Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

АБАЙ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНДАҒЫ ХАДИСТЕР

АБАЙ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНДАҒЫ ХАДИСТЕР
ашық дереккөз
АБАЙ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНДАҒЫ ХАДИСТЕР
Медреседе білім алып, шығыстың классикалық әдебиетін толық игерген қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы адам баласын имандылыққа тәрбиелеуде ислам дінінің үлкен үлесі бар екенін мойындап, уағыздаудан еш жалықпаған. Ғұлама өзі де хадис пен Құран аяттарын жаттап қана қоймай, мәніне терең үңіліп, ой-толғамымен жаңа болжамдар ұсынған. Сондықтан болар, қара сөздерінде хадистер мен аяттарды молынан қолданған. Құран Кәрім пенде біткенді ізгі ниетпен өмір сүруге, әділ және адал болуға үйретеді. Құран мәтінінде «ислам» (Аллаға бағыну) және «иман» (сенім) сөздерінен басқа «ихсан», яғни «ізгілік» сөзі айтылады. Абай өзінің қара сөздерінде ел-жұртты әділдікке, жанашырлыққа, ізгілікке шақырады. Отыз алтыншы қара сөзінде хакім Абай: «Пайғамбарымыз салаллаһу ғалайһи уәссәлләмнің хадис шарифінде айтыпты: «мән лә хаяһүн уәлә иманун ләһу» деп, яғни кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы да жоқ деген. Біздің қазақтың өзінің мақалы да бар: «Ұят кімде болса, иман сонда» деген. Енді бұл сөзден білінді: ұят өзі иманның бір мүшесі екен. Олай болғанда білмек керек, ұят өзі қандай нәрсе? Бір ұят бар – надандықтың ұяты, жас бала сөз айтудан ұялған секілді, жақсы адамның алдына жазықсыз-ақ әншейін барып жолығысудан ұялған секілді. Не шариғатқа теріс, не ақылға теріс жазығы жоқ болса да надандықтан бойын керістендіріп, шешілмегендік қылып, ұялмас нәрседен ұялған мұндай ұят шын ұялу емес – ақымақтық, жамандық», – деп ар-ұятты сақтай білуге шақырады. Сондай-ақ ғұламаның отыз сегізінші қара сөзінде Алланың көркем есімдері мен сипаттары туралы терең, діни философиялық талдау айтылады. Онда: «Аллаһты бар дедік, бір дедік, ғылым құдіреті сипаты бірлән сипаттадық», – деп, Аллаһтың бірлігі мен барлығын негіздейді. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас. Рас сөз еш уақытта жалған болмас. Көп кітап келді Алладан, оның төрті, Аллаһты танытуға сөз айырмас. Аманту оқымаған кісі бар ма? Уәктубиһи дегенмен ісі бар ма? Алла өзгермес, адамзат күнде өзгерер, Жарлық берді, ол сіздерге сөзді ұғарға», деген ақын Жаратушының барлығына ешқандай шек келтірмейді. Абайдың бұл өлең жолдары Кәлима шаһада сөзін негіздейді. Сондай-ақ Забур, Таурат, Інжіл, Құран кітаптарын айта отырып, кітаптарға иман келтіру шартын меңзейді. Алланың барлығы мен бірлігін, яғни тауһид қағидатын айқындайды. Ойшыл ақын Жаратушыға иман келтіруді айқын әрі нақты көрсеткен. Жаратушы адамзатқа өзіне сыйыну мен құлшылық етуді қалағандықтан Пайғамбарлар арқылы өзіне ғибадат етудің қағидаларын білдірген. Адамдардың көңіл күйі, мінез-құлқы, талғамы, өмірге деген көзқарасы жиі өзгеріп отырады. Ал Алла бір қалыпта, өзгермейді. Қазақ халқының әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі де дінмен тығыз байланысты екенін Абай жақсы жеткізді, діннің догма емес, терең рухани тәрбие, ізгілік және адамгершілікке шақыратынын түсіндірді.

Нұрдаулет БОРАНҚҰЛ, облыс әкімдігі дін проблемаларын зерттеу орталығының инспекторы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар