Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ауқымды форум агросекторға тың серпін береді

Ауқымды форум агросекторға тың серпін береді
Ашық дереккөз
Халықтың бақуатты тұрмыс кешіп, қолайлы өмір сүруі үшін аграрлық саланы дамыту – ең қажетті әрі маңызды мәселенің бірі. Жұртшылықты сапалы, табиғи ауылшаруашылық өнімдерімен қамтамасыз етуден бөлек, әлемдік нарыққа өз өнімімізді ұсынудың да маңызы айрықша. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеру үшін мемлекет тарапынан аграрлық секторларға кешенді қолдау көрсетіле беретіні анық.

Десе де қазақстандық ауылшаруашылық тауарын өндірушілер әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті болуы үшін дамыған мемлекеттердің тәжірибесіне сүйеніп тірлік еткені артықтық етпейді. Бұл тұрғыда халықаралық деңгейде ұйымдастырылатын ауылшаруашылық көрмелерінің берері мол. Осы мақсатта кеше Тараз қаласында үш күнге жалғасатын «KazАgroZhambyl-2024» халықаралық ауылшаруашылық көрме-форумы басталды. «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешеніндегі көрме павильонының «Халықаралық сауда көрмесіне» шетелдік соңғы үлгідегі зиянкестерге қарсы дәрі-дәрмек пен алқапқа тыңайтқыш шашуға арналған дрон, трактор, егістік жерді, өндірілген өнімді өңдеуге қатысты түрлі ауылшаруашылық техникасы шығарылыпты. Сонымен қатар көрмеге көкөніс және жеміс-жидек өндірісі, өсімдіктерді қорғауға арналған құралдар, ет және сүтшаруашылығына, егінді баптау және сақтауға, суару жүйелеріне, жылыжай бизнесіне қажетті жабдықтар, арнайы ауылшаруашылық саласына арналып тігілген киімдер мен жем, тұқым, тыңайтқыш, тіпті малға дейін әкелініпті. Ауқымды іс-шараны ұйымдастырушы, «ExpoGroup» халықаралық көрме компаниясының басшысы Шолпан Қожабаеваның айтуынша, көрмеге 70 мемлекеттен 200 компания өкілі қатысуда.Халықаралық форум-көрмені Тараз қаласында өткізуіміз бекер емес. Жалпы еліміздегі ең ірі ауылшаруашылық көрмелерін 25 жылдан бері тұрақты түрде ұйымдастырып келемін.

Осы уақытқа дейін көрмені үнемі еліміздің солтүстік өңірлерінде ұйымдастырып жүрдік. Осы ретте облыс әкімдігі ауылшаруашылық көрмесін Тараз қаласында өткізу жөнінде ұсыныс жасады. Біз ұсынысты қуана қабыл алдық. Өйткені Әулиеата өңірі ежелден аграрлы аймақ болып есептеледі. Ауылшаруашылық саласындағы түрлі мәселелерге қатысты да жамбылдық фермерлердің айтатын ойы, қоятын талап-тілегі бар. Сондықтан іс-шараны пайдаланып, жергілікті фермерлер техника мен түрлі құрал-жабдық, тыңайтқыш немесе басқа да салаға қажетті өнім өндірушілермен, диллерлермен тығыз байланыс орната алады. Ауылшаруашылық тауарын өндірушілер бір уақытта тауарлардың үлкен таңдауына қол жеткізеді және мамандармен тікелей кеңесе алады. Мысалы, 3 күнге жалғасатын форумға 70 елдің сарапшысы келді, – деді Ш.Қожабаева.

Көрмеге бір ғана Қытай Халық Республикасынан бірнеше компания ұшқышсыз ұшу аппараттары және басқа да техникалар әкелсе, өзбекстандық компаниялар кептірілген жемістер, ауызсу өндіруге арналған құрылғыларын ұсынды. Көрмеге қойылған шетелдік өнімдерді аралай жүріп, түркиялық «Atlantis» фирмасының эксперт-менеджері Али Арал есімді азаматпен тілдестік.Қазақстанға соңғы үш жылда он мәрте келдім.

Көрмеде жаңбырлатып суару құрылғысын ұсындық. Біздің қолымыздағы құрылғының кішірейтілген көшірмесі. Негізі ұзындығы – 800 метр. 10-48 сағат аралығында 5 гектардан 150 гектарға дейінгі алқапты суаруға мүмкіндігі жетеді. Бағасы құрылғының көлеміне қарай 5 мың АҚШ долларынан басталып, 150 мың АҚШ долларына дейін жетеді. Бүгінге дейін қазақстандықтарға 60 жаңбырлатып суару құрылғысын саттық. Мәселен, құрылғыны Талдықорған, Семей, Атырау, Қарағанды, Шымкент, Павлодар, Тараз, Түркістан қалаларындағы және Меркі ауданындағы фермерге де өзіміз орнатып бердік, – деді А.Арал.Жалпы «KazАgroZhambyl- 2024» форум-көр­ме­сіне ауылшаруашы­лығын­дағы соңғы үрдістер мен инновацияларды талқылау үшін саланың жетекші сарапшылары мен өкілдері жиналды. Сарапшылар Қазақстан­ның әртүрлі топырақ-климаттық жағдайларында тұқымшаруашылығының, өндірісті ұлғайтудың және өнімділікті арттырудың өзекті тақырыптарын талқылауда. Кеше Түркі мемлекеттері ұйымының ауылшаруашылық саласындағы ынтымақтастық жөніндегі жұмыс тобының отырысы «Arai Plaza» бизнес орталығында өтті. Өткен жылы ауа райының қолайсыздығына байланысты фермерлер қиындыққа тап болғаны есте.

Оның ішінде су жетіспеушілігі мен сапалы тұқымға қатысты мәселе де бар. Сондықтан форумда осы тектес қиындықтарды шешу мақсат етілген. Сонымен қатар агробизнес өкілдері үшін компаниялардың тұсаукесері және стратегиялық келісімдер мен келісімшарттар жасау көзделген. Форумның екінші күні делегация басшыларының қатысуымен «KazАgroZhambyl-2024» көрмесінің салтанатты ашылуы «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде ұйымдастырылады. Мұнда «ECOSA» тұқымдарының сегізінші конгресінің делегация басшыларының қатысуымен лента қию рәсімі жасалмақ. Сондай-ақ «Көне Тараз» кешенінің алаңында концерттік бағдарлама және бірқатар спорттық ойын, қолөнер бұйымдарының көрмесі де өтеді. Одан әрі «Arai Plaza» бизнес орталығының «Bronze» залында облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің қатысуымен Түркі мемлекеттері ұйымының ауылшаруашылығы министрлерінің үшінші отырысы өтеді деп күтілуде. Бұдан кейін Түркі агрофорумы және компаниялармен В2В кездесуі ұйымдастырылмақ. 21 наурыз күні делегация басшыларының қатысуынсыз тұқымшаруашылығы жөніндегі форум ұйымдастырылмақ. Сонымен қатар шетелдік бизнес өкілдерінің жергілікті шаруалармен екі жақты В2В кездесулерін өткізу жоспарланған.

Нұрым Сырғабаев 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар