Біліктілікті арттыру түсінігін «жаңа мамандық пен біліктілік алмай-ақ, кәсібилік пен құзыреттілікті арттыру, жаңа функционалдық міндеттерді меңгеру мақсатында қосымша білім беру бағдарламалары бойынша оқыту» деп анықтауға болады. Педагогтар үшін біліктілікті арттыру – бұл бұрыннан қалыптасқан кәсіби қызметті қайта құрылымдау, өз тәжірибесін басқа нақты адамдардың тәжірибесімен немесе жалпылама әлеуметтік тәжірибемен біріктіру. Осындай тақырыпта Шу ауданының білім бөліміне қарасты өнер мектебінде «Жаңартылған білім беру мазмұны жағдайында қосымша білім беру педагогтарының кәсіби шеберліктерін дамыту» тақырыбында аудандық семинар-практикум өтті.
Іс-шараның мақсаты – жаңартылған білім беру бойынша қосымша білім беру педагогтарына кәсіби әдістемелік қолдау көрсету арқылы тәжірибесін жетілдіру, кәсіби шеберлігін шыңдау, шығармашылық қабілеттерін дамыту. Семинарға Шу аудандық білім бөлімінің әдіскерлері Ләйла Бегімбаева мен Айғаным Асқарбек қатысты. Жиын аясында «Жаңартылған білім беру мазмұнында педагогтың кәсіби құзыреттілігін жетілдіру» тақырыбында баяндама оқылып, «Әшекей бұйым» тақырыбында ашық сабақ өткізілді.
Сонымен қатар шеберлік сыныбы, Жамбыл Жабаевқа арналған ашық сабақ, «Натюрморт жанрының түрлері» тақырыбында тренинг ұйымдастырылды. Семинар-практикумға аудандық білім мекемелерінен барлығы 20 мұғалім қатысып, тәжірибе алмасты. Іс-шара концерттік бағдарламаға ұласты. Жиын соңында барлық қатысушыларға сертификат берілді.
Жұмахан ЧЕКАЕВ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі, Шу ауданы