Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ҚАЙТАРЫМСЫЗ ҚАРЖЫ АЛУДАҒЫ ДЕЛДАЛДЫҚ ҚАЛАЙ ТОҚТАЙДЫ?

ҚАЙТАРЫМСЫЗ ҚАРЖЫ АЛУДАҒЫ ДЕЛДАЛДЫҚ ҚАЛАЙ ТОҚТАЙДЫ?
ашық дереккөз
ҚАЙТАРЫМСЫЗ ҚАРЖЫ АЛУДАҒЫ ДЕЛДАЛДЫҚ ҚАЛАЙ ТОҚТАЙДЫ?
Шағын және орта бизнесті дамыту үшін және жұмыссыздардың санын азайту мақсатында өз бизнесін ашамын деген немесе кәсібін жаңадан бастаған азаматтарға мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдау түрі көп. Соның бірі – қайтарымсыз қаржы. Әсіресе грант бөлуде жас кәсіпкерлерге айрықша басымдық беріліп жатқаны баршаға мәлім.  Бұрын облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы инновациялық жобаларға грант берерде жас талғамайтын. Қазір 5 миллионға дейінгі аталған қайтарымсыз қаржы тек қана 29-ға дейінгі жастарға беріледі. Бұл әрине, кәсіп аясын кеңейткісі келген немесе кәсіпке жаңадан бет бұрған адамдар үшін үлкен көмек. Дегенмен осы грант иелерін анықтау ісімен айналысатын комиссияның жұмысына көпшіліктің көңілі тола бермейтіні анық. Ашып айтқанда, қоғамда «Грант тек тамыр-таныстарға үлестіріледі» деген пікір қалыптасқан. Уақытында қайтарымсыз қаржы алу үшін құжат өткізіп, алайда оған іліге алмай, өзімен бірге құжат өткізгендердің ішінде жолы болғандардың кейбірі қайтарымсыз қаржыны мақсатсыз жұмсағандарын айтып, редакцияға шағымданғандар да болған. Уақытында аталған басқарма бұған конкурстық комиссия жауапты екенін, олар конкурстық өтінімдерді қарау кезінде бизнес-идеялардың жаңалығы және бизнес-жобаның бәсекеге қабілеттілігі өлшемшарттары негізінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік грант беру-бермеу туралы шешім қабылдайтынын алға тартқан-ды. Бір сөзбен айтқанда, осы басқарма кәсіпкерлердің өтінімдерін іріктеу жөніндегі конкурстық комиссияның шешім қабылдау барысына ықпал ете алмайды. Бірақ біз сөз етіп отырған басқарма аталған істің үйлестірушісі болғандықтан, олқылыққа, қоғам арасында кереғар пікірдің пайда болуына жол бермеуі тиіс. Комиссия сенім артқан кәсіпкерлердің кейбірінің кәсіп бастамақ тұрмақ, алған қаржысын есепсіз құрдымға кетіруін болдырмауға аталған басқарма мүдделі болуы керек. Мәселен, 2019 жылы мемлекеттік грантқа жалпы сомасы 339 миллион теңге бөлініп, конкурстардың қорытындысы бойынша 165 жеңімпаз анықталған. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ облыс бойынша аймақтық филиалы жүргізген мониторинг қорытындысында 2019 жылы жүзеге асырылған 165 жобаның ішінде 103-інде (63 пайыз) ғана міндеттемелер тиісті деңгейде орындалған. Комиссия шешімімен 1 кәсіпкерге 2022 жылдың желтоқсан айына дейін жобасын іске асыруға уақыт берілген. Сонымен қатар 61 жобада сәйкессіздіктер анықталған. Бұл жобалар конкурстық комиссия қарауына қайта ұсынылып, оның 56 жобасы бойынша келісім-шарт бұзылып, соттың шешіміне сәйкес тиісті қаражат бюджетке қайтарылыпты. Қалған бесеуі бойынша грант қаражатын қайтару туралы талап-арыздар сотқа жіберіліп, оның екеуі қанағаттандырылмаған. Екеуі өз еркімен қаражатты бюджетке қайтарған және 1 жоба бойынша сот тарапынан сараптама жүргізу қолға алынған. Мақсатсыз пайдаланылған грант қаражатын қайтару бойынша аталған басқарма тарапынан атқарылған шаралардың нәтижесінде облыстық бюджет кірісіне жалпы сомасы 117,9 миллион теңге өндірілген. 2020 жылы жалпы сомасы 171 миллион теңгені құрайтын 45 жоба қаржыландырылған. Бірақ аталған жобалардың 27-сі ғана іске асырылған. Ал 18 жобаның ішінде 14 кәсіпкермен шарт бұзылған. 4 кәсіпкерге комиссия тарапынан қосымша 6 айға дейін уақыт берілген. 2021 жылы гранттық қаржыландыруға республикалық бюджеттен барлығы 21 миллион теңге бөлініп, өткізілген конкурс нәтижесінде 5 кәсіпкер қайтарымсыз қаржыға ие болыпты. Облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Гүлнұр Жорабекова аталған бес кәсіпкердің де жобасы жұмыс істеп тұрғанын, аталған тұжырым «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның облыс бойынша аймақтық филиалының жүргізген мониторинг қорытындысына сәйкес жасалғанын айтады. – Бір кәсіпкер үшін мемлекеттік грант сомасы мемлекеттік грант алуға ұсынылған өтінімге байланысты 5 миллион теңгеге дейінгі қаражатты құрайды. Ол үшін кәсіпкердің жасы 29-дан аспауы керек. Берілетін мемлекеттік грант көлемінің кемінде 10 пайызы ақшалайнемесе бизнес-жобаға қатысатын жылжымалы немесежылжымайтын мүлікпен қоса қаржыландыруы қажет (талап халықтың әлеуметтік осал топтары үшін міндетті болып табылмайды). Ісін жаңадан бастағандар жаңа жұмыс орындарын құруға міндетті. Кәсіпкердің бизнес-жобасында инфрақұрылымның болуы бизнес-жобаның міндетті шарттары болып есептеледі. Құжаттар осы жылдың 1 қазанынан бастап 15 қазанға дейін, жұмыс күндері сағат 10.00-ден 17.00-ге дейін (жергілікті уақыт) «Qoldau.kz» электрондық веб-порталы арқылы қабылданады, – дейді Гүлнұр Қойшыбекқызы. Былтырдан бастап грант беруде жағдай біршама түзелген сияқты. Біздің ойымызша, бұл нәтижеге грант жұмыс істеп тұрған жобаға берілгендігінен қол жеткізілген болуы мүмкін. Негізінде қазына қаржысын тегін үлестіруде қолынан іс келмейтіндерді ажырата алмай, салдарынан мүдделі мекемелер мен сот, сот орындаушылары әуреге түскені үшін комиссия мүшелерін және қайтарымсыз қаржыны мақсатсыз жұмсағандарды қатаң жауапқа тарту керек. Сонда ғана комиссия мүшесі де, гранттан үміткер де он ойланып, жүз толғанып барып шешім қабылдайтын болады. Жасы 29-ға дейінгі азаматтармен қоса, аз қамтылған отбасы, көпбалалы ана, толық емес отбасы, ерекше қажеттілігі бар азамат секілді санаттар бойынша да қайтарымсыз қаржы жергілікті жұмыспен қамту орталықтары арқылы үлестірілетіні баршаға мәлім. Облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының еңбек-көші қон бөлімінің басшысы Шыңғыс Тойбеков былтыр «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының 2-ші бағыты аясында кәсіпкерлікті дамытуға 5016 адамға 2,9 миллиард теңге мемлекеттік гранттарды беру қарастырылып, нәтижесінде 5045 адам 2,94 миллиард теңгенің грант қаражатын алғанын сөз етті. Оның ішінде 27 адамға жергілікті бюджеттен грант берілген (Т.Рысқұловта – 9, Мойынқұмда – 9, Шуда – 9). –  Біздің облыс республика бойынша ең көп грант беріп отырған аймақ. Қайтарымсыз қаржы алғандардың 36,9 пайызы аз қамтылғандар мен көпбалалылар болса, 46,5 пайызы – жастар, басқалары 16,6 пайыз.Грант иелерінің ішінен 3835 адам немесе 76 пайызы мал ұстауды көздесе, 1210-ы немесе 24 пайызы басқа салалар бойынша кәсіппен айналысуда (182-сі – құсқа, 1 адам – қоян шаруашылығына грант алса, 573 – технологиялық жабдықтар, 281 – еңбек құралдарын, 168 инвентарь алып, 1 – ғимараттарды жалға алуға, 4-еуі көшеттер отырғызуға алды). Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасына сәйкес қайтарымсыз грант көлемі 200 АЕК-тен 400 АЕК-ке көтеріліп отыр, яғни биыл ол 1,2 миллион теңге (2021 жылы 583,4 мың теңге) мөлшерінде. 2022 жылы облыс бойынша 2630 адамға 3,2 миллиард теңге қайтарымсыз грант беру қаралды, оның ішінде 1893 жасқа – 2,3, әлеуметтік-осал топтардағы 737 адамға 0,9 миллиард теңге беру көзделді. Осы жылғы 14 шілдеде «Кәсіпкерлік бастамашылыққа жәрдемдесу жөніндегі шараларды ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларын бекіту туралы» министрліктің бұйрығына өзгеріс еніп, ол 29 шілдеден бастап қолданысқа енді. Қағидаға сәйкес келетін адамдардың гарант алу санаттарына сәйкестікті тексеру business.enbek.kz порталында автоматты режимде жүзеге асырылады. Одан кейін skills.enbek.kz платформасында «Бастау Бизнес» жобасы шеңберінде кәсіпкерлік негіздеріне оқыту онлайн курсына қолжетімділік беріледі. Онлайн курстың қорытындысы бойынша сертификат алған адам грантқа өтініш беру үшін business.enbek.kz порталында тіркелуі қажет. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқыту жұмыстары ағымдағы жылдың 25 шілдесінен басталды. Есепті кезеңге өңірде 14 460 адам оқуға жолданып, 10 881 азамат оқуларын аяқтап, сертификаттарын алды (жоспар 4000 адам). Осы жылдың 1 тамызына дейін 396 адам 485,2 миллион теңге қайтарымсыз грант алды. Олардың санаттарына келетін болсақ, 396 адамның ішінде 155-і 29 жасқа дейінгі жастар, 241-і әлеуметтік осал топтағы азаматтар, – дейді ол. Десе де тұрғындар осы 1 миллион 225 мың 200 теңге грантты алудың машақаты көп екенін айтып жүр. Мәселен, Тараз қалалық жұмыспен қамту орталығының «Instagram»-дағы «czn_taraz» парақшасындағы грант алуға өтініш қалай берілетіні туралы түсіндірме бейнежазбада Мейрамкүл Альманбетова business. enbek.kz порталына бұдан бұрынғы лек бойынша құжат өткізерде портал 20 минутқа ғана ашылып, одан кейін қайта жабылып қалғаны жөнінде пікір қалдырған. Ал бұл мәселеге қатысты Тараз қалалық жұмыспен қамту орталығы тарапынан жауап қайтарылмаған. Тұрғындардың кейбірі грант тек жастарға ғана беріледі деп ойлайды. Осы тектес көпті толғандыратын сауал көп. Аты-жөнін атамауды өтінген бір тұрғын 400 АЕК мөлшеріндегі гарант алып беру үшін ортада делдалдар қатты жұмыс істеп жатқанын айтады. – Былтыр жергілікті жұмыспен қамту орталығына құжат өткіздім. Бірақ грантқа ілікпедім. Мен секілді бос әуреге түскен бір танысым биыл құжат өткізерде біреуді ортаға салу арқылы алдыңғы лектердің бірінде грант алды. Содан кейін мен де адам іздей бастадым. Тапқан адамым біз жақтың тұрғыны емес, жұмыспен қамту орталығына да қатысы жоқ. Ол мекеменің нақты қай жерде орналасқанын айта алмаймын, ренжімеңіз. Десе де ол маған грант алып беретін болды. Талай адамға көмегі тиген екен. 900 мың теңгесін мен алып, қалғанын соған беретін болып келістім. Бір таңғалатыным, айдаладағы адам грантты әперудің жолын қалай тауып жүр, бұл мәселені кіммен сөйлесу арқылы шешуде? Тағы бір айта кетер мәселе өзім жақсы танитын бір адам грантқа ілігіп кетті. Ол бұрын онлайн оқу тұрмақ, мектепте дәстүрлі оқуды қарық қылмаған адам еді. Оның қалай сауаты ашылып кеткеніне таңым бар, – деді ол. Осыдан кейін біз Тараз қалалық жұмыспен қамту орталығына барып, директордың орынбасары Сәбит Мүсіреповпен тілдестік. Жаңа бизнес идеяларды іске асыруға былтыр Таразда республикалық бюджеттен 362,2 миллион теңгеге бөлініп, 621 адамға мемлекеттік қайтарымсыз грант беріліпті. Бөлінген қаражат толығымен игерілген. Есепті жылы мемлекеттік қайтарымсыз гранттар беруге бюджет есебінен 552 миллион теңгеге қаралып, 434 адамды қамту жоспарланыпты. Осы жылдың сәуір айынан бастап 154 адам грант иегері атанса, оның ішінде 33-і жастар, 121-і осал топтарға жататындар екен. Кәсіпке бет бұрғандардың 67-сі мал алған, үшеу құс алса, 37-сі технологиялық жабдықтарды, 8-і еңбек құралдарын, 39-ы инвеньтар алған. – Негізі талап бойынша әркім оқыту курсынан өзі өтуі керек. Бұрын «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша жұртшылық белгілі бір оқу орнында оқыту курсынан өтетін. Бизнес-тренерден көзбе-көз дәріс алатын. Қазір бұл үрдіс жойылған. Оқыту курсынан өтуші онлайн түрде сұрақтарға жауап береді, болды. Оның бет-бейнесін ешкім көрмейді. Демек біреудің орнына біреу оқып беруі мүмкін. Негізінде гранттан үміткердің оқыды деген сертификат алуына екі мүмкіндік беріледі. Бизнес жоспарды қалай жасау керектігі жөніндегі үлгі де порталда тұр. Үміткер өзі оқып, өзі құжат тапсыруға, бизнес жобасын қорғауына жағдай жасалған. Көзбен көрмегеннен кейін нақты ештеңе айта алмаймыз. Жалпы, қоғамда грант алу жөнінде ортада делдал бар дегенді біз де естиміз. Тіпті біздің атымызды жамылып, пәлен деген жұмыспен қамту орталығында жұмыс істеймін деген алаяқтар да бар екен. Бірақ бұл іс электронды түрде жүзеге асатындықтан ол адамдар араласып шешетін тірлік емес. Осы жерде бір айта кетер жайт оқуына, құжат тапсыруына біреуге-біреу ақы алу арқылы көмектесуі мүмкін. Қала берді грант алып беремін деп сол адамның атынан барлық шаруаны онлайн түрде өзі атқаруы ғажап емес. Оның өтініші барлық талапқа сай болып, жолы болып кетсе, грантты саған мен әпердім деп келіскен соманы сұрауы мүмкін. Сондықтан тұрғындарға әлеуметтік желі де осы тектес алаяқтарға алданып қалмау жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізумен келеміз. Сонымен қатар портал мысалы, 100 адамға грант беруді көздесе, бір орынға екі адамнан, яғни 200 адамның өтінішін қабылдайды. Адамдардың белсенділігіне байланысты ол он немесе бір күнде, тіпті бір мезетте толып қалуы мүмкін. Сол үшін азаматтар уақыт оздырмай, портал ашылған сәттен құжат өткізіп қалуға тырысуы қажет, – деді Сәбит Мейірханұлы. Өзі оқып, өзі жоспар жасай алмаған адамның міндетті түрде біреудің көмегіне иек артатыны белгілі. Біздің ойымызша осыдан ақша жасап жүрген адамдардың бар екені ақиқат. Ендеше ондай алаяққа тап болғандар грант алғаннан кейін, көмек берушінің сұраған ақшасын бермей қоюға толық қақы бар. Өйткені грантты ол емес, мемлекет беріп тұр. Десе де онлайн оқудың да бір кемшілігі осы. Сол үшін кем-кетікті түземесек, алаяқтарға жем бола беретініміз анық.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар