Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ҚАЗАҚ АВТОНОМИЯЛЫҚ ҮКІМЕТІН БАСҚАРҒАН С.АРҒЫНШИЕВ: Әулиеата қаласына қалай, қашан келген?

ҚАЗАҚ АВТОНОМИЯЛЫҚ ҮКІМЕТІН БАСҚАРҒАН С.АРҒЫНШИЕВ: Әулиеата қаласына қалай, қашан келген?
ашық дереккөз
ҚАЗАҚ АВТОНОМИЯЛЫҚ ҮКІМЕТІН БАСҚАРҒАН С.АРҒЫНШИЕВ: Әулиеата қаласына қалай, қашан келген?
Облыс тарихына қатысты архив қорларындағы қасқалдақтың қанындай қажетке жарайтын материалдарды іздестіріп жүргенде сонау ел басына қаралы күн туатын қарсаңда, 1931 жылы машинкамен басылған екі беттік аса құнды құжат көзге түсті. Онда Әулиеата жылқы техникумы ұстаздары мен еңбек ұжымы мүшелерінің жалпы тізімі берілген. Сол тізімнің ең басында Сақыпкерей Арғыншиевтің есімі тұр. Оның тегінің тұсында: «1887 жылы туылған, мамандығы фельдшер-дәрігер, техникум директоры міндетін қоса атқарушы» деп тайға таңба басылғандай анық көрсетілген. Осынау қысқа анықтамаға қарағанда С.Арғыншиев уезд орталығы мәртебесінен айырылған шағын қаладағы денсаулық сақтау мекемесінде жетекшілік қызмет атқарған. Жаңадан шаңырақ көтерген оқу орнына басшылық жасау міндеті қоса тапсырылса керек. «Арғыншиев!!!» жүрекке жылы, құлаққа таныс есім бірден елең еткізді. «Тоқта! Тоқта!» әлгі атты бұрын естіген тәріздімін. Жадыда еміс-еміс сақталған тарихи тұлғалардың есімі көз алдынан өтіп жатты... Кешегі кеңестік заманда Қазақстанды қармағында ұстаған Мәскеу ел басқару тізгінін жергілікті қазақ кадрларына бермей келгені белгілі. Осындай сенбестік көзқарас салдарынан Үкіметті Орталықтың таңдаған басқа ұлт өкілдері басқарды. Ал алғаш автономиялы өлке, кейін Одақтас республика атанған Қазақстандағы партия басшылығына ширек ғасыр бойы қазақтарды жуытпай қойғаны бөлек әңгіме. Сонау өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының басында Үкімет басқару лауазымына кездейсоқ қол жеткізген азамат әлгінде сөз еткен Сақыпкерей Арғыншиев. Бізді сондай жоғары лауазым атқарған азаматтың Қазақстанның бұрынғы уезд орталығы санатынан ажыраған аудандық дәрежедегі қаласына қалай келген деген сұрақ мазалады. Тарихи әдебиеттер мен интернеттегі әлеуметтік желі көмегіне жүгіну барысында Сақыпкерей Арғыншиев жайлы қызықты деректердің шеті қылтиып шықты. Мен онда айтылғандарды ой елегінен өткізе келе, өзімше топшылап, пайымдауға тырыстым. С.Арғыншиев Орал өңіріндегі бұрынғы Қараоба (қазіргі Ақтерек ауданы) болысының тумасы. Әкесінің аты Жарма. Өмірбаянында шыққан тегі кедей деп жазылғанымен Жарма шын мәнінде қаражаяу кісі болмаған тәрізді. Автографтар Кеңес заманында қалыптасқан үрдіс бойынша кейіпкерін кедей табынан шыққан деген емеурін танытады. Ал шын мәніне келгенде Арғыншадан өрбіген ұрпақ Қараоба атырабына атақ-даңқымен қоса байлығымен де танылған баршаға танымал әулет. Мәселен, Сақыпкерейдің немере ағасы Жайтілеу төңкеріске дейін Қараоба болысының правительдігіне сайланған. Тағы бір немере ағасы Ермұхамед 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен соң іле-шала Жайық сырты бөлігі азаматтық комитетінің мүшелігіне өтіп, артынша Орал облыстық қазақ газетін шығаруға атсалысқан азамат. Осындай бақуатты әулеттен шыққан Сақыпкерейдің жоқшылық көрмей өскені анық. Алғаш болыстық орыс-қазақ мектебінен білім алған бала 1904 жылы Орал қолөнер мектебін тәмамдайды. Туған-туысқандарының уезд басшылығымен сыйластығы мен тікелей ықпалы арқасында Воронеждегі ер балаларға арналған фельдшерлік мектепке түскен. Жай түсіп қоймай – Орал облыстық денсаулық сақтау бөлімінің арнайы степендиясын қанжығасына байлай барады. Ешкім бетінен қақпай, қаржыдан тапшылық көрмей тел өскен жеткіншек жаңа ортаға тез үйренісіп кетеді. Қазақтың «Аузы қисық болса да бай баласы сөйлесін» деген қағидасы орыстар ортасында да жат болмай шықты. Алғыр мінезді, бойына күш-қайраты тасыған бозбала өзімен бірге оқитын орыс балаларын бірден үйіріп алды. Соның арқасында жат жерде еш теперіш көрмей, жаңа ортаға судай сіңеді. Мектепте оқитын балалардың барлығы дерлік жергілікті помещиктер мен сауда төңірегіндегі қалталы топтан шыққандар. Бай мен бағланның балалары өркөкірек, оқыған, өзгелермен иық тірестіруге бейім. Губерниялық қалада өмір сүрсе де ішкі Ресейдің еркін ойлы идеяларын бойларына сіңірген қоғамның бетке шығарлары. Оқыған жастар арасында түрлі идеялар мен ағымдар кең тараған. Өздерін социалист-революционерлер қатарына жатқызған бір топ мектеп оқушылары лаңкестік ұйымға топтасады. Жасырын бас қосқан жастар «Халықты қанап отырған жергілікті патша чиновниктері, солардың көзін құртса жағдай түзеледі» деген ұшқары пікірді ұстанады. Жасырын топ Воронеж губернаторы Бибиковке қастандық жасау арқылы өз идеяларын жүзеге асырмақ ниетіне кіріседі. Алайда көп ұзамай астыртын ұйымның әрекеті әшкере болып қалады. Тұрғыластары арасында беделге ие Сақыпкерей жеке өз басын құтқарып, табанын жалтыратпастан бірге оқитын бірнеше орыс достарын қасына ертіп, өзі өскен жерді бетке алады. Інісінің жасап жүрген шектен тыс басбұзарлық әрекетінен шошыған немере ағасы Ермұхамед уезд бастығының көмекшісі Каймашниковке болған жайды баяндайды. Ол өз әрекетін ерлікке балап жүрген інісін есірік әрекеттен бас тартқыза алмайды. Ойға алған ниетінен қайту жөнінде айтқан ақыл-кеңестеріне құлақ аспаған соң бауырын ұстап беруге бел буады. Бір жағынан тентекті ертерек құқық орындарына тапсырмаса қылмыстыны жасырғаны үшін жазаға тартылатынын, өзінің бар жиған атақ-абыройларынан ажырап қалатынын түсінді. Әрине, «жас» дегенмен істеп жүрген әрекеттері өте қауіпті. Осы жайларды жан-жақты сараптаған Қазан округтік әскери-далалық соты 1907 жылы Сақыпкерей Арғыншиевті алты жылға каторгалық жұмысқа жегу жөнінде үкім шығарады. 1913 жылы шартты мерзімін өтеп шыққан жігітті сот Иркутск губерниясы, Верхоянск уезіне өмір бойы жер аудару жазасына кеседі. Жаңадан құлпырып келе жатқан жас тағдырдың тамырына осылайша балта шабылды. Бұған ешкімнің кінәсі жоқ, бар айып өзінде. Верхоянск Сібірдегі қысы қатты, табиғаты қатал өңір. Мұнда ақпан мен қаңтардағы аяз 60 градусқа дейін жетеді. Сол жақта жүріп жергілікті бурят қызына үйленгені жігіттің жанын сақтап қалды. Қыз әкесі осал адам емес. Жергілікті халықтан шыққан дәулетті, аздаған білімі бар, орыс әкімшілігі алдында беделді жан. Анау-мынау емес «Зингер» фирмасының Туруханск өлкесіндегі өкілі. Арада төрт жыл өткенде Ресей астанасы Петерборда Ақпан төңкерісі орын алды. Патша тақтан тайдырылып, билік Уақытша үкіметтің қолына өтті. Сібірге жер аударылған барлық саяси қылмыскерлер бастарына бостандық алып, бөріктерін аспанға атты. Енді «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ». Патша заманы келмеске кеткен соң орда бұзар отыз жастағы жігіт қасына әйелін ертіп, туған жерге оралды. Сақыпкерей елге келген бетте Жайық өңіріндегі революциялық қозғалысқа қызу араласты. Алғашында эсерлер партиясы мен меньшевиктердің бірлескен блогы құрған Орал облыстық Уақытша комитет құрамына енеді. Іле-шала Орал уездік жер комитеті төрағасының орынбасарлығына сайланады. Ал 1918 жылдың наурыз айында Бақытжан Қаратаев пен Әбдірахман Әйтиевтің ықпалымен большевиктер жағына өтеді. Сол айда өткен облыстық солдат, жұмысшы, шаруа және қазақ депутаттары Кеңесінің құрылтайында облыстық Совдеп атқару комитетінің мүшелігіне өтеді. Көп ұзамай 29 наурызға қараған түні Казак Войскасы бүлік жасап, билік ақтардың қолына өтті. Сақыпкерей өзінің бір топ жақтастарымен бірге бой тасалап, баяғы фельдшерлік мектепте оқып жүргендегі жағдай қайталанады. Ол із жасыру үшін Жымпиты түбіндегі ағайындарына барады. Келесі жылдың басында Орал қаласы казактардан босатылып, жеңіс қызылдар жағына өтті. Қолдарына билік қайта тиісімен Сақыпкерей өзі өскен Қараобада жасақ құрып, шегініп бара жатқан казак әскерлерін қарусыздандыруға қатысады. Содан кейін Оралға келіп ревкомның ұлт істері жөніндегі бөлім меңгерушісінің орынбасары, кейінірек ұлт істері коллегиясы ұйымдастыру-үгіт бөліміне жетекшілік етті. Коммунизм идеясына мықтап берілген С.Арғыншиев 1919 жылы ақпанда Б.Қаратаев, Ә.Әйтиев, М.Ипмағамбетовтермен бірге өз жерлестерін Кеңес өкіметі жағына шақырған үндеухат таратады. Жазға қарай Орал ревкомының барлау-агентура бөлімін басқарып, қаланы ақтардан қорғауға қатысады. 13 шілдеде Жайық сырты бөлігінде Кеңес органдарын ұйымдастыру, ақ гвардия отрядтарын жою ісімен айналысады. Сол жылғы қыркүйекте Бөкей ордасына жіберіліп, ондағы Кеңес құрылысы барысын тексереді. 1920 жылдың басында Қазақ әскери-революциялық комитетінің мүшелігіне өтеді. Маусым айының басында Орынбор-Торғай губерниялық ревкомының құрамына РК(б) П облыстық бюросы атынан кірді. 1920 жылы 8 шілдеде РК(б)П облыстық бюросының шешімімен Қазревком төрағасы Пестковскийдің орынбасарлығына тағайындалады. Артынша С.С.Пестковскийдің қызметі Мәскеуге ауысуына байланысты Сақыпкерей Арғыншиев Қазәсревком төрағасы міндетін атқаруға кірісті. Сөйтіп 33 жастағы С.Арғыншиев Қазақстан Республикасы тарихында қазақ ұлтынан шыққан алғашқы Үкімет басшысы ретінде тарихта қалды. І Бүкілқазақ кеңестері құрылтайы қарсаңында құрамында Ә.Жангелдин, С.Меңдешов, Ә.Бөкейханов, Ә.Ермеков бар қазақ делегаттарының басын қосып, коммунистер мен партияда жоқтар фракциясының саяси көзқарасын талқылады. Қазақтың ұлттық, тұрмыстық, шаруашылық ерекшеліктері съезд шешімдерінде ескерілуі үшін бірлесіп дауыс беру жөнінде келісімге келді. Осы съезде С.Арғыншиев алғаш рет Қазақ үкіметі атынан есепті баяндама жасады. Ол ҚАКСР ОАК мүшелігіне сайланды. 1920 жылғы 8 қыркүйектен бастап ҚАКСР Халық шаруашылығы комиссариаты денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі, қазан айында Әлеуметтік қамсыздандыру халық комиссары қызметіне тағайындалды. С.Арғыншиев 1921 жылғы қазан айында өткен ІІ Бүкілқазақ Кеңестерінің съезінде ҚАКСР Жоғарғы революциялық трибуналының төрағасы болып сайланады. 1921-1922 жылдардағы ашаршылық кезінде Т.Жүргеновтің басшылығымен ЦИК өкілдері Ә.Жангелдин, С.Арғыншиев, Тимошенко, Арынғазиев және тағы басқаларымен бірге халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуге араласты. Келер жылдың қазан айында болған ІІІ Өлкелік Кеңестер съезінде қызметінен босатылып, РК(б)П облыстық бюросы жанындағы Бақылау комиссиясының ұсынуымен Гурьев уезінде саяси жұмыс жүргізу үшін Орал губкомының қарамағына жіберіледі. 1923 жылы ауылында болып, 1924 жылдан бастап ҚАКСР Жоғарғы трибуналының төрағасы болып қайта тағайындалды. 1925 жылы Голощекиннің Қазақ өлкелік партия ұйымын басқаруға келуі ұлттық кадрларды сеңдей соғылыстырды. Өзге қазақ зиялылары сияқты Сақыпкерей Арғыншиев те қызметінен төмендетіліп,қысымға ұшырады. 1927-1929 жылдарда Бүкілодақтық «Жүн одағы» акционерлік қоғамы Қазақ өлкелік Кеңсесі басқарушысының орынбасары болып істейді. Міне, осы тұста оның кейбір биографтары біршама ағаттықтарға жол береді. Википедиядағы жарияланымда С.Арғыншиев 1927-1937 жылдары Алматы зоотехникалық институтының ректоры, Шымкент түйе шаруашылығы зауытының директоры болды деген деректер келтірген. Кейінгі қызметіне таласым жоқ. Ал «1927 жылы Алматы зоотехникалық институтына ректор болды» дегені шындыққа жанаспайды. Біріншіден, аталмыш оқу орны 1929 жылы құрылды. Екіншіден, ол алғашында зооветеринарлық емес ветеринарлық институт ретінде шаңырақ көтерген. Үшіншіден, оның тұңғыш директоры И.В.Сайкович білім ордасын 1929-1930 жылдарда басқарған. Бұдан кейінгі институт басшылары Л.М.Атаянц пен М.Т.Юнусовтың әрқайсысы орынтақта екі жылдан отырған. Осы кезеңде С.Арғыншиевтің аталмыш оқу орнын басқаруы мүмкін емес. Мұны биліктің қырына іліккен адамның сәл де болса лауазымын көтеріп көрсету үшін тарихты жазушылардың ойдан шығарған шамалы қулығы деуге келеді. Википедия авторларын түсінуге болады. Заманында дәуірлеген тұлғаны лайықты жұмыс бермей сенделтіп қойған кеңестік дәуірдің ащы шындығын аз да болса көлегейлеп, бірден шыңырауға түсірмей тым болмаса кейінгі ұрпақ алдында қызметтік лауазымын сәл де болса көтермелеп көрсетуге тырысқан. Биліктің қаһарына іліккен Сақыпкерей жиырмасыншы жылдардың аяғы мен отызыншы жылдардың бас шенінде уездік мәртебеден ажырап, бар-жоғы аудан орталығы дәрежесіне дейін құлдилаған Әулиеата қаласына тап болады. Қаладағы шағын медицина мекемесінің бірінде басшылық лауазым атқарған сияқты. Ол кезде қаладағы денсаулық мекемелері саусақпен санарлық әрі дәрігерлер тапшы. Басқа қызметтерін былай қойғанда жиырмасыншы жылдардың бас шенінде республикалық Халық шаруашылығы комиссариатының денсаулық саласына жетекшілік еткен білгір басшы Әулиеатадағы емдеу орындарының жұмысын түзеуге мықтап кіріседі. Оның іскерлік қабілетін күнделікті көріп-біліп отырған жергілікті партия және Кеңес органдары 1930 жылы Әулиеатаға Шымкенттен көшіп келген ауыл шаруашылығы техникумын аяғына тұрғызып, жұмысын жандандыру үшін оның директорлық қызметін қоса атқаруды С.Арғыншиевке жүктейді. Іскер басшы материалдық және оқу базасы жоқ білім ордасын қала сыртына орналасқан Әулиеата жылқы зауытының шаңырағы астына орналастырады. Техникумды республикалық бюджет есебінен қаржыландыру үшін бар күш-жігерін жұмсайды. Осы тұста саланың қыр-сырын жете білетін басшының арқасында Әулиеата қаласындағы денсаулық жайы біршама жақсарды. Емдеу мекемелері Ташкент пен Алматыдағы медициналық оқу орындарын бітірген жас дәрігерлермен толықтырылды. Осымен бір мезгілде Әулиеата орта арнаулы білім ошағының жұмысы жандана бастады. Оның ресми атауы Өлкелік ветзоотехникум деп аталды. Онда алпысқа жуық адамның аты-жөні тізілген. Оның тең жартысы оқытушылар мен зертхана қызметкерлері. Бұл кезде техникумда 12 жоғары білімді және аяқталмаған жоғары білімі бар 5 ұстаз еңбек еткен. Солардың қатарында В.Степанов, Ф.Томан, В.Доброходов, Асланбек Дзахоев, С.Ведоров, В.Харитонов, А.Прохожев, П.Косивцев, Д.Максимов, Н.Щербак, С.Ларин, Ф.Слисаренко, В.Редкин ұстаздық жасады. Олардың арасында аяқталмаған жоғары білімді жалғыз қандасымыз, мамандығы педагог Халмұрат Сартбаев бар. Сол сияқты арнаулы орта білімді ұстаздар татар ұлтының өкілдері Бекматов пен Шафкир Утеуов сабақ берген. Сол сияқты үй сыпырушы Бодаубекова мен атшы Шүкірбай Нұрханов сияқты қазақтар жұмыс істеген. Голощекиннің қырына іліккен Сақыпкерейді республика басшылығында отырған жауапты қызметкерлер Әулиеатаға да тұрақтатпай жел айдаған қаңбақтай бір орында отырғызбады. Қызметін жиі-жиі ауыстырады. Википедия деректерінде ол кісі 1933 жылы «Іле» қой совхозының директорлығына тағайындалады. Біздің кейіпкеріміз сол жылы ізін суытпастан Шымкенттегі түйе өсіру ғылыми-зерттеу орталығын басқаруға жіберілген. Билік 1935 жылы С.Арғыншиевті Алматыдан шалғайдағы Ақтөбе өңіріне сырғытып салады. Әлеуметтік желіге іліккен ақпарат көзіне қарағанда Сақыпкерей Арғыншиев 1937 жылғы 14 тамызда Жұрын мал шаруашылығы тәжірибе стансасының директоры қызметіне тағайындалған. Қолда бар дерек көздерінде Жұрын ауданында бұған қоса №52 жылқы зауыты жұмыс істеген. Сол себепті саяси тұлға биографтары ара-тұра кейіпкеріміздің жылқы зауыты мен тәжірибе стансасының қайсысында қызмет істегенін анықтай алмай шатыстырып алады. Дұрысы С.Арғыншиев тәжірибе стансасында қызметте жүргенде тұтқындалып, КСРО Жоғарғы соты Әскери коллегиясы үштігінің қаулысымен 1938 жылы 15 ақпанда Ақтөбе қаласында атылады. Әлгі дерек көзі бойынша сүйегі Ақтөбе қаласынан 25 шақырым жердегі Түйетөбеге қойылған. Сақыпкерейдің Верхоянскіде айдауда жүргенде үйленген бурят әйелімен (қазақша аты Мағрифа) дәм-тұзы жараспады ма, әлде басқа бір себеп болды ма екеуі ажырасып, екінші рет татар бойжеткені Бибіғайшаға қосылады. Соңғы некеден бала болмаған.Алғаш бас қосқан жарынан Қазбек есімді ұл туған. Ал оның аман-есендігі, одан ұрпақ тараған-тарамағаны жайлы мәлімет жоқ. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарында Әулиеатаның қасиетті жерін басып, осы елдің тұз-дәмін татқан, алған білімі мен жинаған өмірлік мол тәжірибесінің арқасында екі бірдей мекеменің тізгінін қатар ұстаған азамат жайлы жинаған дерек көздері осы. Өңіріміздің денсаулық саласын аяғынан тік тұрғызуға, ауыл шаруашылық кадрларын даярлауға елеулі еңбегі сіңген Сақыпкерей Арғыншиев жайлы жас ұрпақтың жадына жеткізуді жөн көрдік.

Қамбар-Бек ҚОЙШЫБАЙҰЛЫ, журналист

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар