Байзақ ауданы бойынша жер есебіне сәйкес, жалпы жер көлемі 442 053 гектарды құрайды. Сондай-ақ 32 106 гектар босалқы жер бар. Жалпы аймақтағы қоғамдық-саяси ахуалға әсер ететін негізгі мәселелердің бірі – жайылым жерлердің жетіспеушілігі. Себебі ауданның 2023 жылғы жер балансында 95 249 гектар жайылым жер болғанымен жалпы шаруа қожалықтардағы мал басына жетіспейтін жайылым көлемі 131 960 гектарды құрап отыр. Аталған мәселені шешу мақсатында облыс бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы жер кадастры департаментінен аудан бойынша кезекші карта әзірленген және 17 ауылдық округ бойынша қызмет көрсету аймағында бос жатқан жайылым жер учаскелерін түгендеу жұмыстары жүргізілген.
Бүгінгі таңда түгендеу жұмыстарына сәйкес анықталған босалқы жер қорындағы 2617,69 гектар жайылым жер учаскелерін 10 ауылдық округге қосып беру Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 84 бабының 4-1 тармағына сәйкес, «Жайылымдар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабының 1-тармағына сәйкес жеке ауладағы ауылшаруашылығы жануарларын жаю үшін халықтың жайылымдық алқаптарға деген мұқтаждығын қанағаттандыру мақсатында елді мекен санатындағы жайылым жерлеріне ауыстыру жоспарланып, жерге орналастыру жұмыстары жүргізілген.
Нәтижесінде белгіленген аумақтарда ауылдық округтердің мемлекеттік жер қорынан жайылым және бөгде жерлер есебінен шегін кеңейтуге мүмкіндік беріліп, аудандық мәслихаттың сессиясында бекітілген.
Сонымен қатар Бурыл, Дихан, Түймекент және Ынтымақ ауылдық округтерінде пайдаланылмай жатқан жер бар екені анықталған. Игерілмеген жер учаскелері үшін аудандық жер қатынастары бөлімі тарапынан ұсыныстар дайындалып, облыстық жер ресурстарын басқару департаментіне хат жолданып сол тараптан шара қолданылатын болады.
Облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасы тарапынан 2022-2023 жылдарға арналған индикаторлық көрсеткішке сәйкес, 11000 гектар игерілмеген жерлерді қайтару жоспары бекітілген.
Сондай-ақ Байзақ ауданы аумағындағы ауылдық округтер шаруашылықтарымен және елді мекен шаруашылықтарымен меморандум жасалған. Аудан аумағындағы ауыл тұрғындарының малдарын сыртқа шығару бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде, Темірбек ауылдық округінен 109 шаруашылықтың 482 ірі қара мал басы 3336,1 гектар, Түймекент ауылдық округінен 10 шаруашылықтың 209 ірі қара малы 1144,0 гектар, Суханбаев ауылдық округінен 14 шаруашылықтың 183 ірі қара мал басы 1149,0 гектар орман жер қорына шығарылған.
Бұдан бөлек, Көптерек, Ботамойнақ, Ынтымақ, Жалғызтөбе, Сазтерек, Үлгілі ауылдық округтері тұрғындарының малдары жаз кезінде жайылу үшін «Көделі» жайлауына шығарылған. Ал, Бәйтерек, Жаңатұрмыс, Сарыкемер ауылдық округтерінің шекараларын өзгерту бойынша жерге орналастыру жұмыстары жүргізіліп, құжаттар облыстық мәслихатқа жолданған.
Мәдина АҚТАНОВА,
Тараз қаласы