Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ЖҰРТТЫҢ ЖҮЙКЕСІ НЕГЕ ЖҰҚАРЫП ЖҮР?

ЖҰРТТЫҢ ЖҮЙКЕСІ НЕГЕ ЖҰҚАРЫП ЖҮР?
ашық дереккөз
ЖҰРТТЫҢ ЖҮЙКЕСІ НЕГЕ ЖҰҚАРЫП ЖҮР?
Толғауы тоқсан тіршілік Дүниежүзінің психолог мамандары күйзеліс ауруының өршіп бара жатқанын айтып дабыл қағуда. ХХІ ғасыр дерті атанған депрессияның қазақ қоғамына да дендеп енгені жасырын емес. Себебі бүгінде екінің бірі ашушаң, күйгелек. Қит етсе болды, «ашуыма тимеші», «жүйкем тозып, депрессия болып тұрмын» деп жатады. Бұл тіпті жас талғамайтынды шығарды. Осыған орай «Депрессия дертінің басты себебі неде? Жүйкесі жұқарып, күйзеліске ұшырап жүргендер не істеуі керек? Себебі не, салдары қандай?» деген сұрақтарға жауап іздеп көрдік.
Психиканың бұзылуын медицинада «депрессия» деп айтады. Адамның мұндай халге ұшырағанын өз-өзінен жөн-жосықсыз қорғанып, өзін болмашы нәрсеге кінәлі сезінуінен, себепсіз үрейге бой алдыруынан, мазасыздықтан, тағы басқа да жағымсыз көңіл күйден білуге болады. Сондай-ақ апатияға түсу, яғни төңірегінде болып жатқан оқиғаларға мән бермеуінен немесе қайғырып, не қуанып, эмоциясын білдірмеуінен де байқалады.
Жан күйзелісіне адам себепсізден-себепсіз ұшырауы мүмкін. Күйзеліске ұшырағандардың бір нәрсеге назар аударуы немесе жұмысына ерік-жігерін жұмылдыруы да қиын. Соңғы 50 жыл ішінде күйзеліске бой алдырғандар қарасы күрт артып кеткен.
Облыстық психикалық денсаулық орталығы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Интизам Мамедов  адамдарды депрессияға әкеп соқтырған себептердің ішінде көбіне-көп отбасында шешімі жоқ мәселелер мен әлеуметтік жағдайдың үлес салмағы басым екенін жеткізді.  Оның айтуынша, бұл кеселге 14-20 және  40-60 жас аралығындағы адамдар шалдығады екен.
– Бұл – жан күйзелісі. Ал жанның ауруын адамдар медициналық мәселе деп ойламайды. Науқас депрессиядан өздігінен шыққанымен бәрібір оған медициналық көмек керек.  Депрессияға ұшыраған адам болашаққа пессимизммен қарайды. Ол тәбетін жоғалтуы мүмкін, ұйқысы бұзылады,  жиі жылайды, ашуланшақ болып келеді. Біздің мекемеге мұндай диагнозбен келіп емделушілер бар. Бірақ олардың статистикасы медициналық құпия болғандықтан айта алмаймыз, – дейді дәрігер.
Жалпы депрессия ауруы көбейген сайын оны емдейтін мамандардың да саны еселеп артуда. Жүйкесі сыр берген адамдарға психологиялық көмек берем дейтін психолог пен коучтер екі аттасаң алдыңнан шығады. Яғни аталмыш мамандарға халықтың да сұранысы артқан. Әсіресе әлеуметтік желілерде мұндайлардың саудасы қызып тұр. Визуализация, аффирмация, медитация дейсіз бе, әйтеуір, бәрі тығырықтан шығудың жолын көрсетіп, жаныңыздағы жақыныңызбен қалай қарым-қатынас орнату керектігіне дейін айтып береді. Алайда қала тұрғыны Айнұр Шәріпқызы «Instagram»  желісіндегі психолог мамандардың пайдасынан зияны басым дейді.
– «Instagram» әлеуметтік желісі пайда болғалы депрессия көбейді деп айта аламын. Блогер, өнер жұлдыздарының  жүріс-тұрысына қызыға қарап, өз өмірінен  баз кешетіндер пайда болды. «Неге мен олар секілді болып шетел аралап,  қымбат әшекейлер тағынып жүрмеймін?», «Менің күйеуім неге сыйлық сыйлап, жұрт секілді аяламайды?», «Таңғы астың өзін мейрамханадан ішетіндер бар екен, біз болсақ ішерге ас таппай отырмыз...» дегендей қарапайым тұрмысына қапа болатындар бар. Осының көбісі стреске, депрессияға әкеледі. Осыдан біраз уақыт бұрын жолдасыммен келіспей қалып, бөлек тұрған кездеріміз болды. Сонда психолог жағалап, әлеуметтік желіден 1 сағаты пәленбай мың теңге тұратын коучтармен онлайн сұхбаттасушы едім. Бірақ солардың біреуінің пайдасын көрмедім, уақытым мен ақшам босқа кетті. Барлық тәрбие, өмірлік сабақтар ислам діні мен өзіміздің ұлттық салт-дәстүрімізде екенін кейін келе түсіндім. Қазір менде барлығы жақсы. Отбасымызбен басымыз қосылып, тату-тәтті ғұмыр кешіп жатырмыз. Психология деген қазір біреулер үшін кәсіпке айналды. Меніңше, олар жан ауруын емдейтін, кәдімгі білім алған мықты маман болуы керек сияқты, – дейді Айнұр Шәріпқызы.
Жоғарыда кейіпкеріміз атап өткендей, біз атақты адамдарға, жұлдыздарға тәнті боламыз, солардан шабыт аламыз, соларға ұқсағымыз келеді. Бірақ олардың да біз білмейтін құпиялары, әлсіз тұстары бар. Тіпті біз үлгі тұтқан кейбір атақты адамдардың өздері депрессиямен алысып өткен. Оның қатарында орыстың ақын, драматургі Николай Гоголь депрессия мен психикалық бұзылуларға бейім болған.  Британиялық көрнекті мемлекет қайраткері Уинстон Черчиль де депрессияның ауыр түріне шалдығып, талай рет өз-өзіне қол жұмсауға дейін барған. Алайда тарихшылар оның мықты саясаткер болуына депрессияның пайдасы тиген деседі. Әлемге әйгілі голландиялық суретші Винсент Ван Гог биполярлық аффективті психоздың шабуылдары арасында өз картиналарын салған.
Тәжірибелі психолог Мөлдір Сабырбекова депрессияны мүмкіндік деп қабылдау керегін айтады. Яғни оны дұрыс қабылдап, әрекет еткен адамның жолы ашылып, белестерді бағындыруы мүмкін дейді ол.
 – Күйзеліс деген адамның рухани даму жолындағы сенімсіздік, қорқыныш, ұйқысыздық, кінәлау, өзіне-өзі көңілі толмау, ашушаңдық, сөз көтермеу сынды көріністермен айқындалады. Сол себепті әрбір жанның «мен депрессиядамын» деген  тақырыпта қозғалатын әңгіме осы ғасырда пайда бола қалған жоқ. Күйзеліс – адамзат жаратылысынан бері  бірге келе жатқан адамның қалыпты күйі. Өйткені адам күйзелісте болса, демек, рухани тұрғыда даму жолында тұр дегенді білдіреді. Тек күйзелісте тұрған жан даму көзін емес, дамуға жеткізбей  тұрған кедергіні ғана көреді. Дамығысы келеді, бірақ қорқыныш, сенімсіздік немесе тағы басқа сезімдер өзін түсінуіне кедергінің шешімін табуына алып келетін қабілеттері бұғатталып тұрады.
Күйзелістен шығудың бір ғана жолы бар. Ол берілген қиындықты қабылдау арқылы даму деңгейіне қол жеткізу немесе  бейшара күйде өмір бақи бір нүктені айналып жүру.
Күйзеліс жеке дағдарыстық кезеңмен, отбасылық дағдарыспен тығыз байланысты болғандықтан мәселенің себеп-салдарын анықтап алған абзал. Күйзелістен шығу жолын қарастыру және кедергінің арғы жағындағы рухани дамуға қол жеткізу үшін психолог немесе психотерапевт маманынан кеңес алу маңызды, – дейді Мөлдір Онурқызы.
Ал америкалық ғалымдар болса, адамдардың жан-тәнімен беріліп жұмыс істеу арқылы күйзелістен арыла алатындығына көз жеткізіп отыр. Ол үшін психологтар арнайы тәжірибе жүргізген. Ғалымдар ұзақ уақыттан бері күйзелісте жүрген 120 адамды іріктеп алып, олардың сүйікті жұмыстарымен шұғылдануына толық жағдай жасап берген. Бірнеше аптадан кейін 120 адамның 80-і өздерін жақсы сезіне бастағандарын айтса, бір айдан кейін 117 адам күйзелістен толық құтылғандарын жеткізіпті.
«Жалпы өмірде жанның тыныштығынан асатын байлық жоқ. Мұны бағалаған адамды ешқандай депрессия, күйзеліс те ала алмайды», – дейді дін мамандары.
Айжан ӨЗБЕКОВА
.
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар