Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Алаштың аппақ гүлдері

Алаштың аппақ гүлдері
Ашық дереккөз
Ғаламның сұлулығы да, жылулығы да әйелде. Қазақ халқы қыз баланы қонақ деп төрге отырғызып, «Алып анадан туады» демекші, аналарды аса қатты құрметтеген. Әрі әйел теңдігіне ежелгі тарихымыздан-ақ аса қатты мән берген халық екендігіміз де анық. Егер біз әйел затын еркектерден кем санайтын халық болсақ, онда Тұмар сияқты ел басқарған патшайым қыздарымыз болмас еді. Демек, біз қалай болмасын халық ретінде ананың қадірін, қыздың құнын түсірмеген ұлтпыз. Оның үстіне қазақ қыздарының қай заманда болмасын білімі де, өресі де басқалардан кем түскен емес. Халықаралық әйелдер күніне орай біз сондай зиялы аруларымыздың Алашорда үкіметі кезеңінде де болғанын мақтанышпен айтып, солардың өнегелі істерін дәріптегіміз келді. Өйткені аталған мерекенің шығу тарихының өзі теңдік сұраған әйелдердің қозғалысынан басталады. Нақтырақ айтсақ, 1857 жылы 8 наурызда Нью-Йоркте жүздеген әйел демонстрацияға шығып, оларға сайлау құқығын беруді талап етті. 1910 жылы Копенгагендегі социалистік әйелдердің халықаралық конференциясында Клара Цеткин 8 наурызды «Халықаралық әйелдер күні» ретінде атап өту туралы ұсыныс жасады.

 Ал Алашорда үкіметінің тұсында қазақ халқының қаракөз аруларының теңдігін сұрап, қазақ әйелдерінің құқын қорғаған аруларымыз туралы не білеміз? Мысалы, XX ғасырдың басы ұлттық тұтастық негізінде саяси өрлеуге, сапалық өсуге талпынған кезең болғаны шындық. Міне, осы кезде қазақ зиялылары жаппай ағартушылықпен шұғылданды. Ал сол халықтың көзін ашуға құлшынған зиялы қауымның қатарында қазақ қыздары да болды. Олар сол замандағы қазақтың қалам ұстаған жігіттерімен қатар ой қозғап, өз пікірлерін газет-журналдарда жазып тұрды. Осылайша қазақтың алғашқы журналист қыздарының жазбалары «Айқап» (1911-1915 жж.) журналында және жалпыұлттық «Қазақ» (1913-1918 жж.) газетінде жарияланып, алғашқы журналистік мектебі қалыптасты. Оған 1916 жылы Ташкент қаласында «Алаш» газетін шығарған Көлбай Төгісовтың жұбайы Мәриям Төгісова мысал бола алады. Одан кейін де қазақтың бір топ журналист қыздары 1925 жылы «Теңдік» деген журнал шығарып, кейін оның атын «Әйел теңдігі» деп өзгерткені турасында да ақпарат көп. Мейлі, қалай болмасын бұл қыздарымыз қазақ қоғамында аса жоғары беделге ие, біздің ұлттық діңгегіміздің діңіндей болып тұрған санаулы шоғыр деуге болады.

Ал Мәриям Төгісова сол шоғырдың ең басында тұрған қазақтың зиялы қызының бірі. Жоғарыда айтқанымыздай, 1916-1917 жылдары «Алаш» газеті Ташкентте қазақша басылып шыққанда басылым туралы алғашқы хабар Орынборда шығатын татардың «Уақыт» газетінде жарияланады. Ал «Алаш» газетінің алғашқы саны 1916 жылы 26 қарашада шыққан. Сол кезде қазақтың алғашқы журналист қызы Нәзипа Құлжанова Семейден арнаулы «Алаш жолына» деген құттықтауын жолдап: «Алашым – ғұмыр жасың ұзақ болсын, жүргенде жолың болсын. Жолдасың апа-қарындас, аға-іні жұртың болсын. Айтқаның ақ болсын, алды-артың бақыт болсын!» – деп, «Ала жіп тұсауды алмаспен кеселік!» деген ақ тілегін айтып, газеттің ғұмырлы, халыққа пайдалы болуына тілектестік білдірген екен. Ал бұдан кейінгі журналдарда қазақ әйелдерінің теңдігін, ұлтымыздың қыздарының көзі ашық болуын қалаған алашшыл арулардың легі көбейе түскенін айтады белгілі алаштанушы ғалым, мұрағат жинаушы Абай Мырзағали. – Қазақтың ұлттық автономиясы – Алашорда үкіметі таратылған соң Алаш зиялылары халық ағарту ісіне баса мән берді. Алғашқы қазақ оқулықтары мен оқу құралдарын құрастырып, жазды. Бірінші кезекте, ағартушылық жұмыспен қатар, денсаулық сақтау, жұқпалы аурулардан сақтануды дұрыс жүргізуді дәріптеді. Денсаулық жайында көптеген кітапты аударып, оларды қазақ тұрмыс-тіршілігіне бейімдеп қайтадан жазды.

Олардың қатарында Нәзипа Құлжанова, Аққағаз Досжанқызы, Нағима Арықова, Сара Есова, Шолпан Иманбаева сынды қазақ қыздары болды, – дейді ғалым. Иә бұл тізімге қазақ, орыс, француз тілдерін білген Гүлайым Байғуринаны, Еуропадан арнайы грант ұтып алып, медициналық университетте оқып келген Гүлсім Асфендиарқызын, тағы басқа да қазақтың зиялы қыздарын қоса беруге болады. Жоғарыда аты аталған Аққағаз Досжанова Мәскеудегі бүкілресейлік мұсылмандар сьезінде мұсылман әйелдерінің жағдайын айтып, олардың құқын қорғап сөйлеген қыз. Айта берсек, бұл сияқты қыздарымыз көп-ақ. Тіпті сталиндік репрессия кезінде атылып кеткен 25 мың қазақтың ішінде Шахзада Шонанова, Торғай Сүлейменова, Мамиллия Таңатова сынды қазақтың үш қызы да болғанын біреу білсе, біреу білмейді. Ал енді А.Мырзағалидан алған деректеріміз бойынша жоғарыда ғалымның атап отырған қазақ қыздарының есімдеріне тоқталсақ. Нағима Ыдырысқызы Арықова (1902-1956 жж.) Қазақстанда Кеңес үкіметі орнаған соң әйелдер қозғалысына белсене қатысқан адам. Алматы мен Семей қалаларында мұғалім болып, «Сталин жолы» («Қазақстан әйелдері») журналының редакторы (1932-37 жж.), Қазақ КСР әлеуметтік қамсыздандыру халкомы (1937-38 жж.) қызметтерін атқарған аса ірі тұлға. Кейін Қазақтың мемлекеттік баспасында редактор, редакция меңгерушісі болған. Ол қазақ әйелдерінің теңдігін қорғап, олардың сауатын ашу, мәдениетке баулу ісіне елеулі үлес қосқан. «Өкіл әйелдер не істеу керек?» (Қызылорда, 1927 ж.), «Қазақстанда еңбекші әйелдер азаттығы» (Қызылорда, 1930 ж.) сияқты бірнеше кітаптың авторы.

Сонымен қатар Нағима Ыдырысқызы көбінесе әйелдердің азат болғанын, оларға әлеумет қызметіне ерік берілгенін айтып, оқу-өнерге шақырған жан. Оның ең алғашқы белсенді көшбасшылар қатарынан болғанын өзінің мақалаларынан біле аламыз. Мысалы, 1928 жылы «Еңбекші қазақ» газетінде жарияланған мақаласында: «Әйел азаттығы» деген бірауыз сөзбен ғана мәселе шешіле салмайды.Бұл мәселе әйелдердің еңбегін, екінші – тұрмысын жөндеумен сабақтас нәрсе. Үшінші – әйелдердің мәдениетін көтеру. Шынында, әйел үй шаруашылығында ғана жетік емес, әйелдің малшаруашылығына да, диқаншылыққа да, қолөнер кәсібіне де қатысы мол. Бірақ мұның бәрі жөнді ескерілмей келеді», – дейді Нағима Арықова.

Міне, осыдан-ақ оның қаншалықты өр рухты болғанын бағамдап білу қиын емес. Ол – «Қазақстан мерекесі және қазақ әйелдері», «Ер жүректі испан әйелдері фашизмге қарсы күрес майданында», «Клара Цеткин» тақырыптарында жазылған күрделі мақалалардың және бірнеше кітаптардың авторы. Осылайша кешегі Ахмет, Міржақыптармен қатар, елі үшін еңбек еткен қайран ару 1956 жылы дүние салған. Ғалымдардың дерегінше, «Әйел теңдігі» журналын негізінен қазақ журналист қыздары шығарған. Бұл сөздің де жаны бар. Өйткені архив деректеріне сүйенсек, аталған журналдың 1932-1934 жылдары жарық көрген сандарының соңында Нұржамал Сәнәлиеваның қолы қойылған болса, 1934-1935 жылдар аралығында аталған журналға Нағима Арықова басшылық еткен. 1925 жылы мамыр-шілде айында 7 нөмірі жарық көрген «Теңдік» газеті 1926 жылы шілде айынан бастап журналға айналып, «Әйел теңдігі» аталады. Сол кезде журналдың жазушылары ретінде Нағима Арыққызы, Алма Оразбайқызы, Сара Есқызы, Аққағаз Досжанқызы, Рақия Ермек келіні, Нәзипа Құлжан келіні, Мағрипа Қойайдарқызы, Сара Қапа келіні, Шолпан Иманбайқызы, Мадина Бегалы келіні, Ораз Жандосұлы, Смағұл Садуақасұлы, Молдағали Жолдыбайұлы, Ерғали Алдоңғарұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Бейімбет Майлыұлы, Ілияс Жансүгірұлы, Міржақып Дулатұлы, Аманғали Сегізбайұлы, Телжан Шонанұлы және тағы басқалар деп көрсеткен. Қарап тұрсаңыз, сол жылдары еңбек еткен қазақ қыздарының есімі көп.

Солардың ішінде Кеңес заманы журналистерінің бірі болған – Сара Есованы (1903-1984 жж.) да атауға болады. Сара да Нәзипа секілді жолын мұғалімдіктен бастаған қазақ аруы. 1919 жылы Орынбордағы әйелдер педагогикалық училищесін бітіріп, Қызылорда мен Ташкентте бала оқытады. Революциядан кейін партия ісіне араласқан. 1920 жылдан бастап Ғани Мұратбаевпен бірге Түркістан комсомолы орталық комитетінде қызмет істейді. 1922 жылы Жетісуға қоныс аударып, партия комитетінің органы «Тілші» газетін шығарды. Ал 1925 жылы «Әйел теңдігі» журналының редакторы болып тағайындалады. Одан кейін Сараның өмірі саясатпен біте қайнасып, 1938 жылы зайыбы Ораз Исаевпен бірге қамауға алынады.

Тоғыз айдай тергеу абақтысында отырып, соңында Сараны Лениннің әйелі Надежда Крупская құтқарады. Ол Сталиннің қабылдауында болып, «Күйеуі үшін әйелі жауап бермейді» деп Сараны абақтыдан алып шығады. Ал жары Ораз 1939 жылы ату жазасына кесіледі. Ал сондай қайсар қыздарымыздың қатарында тұрған Шолпан Иманбаева болса (1902-1916 жж.), өз тұсындағы қазақ әйелдерінің мұң-мұқтажын, арман-тілегін жырлаған жан. Жастар мен ғылым-білім тақырыбына өлеңдер арнап, қоғамдағы ұнамсыз құбылыстарды өткір сынға алған ол 1923 жылы Ақмола қаласында сауат ашу курсында оқиды. Оны бітірген соң қаладағы балалар коммунасында тәрбиеші болып қызмет істейді. Осы кезден бастап шығармашылыққа ден қойып, өлкелік әйелдер курсында өз өлең-жырларын жиі оқып жүреді. «Жолаушы мен жұмыскер» деген алғашқы өлеңі 1923 жылы «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде жарияланады. Кейін «Қызыл Қазақстан», «Әйел теңдігі» журналдары мен «Жас қайрат» газетінде саяси-әлеуметтік тақырыптағы өлеңдері жарық көреді. Ақынның өмірі мен өлеңдері туралы алғашқы зерттеу еңбегін Нәзипа Құлжанова жазған. Қарап отырсаңыз, сол кездегі көзі ашық қазақ қыздары бір-біріне үнемі қолдау көрсетіп отырған. Осылайша аз ғана жастық шағын білім алуға арнаған қазақтың Мағжанындай ақын қызы Шолпан ауырып, небәрі 23 жасында қайтыс болады. Ғалым, зерттеуші А.Мырзағали қазақтың сауатты қыздары қай заманда да көп болғанын айтады. Әсіресе алашордалықтардың тұсында Мағжан, Міржақыптармен қатар, елді оятуға үндеу салған қыздар да көп болған дейді. – Сол дәуірде қазақтың тұңғыш журналы «Айқапта» қазақ ұлтының болашағы туралы тақырыптар кеңінен талқыланып, түрлі мақалалар жазыла бастады. Халықтың сана-сезімі мен ұлттық мәдениетті көтере отырып, теңдік пен еркіндікке жетуге тырысты.

Бұл бағытта қазақтың тұңғыш баспасөздерінің атқарған міндеті өте пайдалы болды. Журналда ең көп талқыланған тақырыптар медресе ашу, төте оқу және қыздарға білім беру мәселелері болды.Сол кезде журналда Сақыпжамал Тілеубайқызы, Гүләйім Өтегенқызы, Мәриям Сейдалинова сынды қазақ қыздары аталған тақырыптарда пікір айтып, ой қосып, жазбалар жазып тұрды. Сонымен қатар журналда қазақ қыздарын да ұл балалардан кем көрмей, тең көріп оқыту мәселесі көптеп талқыланады. Сақыпжамал Тілеубайқызы «Мұңдастарыма бір-екі сөз» атты жазбасында: «Керек еркек, керек әйел болсын! Саңылауы болмаса, түрі адамға ұқсағанменен онан не оңсын?! Құры адам сиқы болғанменен әркімге бір жем болу тағы», – дей келе, қазақ халқының – «Әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа» деген мақалына көңілі толмайтынын айтады.

Сөз түсінер ағаларынан ақыл сұрап, аталардан кеңес күтеді. Сол кездегі «Айқап» журналының тағы бір жазушы қызы Гүләйім Өтегенқызы да қазақ қыздарын оқуға, білім алуға үндеп, өлең-жыр жазады. «Қазақ қыздарына» деген өлеңі «Айқаптың» 1912 жылғы №8, №9 сандарында жарияланды. Мұнда Гүләйім қазақ қыздарының теңдігі туралы айта келіп, қыздардың жаңаша оқуы керектігін, болашақ аналардың бала тәрбиесінде әкелермен бірге жауапкершілігі де тең екенін, сондықтан қазақ қыздары болашақ ана ретінде ұл балалармен тең оқуы қажеттігін баяндайды. Ал сол «Айқап» журналындағы үшінші қазақ қызы Мәриям Сейдалинова болса, «Зарлау», «Тұр, қазақ!», «Көздер» сияқты жырларымен қазақ халқын оқу-білім арқылы көзін ашып, дүниені тануға үндейді. Ахмет Байтұрсынұлының «Маса» болып ызыңдап, Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ!» деп ұран салғанына қазақ қызы Мәриям Сейдалинова да үн қосып, «Тұр, қазақ!» өлеңін жазып, жариялайды.

Ол өз өлеңінде өткен күннің мақтаны үшін емес, болашақ үшін талпыну керектігін, жер мен елдің болашағы тек оқыған жастар қолында екенін айта келіп, ол қатарда қазақ қыздары да оқу мен білімнен үлес алса деген ойын білдіреді.1913 жылы Орынборда шыға бастаған қазақтың алғашқы ұлттық басылымы «Қазақ» газетінде де қазақтың журналист қыздары қалам тербеп, әртүрлі тақырыптарда мақала және хабарлар жаза бастады. Қазақтың алғашқы мұғалима қыздары туралы да ақпараттар осы газетте кездеседі. Нәзипа Құлжанова Семейде «Абайды еске алу» кешін ұйымдастыруға ұйытқы болып, сол жиында Абай туралы орысша баяндама жасайды. Сонымен қатар кештен түскен ақшаны мұқтаж шәкірттерге беру сияқты қайырымдылық істерді ұйымдастырады. Доктор Аққағаз Досжанқызы болса, медициналық тақырыптарда мақалалар жазып, белсенділік танытқан, – дейді А.Мырзағали. «Қазақ» газетінің 1913 жылғы 23 мамырдағы №15 санында Семейдегі қазақ мектебінде тәлім алып жатқан қазақ қыздарының кезекті емтихан тапсыруы туралы хабар басылады.

Бұл хабарда Семейдегі қазақ мұғалима қыздары туралы да ақпарат бар. Ғазиза Малдыбаеваның емтихан қабылдағаны және оған Рахима Мәрсекова, Нәзипа Құлжанова сияқты қазақ мұғалималары да көмекші болғанын айтады. Қарап тұрсаңыз, қазақтың басынан аумалы-төкпелі замандар өткенде соның ең бір жел жағында қалқан болып қыздары жүрген. Алашорда дәуірінде елінің көзін ашуға құлшынған аналарымыздың жалғасындай болып бүгін де бір топ аруымыз ақпарат саласында аянбай еңбек етіп келеді. Олардың қатарында телеарналар мен басылымдардың тізгінін ұстап отырған қыз-келіншектер де аз емес.

Бұл тұрғыда талай жыл «Jambyl-Taraz» газетін басқарған білікті журналист Эльмира Мырза-Ғали, «AR-AI» жастар газетінің бас редакторы қызметін атқарған Гүлнұр Ембердиеваның орны бөлек. «Jambyl», «Taraz24», «77 TV» телеарналарының директорлары Гүлбаршын Құланбаева, Зарина Қуатова, Мира Бекбергеновалардың да еңбегі ерен. Сонымен қатар Сарысу аудандық «Сарысу» газетінің бас редакторы Жанна Жетенова, Байзақ аудандық «Ауыл жаңалығы» газетінің бас редакторы Гүлшахар Әбдіқұлова, Жуалы аудандық «Жаңа өмір» газетінің бас редакторы Перизат Шымыртайқызы, Қордай аудандық «Қордай шамшырағы» газетінің бас редакторы Шолпан Сабановалардың да есімдерін ерекше атап өтуге болады. Әрине, бір мақалада салада қызмет атқарып жүрген барша нәзікжандыларымыздың аты-жөнін қамту әсте мүмкін емес. Ең бастысы, қоғамдық сананы қалыптастыруда, ұлт мүддесі мен ұрпақ болашағы жолында тілші арулар да тынымсыз тер төгіп келе жатқаны ақиқат.

Шапағат ӘБДІР

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар