Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Дубайда кәсіп ашқан қазақтар

Дубайда кәсіп ашқан қазақтар
Ашық дереккөз
Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы алыс-беріс бағзы заманнан берік. Түйе мен сәйгүлік, қыран құс, матасын саудалап, ежелден сауда-саттық пен бизнес екі ел арасында ерекше дамыған. 2023 жылы Қазақстан мен БАӘ арасындағы тауар айналымы 632 миллион АҚШ долларына жетіпті. Салықсыз режим, экономикалық байланыс пен өнім өндіруде қолынан іс келетін азаматтарға жағдай жасау отандық кәсіпкерлердің ол жақта еркін бизнеспен айналысуына қолайлы жағдай туғызып отыр.

 Біз бұған Біріккен Араб Әмірлігіне сапарлап барғанда көз жеткіздік. Бүгінде шетел асып, кәсіп ашып жатқан қазақтар жетерлік. Дубайдағы сапарымызда осындай жандарды көптеп кезіктірдік. Еңбекақысы мол, жақсы жұмыс, жайлы орын іздеп, тау мен мұхит асып кетіп жатқан қазақстандықтар өзге елдің шекарасын аттағанда тек жалданып, қара жұмыс істеп жатқан жоқ. Олар тәжірибе жинақтап алып, өз кәсіптерін ашуда. Сондай жандардың бірі – ерлі-зайыпты кәсіпкерлер Жарқын Әбділда мен Мунира Абдуали. Алғашқыда біреуге жалданып жұмыс істеген олар артынша өз істерін қолға алған. Екеуі Дубайдың төрінен «Assalam» лағман мейрамханасын ашқан.

Былтыр Дубайда қазақ кәсіпкерлерінің қауымдастығы құрылыпты. «KIT Dubai» бизнес қауымдастығы деп аталады. Ұйым осында кәсіп ашқан жандарға қолдау көрсетеді. Олар осы ұйымға және «Telegram»-дағы «Дубайдағы қазақтар» тобына қосылған. Екеуі 6 бала тәрбиелеуде. Қосымша фаст-фуд өнімдері мен «Dubai Qazaq Trаvel» компаниясын ашқан. Бұл арқылы БАӘ-ге қыдырып келген қазақстандықтарды көлікпен тасымалдап, қыдыртады.

– Арман – адам көкейіндегі ізгі ниет, болашақтан күтер үміт, алға қойған мақсат. Ата-бабамыз «Армансыз адам –қанатсыз құс» деп бекерге айтпапты. Арман әр адамның қиялы мен қалауынан туады. Адамды ынталандырады. Біз жұбайым екеуміз армандадық. Құр жатпай қимылдадық, іс-әрекет жасадық. Мақсат айқын болса, армандар орындалады. Ұлы Абай: «Еңбек жоқ, харекет жоқ қазақ кедей, Тамақ аңдып, қайтеді тентіремей.

Жалға жүр, жат жерге кет, мал тауып кел, Малың болса, сыйламай тұра алмас ел. Қаруыңның барында қайрат қылмай, Қаңғып өткен өмірдің бәрі де жел», – деу арқылы ұрпақты ешбір жұмысты арланбай істеуге, тіпті жалданып мал табуға, қажет болса, бөтен елге, басқа жаққа барып нәпақа табуға шақырады. Дәулет жинап, бай болу – жаман нәрсе емес. Тек қара басыңды ғана емес, өзгелерге де жұмыс беріп, басқаны да ойлай білу керек.

Біздің кәсіп ашқанымызға 17 жылдан асты. Алла Тағала адамға байлықты жеке басы байысын деп емес, жер бетін көркейтсін, жақсылық пен қайырымдылық жасасын деп береді. Осы алғышарттарды жасап отырмыз деп білемін, – дейді М.Абдуали. Расында, Дубай сапарында жұмысты еш арланбай істеп жүрген қазақтарды көп көрдік. Біреуі жүргізуші болып көлік тізгіндесе, енді бірі сауда жасап, кейбірі қонақ үйде қызмет етіп жүр. Есесіне айлығы жоғары. Несиесін төлеп, бала-шағасын бағып отыр. Такси тізгіндеген Сымбат Бекжігіт есімді қыз Мунира мен Жарқынның компаниясында қызмет етеді. Ол Қазақстаннан қыдырып келген қандастарды ел аралатып, көлігімен қыдыртады. Мұнда келгеніне бір жарым жылдан асыпты. Ол: «Тапқан табысым молынан жетеді», – дейді. Ал темір тұлпарды тізгіндегеніне 7 жылдай уақыт болыпты.

– Дубайда жол-көлік қақтығысы деген мүлде болмайды. Елде тәртіп пен тыныштық бар. Мұнда айыппұл төлеу өте қымбат. Мұндағы жұрт заңға бағынады. Ішімдік сатылмайды. Бір затыңды жоғалту, ұрлату мүмкін емес. Барлық жерде бейнебақылау қондырғылары орнатылған. Өзім көлікті жақсы әрі жайлы жүргіземін. Сондықтан адамдарды қорықпай тасымалдаймын. Жолақысын жеу, алдау, жемқорлық деген бұл жақта атымен жоқ. Табысың өзіңдікі. Тек жұмысыңды адал істеп, қызметіңді мінсіз атқарсаң болды. Осында Қазақстаннан келген қазақтың бір топ ұл-қызы бірге жұмыс істеп жатырмыз. Менің мұнда келгеніме бір жарым жыл болғанымен тапқанымды жинақтап, 5-6 айда бір Қазақстанға барып, ондағы отбасыма, нақты айтқанда, әке-шеше, бауырларыма көмектесіп тұрамын, – дейді Сымбат Бекжігіт.  width= Осы тұста біздің елден барып нан тауып жүрген қазақтарға жұмыс орнын ұсынып, қарайласып отырған Жарқын сөзге араласты. Ол өзі ашқан «Assalam» қоғамдық тамақтандыру орнында бас аспаз болып жұмыс істейді екен. Барлығына бастықпын деп шіреніп отырған жоқ. – Мен Қытайдың қазағымын. Біз жақта қазақтың тарихын, дәстүрін, тілін құрметтеп, сақтайды. Тазалыққа, имандылыққа аса ден қоямыз.

Өзім ашқан мейрамханада да бірінші қояр талабым – тазалық. Асқа адалдық. Мұнда кәсіп ашу өте тиімді. Ешкім тектен-тек келіп тексере бермейді. Ерекшелігі сол, шетелден келген кәсіпкерлерге бар жағдайды жасаған. Яғни оларда салық төлемейді. Міне, бізді осы жағы қызықтырды. Дубай – әлемдегі ең үлкен қаржы орталығы. Мұнда біз тағамның 150 түрін ұсынамыз. Лағманды Дубайға ең алғашқы болып біз әкелдік. Оған дейін арабтар италиялық паста түріндегі тағамды жеп жүрген екен. Күн сайын мейрамханадан адам үзілмейді. Қарамағымда қырық шақты қазақстандық жұмыс істейді. Одан қалса, бізде филиппиндіктер мен еуропалықтар да қызмет көрсетеді.

Жергілікті арабтар да келіп немесе асты үйлеріне алдырып ішеді. Құдайға шүкір, табысымыз жаман емес. Абай хакім «Адам бол, мал тап» деп бекерге айтпапты. Қаншама мәрте өз-өзімізге «жаңа тірлік бастаймын», «кеш жатып, ерте тұрамын», «өзгеремін» деп сөз береміз. Алайда көбіміз сол баяғы қалпымызда қала береміз. Мәшһүр Жүсіп атамыз «Білімді, зерек адам болам десең, өзіңді басқаның айнасынан қара» деп айтпап па еді?

Сондықтан өзгерістен қорықпау керек. Тәуекелшіл болу керек. Одан бөлек Қазақстанның ішкі аумағында да, сыртта да бір-бірімізге қарайласуымыз қажет. Қазақ елінен жұмыс іздеп келген бір қандасым менің қарамағымда еңбек етіп, қомақты қаржы табу арқылы отбасын қаржылық дағдарысқа ұрындырмай, мақсатына жеткізсе, бұл мен үшін үлкен бақыт, – дейді Ж.Әбділда. Дубайда бизнес ашамын деген адамға оның әр саласы бойынша сұраныс бар. Қазақстан мен БАӘ арасында салықсыз әрі визасыз режим орнаған. Әмірліктерде бизнес жүргізу үшін барынша қолайлы мүмкіндіктер жасалған. БАӘ-нің геосаяси тұрғыдан орналасуы Дубайды ірі әлемдік логистикалық хабтардың біріне айналдырды. Бұл тауарлардың экспорты мен импорты үшін де ыңғайлы аймақ. Дубай Қазақстанға жақын, сонымен қатар мұнда ислам мемлекеті, климаты жайлы және көпшілік айтқандай, жалақысы жақсы. Қайда жүрсең де өз кәсібіңді бастауға өріс кең!

Эльмира Байназарова

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар