Сол Болатбек 1991 жылы орта мектепті күміс медальмен бітіріп, үлкен өмір жолына, тал бойындағы бәйшешектей бүр жарған шығармашылық ынта-жігерін қолдап, жоғары оқу орнына түсуге арналған мінездемеде былай деп жазған екем. Онда мен сол аудандағы ең іргелі Ленин атындағы мектепте директор болып қызмет атқарып жүргенмін. «Болатбек Төлепбергенов жас кезінен сабаққа өте ынталы, өте жақсы оқиды, 7-8-кластардан бастап-ақ ол жазу өнерімен әуестеніп келеді. Көптеген мақалалары, материалдары аудандық, облыстық баспалардың беттерінде жарияланды. Болатбек соңғы жылдары республикалық баспасөз беттерінде жиі көріне бастады.Оқушы өмipi, мектеп өмірі, коғам өміріндегі жаңалықтар оның назарынан тыс қалған емес. Мектеп проблемаларына, оқушы өмірінің алуан мәселелеріне жиі назар аударады. Өзін толғандырып жүрген мәселелерге де кезінде үн қатып, бірнеше дүркін ойлы, толғақты материалдар жазды. Москваға барган сапарында ол бір топ оқушыларды Ғани Мұратбаевтың бейітінің басына апарып, тағзым етіп қайтты. Сол жолғы сапары туралы өте әсерлі материалдары республикалық, аудандық газет беттерінде жарық көрді. Болатбек көркем әдебиетке де бой ұрып жүр. Бұл жолда да жеміссіз емес. Республикалық «Ақ желкен» журналы оның «Күз көңіл» атты новелласын жариялады.
Новелла өзінің ойлылығымен, лирикалық саздылығымен окушыға әсер етеді. Сөз соңында өзім окып, білім алған ҚазМУ-дың түлегі ретінде, журналист ретінде, балалар жазушысы ретінде Болатбек Төлепбергеновтің болашағы мол, үлкен үмiт күттірер қаламгер болатындығына ceнiмдiмiн». Бұл кепілдеменің соңында «Пернебай Дүйсенбин, КСРО Жазушылар одағының мүшесі, Балаларға және жастарға арналған республикалық конкурстың 4 дүркін жүлдегері. Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, 28.06.1991» деп қол қойылған екен. Мінездеме түсінікті, ал қосымша кепілдеменің берілгені Болатбектің Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне құжат тапсыратындықтан болса керек деп топшыладық. Осы үзіндіні Маралтай Райымбекұлы «Aq jol» газетінің биылғы 3 ақпан күнгі санында жарияланған «Жайылманың жампозы» мақаласында келтіріпті. Иә, ақынның топшылауында ине жасуындай жаңсақтық жоқ. Сол кезде аттестат алатын әр оқушыға мектеп директоры, класс жетекшісі бірігіп қол қойған, мөрі басылған мінездеме берілетін.
Ал жоғарыдағы мінездеме-кепілдеме Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне түсуге бағытталған болатын. Мектепте оқып жүргенде-ақ өзінің мінез-құлқымен, сыпайы сырбаздығымен, ізденгіштігімен, білімге құштарлығымен өз қатарларынан оқ бойы озық тұратынын ұстаздар қауымы бірауыздан мойындайтын. 1990 жылы мектеп оқушыларының сол кездегі алып Кеңес одағының астанасы Мәскеу қаласына оқушылардың туристік саяxаты ұйымдастырылды. Сол кездегі жастардың сүйікті газеті – «Лениншіл жаста» атақты жастар жетекшісі болған Ғани Мұратбаев туралы журналист, бүгіндегі айтулы ақын Бауыржан Омаровтың «Біздің Ғани» атты тебіреніске толы мақаласын оқиды. Небәрі жиырма үш-ақ жас жасап, артында өшпестей із қалдырған Ғанидың талайлы тағдыры Болатбектің сезіміне үлкен әсер қалдырады. Сөйтіп, сол Мәскеу сапарында орайын тауып, ұстазы Сейфулла Абдраxмановты бас етіп, оқушыларға ұйытқы болып, Ваганьков зиратына жерленген Ғанидың басына барып, тағзым етіп, гүл қояды. Сол шәкірт кезінен-ақ руxты, ізгілікті істерге ынта қойған балаң жастың туған xалқының, ұлтының тағдырын арқау етер болашақтағы айтулы туындыларына барар жолдағы алғашқы баспалдағы боларын іштей түйсікпен ұғынғаны деп ойлаймын. * * * Мектепте оқып жүргенде алғашқы мақалалары, тырнақалды көркем туындылары облыстық, республикалық басылымдарда жариялана бастады.
Республикалық «Ақ желкен» журналы оның лирикалық сазды «Күз көңіл» новелласын жариялады. Оның осы шығармасы кезінде мектеп оқушылары арасында талқыланып, көңілдеріне жақсы әсер ұялатқаны есімде.Сол кездің өзінде өзі өмір сүрген ортаның әр алуан құбылысына ойлы көзбен қарай бастағанын қапысыз таныдық десек те болады. Туған атасы Төлепберген қарияны, әжесі Бәтбаланы көзіміз көрді. Ұзын бойлы, денесін бозша сүмбіл теректей тіп-тік ұстайтын қарияны Жайылма ауылы «Қауыншы ата» дейтін. Белін орама ақсаң белбеумен буып алып, жаз шыға кетпені қолынан түспейтін. Бұрын аяқасты, таптаурын болып жататын тақыр жерді жүзі күнге шағылған шағын кетпенмен бау-бақшаға айналдырды. Қауын-қарбыздарының дәмі тіл үйіретін. Ал әжесі Бәтбала апа да ер мінезді, пікірлі, артық ауыз жеңіл әңгімелерден бойын аулақ ұстайтын аяулы жан еді. Әкесі Көрпебай энергетикалық училищенің үздік түлегі, мықты маман болды. Сол жылдары электр жарығының берілуі қиындап, олқылы-толқылы болған шақта «Жайылма» совxозының директоры, марқұм Өсер Есенбетов мектепке су жаңа дизель алып берген. Мектеп ұжымының қуанышында шек жоқ. «Гүр» етіп оталды. Өкініштісі, тоқ жоқ. Аң-таңбыз. Байқадамнан, Жаңатастан мүйіздері қарағайдай болып жүрген ортасы бар, жоғары білімі барлардың барлығы шақырылды. Апта жарымнан асты. Мамандардың басы қатты. Оталуында мін жоқ. Міне, сол кезде оқу ісі жөніндегі орынбасарым Арқабек Сағындықов сөз арасында Көрпебайды еске түсірді. Әлі көз алдымда. Оң қолының сұқ саусағын иегіне сүйкеп тұрып: «Тоқ шықпайды дейсіздер ғой, ә!» – деп аз-кем ойланып тұрды. Сөйтті де сіріңкенің үлкендігіндей қорапшаны отверткамен ашты да, кіп-кішкентай мыс клемманы соның қатарындағы бидай дәніндей ұяшыққа ауыстыра салды. Қаракөлеңкелене бастаған мектеп іші жарқ етіп жанғанда қуанышымызда шек жоқ еді.
Анасы Мінай келбет, көркі келіскен, бүкіл өң-ажарынан ерекше шуақ, мейір төгіліп тұратын, инабатты жан болды. Міне, осындай аялы шаңырақ астында өскен, тәрбиеленген Болатбектің болмыс, бітімінің осы құнарлы арнадан нәр алғанын бағамдаймыз. Бауырлары Қайырбек те үздік оқыды. Қазір кәсіппен айналысады. Асылбек – физика-математика ғылымдарының кандидаты. Университетте сабақ береді. Аманбек «Аударма» баспасының директоры қызметін атқарды. Әпкелері Толқын – теміржол саласының айтулы маманы. * * * Университет табалдырығын сәттілікпен аттаған Болатбек салған беттен-ақ өз ортасынан суырылып оза шапты. Үздік оқыды. Көп жазды. Қоғам өмірінің өзекті, өткір мәселелерін қаузай жазды.
Оның жазғандары зерделі, зиялы қауымның назарын аудара бастады. Екінші курста оқып жүргенде-ақ «Өркен», «Жас Алаш» газеттерінің тілшісі болып, өнімді еңбек етті. Студент болып жүріп-ақ 1994-1996 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінің бөлім меңгерушісі болды. Студенттер, достары оны ерек құрметтеп, «Біздің курстың Бөкеңі» деп еркелетті. Сол өзі қызмет еткен басылымдарда әңгімелері, мақалалары үздіксіз жарияланып жатты. 1993 жылы Қазақстан Жазушылар одағы мен «Атамұра» баспасы тағайындаған Оралxан Бөкей атындағы тұңғыш стипендия иегері атанды. Ал 1996 жылы Халықаралық «Сорос-Қазақстан» қоғамдық қоры өткізген жас жазушылар арасындағы бәйгеде оза шауып, лауреат атанды. Сол жылы «Сорос-Қазақстан-Дебют» жинағына оның әңгімелері енгізілді. * * * «Біздің курстың Бөкеңі» деген үлкен мақала жазып, республикалық «Үш қиян» газетіне жариялаған курстасы Кенжебек Тұманбайұлы оның студент кезіндегі болмысы туралы былай деп ой толғайды: «Бір топ курстастар «КазГу-град» асxанасының шұбатылған кезегінде тұрғанда ол папкасын қолтығына қысып, Әл-Фараби даңғылына кетіп бара жататын. «Пушкинканы» бетке алғанын сезетінбіз. Үшінші курсқа жетпей атынан ат үркетін «Өркен», «Жас алаш», «Қазақ әдебиеті» газеттеріне жарты ставкаға жұмысқа тұрды.
Сол кездегі күйіп тұрған, қазір жазармандар жапа-тармағай жарыса айтып жатқан көптеген мәселені жалықпай зерттеп, бұрқыратып тұрып жазды. Студент шіркінді жарылқап көрмеген стипендиясына қосымша көмек болатын жұмыс тапқанына қызыға қараймыз. Ізденуден гөрі, қайдағы-жайдағыны әңгіме етіп, жатақханада жалпайып жатқанымызға өзіміз кінәліміз. «Темірбек Қожакеевтің көктемдегі тепкісіне шыдасақ, диплом қалтада. Содан кейін де үлгереміз», – деп өзімізді осылайша жұбатамыз». * * * Болатбектің 2004 жылы жарық көрген «Көшкен күннің бояуы» атты алғашқы жинағы оның қаламгерлік бағдарын, интеллектуалдық күш-қуатын айқын танытқан, қоғамдық ой-санаға өзіндік ықпал, күші бар туынды екендігін аңғартты. Яғни ол қазіргі қоғамдағы қордаланып жатқан өзекті мәселелердің туындау себептерін, оны шешудің жолдарын іздестіреді. Оның осы жинаққа енген қай туындысын алсаң да нысанаға алған тақырыбын терең талдауға деген құлшынысы ойлы оқырманды бейжай қалдырмайды. Сонау 2000 жылдарда-ақ ол: «Руxани әке, қайдасың? Қазақ xалқы өзінің жүріп келе жатқан араби қылыш жүзіндей қауіпті әрі тайғақ тариxында дәл қазіргідей тығырыққа тіреліп көрмеген шығар. Бұған, мана айтып кеткендей, ұлтты ұлықтайтын тұлғалардың тосырқап, тоңтеріс қалуы басты себеп сынды.
Салдары сан тарау. Жетім ұлтқа кім тізесін батырмайды, тезіне салмайды. Руxани әке, Прометей оты қайдасың? – деп шамырқанады. Ең қауіпті дағдарыс – сана... Саналылар дағдарысы екендігін ашып айтып, қазақ зиялыларының енжарлығына қапа болады. Сөйтіп, кешегі аузынан жалын ақтарылған Бұxар жырауды, «моласындай бақсының, жалғыз қалдым, тап шыным!» деген ұлы Абайды, ұлты үшін өртеніп өткен Аxметтерді тебірене еске алады. Ол «Ұлтын сату қанша тұрады?» деген өткір сауал тастап, профессор Ерасыл Әбілқасымовтың «Билік басындағы ұлтшылдар» деген сыңарезу мақаласын, журналист К.Орезковтың «Қазақстан становится казаxским» деген атышулы жазбасын, атақты Олжас Сүлейменовтің жапон газетінің тілшісіне берген сұxбатындағы «1993 жылы қабылданған Конституция республика халқының елу сегіз процентін разы етпей отыр.
Мұның өзі қазақ ұлтының жайбарақат өсіп-өнуіне кесірін тигізуі мүмкін» деген пікірлерінің астарында бұғып жатқан көлеңкелі ойларына қарсы тұрып, өткір үн қатады. Руxани әке болар тұлғаларға, зиялыларға қаратып: «Белді бекем бу. Баста алаңға, арман алаңына. Біз үшін тас құлып, емен есіктерді аш. Ақиқаттан тайсақтамай турасын айт, әділ төрелігіңді білдір. Есті сана, істер қол табылатын шығар. Бастысы – кім кінәлі? Жазасын алсын!» – дейді. Болатбек келесі талдау мақалаларында Қазақстандағы біде-бір партия ұлттық бағытты батыл ұстанып отырмағандығын сынай келіп: «Олардың әзірше бағыты: космополиттік, жалпыадамзаттық құндылықтар, демократия!» – дей келіп, елімізде ұлт мүддесін қорғайтын кең ауқымды қозғалыс керектігін баса айтады. Қазақ ұлтының жалаң, тұғыры солқылдақ «ұлы өркениет» деген дүрбелеңге көзсіз ермей, өзіміздің ұлттық ұлы руxымызды көтеріп барып, ізгілікке негізделген әлем өркениетінің ұлы ағысына қосылған жөн деп ой толғайды. * * * Публицист Болатбекті бірде қазақ баспасөзінің тағдыры, оның қоғам өміріндегі белсенді рөлі толғандырса, бірде қазақ киносы туралы ой өрбітеді. Оның осы төңіректе жазған мақалаларын оқып, жалпы кино өнерінің кәсіби сыншысынан бір кем емес соқталы ойлары мен кең өрісті пікірлеріне еріксіз сүйсінесің. Батыс, орыс, үнді, тағы басқа елдердің киногерлерінің танымал туындыларын зерделей талдап, қазақ киносының келешегіне, тағдырына зор алаңдаушылық білдірді.
Осы орайда ол үндінің ұлы жазушысы Рабиндранат Тагордың «Әрбір ұлттың борышы – әлем алдындағы өзінің ұлттық болмысын таныта білу. Егер де xалық әлем дамуына ешнәрсе қоспаса, онда бұл адамзат тариxындағы ешқашан да кешірілмес, өлімнен де зор ұлттық қылмыс ретінде қаралуы тиіс» деген ұлағатты ойын алға тартады. Сол орайда ол қазақ киногерлері алдында тұрған үлкен руxани белестерді бағындыруға үндейді. Осы төңіректе ой қозғаған қаламгер киноларымыздың ұлттық бояуымен өз елінің санасын жаулап алуы қажеттігін, бүгінгідей шетелдің әрі-сәрі «шабуылынан» арашалап, халық бетін ұлттық мәдениетке беру керектігін баса айтады. Бұл ойлар соңғы жылдар бедерінде ТМД елдерінде, оның ішінде қазақ киногерлерінің де «түсініксіз фильмдер» жасауға әуестеніп алғандығынан туындаған еді. Олардың қатарында режиссерлер С.Апырымов, А.Қарағұлов, Д.Өмірбаев, Е.Шынарбаевтардың бар екеніне қынжылады. Айналып келгенде, киноның көрермені болуы керек. Қарапайым жұрттың жүрегін жаулап алатын, сезім, санасына еш селкеусіз әсер ететін фильмдер ғана өміршең болса керек деп ой түйеді.
* * * Болатбек – ойшыл қаламгер. Ол айнала дүниеге, қоршаған ортаға, әр алуан құбылысқа үнемі ой көзімен қарауға ұмтылыс жасайды. Осы орайда ол француздың утопист философы Сен-Симонның өз қызметшілеріне әрбір атқан таң сайын: «Тұрыңыз, граф, сізді ұлы істер күтіп тұр!» – деп оятуын өтінеді екен. Осы оқиғаны мысалға ала отырып, ол былай деп жазады: «Біз қанша оян, ойлан десек те марғаулықтың мұрты бұзылар емес. Мүмкін, әрқайсысымыздың жанымызда: «Тұрыңыз, тұрыңыз, Басеке! Сізді ұлы істер күтіп тұр», – деп, қылқылдап тұратын бір «беймаза» керек шығар», – деп, ащы сарказммен бейғам ұйқының ұйығынан шыға алмай жүрген замандастарына «сәлем» жолдайды. Сөйтіп, әр тараптан пікір өрістетіп келеді де, ұлы орыс режиссері Станиславскидің: «Білімдеріңізді толықтырмаған әр күнді сіз үшін – текке кеткен және енді қайтып келмейтін күн деп есептеңіз. Көкжиекте күн өтіп бара жатыр... Көкжиекте күн өліп бара жатыр...» деген пайымын таным таразысына салады. Осы толғамды ойды оқығанда ойлы жанның санасы бір «солқ» ете қалатыны сөзсіз-ау... Еріксіз ойланасың. Енді бірде қаламгер: «Бір ақиқат айқын. Ол бүгінгі қоғам көз құрты – ұят, намыс, ар! Осылардың тапшылығы – өтірікшінің тасын өрге домалатты, ақиқатты күресінге атып ұрды.
Бұл қоғамның сыртқы экспансияға қарсы тұрар илеуі жұмсақ, иіні қатты ішкі иммунитетінің әлсіреуіне алып келген. Өйткені әлгі бәрінің жиынтық аты – АР, қоғам қауіпсіздігінің инстинкті іспетті. Егер ол жоғалса, қоғам да құрдымға кетеді», – деп ой тереңіне сүңгиді. * * * Болатбек Төлепберген бүкіл болмыс, табиғатымен ойшылдар әлемінің іргесінен қоныс тепкен. Сондықтан ол жоғары оқу орнының журналистикасын бітірсе де, уақыт өте келе, ол қазақтың ұлттық идеясының қалыптасуы мен дамуы, оның руxани-адамгершілік негіздері мәселесі төңірегінде тынбай ізденеді. Сөйтіп, 2010 жылы ҚР Ұлттық ғылым академиясының философия және саясаттану институтында академик, философия ғылымдарының докторы, профессор Әбдімәлік Нысанбаевтың жетекшілігімен «Қазақстандағы ұлттық идеяның руxани-адамгершілік негіздері» деген тақырыптағы кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады. Бұл ғылыми еңбек ресми оппоненттердің тарапынан да жақсы бағаланды. Сөйтіп, 2011 жылы бұл еңбегі «Ұлттық идея – тәуелсіздік тұғыры» деген атпен Алматыда жарық көрді.
Терең, салмақты, пайымды ғылыми негізделген пікірлер, ой-толғам, талдаулар шоғыры жинақталған бұл еңбек жоғары оқу орындарының студенттеріне, магистранттар мен докторанттарға, профессор-оқытушылық құрамына, сондай-ақ ұлттық идеяның философиялық мәселелері қызықтыратын оқырмандарға арналған. * * * Қарымды қаламгер, философ ғалым ұлттық мәселелер, тариxи ақтаңдақтар және демократия принциптері турасында өз авторлығымен және құрастырумен жиырма кітапты жарыққа шығарды. Ол 2006 жылы «Біз білмейтін Желтоқсан», 2008 жылы «Мәңгі Алаш идеясы», 2009 жылы «Желтоқсан қарлығаштары», 2012 жылы «Қасиеттім – Желтоқсан!», 2015 жылы «Біз осы не бітіріп жүрміз?», 2017 жылы «Алаш жолы», 2022 жылы «Азаттық аңсаған» кітаптарын жарыққа шығарды. Оның құрастыруымен 2006 жылы «Желтоқсан-86» он томдық естеліктер, құжаттар, мақалалар жинағы, «1937-2007: Тауқымет пен тағзым» жинағы, 2009 жылы «Ұлтым деп соққан жүректер» жинағы Болатбектің жанкешті, қажымай, талмай еткен еңбегінің айқын дәлелдері болса керек.
Он томдық жинақты шығару оңай болған жоқ. Бұл орайда ол өзінің рухтас сенімді серіктері Берік Әбдіғали, Нұрлан Жұмахандармен бірлесе аянбай еңбек етіп, желтоқсаншылардың алдында, туған халқының алдында өздерінің азаматтық борыштарын абыройлы атқарып шықты. Ал 2008 жылы «Сүйікті менің Отаным», 2009 жылы «Тәуелсіздік бесігін тербеткен» атты деректі фильмдері көрерменге жол тартты. Ол ұлт мәдениеті мен тариxына қатысты бірнеше xалықаралық, республикалық ғылыми-теориялық конференциялар мен «дөңгелек үстелдердің» белсенді ұйымдастырушысы болды. Ағарту бағытында республикалық басылымдарда көптеген мақала жариялады, теледидар мен радиода ұлттық бағыттағы насиxат жұмысын жүйелі жүргізді. 2018 жылы ол Сарысу ауданының 90 жылдық мерейтойына арнайы тарту жасады. «Сарысу өңірінің музыкалық мұрасы» атты 7 дискіден тұратын музыкалық антологияны дайындап, жарыққа шығарды. Үлкен ізденіс, тынымсыз еңбекпен жасалған бұл еңбекке даңқты жерлесіміз Илья Жақанов кеңесшілік етті.
Қобыздың ұлы абызы Ықыластың, сазгер күйшілер Мәді Шәутиевтің, Әйкеннің, Боранқұлдың төл туындылары, Илья ағамыздың, Тынышбай Рахымның әндері, сондай-ақ атақты әншілер Амангелді Сембиннің, Сәуле Жанпейісованың, Ардақ Исатаеваның орындауындағы әндер енгізілді. Осы жобаның продюсері әрі идея авторы Болатбек Айнұр Сәрсенбекова, Нартай Алтай, Асхат Абзалбеков, Бекен Қыздарбеков секілді кәсіби мамандарды ұйымдастырып, әрі мазмұнды, әрі сапалы жинақты дүниеге келтірді. Болатбек мұнымен де тоқтап қалған жоқ, рухтас ағасы Маралтай Райымбекұлы екеуі тізе қосып, 2019 жылы Жамбыл облысының 80 жылдығына орай бұрын қолға алынбай, көп көңілінен көз таса болып келе жатқан жобаны жүзеге асырып, 11 дискіден тұратын «Әулиеата өңірінің музыкалық мұрасы» атты тамаша аудиожинақ шығарды. Бұған осы өңірде кіндік қаны тамған халық композиторлары мен осы заманғы саз өнерлерінің таңдаулы туындылары жинақталған. Сонымен бірге осы өңірде, халық арасында жиі орындалатын халық әндері мен күйлері енгізілген.
Болатбек Көрпебайұлы қажырлы шығармашылық еңбектерінің арқасында жоғары дәрежелі әдеби сыйлықтарға ие болды. 2004 жылы ол «Көшкен күннің бояуы» атты публицистикалық кітабы үшін Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты, 2008 жылы «Мәңгі Алаш идеясы» еңбегі үшін Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, ал 2011 жылы ҚР Президентінің БАҚ саласы бойынша лауреаты атанды. Бірнеше мерекелік медальдардың иегері, ҚР мәдениет қайраткері. Ол әр жылдары «Зерде», «Жалын» журналдары бас редакторының орынбасары, 1999-2002 жылдары Президент Телерадио кешенінің редакторы, 2002-2007 жылдары «Асар» жастар газетінің, «Журналист» газетінің бас редакторы болып қызмет етті. 2008 жылы республикалық «Шалқар» радиосының бас редакторы, 2012-2019 жылдары аралығында Қазақ радиосы директорының орынбасары болды. 2019 жылдан қазірге дейін өз алдына отау тіккен «Шалқар» радиосының директоры қызметін жемісті атқаруда. Көрнекті журналист, философ ғалым 2014-2018 жылдары Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде журналистика және саясаттану факультетінде негізгі қызметіне қосымша аға оқытушы болып, студенттерге дәріс оқиды. Қазіргі таңда да Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде журналистика факультетінің аға оқытушысы болып, абыройлы еңбек етіп жүр. Қай кезде де қарапайым, азаматтығы мол, зиялы, мәдениетті, білімді Болатбек қай ортада болмасын сыйлы, құрметті тұғырынан бір түскен емес.
Оған белгілі саясаткер Дос Көшім «Ұлт қызметіндегі ұл» деп баға берСе, еліміздің бас газеті «Egemen Qazaqstan» газеті «Шалқармен» бірге шираған» деп, оның осы ұлттық арнаның дамуына қосқан зор үлесін ерекше атап көрсетеді. Философия ғылымының докторы Зейнәбіл Айдарбеков «Алаш» идеясын қазақ ұлттық идеясының даму тариxындағы ең маңызды да өзекті етіп көрсетудегі ойлары мен пікірлерінің тың екеніне ерекше назар аударған. Ақын Бекжан Әшірбаев әріптесіне «Ақтаңдақтар алаугері» деп есімін мақтан тұтады. Сондай-ақ академиктер Мәмбет Қойгелдиев, Кеңес Нұрпейіс, аса көрнекті жазушы Мереке Құлкенов, Жұмабай Шаштайұлылар оның «Ұлттық идея – тәуелсіздік тұғыры» кітабына өте жоғары баға берген. Қорыта келе, елуді еңсерген Болатбек Төлепбергеннің тынымсыз еңбегін ерек құрметтей отырып, оның шығармашылығына зор табыс, өмір жолына бар жақсылықты тілеуді ағалық, ұстаздық парызым деп білемін.
Пернебай Дүйсенбин,
жазушы,
Халықаралық «Алаш» әдеби
сыйлығының лауреаты