Тәрбиелік тағылымы мол іс-шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, өңірге жұмыс сапарымен келген ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері мен қоғам белсенділері және қала тұрғындары қатысты. Экологиялық акция аясында саябаққа 700-ге жуық түрлі тал көшеті отырғызылды. Қазақта «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген қанатты сөз бар. Жасыл желек – Табиғат-ананың адам баласына сыйлаған тамаша тартуы. Тал-дараққа қалай күтім жасап, құрмет көрсетсең, тиісінше күннің көзі мен желдің өтінен сақтап, тек жақсылықпен қарымтасын қайтарады. Бүгінгі игі істің басы-қасынан табылып отырғанымыз да сондықтан. Жалпы соңғы бесжылдықтың бедерінде Тараз қаласында мұндай экологиялық акциялар оң нәтижесін беріп, шаһарымыз үлкен жасыл белдеуге айналды.
Мәселен, біздің ардагерлер орталығының маңында орналасқан Қ.Рысқұлбеков саябағы бүгін тағы жүздеген қылқанжапырақты тал-дарақпен толығып отыр. Енді бұларды өсіріп, баптап, бойын тіктегенше аса үлкен күтім керек, – дейді облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі, қоғам белсендісі Қонысбай Ілиясов.Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің айтуынша, биыл шаһарға 40 мың тал егу жоспарланып отыр. Оның ішінде Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс», Қ.Рысқұлбеков саябақтары, Ы.Дүкенұлы атындағы мәдениет үйі аумағындағы саябақ, «Әуежай», Арбат-1, теміржол бекеті, Саңырақ батыр скверлеріне наурыз-мамыр айларында 4 100 дана әртүрлі ағаш отырғызылады.
Сонымен қатар «Ұлы дала» ықшамауданындағы саябаққа -3 500, «Тектұрмас» аумағына 1 000 және «Жасыл белдеу» жобасы шеңберінде шаһардың шеткі алқаптарына 20 000 түп көшет егілмек. Бұдан бөлек биыл қала аумағында 12 мың шаршы метр гүлзарға гүл отырғызу көзделуде екен. Оның 5 000 шаршы метрі сәуір айында егілсе, бұған қосымша 627 шаршы метр қазандыққа гүл отырғызылады. Сондай-ақ көпжылдық гүлдермен қоса Абай, Төле би, Ниетқалиев, Сейфуллин көшелері мен Жамбыл даңғылы 15 мың тал әсем раушан гүлімен көмкеріледі. Жалпы биыл облыс орталығында 1 миллионға жуық гүл егіледі деп күтілуде.
Нұрсұлтан Рахымбай