға Тасбеттен қашып келген Барысханның ауылдан жырақ екі апталық кезеңінде туған жердің майтопырағына дейін сағынғанын, сол топырақтың жарақатына мың бір дауа боларын жазады. Сол арқылы өз перзенті үшін туған жердің әр тасының ыстықтығын дәйектеген. Бұл шығарманы өзі айтқандай анасына арналған үлкен ескерткіш белгі деп білеміз. Алайда әкені аңсау, әкенің, ер азаматтың отбасындағы маңызы, әкені құрметтеу сынды үлкен тәрбиелік негіз де осы шығармада сипатталған. Жетім мен жесірді кім-көрінген нұқып, шұқиды. Ал отбасының арқасүйер азаматы болса, өлім жалмаған әкесінің орнын басар ағалары болса, ол үлкен қорған екенін соғысқа аттанған Наметқұл, Орхаағалары туралы жазғанынан ұғамыз. Дәл сондай әкеге деген сағынышты 1943 жылы Бауыржан Момышұлының ауылға келіп, бала Барысханның басынан сипап, өзіне тарту сәтінен де аңғарамыз. Әкені аңсау – туған жерді, туған елді аңсау. Тәңіртауы Шерхан Мұртазаның мәңгілік сағынышына айналды. Бала кезден тепкі көріп, туған жерді аңсаумен жүрді. Бірақ түбі өз мекеніне оралып, сағынышынан қуат ала білді. Шерхан Мұртазаның балалық шағы туралы өзінен асырып не айтуға болады дерсіз. Алайда кез келген ірі тұлға телегей теңіз, жұмбағы ашылмаған мұхит тәрізді. Оның әлемі, көрген-білгені бір шығармамен ғана шектелмейтіні де анық. Бірақ өз жұмбағының кілтін Шерхан Мұртаза күнделіктерінде өз ізденушілеріне арнап қалдырып та кетіпті. Тек соны аша білу, түсіну – әркімнің өз өресі деңгейінде екен. Осыдан екі-үш ай бұрын Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы «Facebook» әлеуметтік желісінде Шерхан Мұртазаның мектеп тәмамдағандағы аттестатын жариялаған болатын. Оған көп тоқталып, пікір білдірмедік. Алайда әлемжелі жарияланған құжатты іліп алып кетіп, «Шерхан Мұртаза қай пәннен үш алды» деп «хайп» қуып кетті. Басқа пәннен алған бестіктерін елемей, жалғыз үшке қадалу орынды ма?! Ер адамның басынан не өтпейді дерсіз. Ол да бір өтпелі кезеңнің белгісі. Сондықтан да біз айыпты болмас үшін сол үштің себебін Шерхан Мұртазаның өз жазбалары бойынша түсіндіріп кетуді жөн деп таптық. «Ай мен Айша» романын оқыған адам болса, Шерхан Мұртаза сол кездегі оқудың қиын жағдайын да жазады. Оқудың не екенін Жамбыл қаласындағы интернат-пансионға 1947 жылы келгенде ғана шын ұққанын да бүкпесіз жазған. Ондағы оқуға орналасуға септігін тигізген математика пәнінің мұғалімі Хабибатқа романда жеке бөлім арнайды. Бұл шәкірттің ұстазға деген алғысының белгісі болар. Жазушының күнделік жазбаларын оқи отырып, «Ай мен Айша» романының қаңқасы болар жазбалар сонау студент кезінде-ақ жазылғанын топшыладық. Әрине, ол кезде жоспарлағаны шамалы. Өзі айтқандай, көрген-білгенін, алған әсерін күнделікке жазып қою орынды деп мүмкіндігінше әсерлі оқиғаларын түртіп отырған. Сондай жазбаның бірін шамамен 1952 жылы жазыпты. Яғни ол орыс тілінде мектеп бітірер соңғы үш-төрт айының оқиғасын баяндайды. Дәптердегі жазба былай басталған: «1950 год. Весна. Наступило напряженное для нас время. Последний год, последние месяцы в родной школе. Предстояло большое испытание – государственные экзамены. Не все мы одинаково относились к этому предстоящему событию. Одни по прежнему бродили по базару, гуляли по вечерам и изредко поглядывали в книги. Почему эти люди были уверены в том, что они благополучно окончат школу как и остольные? Были и другие, которые сознательно, кропатливо подготовились к экзаменам. Я не отличался от других ничем, если взять в общем...». Ары қарай жазба иесі өзінің бұзықтығын айыптайды. Талай төбелестердің болғанын жазады. Ал оларға не себеп? Сол кезеңдегі бала Шерханның басынан өткеріп жатқан жағдайлардың бәрін психология тұрғысынан зерттейтін болсақ, оның түп астары айқын көрінетіні сөзсіз. Бала кезден түрткі көріп өскен бозбала Шерхан үшін жұдырық қорғаныш әдісі. Ол өзін солай қорғады. Ешкімге түрткі болмауға, қорғансызға қорған болуға тырысты. Анасы үнемі үйретіп отыратындай намысшыл, адал перзент болуға ұмтылды. Бірақ баланың аты – бала. Ол эмоцияға жиі беріледі. Ішкі түйсікпен әрекет етеді. Ол жайын романдағы Барысханның анасына зәбір көрсеткен мас Тасбетке бесақа алып шабуылдаған тұсында, кейінірек Бектөбеде жағасына жармасқан бұзық шешен баласымен төбелесуі сәттерінен анық көреміз. Шешен баласымен төбелесі баяндалған тұс шығармада былай қорытылған: «Шешен десе, мынау ауыл үрей. Маған бәрі таңғалысты. Қалай қорықпадың деп. Мен Петькамен батыр болып төбелескен жоқпын ғой. Оның шешен екенін де білген жоқпын. Оқыстан өзі тиісті. Амал жоқ, алыстым». 1944 жылдың күзінде туған жерден безініп, Айша анасы үш баласымен Әулиеатаға келеді. Мұнда нағашыларын жағалап, аурушаң әпкесі мен жездесінің қолында біраз тұрды. Нағашы әпкесі барынша мейірін төккенімен, кімнің де болса өз ата-анасымен, бауырларымен бірге өткізген күндеріндей болмайды. Ал жездесінің тас қараңғыда Молотов колхозындағы мектепке қарауыл етіп, «Ұрыны ұстап бер» деуі де баланың мінезін қайрай түскені анық. Онда да әділдік іздеп арпалысты, талай төбелестің басын қайырды. Жамбыл қаласындағы интернатқа оқуға келгенінде де «РУ»-дың оқушыларының әлімжеттігіне шыдамады. Содан да бұзық, төбелесқұмар атанды. Бұл кезеңдер де өтті-кетті. 1948 жылы бозбала Шерхан анасымен, бауырларымен туған мекені Жуалыға қайтады. Сол сәт ол үшін оңай соқпағанын есті адам ұғады. Бір жағы – туған жер, туған ел, бір жағы – қорлығы мен зорлығы өткен мекен. Анасы елге қайтқанымен, Шерхан оқуын Жамбылда жалғады. Сол кезеңдегі уайым, ой, болашағы үшін үрей мен үміт жас жеткіншектің сабағына да кесірін тигізгені анық. Күнделік жазбасы ары қарай мына сөздермен жалғасады: «Мен математика, физика, химия, геометрия пәндерін өте нашар оқыдым. Бұлар негізгі пәндер ғой. Ал тарих пен географияны оларға қарағанда тәуірірек білдім. Мен мақтан тұтатын жалғыз нәрсе – менің қазақ тілі мен әдебиетті жақсы оқуым. Шығарманы әрдайым «өте жақсы» деген бағаға жаздым. Бұл пәннің оқытушылары да мені жақсы көрді. Орыс тілінен нашар болдым. Бірақ басқалардан жаман емес. Біз бәріміз орыс тілін нашар білетін едік...». Жаратылыстану пәндерінің оқытылуы о баста нашар болғанын Шерхан Мұртаза романында да жазып өткен. «Хабибат пен Хасан» бөлімінде оған мынадай түсіндірме беріпті: «Куәлігім қолымда, енді не қам бар? Интернат-пансионға мені алмағанда кімді алады? Бағаларың кілең, «4» пен «5». Тек математика дегені бүлдіріп тұр. Осы сабақ о бастан оңалмаған. Мыңбұлақтың мектебінде Иса мұғалім ауырып қалған соң, соның алдында ғана осы мектептің жетінші класын бітірген бір шомбалдай қара қыз есептен сабақ берген. Оңдырмады ғой. Өзі жөнді білмесе, өзгеге не үйрете алады? Есептің уызына жарытпады, уыз орнына көкшалап берді сол қыз. Қырсыздық содан басталды. Әрі десе, Тасбет бригадир сол қызды мұғалім санатына қоспады ма, немене, дәл соның сабағында бізді жұмысқа айдап кетеді. Ол үшін заң жазылмаған».  Мұндай жағдайда бестік алу тұрмақ, сабақ оқудың өзі мұң болғанын аңғарамыз. Ал қазіргідей жылы жай, бүтін киім сынды қарапайым жағдайдың соғыс кезінде оқыған балаларда тіптен болмағанын ескерсек, Шерхан алған үштік біздің бағаммен беске татитынын кейінгі ұрпақ ұғар ма екен?! Алайда дәл осы мектеп тәмамдар тұста бала Шерхан оқуға ерекше ден қояды. Оған математика пәнінің мұғалімі, ұлты қарашай Хабибат Аджиеваның тікелей ықпалы бар. Ол күнделігінде сол сәтті былай жазыпты: «Бірде мені көшеде математика пәнінің мұғалімі ұстап алып: «Эй, Курыгай (залым) бала, неге сен математикадан үлгерімің нашар? Сенің одан да жақсы оқуға қабілетің жетеді. Сен әдебиет, тіл, тарих және т.б. пәндерді жақсы оқисың. Сенің оқуды алтын медальмен де бітіруге мүмкіндігің бар. Бұл нені білдіретінін түсінесің бе? Қандай мақсатсыз адамсың?! Сенде өзіңе деген құрмет бар ма, кеудеңде от бар ма? Осыдан кейін намысың оянбай ма? Ойлан! Уақыт аз қалды!», деп оқушы Шерханның намысын қайрай түседі. Бұл жағдай бала Шерханның санасын селт еткізді. Сол дәптерде студент Шерхан алгебра пәнінің журналы сақталса, сыныптастарым мен менің бағаларым жобалы түрде осындай болуы керек деп журнал кестесін де сызыпты. Өзімен бірге оқыған 17 баланың аты-жөнін, бағаларын тізбектей жазып шыққан. Одан аңғаратынымыз, шамалы уақыт ішінде Шерхан Мұртазаның алгебра пәнінен үлгерімі кілең бестік баға дәрежесіне өскен. Тіпті оның озат үлгерімі үшін «Алтын» медаль алатын оқушылармен қатар облыстық газет бетінде шағын мақала да жарық көріпті. Асанбай Асқаровтың Мәскеуге оқуға берген жолдамасына Шерағаның ілігу себебі де осы болса керек.  width= Оқу жылы тәмамдалып, мектеп бітірушілер емтихандарын тапсырады. Солардың қатарында Жамбыл қаласындағы №5 Жамбыл мектеп-интернатының 10 «А» сынып оқушысы Шерхан Мұртаза да емтихандарды үздік тапсырып, болашаққа нық қадамдар жасайды. Аз уақыт ішінде жігер-қайратын жинап, өзін-өзі қайрап, білімін жетілдіру – өзіне берік адамның ғана қолынан келсе керек. Ал бос-болбыр біреу болса ше? Ондай адамнан тұлға шығуы да екіталай. Сонымен, мектеп бітірердегі «алтын белгіге» алты үміткер анықталған. Олар: Данаев, Нарчаев, Есімов, Нұрманов, Тұрысов, Мұртазаев. Бірақ бәрі оңай шықпады. Мектеп бітірушілерге кәмелеттік аттестатын тапсыруға арналған салтанатты жиында мектеп директоры Мұқанов оқушыларын құттықтап сөз сөйлейді. Өз сөзінде оқуда озат болған оқушыларды жекелей атап өтіп, «алтын медальды» Есімов, ал «күміс медальды» Данаев пен Тұрысов иеленгенін хабарлайды. Сыныптастары «Мұртазаев ше?» деп шулай түсіпті. Оны мектеп директоры 8-9-сыныптардағы үлгерімінің төмен болуымен түсіндірген. Алайда үлгерімінің соңғы кезде жақсы болғанын, емтихандағы «өте жақсы» деген бағалары ескеріліп, «ерекше аттестатқа» ұсынғанын да хабарлайды. Бірақ бұл сәтте намысшыл Шерхан үшін бәрібір еді. Себебі газет беттерінде оны «алтын медальға» үміткер деп хабарлап, шамасы бұл ақпар анасы Айшаға да жеткен. Ол жайын 2002 жылы «Жас Алаш» газетіне берген «Шамаң келсе, шындықты айт»тақырыбындағы сұхбатында қаламгер Көсемәлі Сәттібайұлына айтады.  width= Сонымен алдыңғы жылдардың нашар үлгерімі өкпекті ызғарлы жел болып мектеп бітіруші Шерханның көңіліне көлеңке түсірді. «Алтын белгі» де, «ерекше аттестат» та жоқ. Орта мектепті тәмамдағаны туралы көк қағаз аттестатын алып, Жуалысына қайтты. Бұдан ол күйремеді. Керісінше, өзін тағы да қайрай түсті. Фридрих Ницше сөзімен айтқанда «Мені өлтірмейтін барлық нәрсе мені күшейтеді» деп, намысқа тырысып, Мәскеуге оқуға аттанады. Мұнда да оқуын барынша тереңдетті. Бүгінде біз біле бермейтін әлем әдебиеті өкілдерінің шығармаларын оқып, талдады. Орыс тіліндегі олқылықтарын Мәскеуде жүріп толтырды. Ұстазы Хабибатпен хат алмаса жүріп, өзінің орыс тілінен үлгерімінің жақсарғанын мақтанышпен хабарлады. Ал ұстазы өз кезегінде шәкіртінің жеткен жетістіктеріне шын жүректен қуанып, оның ұлтының адал перзенті боларына үлкен сенімі мен үмітін артты. Бүгінде біз білетін Халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері, ұлт руханиятының абызына айналған дара тұлға Шерхан Мұртаза аналарының, қоғамының артқан үмітін адалдықпен ақтады деп анық айта аламыз. Оның өмір тарихындағы қандай болмасын қиындықтар, кемшіліктер тұлғаның өз еңбегімен, қажыр-қайратымен түзеліп, тіпті оның жетістігіне де айналғанын орасан еңбектері арқылы кейінгі ұрпақ, біз, көрдік. Шерхан Мұртазаны «Бір кем дүние» шығармасы үшін Несіпбек Дәутаев «философ» деп атағанында, «Мен философ халықтың ұлымын» деуінің өзі үлкен кісілік. Халықтан биік еместігін көрсетіп, оның ұлыларын қадір тұтуы да адамгершіліктің зор үлгісі. Сондықтан да, Шерхан Мұртазаның өмірі мен шығармашылығы әр қазақтың, одан әрі адамзаттың бойына қуат берер мотивация құралының озық үлгісі деп білеміз.

Назым ҚОЖАМАРОВА, Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының бөлім меңгерушісі

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар