Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Тұрақтылық пен татулықты ту еткен

Тұрақтылық пен татулықты ту еткен
ашық дереккөз
Қазақстан халқы Ассамблеясы 1995 жылдан бастап консультативті-кеңесші орган ретінде өз жұмысын бастады. Ассамблеяның нақты бағыт-бағдары, мақсат-мүддесі белгіленді. Саяси мән-маңызы жоғары құрылымның негізгі міндеті – мемлекеттік әріптестік және азаматтық қоғам институттары аясында этносаралық өзара түсіністік пен бірыңғай саяси, құқықтық, мәдени жүйе қалыптастыруға оңтайлы ықпал ету. Содан бері бірегей институт өзінің жемісті қызметінде жылдар бойы қоғамда этностар арасындағы құрмет, сенім және өзара түсіністік ахуалын қалыптастыру, этносаралық келісім мен бірлікті нығайту мәселелерінде тиімділігі пен маңыздылығын көрсетті.

Қазіргі уақытта облыста 87 этнос өкілі тұрады. Әділет органдарында 40 этномәдени бірлестік тіркелген. Олардың 31-і қоғамдық аккредиттеуден өткен. 
Бүгінгі таңда Ассамблеяға міндеттелген этноәлеуметтік топтарды біртұтас азаматтық ұлтқа интеграциялау, бірлік пен келісім саясаты, жастармен жұмыс, этносаралық қарым-қатынас және этносаралық саладағы медиация, мемлекеттік тілді дамыту мәселелері бойынша ағарту жұмыстарын жандандыру бағытында тиісті жұмыстар атқарылуда. Этномәдени бірлестіктер мен өңірлік ҚХА құрылымдары өкілдерінің қатысуымен негізгі бағыттар бойынша өзара сәйкестікті нығайтуға, бейбітшілік пен қоғамдық келісімді сақтауға, мемлекеттік тілді насихаттауға бағытталған ауқымды жобалар дәстүрлі түрде іске асырылуда.

Мәселен, биыл Таразда және облыс аудандарында «Достық керуені» ағартушылық жобасы жалғасын табатын болады. Аталған жоба этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты түсіндіруге бағытталған. Мақсаты – коммуникацияларды қалыптастыру және ҚХА этномәдени бірлестік мүшелерінің халықпен кездесулерін өткізу, диалог алаңдарының жұмысына қатысу. 
Жоба шеңберінде өңірлік ҚХА құрылымдары – аналар кеңесі, ақсақалдар кеңесі, «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі, ҚХА медиаторлары, ғылыми-сараптамалық зерттеу тобы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ үкіметтік ұйымдар мен халық арасындағы өзекті мәселелерді консультативтік-кеңесші органдар ретінде шешетін тиімді әрі әмбебап диалог алаңына айналған «Бейбітшілік пен келісім» ауқымды жобасы да жалғасын табады. Сонымен қатар ҚХА, өңірлік этномәдени бірлестіктердің мүшелері ақпараттық топтар құрамында бірлік пен келісім саясаты, этносаралық қарым-қатынас тілі ретінде мемлекеттік тілді дамыту, мемлекеттік саясатты ілгерілету мәселелері бойынша ағарту жұмыстарын жүргізуді жалғастырады.

Этномәдени бірлестіктер мен жалпы облыс көлеміндегі этнос өкілдері мемлекеттік тілді үйренуге ерекше көңіл бөліп келе жатыр. Осы негізде мемлекеттік тілді дамыту, оны этносаралық қарым-қатынас тілі ретінде пайдалану шеңберінде «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» ашық алаңы жобасы іске асырылады. Онда мемлекеттік тілді еркін меңгерудің арқасында қызметтік табысқа қол жеткізген спикерлерден тұратын пул қалыптастырылады. Бұған қоса мемлекеттік тілдегі өзекті тақырыптарды талқылайтын «Мәміле» қазақ тілі пікірталас клубы жұмыс істейді. Сондай-ақ Қазақстанның түрлі этностарының өкілдерін мемлекеттік тілді үйренуге ынталандыру арқылы қазақстандық бірегейлікті дамытуға бағытталған этнос балалары арасында «Мың бала» республикалық мәдени-ағарту жобасы қолға алынған. 

ҚР Президенті Қасым-Жормат Тоқаев «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты Ассамблеяның XXXII сессиясында сөйлеген сөзінде жастар театрларын ашудың маңыздылығы туралы баса айтқан еді. Осыған орай өткен жылы облыстық ҚХА жанынан «Достық» жастар театры ашылды. Театрдағы қойылымдар тек мемлекеттік тілде жүргізіледі. Режиссері – өңірлік ҚХА төрағасының орынбасары, облыстық ҚХА ақсақалдар кеңесінің төрағасы және «Әулие Ата» қазақ мәдени орталығының белсенді мүшесі – Асқарбек Сейілхан. 


Жастар театрының қатысушылары Алғыс айту күніне орай «Бір атаның балалары» театрландырылған қойылымын сахналайды. Қайырымдылық көмек көрсету – ҚХА қызметінің негізгі бағыттарының бірі. Осы ретте «Ерікті донор», «Жылу», «Қоржын», «Мейірімді жүрек», «Бар жақсымыз – балаға», «Мектепке жол», «Қамқор» және тағы да басқа қайырымдылық акциялары жүзеге асырылуда.

Көпэтностылық әлеуметтік кеңістіктің алуан түрлілігі мен мәдени ерекшелігі, адами қатынастардың бірегей мозаикасын дамытуға және толықтыруға, қоғам кеңістігінің палитрасын байытуға зор мүмкіндік береді. Этномәдени бірлестіктердің өкілдері облыстың барлық қоғамдық-мәдени маңызды іс-шараларына белсенді қатысады, этностардың мәдениет күндерін, қайырымдылық акцияларын өткізеді, мемлекеттік және ана тілдерін оқытуды насихаттайды, ғылыми-практикалық конференциялар, көрмелер, акциялар, байқаулар, фестивальдар, челлендждер ұйымдастырады.

Әрбір азаматтың қазақстандық қоғамда, әсіресе этносаралық қатынастар саласында тұрақтылықты сақтау жөніндегі өзінің азаматтық борышын түсінуі болашаққа ұмтылған біртұтас ұлтты қалыптастырудың маңызды элементі екенін айрықша атап өткім келеді. Өйткені біртұтас халық ретінде біз алға өршіл мақсат-міндеттер қойып, оларға қол жеткізе аламыз және біртұтас құндылықтартарих, тіл және мәдениет төңірегінде кеңінен шоғырлана аламыз. 

AR-AI АҚПАРАТ

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар