Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Үкілі кәмшат, бүрмелі көйлек...»

«Үкілі кәмшат, бүрмелі көйлек...»
ашық дереккөз
«Үкілі кәмшат, бүрмелі көйлек...»
Өткен аптада облыс орталығында «Үкілі ару» осы атаумен қыз сыны байқауы өтті. Оған облыс әкімдігі жастар ресурстық орталығы мен шаһардағы жоғарғы оқу орындарының бірі Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті мұрындық болды. Қазақтың салты салтанат құрып, аруларымыздың сұлулығы паш етілген байқауға аудандар мен қаладан 14 бұрымды қатысып, сынға түсті. Көктемнің шуақты күнінде үкілі кәмшат, бүрмелі көйлек киген он төрт ару сахна төріне шықты. Барлығы дерлік бірінен-бірі өткен сұлулар.Алдымен сәлемдесіп, өздері жайында ақпар берген арулар бұл күні бар өнерлерін аяп қалмады. Бірі әуелетіп ән салса, енді бірі мың бұрала биледі. «Үкілі ару» байқауының өзгелерден орны ерек. Себебі, мұнда қазақ қызының ұлттық дәстүрімізге сай тәрбиесі мен біліміне де жіті мән беріледі. Халықаралық Тараз инновациялық институтының проректоры Гүлшат Құлабекованың айтуынша дәстүрлі сұлулық сайысы биыл 9-шы рет өткізіліп отыр. – Сахнада қатысушылар өздерінің күшті жақтарын, сұлулығын және эрудициясын көрсетеді. Байқаула сайыскерлер қазақ халқының дәстүрлі тағамдарын ұсынып, аспаздық өнерлерін көрсетті. Үміткер арулар сондай-ақ өздерінің білімін, көпшілік алдында өзін ұстай білу қабілетін көрсетті. Байқауда міндетті түрде бірінші біліміне, өнеріне, қыз қылығымен сұлу дейді ғой қылығына қарайтын боламыз.Және берілген тапсырмалардың орындалуына қарап баға қоятын боламыз, – дейді Г.Құлабекова. Сайыс талабы бойынша қыздар елдің тарихын, халқының салт-дәстүрін білуі керек. Шараның басты мақсаты – рухани құндылықтарды насихаттау. – Тұрар Рысқұлов ауданы, Көгершін ауылынан келдім. Мұндай байқауларға қатысу мен үшін жаңалық емес, өйткені бұған дейін облыстық байқаудың жеңімпазы атанған едім. Байқаудың қыздарға берері өте көп. Өйткені қазақы салт-дәстүрді дәріптеу мақсатында қойылатын сұрақтардың көбісі ұлттық құндылықтарға байланысты, – деді байқауға қатысушы Айнұр Нұрбек. Терең ақыл, келбетті көркімен көзге түскен бұрымдыларға қаржылай сыйлықтар мен дипломдар табыс етіледі. Байқау нәтижесінде жеңімпаз 150 мың теңгенің сертификатына ие болды. Екінші және үшінші орын иегерлері тиісінше 100 мың және 70 мың ақшалай сыйлықпен марапатталды.

Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар