Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Егізбаевтың есімі елеусіз қалмасын

Егізбаевтың  есімі елеусіз қалмасын
ашық дереккөз
Егізбаевтың есімі елеусіз қалмасын

Бұл күнде өткеннен хабары жоқ жұрт арасында «ХХІІ партсъезд атындағы колхозды А.Костянкин басқарған тұста ауылда үш қабатты орта мектеп пен мәдениет үйі бой көтерді. Сол сияқты Гродеково ауылы облыс ауылдары арасында алғаш рет орталықтандырылған Бұхара-Алматы табиғи газ магистралі жүйесіне қосылып, көшелерге су құбыры тартылды» деген ұшқары пікір айтылып жүр. Шын мәнінде, бұл нысандарды соғуға мұрындық болып, оған қаржы бөлуге көмегін тигізген аяулы азаматтың есімі тасада қалып келеді. Ол – Гродеково елді мекеніндегі «Мәуке арал» деген жерде 1928 жылы дүние есігін ашқан Қосай Әліқұлұлы Егізбаев еді. Анықтама Қосай Әліқұлұлы Егізбаев 1928 жылы Жамбыл облысы, Жамбыл ауданындағы Гродеково ауылына қарасты «Мәуке арал» деген жерде өмірге келген. 1949 жылы Ташкенттегі теміржол транспорты инженерлерін даярлайтын институтын бітірген. 1949-1955 жылдарда жол мастері, аға инженер, КСРО Мемлекеттік бақылау министрдігінде бақылаушы, Түркістан теміржолындағы саяси бөлімде нұсқаушы болып істеген. 1955-1959 жылдары Қазақстан ЛКСМ орталық комитетінің хатшысы, 1959-1960 жылдары Қазақстан орталық партия комитетіндегі құрылыс және құрылыс материалдары бөлімі меңгерушісінің орынбасары, 1960-1961 жылдары Алматы облыстық партия комитетінің хатшысы, 1961-1962 жылдары Қазақстан ЛКСМ орталық комитетінің бірінші хатшысы, 1962 жылы Қазақстан орталық комитетінің жауапты ұйымдастырушысы, 1962-1963 жылдары Гурьев облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы 1963-1968 жылдары Шығыс Қазақстан облыстық комитетінің екінші хатшысы болды. 1968-1977 жылдары Кәсіпшілер одағы Қазақ республикалық Кеңесінің Төрағасы, 1977-1984 жылдары Қазақ КСР Ауыл шаруашылығы құрылыс министрінің орынбасары, 1984-1988 жылдарда Қазақ КСР Халықтық бақылау комитеті төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған.

Қосайдың ата-бабалары Арқа жақтың тумалары. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін, яғни жиырмасыншы жылдардың бірінші жартысында сол өңірдің жұрты Қазақстанның оңтүстігіне жаппай қоныс аудара бастады. Сол алғашқы топпен бірге Әліқұлдың отбасы Әулиеата уезінің топырағына табан тіреді. Жергілікті өкімет оларды негізінен орыстар мекендейтін Гродеково селениесі маңындағы «Мәуке арал» деген жерге орналастырды. Ол – Талас өзенінің Қырғыз шекарасынан өткенде екі айырылған қос сағасының ортасындағы шағын мекен. Көктем мен жазғы су тасқыны кезінде бұл маңға қатынау мүлде қиын. Қажет жағдайда тасыған судан қайық арқылы қалтылдап әрең өтеді. Өзен ортасындағы титтей құрлықтың атауының тарихы тереңде жатыр. Оның қашан шыққаны белгісіз. Кіндік қаны тамған, балалық шағы өткен осынау шағын мекен Қосайға қашанда ыстық. Кейін өз-өзіне келіп, ат жалын тартып мінген кезінде өмірбаянына ауыз толтыра «Туған жерім – «Мәуке арал» деп әспеттеп жазуы соның әсері сияқты. Колхоздастыру науқаны басталған кезеңде жергілікті белсенділер арал тұрғындарын қасындағы Сталин (кейін ХХ партсъезд атындағы) колхозына және «Жасөркен» ұжымына апарып қосты. Сөйтіп, Арқадан келген жұрттың іргесі қақ жарылды. Жартысы өзге ұлттың ортасына сіңіскен соң түгелдей орысша сөйлеуге ойысты. Екінші, үшінші буын ұрпақ өз тілін мүлде ұмыта бастады. Олар үй ішінде де өзге тілде сөйлесуді бастаған. Ал «Жасөркенге» қосылған топ қазақы қалпын сақтап қалды. Гродеково ауылындағы орыс балаларымен бірге өсіп, сондағы мектепте оқыған зерек бала екі тілді бірдей меңгерді. Он алты жасында мектепті үздік бітірген Қосай еш қиналмастан Ташкенттегі теміржол транспорты инженерлерін даярлайтын институтқа түсіп, оны ойдағыдай бітіріп шықты. Жиырмадан жаңа асқан қаршадай ғана жас жігіт еңбек жолын теміржол саласында жол мастерлігінен бастады. Түрлі баспалдақтан өткен Қосайдың өмір жолын тәптіштеп айтпай-ақ қояйық. Ол 1955-1960 жылдарда республиканың жастар одағы басшылығына дейін өсті. Әуелі Қазақстан ЛКСМ орталық комитетінің хатшысы, ал 1961 жылдан бірінші хатшысы лауазымдарын атқарды. Республика жастарымен жұмыс істеуге әбден төселген жігітті партия жоғары органдарда пайдалануды мақұл көрді. Соның артынша Гурьев және Шығыс Қазақстан облыстық партия комитеттерінің хатшысы, бірінші хатшысына дейінгі мансап сатысына көтерілді. Өзіне тапсырылған міндетті мүлтіксіз, мұқият атқаратын кадрды орталық комитет 1968 жылы Кәсіподақтардың Қазақ республикалық кеңесінің төрағасы қызметіне жоғарылатты. Осынау екінің бірі қолы жете бермейтін биік дәрежеге жеткен Қосай Әліқұлұлы ҮІІІ сайланған КСРО Жоғарғы кеңесінің және Ү-ҮІІ сайланған Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің депутаты міндетін қоса атқарды. Ол «Қазан революциясы», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерінің иесі атанды. 1971 жылдан Қазақстан Коммунистік партиясы орталық комитеті бюро мүшелігіне кандидат болып сайланды. Осындай қызмет баспалдағынан сүрінбей өткен азамат Қазақстан Кәсіпшілер одағын басқарып тұрғанда өзінің кіндік қаны тамған, балалық шағы өткен ауылға қолдан келген көмегін тигізіп, перзенттік борышын өтеуге барын салды. Ол кезде завод-фабрика мен кәсіпорындардағы кәсіпшілер одағының рөлі өте жоғары әрі қаржылары көп болатын. 1967 жылы Гродеково ауылы жанынан салынып жатқан Жамбыл ГРЭС-інің бірінші кезегі іске қосылды. Одан кейінгі екі жылда екінші және үшінші блоктары пайдалануға берілді. Жамбылда іске қосылған ірі энергетика орталығы – Қазақстандағы блок типтес таза конденсациялық тұңғыш станса болды. Ол Бұхара газы негізінде жұмыс істеді, резервтік отыны – мазут. Қосай Әліқұлұлы туған ауылына таяқ тастам жерге орналасқан ГРЭС-тің қаржылық мол мүмкіндіктерін халық мүддесі үшін пайдалануға бар күшін салды. Сол тұста ауылдың Қырғызстанмен шекарасына обкомның жаңа резиденциясы бой көтере бастаған. Жергілікті басшылар Жамбыл ГРЭС-іне келіп тұрған табиғи газды бірінші кезекте резиденцияға жеткізуге асықты. Газ құбыры ауылдың ұзына бойын көктей өтіп, Қырғызстан шекарасына маңдай тіреді. Кеңес өкіметі резиденцияға диаметрі 50 сантиметрлік құбыр тартқызды. Қосай ағамыз осы оңтайы түскен сәтті халық мүддесі үшін пайдаланып қалды. Өзі басқарып отырған Кәсіпшілер одағының құзыреті дәрежесіне сай тиісті орындар алдына Гродеково ауылына газ жеткізу мәселесін қойды. Ол үшін облыстық атқару комитеті арқылы қозғау салды. Кеңес дәуірінде атқарылуға тиісті жобаның бәрі республикалық Жоспарлау комитетінде қаралып, безбенге түседі. Қ.Егізбаев сонда отырған жауапты қызметкерлерге сөзін өткізе білді. Сөйтіп, ауылға газ жеткізу қолға алынды. Құрылыс жұмысы жүріп жатқанда Қ.Егізбаев колхоз басқармасы арқылы нысанға қажетті ең зәру материалдармен қамтамасыз ету мәселесін күнделікті бақылауда ұстап, көзден таса қылмай қадағалап, қолдан келгенше көмек қолын созып отырды. Соның нәтижесінде ауыл көшелеріне диаметрі 35 сантиметрлік кұбыр тартылды. Қазіргі кезде ауыл-ауылға тартылған құбыр мөлшері 15-20 сантиметрден аспайды. Осылайша республикалық Кәсіпшілер одағы төрағасының араласуы арқасында ауылдағы көшенің бәріне газ желісі тартылып, әр үйге «көгілдір отын» жеткізілді. Сөйтіп, гродековтықтар облыстағы елді мекендер арасында табиғи газдың игілігін тұңғыш көрген ауыл тұрғындары атанды. Қызмет дәрежесіне сай, қолынан келіп тұрғанда жеке бас пайдасына емес, туған ауылын көркейтуді мақсат еткен азамат әлгі жұмыспен ғана шектеліп қалмады. Партия мен үкіметтің ірі кәсіпорындардың ауылшаруашылығын қамқорлыққа алу жөніндегі шешімдері негізінде Жамбыл ГРЭС-інің ХХІІ партсъезд атындағы колхозға көмек ретінде жаңа үлгідегі орта мектеп ғимаратын салуға көмек беру идеясын күн тәртібіне қойды. Көп ұзамай әлгі мәселе де өз шешімін тапты. Бұл ретте Қосай Әліқұлұлының халыққа жасаған игі жақсылығы –мәдениет үйін салуға қосқан үлесін айтпай кетуге болмас. Осы мақсатта жыл сайын республикалық кәсіпшілер одағының мәдениет нысандарын салуға бөлінетін жеке қаржысы есебінен Гродеково ауылындағы мәдениет үйінің құрылысы қолға алынып, қызу қарқын алды. Аз уақытта ауыл ортасынан зәулім ғимарат бой көтерді. Ол кезде Жамбыл ауданының орталығы Аса ауылында мұндай мәдениет нысаны болған жоқ. Аудандық деңгейде өтетін пленум мен сессиялар және басқа да шаралардың тәуелсіздік алғанға дейін «Ақкөл» колхозының мәдениет үйінде өткізіліп келгенін айта кеткен жөн. «Мәуке аралдың» тумасы мұнымен ғана шектеліп қалған жоқ. Ол ауылға су құбырын тартуға да ықпал етті. Елді мекен маңында облыс орталығы тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз етіп тұрған артезиан құдықтары көзі орналасқанын тиімді пайдаланды. Су тартатын сораптардың бірінен Гродеково ауылына қарай желі жүргізіліп, елді мекенге тұщы су жеткізуді қолға алды. Бұл да Қосай ағаның өз жерлестерінің тұрмыстық жағдайын жақсартуға қосқан қомақты үлесінің бірі. Аталмыш нысандардың іске қосылуына мұрындық болған көшелі азамат осы істерінің бәрін де өзін жарнамаламай, жұрт көзінен тасада ұстап, үн-түнсіз атқарды. Соның салдарынан да көпшілік Қосай Егізбаевтың елеулі еңбектерін, тындырған игі істерін әлі күнге бағаламай келеді. Ел аузында есіл азамат жайлы естеліктер қалмаған. Сонау елуінші жылдардың орта шенінде кейін қазақтың классик жазушысы атанған Сәкен Жүнісов өзінің республика Жастар одағының жетекшісімен кезіккені жайлы жылы лебіз қалдырған. Осынау олқылықтың орнын толтыру мақсатында қазір Гродеково ауылында тұратын Қ.Егізбаевтың жақын туыстарын іздей бастадық. Көзкөргендердің көпшілігі әлдеқашан өмірден өтіп кеткен. Сонда да болса жақсының көзін көрген сексеннің сеңгіріндегі Алтынкүл апайды іздеп таптық. Ол кісі Қосаймен нағашылы-жиен екен. Ел арасында қолында билік тізгінін ұстаған азаматтың жақын адамдарына қолдау көрсетіп, жоғарғы қызметке қоюға қол ұшын берді деген дерек мүлде жоқ. Туған күйеу баласы Орынбек өмір бойы колхозда машина рулін ұстады, кейіннен гараж меңгерушісі болды. Тағы бір туысы Сатай да машина тізгіндеуден аспаған. Алтынкүл апай былай деп сыр шертеді: – Менің анам өмір бойы колхозда қызылшашы болып еңбек етті. Суреттері Құрмет тақтасынан түскен емес. Алайда қолында мол мүмкіндік бола тұра сол әпкесінің биік дәрежелі орденмен марапатталып, облыс, республика деңгейіндегі депутат дәрежесіне жетуіне ықпал жасау Қосайдың қаперіне келген жоқ. Ол кездегі басшылардың бәрі жақын адамдарына қолдау көрсетуді өз бойларына мін санайтын. Мысал ретінде бір жайды айта кетейін. Менің жақын бауырым Аман Алпысбаев аудан мен облысты көп жыл басқарған азамат. Бірде қант қызылшасын өсіруге атсалысып тапқан табысымызды жинастырып, «Балама жеңіл машина әперуге көмектес!» деп бардым. Алайда ат-тонын ала қашқан ол: «Сіз түгіл, өз балама да машина әперген емеспін», – деген уәж айтты. «Кінәсін» жуып-шаю үшін қайта-қайта кешірім сұрап, бетімнен сүйіп үйінен шығарып салды. Иә, ол заманның басшылары жақынының жағдайын қаймана қазақтан кейін қойды. Бірінші кезекте елдің қамы тұрды. Қосай екі ағайынды. Бірге туған інісі Қосыбектің мамандығы – суретші. Ол ағасына арқа сүйемей өз бетімен өмір сүрді. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында «Жалын» баспасында безендіруші-суретші болып еңбек етті. Өмір бойы Масанчи көшесіндегі екі бөлмелі коммуналдық пәтерде тұрды. Үш бөлмелі үй алуды армандаған жоқ. Машина мінбеді, үш аяқты «Урал» мотоциклін қанағат тұтты. Сол көлігімен барып-қайтқаны бір мың шақырым болатын Жамбыл қаласына сапар шегетін. Қосыбек көктем мен жаз айларында демалыс сайын ағасының саяжайына көмектесті. Қосай Егізбаев 1995 жылы дүниеден өтті. Ол кезде Жамбыл облысын Ө.Байгелдиев басқарып тұрған. Суық хабар жеткен соң Өмірбек ағамыз ұжым басшысына арнайы тапсырма берді. Артынша күйеу баласы Орынбек бір жылқы, екі-үш сойыс мал, ұн, май, шекер алып Алматыға аттанды. Осы жерде «Кезінде халқына қызмет көрсеткен мемлекет және қоғам қайраткеріне қандай құрмет көрсетілген?» деген заңды сұрақ туындайды. Өкінішке қарай, ауыз тұшытып айтарлықтай ештеңе жоқ. Ол кісіге бар-жоғы ауылдағы бір басы тұйық, аяғы егістікке алып барып тірелетін бұрынғы «Выездное» көшесінің аты берілгенін айтудың өзі ұят. Кезінде туған халқына жанын сала қызмет еткен азаматқа көрсетілген құрмет сол ғана. Біздіңше, Қазақстанның көркеюіне айтарлықтай үлес қосқан жанға бұл қошемет тым аз. Неге десеңіз, мемлекет және қоғам қайраткері Қосай Егізбаевтың республика көлемінде тындырған істерін былай қойғанда, өзінің туып-өскен ауылына жасаған жақсылығының өзі бір төбе. Олай болса, Қосай ағаның туып-өскен, балалық, бозбалалық шағы өткен, кезінде Ресей отаршылдығынан қалған сарқыншақ генерал Гродеков атындағы ауылдың аты өз-өзінен сұранып тұрған жоқ па? Бұдан артық лайықты есімді күндіз шам алып іздесең де таппайсың. Ауылда тұратын байырғы орыс ағайындарға да Қ.Егізбаевтың аты жақсы таныс. Тұтқалы орындарда отырған шенеуніктер осы күнге дейін алға неше түрлі жасанды кедергілерді үйіп-төгіп, мәселені шешуден қашқақтаумен жүр. Қ.Егізбаевтың есімін тым болмаса осында өзі салдырған мектеп пен мәдениет үйінің біріне берген абзал. Көпшіліктің талабы – осы. Қамбар-Бек ҚОЙШЫБАЙҰЛЫ, журналист, Жамбыл ауданы, Гродеково ауылы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар