«ҚЫЗ-ҚАСҚЫР» ӘҢГІМЕСІНДЕГІ ӘДЕБИ-ТАРИХИ ШЫНДЫҚ
Қазақ әдебиетінде Шерхан Мұртазаның жазушылық шеберлігі, драматургиясы, қайраткерлік тұлғасы, журналистік жолы, редакторлық қызметі, философиясы терең зерттелуде.
Жалпы, көркем шығарма – құнды ақпаратты ашуға септігін тигізуші ерекше материал.
Ш.Мұртаза – көркем әңгіме шебері. Туындыларының тақырыптары да сан алуан. Жазушы әңгімелерінде өмір шындығы және көркемдік шешім шебер өрілген. Әңгімелерінің көркемдік қырлары: сыршылдық, өмірдің шағын көрінісімен адамдар арасындағы күрделі қарым-қатынас белгілерін аңғарту, табиғат көріністерінің образ жасаудағы орны, диалог құру шеберлігі қаламгер қаламының айрықша қырларын танытады.
Автордың әрбір әңгімесінің – жөні бөлек, жосығы ерек дүние. «Қазақ әңгімесінің бір кемшілігі – әрбір ситуацияның ішкі сырын ашпай, сыртқы қаңқасын баяндауға саяды. Теңеу, салыстыру, меңзеу дегендер аз», деген еді Тәкен Әлімқұлов. Ал ситуацияның сырын ішке түсіргендердің бірегейі – осы Шерхан Мұртаза.
Жазушының әңгіме жанрында қалам тартқан кейінгі туындыларының қатарында – «Қыз-Қасқыр» әңгімесі де бар.
Әңгіменің қолжазбасы Халықаралық Тараз инновациялық институтының «Шерхантану және рухани жаңғыру» ғылыми-зерттеу орталығының мұрағатынан табылды. Толық нұсқасы «Қазақтың Шерағасы» көптомдығының кезекті санында жарық көретінін атап айтқымыз келеді.
Әңгіменің эпиграфы ретінде жазушы: «32-ші жылы аштан, қара шешектен қынадай қырылған менің құрдастарыма ескерткіш белгі» деген сөздерді жазады. Бұдан әңгіменің негізгі тақырыбы – ашаршылық жағдайындағы қарапайым халықтың хал-ахуалы, шарасыздық әрекеттері екендігін айна қатесіз түсінуімізге болады.
«Патша ашаршылықты қолдан жасады. Өйткені оған бодан халық емес, сол халық ие болып отырған жер керек еді. Ал жерді босатудың амалы: халықты қаңғыртып жіберу болатын. Мал-мүлкін сыпырып алып, адамдарды нәрсіз қалдырған соң ел не істемек? Күнкөріс үшін аяқ жетер жерге дейін қаңғырмай ма?» деп жазады қаламгер шығарма экспозициясында.
«Қыз-Қасқыр» әңгімесін оқи отыра суреткердің өмірлік материалдарды игеруге қаншалықты күш жұмсағандығын байқауға болады. Сол өмірлік материалдардың өзіне сай мазмұндық әрі пішіндік түр-сипат алу жолындағы әрекетке суреткер қаншалықты қажыр-қайрат жұмсайды. Суреткердің сұлу қаламынан туған бұл әңгімесінің табиғаты да соншалық қарапайым бола тұра, соншалықты жұмбақ. Кей қарапайым дүниелердің ғажайып сұлулық іспеттес көрінетіні, ал бүкіл ғажайып сұлулық атаулының көбіне қарапайым көрінетіні – дәлел сұрамайтын аксиома. Әдебиетте осындай көркем құбылыстар баршылық. Қаламгердің осы әңгімесі де өзгелерімен қатар сол құбылыстардың бірегейіне жатады, әрі бірегейінен саналады. Себебі қаламгердің Адам, Қоғам, Тағдыр, Өмір тәрізді мәңгілік ұғымдарды терең түсінгені, сол төрт полюстің ортасындағы маңызды – өмір шындықтарын өзінің шеберлігі арқылы, құралдары арқылы шынайы жеткізе білуі оның талантын тағы да бір айқындай түсетін тәрізді.
Қазақ халқында ұл балаға ерекше ден қойып, дүниеге еркек кіндікті перзент әкелген әйелдің мәртебесін қашанда көтеріп отыратындығы айқын. Әңгіме желісіндегі Айсұлудың емшектегі қызын есектей бір қасқырға қиып тастап, жетегіндегі ұл баланы аман алып қалуы да осы қазақи қағидатты орындаудан туындаған әрекет тәрізді. Ұлдың ұрпақ өрбітіп, қара шаңырақтың егесі атанатындығынан болар. Айсұлу мұнда қыз баласын көпсініп те тұрған жоқ, жүрегін тілім-тілім етіп, қанын сорғалатып тұрып, жан дүниесі алай-дүлей күйінде шаранасын ажал құштыруға тастап кете барады.
«Кешіре гөр! – деп күбірледі Айсұлу, қасқыр қызды жеп жатыр екен деп ойлап. Ендігі бір түйсік: әлгі қасқыр жұдырықтай қызды бір-ақ қылғытып, артымыздан қуып жетіп, бізді жайратар ма екен деп зәре-құты қалмай зымырады.
Садақа деп тастап кеткен қыздан гөрі, оның орнына көтеріп алған ұл бала әлдеқайда салмақты екен...». Шерхан Мұртаза шығармашылығының өзіндік қыры болар – адамнан өзге табиғат жаратылыстарының тылсым жан дүниесін айнытпай бере алуында. «Қыз-Қасқыр» әңгімесінде де қасқырдың ішкі жан дүниесін ашып, бойындағы қасиеттерін, ойлауын, әрекет етуін айнытпай беріп отырады.
«Құртқа тумасынан сақ жануар. Ал енді жанына адам затынан жаратылған Қыз-қасқыр ілескелі бері бұрынғы сақтығы сақтық па, енді ешбір жанға көрінбес, тек елеске айналып кеткен мақұлық ат тәрізді... Қыз-қасқырдың бет-аузын жалап, кір қожалығын кетіріп, шырайландырып қояды. Бұл Көк Бөрі нәсілінің асыл тұқымнан екендігінің айғағы сияқты. Нәсілі таза».
Шығарма желісіндегі адамзат баласының жыртқыштардың арасына сіңіп, солар тәрізді өмір салтын кешуі, сыртқы болмысымен қатар, ішкі жай-күйінің, мінез-құлқының да өзгеруі ерекше назар аудартады.
Жалпы, шығарманың финалын жазушы суреткерге тән фантазиямен аяқтайды. Шын өмірде болған оқиға желісімен Қыз-Қасқыр туралы ешқандай хат-хабар болмайды. Бұл әңгіме шындығын бірнеше ондаған жылдардан соң ғана танымал ғалым, зерттеуші, руханият жаршысы Мекемтас Мырзахметовтің сөзінен ғана аңғарсақ, жазушы Шерхан Мұртаза әңгіменің желісін басқа арнаға бұрып, өзіндік сюжетпен көмкере отырып аяқтайды.
«Уақыт өзгерген жоқ. Ал Құртқа асырап алған қыз бала күннен-күнге, айдан-айға, жылдан-жылға өзгере береді.
Қыз асырап алған Құртқа туралы неше алуан аңыз, кейде шындыққа жақын әңгімелер ел арасында жайылып кетті.
Біреулер айтты:
– Жоқ, Құртқа ол қызды арқасына мінгізіп алып жүреді, – деді.
Енді бірде:
– Жоқ, әлгі адамның қызы үсті-басы алба-жұлба болып, тыр жалаңаш Құртқа қасқырдан қалмай ілесіп жүреді екен, – деді.
Жұрттың арасында аңыз аралас айтылып жүрген алыпқашпа әңгімелердің жаны бар еді. Көбісі шындыққа жақын...», дей келе жазушы шынайы өмірден бөлек, әңгіме желісін басқа арнаға бұрады.
Осыдан соң автор Құртқа-Қасқыр-Ана мен Қыз-Қасқыр арасындағы шынайы ана мен бала махаббатын, Құртқаның адамзат баласына деген шынайы сезімі, оған қорған болуы, жанашырлық танытып, «жыртқыштардан» қорғаштауы әсерлі суреттеледі.
Жазушының тағы бір шеберлігі сол – шығарма барысында осындай аңыз элементтерін беруі. Мәселен: «Құртқа қасқыр жатқан жерге аңшының оғы жетсе де, өзі жете алмас. Екі арада, құлама құз түбінде ақ көбігі айдаһардың жалындай жарқырап, асау өзен ағып жатыр». Немесе: «Кейбір жолы болғандары – Құртқаны алыстан, құж-құж жартастардың қуыс-қуысынан көріп қалғандары бар. Тіпті біреуі Құртқаның тау ешкіні паршалап жеп жатқанын да ап-анық көріпті. Қасында үсті-басын жүн басқан, күнге күйген адам бар екенін байқапты. Шамада сегіз-тоғыз жасар шамасы шығар. Тау ешкінің бір сирағын жұлып алып, бұралақтап жеп жатқанын да аңғарса керек».
Шерхан Мұртазаның новелла әңгімелерінің қай-қайсысы болмасын ағылшын жазушысы, әңгіме жанрының классигі Сомерсет Моэмның айтқанындай оқырмандарды «таңғалдыратын» дүниелер. Осыған орай, Шерхан туындыларының көркемдік-философиялық құдіретін кейде түсіндіріп, талдап жатудың өзі артық сияқты. «Шерхан шығармаларын тек өзің оқып шығуың керек. Тек сонда ғана көркемдік құдіретке еріксіз табынасың, еріксіз бас иесің, еріксіз құрметтей түсесің. Көбінесе, бас-аяғы 5-10 беттен аспайтын бұл шедеврлерді оқтын-оқтын қайталап оқып тұрғанға не жетсін!..», дейді Сайлаубек Жұмабек.
Шығармадағы кейіпкер мен оқиға нағыз өмірден алынғанда да, олар қаламгердің өмірлік тәжірибесімен, бұрынғы көрген – көргендерімен ұштасып, оның қиялында туған сезім – әсерлерімен сабақтасады.
«Қыз-Қасқыр» шығармасының символикалық негізгі кейіпкері, танымал тұлға М.Мырзахметұлы деп саналады. Жалпы, Шерхан Мұртазаның көптеген шығармаларында прототип кездеседі. Мәселен, «Қызыл жебе», «Ай мен Айша», т.б. Олай болса, біз талдап отырған шығармадағы Ерзаттың прототипі – Мекемтас Мырзахметұлы.
Әкесі Мырзахмет 1933 жылы дүниеден өткен. Ашаршылық жылдары анасы сегіз айлық қызы мен төрт жарым жасар Мекемтасты алып, басқа ауылға қарай жолға шыққан. Тау мен тастың арасынан өтіп, ауылға жақындаған тұста қасқырларға тап болып, анасы шарасыздықтан қызын қасқырларға қалдырып, ұлын аман алып қалған.
Осындай ғалымның естеліктерін, сол замандағы ана мен баланы зар қақсатқан тарихи шындықты негізге ала отырып, заңғар жазушы Шерхан Мұртаза «Қыз-Қасқыр» әңгімесін өмірге әкеледі.
Расында да, ұл бала – қазақта шаңырақ иесі, ер-азамат – ата-ананың отын тұтатушы болып саналады.
Шығыстың басқа ұлт өкілдерінің отбасындағы сияқты қазақта дүниеге ұл келсе, ұрпағымыздың жалғасы, шаңырақ иесі туды деп ұлан-асыр той жасап, ат шаптыру күні бүгінге дейін сақталған. Дүниеге ұл әкелу әсіресе әке үшін зор бақыт, үлкен мақтаныш. Қазақта бір кісі қайтыс болса, «артында қалған баласы бар ма еді» деген сауалы болады. Бар деген жауап естісе, «орнында бар оңалар» деп бата береді.
Айсұлу қызды тастап, аяғы шыға бастаған ұлын ала қашқан соң қасқыр мен «тастанды» қыздың ара қатынасы да ерекше әсерлі етіп беріледі.
«Жаялық жазылып кеткенде денесі тоңазыған қыз бала, қасқырдың жылы бауырына сұғына берген. Сөйтіп жатып Құртқаның емшегіне ерні тиіп кетеді. Ақыл-есі жеткеннен емес, соқыр сезім, қу тіршіліктің өзі бейімдегендей, әлде Құртқаның өзі икемдеген шығар аузына сүт ағыла бастады. Енді құныққан құлқын қойсын ба, солқылдата сорып еме бастады...
Бұған Құртқа масаттанып, тіпті қытығы келгендей ыңырсыды. Бұл, сірә, қасқыр затының масаттанып күлгені ма екен?»
Шерхан Мұртазаның «Қыз-Қасқыр» әңгімесіндегі ерекшелік те сол – ол адам ұрпағын өзінің отбасы етіп, қорғап-қорғаштауында. Түз тағысын басқа бір қырынан, ерекше етіп көрсетуі – жазушы шығармашылығындағы бір сонылық деуге болады.
Түркі халықтарының наным-сенімінде, жалпы генофондында қасқырдың өзге хайуандардан дара, олардың ешқайсысына ұқсамайтын қасиеттері көп. Әңгімедегі Құртқа қасқырдың «ана инстинкті» бірден байқалған болатын. Нәрестені алғаш емізгенде еміренгеннен сүт шығып, Қыз-Қасқырға деген махаббаты бірден ашылады.
Әңгімені жазу барысында Шерхан Мұртаза қасқыр аңының өзге жануарларға ұқсамайтын тектілігін де көрсеткісі келген болар. Дана халқымыздың қасқырға байланысты айтқан нақыл сөздері мен киесін білдіретін ұғым-түсініктері өте көп. Солардың бір-екеуін атап кетуді де жөн санадым. Мәселен, «Қасқырдың терісін сыпырсаң да, тектілігін сыпыра алмайсың», «Иттің иесі болғанымен, бөрінің Тəңірісі бар» деп жоғары бағалаған.
Демек әңгімені жазу барысында жазушы Шерхан Мұртаза қасқыр жануарына тек жыртқыш хайуан ретінде ғана қарап шектелмей, оның киелілігін, өзіндік ерекшеліктерін беруге барынша тырысқан. Қазақ әдебиетінде «Қасқыр-Ана» бейнесін сомдаған жазушы ретінде өзіндік қолтаңбасын да қалдыра білген.
«Қыз-Қасқыр» әңгімесі арқылы Ш.Мұртаза тек Мекемтас Мырзахметовтің өмірінен ғана емес, сол тәрізді аштықты, зобалаңды көрген тағдырлардың мысалын беріп, жазып шыққан болатын.
Әр заманның, әдебиеттің әрбір кезеңінің озық дәстүрі болады. Дәстүрді ізденуден жалықпайтын тума таланттар жасайды. Дәстүрді кезеңнен-кезеңге түрлендіріп, жандандырып жеткізетін де – солар. Осы тұрғыдан алғанда Шерхан прозасы – рухани-танымдық сипаты терең рухани асыл мұраларымыздың бірі.
Жазушының іргелі ізденістері әлі де зерттеу нысанында қала бермек. Ал оны зерттеу – болашақтың ісі
болмақ.
Айнұр КЕМБАЕВА,
Халықаралық Тараз инновациялық
институтының «Шерхантану және
рухани жаңғыру» ғылыми-зерттеу
орталығының директоры
Келесі мақала