Университеттің филология және гуманитарлық ғылымдар факультетінің, «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының ұйымдастыруымен өткен конференцияға Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ғалымдары, алыс-жақын шетелдік ғалымдар мен ғылыми қызметкерлер, оқытушылар, жас ғалымдар және мектеп мұғалімдері қатысты.
Жиынды Басқарма төрағасы – ректор Мұхтар Байжұманов құттықтау сөзбен ашып, конференция тақырыбының өзектілігіне, маңыздылығына тоқталды. Мұхтар Қазбекұлы заман ағымына сай білім саласы күннен-күнге қарыштап дамып жатқанын тілге тиек етті. Жаңашылдықтан қол үзіп қалуға болмайтынын, ізденіс пен талпыныстың арқасында алға ұмтылу керегін айтқан ректор ғылымды игеру арқылы бәсекеге қабілетті болатынымызды жеткізді. Сондай-ақ қосдипломды білім беру, шетелдік оқу орындарымен әріптестік қатынас, Д.И.Менделеев атындағы РХТУ өкілдігінің ашылуы сынды табысты бастамаларға тоқталды. Облыс әкімі аппаратының жетекшісі Лесбек Ілебаев «Толық адам ілімі» залының ашылуымен құттықтап, конференция тақырыбына орай өз ойын білдірді.
Бүгінгі таңда білімді жастарға үлкен қолдау барын айтып, креативті ойлайтын, батыл әрекет ететін жастардың көп болғаны жетістікке жетелейтінін жеткізді. Сондай-ақ жақсы өзгерісті қаласақ, әр адам өзінен бастау керегін де еске сала отырып, жастарды тынбай еңбектенуге шақырды. «АМАNАT» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Дауыл Бейсенқұлов жиынның мән-маңызына тоқталып, білім мен рухани құндылықтың қабысып, байланысып жатқанын айтты. Озық елдердің қатарынан орын алу тынымсыз еңбекті қажет ететінін жеткізді. Халықаралық конференция ғалымдардың, ұстаздардың баяндамасымен жалғасын тапты. Назарбаев университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Жазира Ағабекова «Гуманитарлық білім берудің заманауи бағыттары» тақырыбындағы баяндамасында пәнаралық интеграция, жаһандық перспективалар мен келісімдер, сыни тұрғыдан ойлау және проблемаларды шешу мәселелеріне жеке тоқталып, анықтамасын берді. Өзбекстан елінен келген ғалым, PhD докторы Әдебиет, өнер, мәдениет және әлеуметтік ғылымдар халықаралық академиясының академигі Жармухаммет Мадалиев «Өзбек және қазақ әдеби байланыстары» тақырыбында ой өрбітті.
Қазақ және өзбек халқының тамырлас ел екенін толғана жеткізіп, қос елдің әдебиет өкілдерінен мысалдар келтіріп, туындыларын оқыды. Алдағы уақытта бауырлас елдер арасындағы байланыс нығая беретініне сенім білдірді. Корея елінің ғалымы Ли Сан Су Корея елінің мәдениеті жайлы мол мағлұмат берді. Сонымен қатар Дулати университеті, «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынай Әбдықадірова «Қазіргі білім берудегі негізгі мәселелер: жаңаша көзқарас және парадигмалар» тақырыбында баяндама жасап, қазіргі таңдағы ғылым методологиясындағы негізгі ұғымдардың бірі – «парадигма» сөзіне тоқталып, мағынасын ашып берді.
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ филиалы Астана қаласындағы Халықаралық мектептің бастауыш сынып бағдарламалары бойынша координаторы Мирас Үйсінбаев «Концептуалды оқытудың артықшылықтары» тақырыбында презентация жасады. Ұстаз дәстүрлі білім беру жүйесі мен концептуалды оқытуды салыстыра отырып, жаңа жүйенің озық тұстарын мысалдар арқылы келтірді. Оқушы тақырыпты түсініп, мұғалімге қайта айтып беру бүгінгі таңда аздық ететінін атап өткен жаңашыл ұстаз тақырыпты тереңнен түйсініп, себеп-салдарын ұғынып, салыстыра отырып, өз көзқарасын білдіруге дағдылану керегін жеткізді.
Халықаралық конференцияға еліміздің жоғары оқу орындарымен қатар, Түркия елінен де ғалымдар онлайн қатысты. Сонымен қатар мектеп ұстаздары да түрлі тақырыпта онлайн, офлайн форматта баяндама жасады. Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция «Тіл және әдебиет», «Білім беру әдістері мен технологиялары», «Тарих және география», «Мәдениет» секциялары бойынша пленарлық отырыспен жалғасын тапты.
Айжан Өзбекова