Уәдеге беріксіз бе?
Біз бала күнімізден ауыл қарияларының айтқан ақылын, аталы сөзін бойымызға сіңіріп өстік. Олар рет-ретімен өз білгендерін бізге үйретуден жалықпайтын. Жарықтықтардың «ұят болады», «обал болады», «жаман болады» деген тәрбиелік мәні бар сөздері күні кешегідей көңіл сарайымызда сайрап тұр. «Олай жасамаңдар, ұят болады!», «біреуге қиянат жасамаңдар, ұят болады!», «біреудің затын алмаңдар, ала жібін аттамаңдар, ұят болады!» деген сөздерін жиі еститінбіз. Сол асыл, қасиетті өсиеттермен қалыптастық, жетілдік. Тәубе, одан жаман болмадық, тәрбиелі болдық, саналы болдық, нысапты болдық, иманды болдық!
Ел аузында сақталған бір аңызда «Сырым батыр елсізде жол жүріп, шаршап, қаталап келе жатып, өлдім-талдым дегенде бір үйге кез болыпты. Әлбетте, алдымен сусын сұрайды. Бойжеткен қыз сусын ұсынады. Сіміріп салған соң Сырым: «Апырай, бір аяқ сусын бір адамның құны екен-ау», – депті тостағанды қызға қайыра ұсынып жатып. Сонда бойжеткен: «Қателесесіз. Бір аяқ сусын бір емес, екі адамның құны», – депті. Аңтарылып, себебін сұраған батырға: «Сіз сусын сұрағанда тауып бере алмасам, шөлден сіз өлер едіңіз, ұяттан мен өлер едім», – деген екен» дейді. Міне, байқадыңыз ба, «ұят» деген сөздің салмақтығын?!
Енді қазір «ұят» сөзінің қадір-қасиеті ортамызда көмескіленіп бара жатқаны ойландырады. Иә, ұяттан безгендер қатары көбеймесе, азаяр емес. Бас пайдасы үшін алдап кететін алаяқтармен, түйені түгімен жұтатын ашкөз жебір-жемқорлармен бүкіл мемлекет, қоғам болып күрессек те айылдарын жимай келеді. Тіпті сол қылықтарын мақтаныш ететіндер де аз емес. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген сөз бекер айтылмаған-ау, тегінде. Сол өкінішті...
Борыш деген ұғымның аясы да өте кең. Алла алдындағы, ата-ана алдындағы, туған жер, Отан алдындағы, отбасы алдындағы борыштарды аға ұрпақ жастардың бойына сіңіріп отырған. Борыш, яғни парыз өтелмесе, оның артында сұрауы бар екенін жақсы білген халықпыз. Отан алдындағы парызды орындау да аса жауапты іс. Көріп, естіп жүрміз, Отан алдындағы парызын өтеуден бас тартып, жалтарып, әйтеуір, оның бір жолын тауып сытылып кетіп жатқан жастар көп. Тіпті мемлекет есебінен білім алуға шетелге барған базбір жастар диплом алғаннан кейін кері қайтпай, сол жақта қалып жатқандарын неге жасырамыз? Әрине, жастар бай-қуатты өмір сүруді аңсайды. Бірақ Отанның алдындағы борышты неге ойламаймыз? Ұлтжандылық, патриоттық сезім, отансүйгіштік, мемлекетшілдік ұғымдары неге сүреңсіз болып барады?
Қазақтың тағы бір жақсы қасиеті – уәдеде тұру. Халық арасында «Уәде – Құдай сөзі» дейтін өте мәнді тіркес бар. Неге мәнді? Өйткені уәде бұзылып, оның қоғамдағы рухани һәм имани құндылығы әлсіреген жерде береке қашады. Уәде дегеніміз – қауымды берекесіздіктен сақтайтын әрі адамдар арасындағы әртүрлі қарым-қатынасты бұзбай ұстап тұратын мызғымас ұстаным болатын. Ел арасында көп айтылатын халық әнінде:
«Қош бол, сәулем, көргенше,
Қайта айналып келгенше.
Уәдеңе берік бол,
Мен сендікпін өлгенше», деп айтылуы да тегіннен-тегін емес.
Ертеде әжелеріміз мәміледе тұрмайтындарды «бетінде бір шымшым ұяты жоқ екен» деп кінәлап жататын. Бұның бәрі ежелгі қазақ қоғамында уәде ұғымының мән-маңызы өте зор болғанына айғақ.
Көшпенділер ұғымында адамның адамгершілігі оның уәдеге беріктігімен, басқадан артықшылығы уәдесін орындай алатынымен өлшенген. Халқымыздың рухани мұрасы Ислам дінінде де уәдеге аса маңыз бергені белгілі. Құранда уәде жайлы бірнеше аят бар. Мысалы, «Исра» сүресінің 34-аятында: «Берген уәделеріңді және жасасқан, келіскен шарттарыңды орындаңдар», деп үкім етсе, Пайғамбардың (с.ғ.с) хадисінде: «Өтірікші, екіжүзді адамның белгісі – ол уәдесінде тұрмайды және сөйлесе жалған айтады», деп сипаттаған екен. Демек, кімде-кім берген уәдесінде тұрмаса – ол екіжүзді. Ал екіжүзді адам жайлы мұсылман ғұламалары аят-хадистерге сүйене отырып, «оның орны – тозақтың түбі» деп тәпсір айтқан. Бұл жөнінде Құран Кәрімде: «Ей, иман келтіргендер! Берген уәделеріңнің шарттарын толық орындаңдар», деп бұйырады. Байқағанымыздай, уәдеге беріктік – шынайы мұсылман жанның бойынан табылуға тиісті асыл қасиеттердің бірі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дәл осы уәдеге берік болудың адам мінезін көріктендіре түсетінімен қатар, жәннатқа жетелейтінін жеткізеді: «Маған өздеріңнен мына алты нәрсенi уәде етсеңдер, Мен де сендерге жәннатқа кiруге кепiлдiк беремiн!
1. Сөйлеген кездерiңде турашыл болыңдар;
2. Уәде берген кезде сөзде тұрыңдар;
3. Аманатқа сенімді болыңдар;
4. Ұятты жерлеріңді сақтаңдар;
5. Көздерiңдi харамнан сақтаңдар;
6. Қолдарыңды харамнан аулақ ұстаңдар.
Кімнің бойында мына 4 түрлі қасиет бар болса, онда ол екіжүзді мұнафықтан саналады, олар: аманатқа қиянатшыл, сөйлеген сөзінде өтірік айтушы, уәдесін орындамау, куәліктен жалтарушы», деген.
Атам қазақтың «Ер жігіттің екі сөйлегені –
өлгені, емен ағаштың иілгені – сынағаны» деуі де жоғарыдағы ислам шариғатының қазақ ортасындағы тұтқасы іспеттес.
Көркем мінез – адамның жақсы қасиеті. Ал көркем мінездің бір сипаты – уәдеге берік болу, сөзінде тұру. «Айтылған сөз – атылған оқ» дейтін халқымыз ежелден сөзге берік болу сияқты асыл қасиетті жоғары бағалаған. Айтқан сөзде тұра білу, берген уәдеден айнымау – адамшылық шарты, мұсылмандық парыз, имани дәреже.
Аманатқа адал болу да адамнан үлкен жауапкершілікті талап етеді. Оған жеңіл-желпі қарауға болмайды. Аманат кім болса, соған тапсырыла бермейді. Аманатқа қиянат жасауға болмайтынын көпшілік біледі. Бірақ өмірде ол орындала бермейтіні өкінішті. Ел арасында «Ақ болсаң – ант ішпе!» деген қағида қалыптасқан. Ата-бабаларымыз «Ойнап сөйлесең де ойлап сөйле» деген өсиет қалдырған.
Иә, ежелгі бабаларымыз қазіргідей нотариус арқылы мөр қойып, келісімшартты заңдастырып жатуды қажет етпейтін. Не зат болмасын бетпе-бет келісіп, уәделесіп, қол алысса болды, ол орындалу міндет болатын. «Келісім – Құдайдың әмірі» дейтін халқымыз. Қазір ше? Бірін-бірі алдау, тонау, жолын тауып «лақтырып кету» үйреншікті әдетке айналды. Тіпті оны әлгі алаяқ-пысықайлар өз жетістігі, іскерлігі, тапқырлығы, ақылдылығы деп ұялмай-қысылмай мақтанып, кеуделерін кереді. Сонысымен ол өзінің пысықтығын көрсеткісі келеді. Оның ертең немен аяқталатынына аса мән бере бермейді. Уәдеде тұра алмау – өз сөзіңді, сол арқылы өзіңді сыйламаудың белгісі. Ал өзін құрметтемеген адамның басқаларды қадірлеуі қиын. Оның үстіне ыңғайсыз жағдайға тап болса, кез келген уәдесінен бас тартып кете беретін ондай пенделер адамдар арасында сенім мен құрметтен жұрдай болатыны айтпаса да түсінікті. Ал құрметсіздік – суықтықты, суықтық – немқұрайдылықты тудырады. Сондықтан уәдеге опасыздық – адамдар арасындағы сенімсіздік пен суықтықтың, одан арысы қоғамдағы берекесіздіктің басты себепкерлерінің бірі.
Уәде жайлы ойлағанда белгілі жазушы Ілияс Есенберлиннің шығармасындағы бұрынғы қазақ батырларының уәдеге беріктігі жайлы айтылған мына бір тәмсілі еріксіз еске түседі.
«...Бірде Қырым билеушісі Мамай ел ішін бүлдіргені үшін ноғайлының Ақпанбет батырын өлтіріп, жұртын ойрандайды. Ақпанбет өлерінде үзеңгілес серігі Кен Жанбайға адам шаптырып: «Жалғыз ұлым Тастемірді өлімнен құтқарсын», – деп, одан ақыреттік уәдесін сұратады. Уәде алған Кен Жанбай батыр хан жасағының алдынан шығып, Ақпанбеттің ұлына сауға сұрайды. Мамайдың қаһарынан қорыққан жасақ басшысы көнбейді. Ақыры ақырет уәдесін орындау үшін Кен Жанбай егіз ұлының сыңары – үш жасар Жанұзақты досының ұлының орнына өлімге беру арқылы Тастемірді құтқарып, уәдесін орындапты», деп жазылған кітапта. Міне, қандай ерлік, қандай адамдық. Досына деген адалдықтың нағыз символы! Бұл –
Ақпанбет батырдың ұрпағы жоқ болып кетпесін, ұрпақ сабақтастығы жойылмасын деген Кен Жанбайдың адам таңғаларлық парасатты шешімі емес пе?!
Автор тағы бір шығармасында мынадай ғибратты оқиғаны баяндайды: «Өте ертеде қолы қарулы жігіт бір адамды байқаусызда өлтіріп қояды. Өлген адамның туыстары қазыдан «қанға-қан» үкімін сұрайды. Жігіт:
– Тағдырдың пешенеме жазғаны болар, мен көндім. Өтінішім бар. Алыста тұрушы едім, жақындарыммен қоштасайын, қарыздарымды жабайын. Үш күнге мұрсат берсеңіздер, – дейді.
Қазы көпшілікке қарап:
– Бұған кепіл болатын адам бар ма? – дейді.
Ешкім үндемейді. Сол кезде бір қария ортаға шығып:
– Мен кепіл боламын. Ол келмей қалса, менің басым алынсын, – депті.
Ел-жұрт аң-таң. Өйткені бұл қария ана жігітті мүлдем танымайды. Неге сондай жауапкершілікті өз басына алып отыр екен деп әлгі қарияға мүсіркей қарайды.
Арада үш күн өтеді. Уәделі күні елдің бәрі жаза алаңына жиналады. Әлгі кісі өлтірген жігіт жоқ. Жұрт біткен оның жолына қарап тұр. Бірақ ешкім көрінбейді. Меңіреу тыныштық орнаған. Көпшілік: «Жігіт өтірік уәде берген екен, бәрімізді алдап кетті, мына қарияға обал болатын болды-ау. Енді не болар екен?» – деп ойлайды.
Бір кезде көпшілік алыстан қара терге малынып жүгіріп келе жатқан жігітті көреді. Оның уәдесінде тұрғанына бәрі таңғалады. Сонда жігіт: «Кешіккенімді кешіріңіздер. Елім алыс болғандықтан уақыттан аздап кешіктім, бірақ бәріне үлгердім, енді өлімге дайынмын», – дейді.
Уәдеден таймаған азаматқа ел риза болып, гу-гулеп кетеді. Тіпті әр жерден қолдарын шапалақтағандар да болды. Жағдайға қаныққан өлген адамның туыстары жігіттің сөзінде, уәдесінде тұрғанынына риза болып, «біз кешірдік» дейді.
Қазы көпшілік алдында өлім жазасы үкім етілген жігіттен:
– Сен өлетініңді біле тұрып алдымызға келдің, неге қашып кетпедің? – деп сұрақ қояды.
Сонда ол:
– Егер мен уәдемде тұрмасам, кейін мұсылмандар арасында уәденің құны жойыла ма деп қорықтым, – дейді.
Қазы кепілдікті мойнына алған қарияға бұрылып:
– Сіз бұл адамды танымай тұрып неге кепіл болдыңыз? – деген сұрақ қояды.
Ақсақал:
– Кейін мұсылмандар арасында уәдеге сенушілік әлсірей ме деп сезіктендім. Уәде серт екенін халыққа жеткізгім келді, – депті.
Уәдесіне берік, айтқан сөзінде тұратын нағыз азамат екенін ісімен дәлелдеген, берген сертіне адал жігітке кешірім берген жерлестеріне көпшілік риза болып тарасыпты».
Қазіргі қоғамда да уәде жайлы, оның орындалуы туралы жиі айтылады. Әсіресе кезекті сайлау алдындағы үміткерлердің бағдарламасымен танысып, кездесулердегі айтқан сөздеріне, берген уәделеріне қарап: «Мына азамат пенделікке салынып, өзіне тым үлкен жауапкершілік алып тұрған жоқ па? Уәдесін орындауға қабілеті, құзыреті жете ме?» деп ойлайсың. Бірақ, өкінішке қарай, дептутат болып алған соң берген уәдесінің басым көпшілігі далада қалатынын көріп жүрміз. Соңғы кезде ауыл, аудан басшыларын сайлайтын тәжірибе енгізілуде. Құптарлық-ақ үрдіс. Бұл жерде де үміткерлер халық алдында көптеген шешімі табылмай жатқан мәселелерді «орындаймын», «шешемін», «жасаймын» деп көлдей міндеттеме алып, уәде беретінін көріп жүрміз. Бірақ уәдесін мүлдем ұмытып, елдің сенімін жоғалтып, көңілін қалдырады. «Ең үлкен өтірік – ең үлкен мінбеден айтылған өтірік», деген екен ақын Қадыр Мырза Әлі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде сайлау алдында берілген уәде орындалуымен құнды екенін де ескертіп қойды. Шынында да уәде орындалып жатса, азаматтардың билікке және шынайы өзгеріске деген сенімі арта түсетіні анық. Базбір басшылар да мына мың құбылған сайқымазақ заман талабына сай уәдені үйіп-төгіп береді. Ертең ол берген сөзінде тұрмай «уәдешіл басшы», «жалған сөзден қала тұрғызатын шенеунік» деген жаман атқа ие болып, абыройы төмендеп, көпшілікті налытады. Кез келген жағдайда берілген уәдені орындау – адам бойындағы міндеттердің ең абзалы. Уәде еттің бе, орында! Хакім Абайдың «Асыл адам айнымас, бір бетінен қайрылмас» деген сөзі ойда болғаны жөн.
Мансапқорлық, атаққұмарлық, тоғышарлық, қоғам ісіне деген немқұрайдылық, көптің алдында жалған сөйлеу Абай дәуірінен қанымызға терең сіңіп, оның бәрінен қазіргі қоғам арыла алмай келеді. Арыла алмай дейміз-ау, қайта осы теріс қасиеттер жаңа дәрежеге көтеріліп, қулығы тереңдеген, білімі молайған жаңа бір сатыға көтерілген секілді. Оларға жуық арада тыйым боларына күмәнмен қараймыз.
Байқап көріңізші, алаяқ-пысықайлар қызмет үшін арын сатып, бір қисынын тауып билікте жүреді. Ал адами қасиеті мен ішкі мәдениеті мол, білімді, парасатты, қолынан іс келетін талантты, ары таза, байсалды, сабырлы жандардың әлгілердің көлеңкесінде қалып кететіні несі? Себебі парасатты адамның алдында ар-ұят, шындық, ізгілік, әділдік, обал-сауап, парыз және тағы да сол сияқты толып жатқан кедергілер бар. Ол сол адами қасиеттерден аттап кете алмайды, ары жібермейді, сыпайылықпен, сабырлылықпен өмір сүреді. Өмірдегі кемел адамдар солар емес пе? Олардың бағасын неге төмендетіп жібердік? Ойлай берсең ой түбіне жету қиын. Әйтеуір, «бәрін айт та, бірін айт» демекші, барлығын жақсылыққа жориық, қай кезде де адами қасиетіміз төмендемесінші...
Уәде бердіңіз бе, сөзіңізде тұрғайсыз. Айтқан сөзде тұра білу, берген уәдеден айнымау – адамшылық шарты. Сондықтан уәдеге барынша берік болайық, ағайын!
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
дәрігер-хирург,
медицина профессоры,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі,
Тараз қаласы
Сурет ашық дерек көзден алынды
Келесі мақала