Жалпы адамның өзі қиялынан жасап алған қызмет не кәсібін аңсап, оған жуық арада қолы жетпейтінін біле тұра басқа жұмысты істеуді қор санаса, бос жүрсе, бұл – масылдықтың айқын көрінісі. Масылдық пиғыл дегеніміз – біреудің есебінен біреудің күн көруі. Масылдық пиғылдағы адамдар жұмысқа жарамды, «тепсе темір үзетін» қауқарға ие болса да отбасындағы ата-ана немесе басқа да мүшелерінің табысына, үй ішінде ақылшы болып отырған қариясының зейнетақысына ортақтасады. Олар табыстың, тағамның қайдан келіп жатқанын түйсіне бермеуі мүмкін. Сонымен қатар адамның ішкілікке салынуы, көшеде қайыр тілеуі де саналылық тұрғыдан ол адамның дертке шалдыққанын һәм қоғамға масыл болып отырғанын білдіреді.
Ал ақыл-есі бар, денсаулығы еңбекке жарамды, санасын бөгде ой билемеген азаматтар ондай қадамға бармайды. Пенделікпен адасып жүруі мүмкін, бірақ әу баста бойына дұрыс тәлім-тәрбие сіңген адам күндердің күнінде өзін тәртіпке келтіреді, масылдық пиғылдан арылады. Ал әр азамат бос жүрмей адал еңбек етсе, бұл ел экономикасының көтерілуіне де септігін тигізеді. Қазіргі таңда еңбек етемін деген адамға, оның ішінде жастарға мемлекет тарапынан көрсетілер қолдау түрі өте көп. Мәселен, мектептен кейін оқуға түсе алмаған немесе белгілі бір мамандық игерген жастардың лайықты жұмысқа тұруына, кәсіптік оқытудан өтуіне, жеңілдетілген пайызбен несие, қайтарымсыз қаржы алып, өзін де, өзгені де жұмыспен қамтуына мүмкіншілігі көп. Бұл тұрғыда Үкімет тарапынан қабылданған түрлі бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Осы мүмкіндікті пайдаланғандардың қазір еңсесі биік. Одан бөлек «мына жұмыс ауыр, мына жұмыс жеңіл, мына мамандық иесі абыройлы немесе керісінше қадірі жоқ» демей, адам қарапайым жұмысшы болса да еңбектеніп, нәпақа табуы керек.
Сондықтан жастар күш-қуатын, қарым-қабілетін, әлеуетін еліміздің дамуына, мемлекетіміздің өсіп-өркендеп, алдыңғы қатардан көрінуіне арнауы үшін үйде де жасы үлкендер адамды адал еңбек қана бақытқа жеткізетінін насихаттап отыруы қажет. Мысалы, менің атам Өмірбек Әбубәкіров өмір бойы инженер болып еңбек етіпті. Ол кісі төрт жасымда өмірден озғандықтан еңбек дүбіріндегі оның бейнесі, ұрпағын азаматтыққа бастайтын өнегелі ісі, тәрбиелі сөзі әжемнің айтқан әңгімесі арқылы көз алдыма елестейді. Әжем Күлзира Кұлбаева сауда саласында тер төккен адам. Менің бойымда ізгі қасиеттердің қалыптасуына, нəзіктік пен биязылықтың көрініс табуына, үй шаруасында анама көмектесіп, алғысын алуыма ес білгелі әжем үлгі болып келе жатыр. Ол негізінен шығармашылық адамы. Жанынан табан астында өлең құрастыратын өнері бар, ойы өрелі, сөзі сүбелі ақын. Бүгінде әжем 4 кітаптың авторы, қаламы қолынан түспеген шығармашылық өнер иесі. Менің де жаным жазушылық өнерге жақын болуы әжемнен дарыған қасиет деп ойлаймын. Ол зейнет жасындағы көнекөз қария болса да «қоғамға, отбасыма, ұрпағыма ең болмаса сөз көмегім тисін» деген ниетпен шығармашылыққа ден қойған. Әжемнің өлеңдерінің ішінде адамды еңбекқор болуға, кәсіппен айналысуға, қарап жатпай тірлік қылуға шақыратын тақырыптар жетерлік.
Сондықтан шығар, асқар тауым, өмірлік пана болар қамқоршым – әкем Абдумүслім Әбубәкіров көптеген жылдан бері жеке кəсіпкерлікпен айналысып келеді. Негізінен әкем жоғары оқу орнын бітірген заңгер. Бірақ ол кезінде заман ағымын түсініп, кәсіпке бет бұрған жан. Ал жанұяның татулығын ту еткен анам – Ұлдара Сайлауова Жамбыл ауданының орталығы – Аса ауылындағы Юрий Гагарин атындағы мектеп-лицейде ұстаз болып қызмет етеді. Анам шəкірт санасына білім нəрін сеуіп, оқушыны білім бағына жетелеген білікті педагог. Өмірге 5 перзент əкеліп, олардың дені сау, саналы, салиқалы болуына еңбек етіп келе жатқан аяулы ана. Менің алдымда арқасүйер екі ағам, ізімнен ерген екі сіңлім бар. Үйде мен қандай тәрбие алсам, олардың да тұла бойы еңбекқорлық, қайырымды, мейірімді, өзгеге қамқор болу секілді ізгілікті қасиеттерге бай. Әжем бізге әлі де даналыққа толы ақылын айтудан танбай келеді. Әжем: «Адамды адам еткен – еңбек» деген сөз бар халық даналығында. Осы күні балалар еңбек етпек тұрмақ, далада бір мезгіл ойнаудан қалып барады.
Бала біткен қимылсыздыққа бейімделіп, бар ойын, тағдырын қазіргі телефондағы өмірмен байланыстырса, бұл ұлт болашағына төнген қауіп деп ойлаймын. Ойнау арқылы ойлау қабілетін дамытпаған, еңбек ету арқылы дене қимылын жасамаған баланың денсаулығы қалыпты болмайды, ойлау жүйесі де дамымайды. Тегінде, бос жүрген адам жаман әдетке, жат қылыққа үйір болады. Ал еңбек еткен адамның жаман қылыққа барудан бұрын жаман ойды ойлауға да мұршасы келмей, әрі еткен еңбегіне қарай ақы алу арқылы ішіп-жемнен, қаржыдан тарықпайды. Кім жұмыс істейді, кім адал еңбекпен ақша табады, соның отбасына береке дарып, босағасына бақ байланады. Қашанда өз ісіне асқан жауапкершілікпен, ұқыптылықпен қараған адамның өзгелер алдында абыройы биік болады. Қол-аяғы бүтін, денсаулығы бар адам қоғамға, үй ішіндегілерге масыл болмауы керек.
Ал адамды масылдықтан, жалқаулықтан, біріншіден, ниет, екіншіден әрекет арылтады. «Баланы жастан» деп халқымыз текке айтпаған. Бала жасында сабағын бар зейінімен оқып, озық білім, парасатты тәлім-тәрбие алуы керек. Жасыңда жиған білімің мен парасат-пайымың рухани тұрғыдан да, тұрмыстық жағынан да өмірлік азығың болады», – дейді. Өзімнің анам мұғалім болған соң «Ата-анадан кейін жас ұрпақтың санасына тəлім-тəрбие, үлгі-өнегені ата-анадан кейін сыналай енгізетін адам, ол – ұстаз» деп айтар едім. Ұстаз баланы біліммен баулып, биікке жетелейді. Адам болып қалыптасудың бағыт-бағдарын балаға нұсқайды. Сөз соңында айтарым, ата-анадан лайықты тәрбие, ұстаздан ұлағатты білім алған адам қоғамға масыл болмайды.
Әсемай ӨМІРБЕК, «125 Taraz high school» мектебінің
11-сынып оқушысы, Тараз қаласы
Әйелмен әлем әдемі
Ұқсас жаңалықтар
208 мың теңгеден асады: 11,1 мыңнан астам қазақстандыққа әлеуметтік төлем тағайындалды
- авторAR-AY
- 19 қыркүйек, 2024