– Шын мәнінде, «Болашақтың ойындары» – IT интеллект пен спорт ұштасқан бірегей формат. Біз мұнда мықты команда әкелдік. Жақсы нәтиже көрсетеді деп үміттенеміз. Жалпы Қазақстанда IT секторы дамып келеді. Біздің өз ойындарымыз бар. Халықаралық деңгейде жарыстар өткіземіз. Ресей Федерациясы дер кезінде қолға алған осы бастаманы жалғастыру үшін келесі «Болашақтың ойындарын» біздің елімізде ұйымдастыруды ұсынамын, – деді Президент. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресей арасындағы екіжақты қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. – Бұл – біздің жаңа жылдағы алғашқы кездесуіміз, Владимир Владимирович. Біз бәріміз Ресейде 17 наурызда өтетін президент сайлауын күтіп отырмыз. Түпкілікті нәтиженің ойдағыдай боларына күмәніміз жоқ. Өйткені Ресей сіздің беделді басшылығыңызбен таңғаларлық табысқа қол жеткізіп келеді. Шын мәнінде, сіз өз мәлімдемелеріңізбен, іс-әрекетіңізбен жаһандық күн тәртібін қалыптастырасыз.
Бұл біздің ынтымақтастығымызға және сіздің былтыр қараша айында Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарыңыз кезінде қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалуына оң ықпалын тигізетіні сөзсіз. Менің ойымша, қос тарап, екі елдің үкіметтері аталған уағдаластықтарды табысты жүзеге асырып жатыр. Қазірдің өзінде нақты нәтиже бар, – деді Қазақстан Президенті. Өз кезегінде Владимир Путин «Болашақтың ойындары» турнирінің ашылу рәсіміне қатысқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, Ресей тарапының Қазақстанмен стратегиялық серіктестікті одан әрі күшейтуге бейілді екенін растады. – Спорт қандай да бір саясаттан тыс болуы керек, сондай-ақ халықтарды жақындастыруға тиіс. Мен мұны бірнеше рет айттым, тағы да қайталағым келеді. Бүгінгі турнирге жүзден астам елден, нақтырақ айтқанда, әртүрлі континенттің 104 елінен көптеген қатысушы келді. Диджитал-спортқа және нағыз дәстүрлі спортқа қызығушылық танытатын жастар қатысып отыр. Ал екіжақты қатынастарға келер болсақ, байланыстарымыз аса маңызды барлық сала бойынша нәтижелі дамып келеді.
Былтыр біздің делегацияның Қазақстанға сапары сәтті болды. Біз алдағы даму бағыттарын айқындадық. Әріптестерім маған энергетика, инвестиция және өңірлердегі жұмыстардың қазіргі уақытта қалай жүріп жатқанын баяндайды. Мұның бәрінде жалпы екі ел, жекелеген аймақтар және тұтас салалар үшін өзара мүдде көзделеді, – деді Ресей Президенті. Сонымен қатар екі ел басшылары өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі мәселелер жөнінде пікір алмасты. Президент ресми мінберден «Болашақтың ойындары» турнирінің салтанатты ашылу рәсімін тамашалады. Ресейдің мемлекеттік әнұраны орындалғаннан кейін Владимир Путин жарысты ашық деп жариялады. Қазақстан Президенті турнир қатысушыларына сәттілік тіледі. – Құрметті Владимир Владимирович, ең алдымен, сізге зор ризашылық білдіргім келеді. Бұл – бірегей ойын. Дүниежүзінде мұндай ойынның баламасы жоқ. Баршаңызға сәттілік тілеймін. Келесі ойынды Қазақстанда өткізейік, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сонымен қатар Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан президенттері киберспортшыларға ізгі тілектерін жолдады.
Содан соң жарысқа қатысушы мемлекеттер туларының шеруі өтті. «Фиджитал-концепцияға» негізделген турнирдің форматы физикалық белсенділікті, заманауи технология мен цифрлық ортаны ұштастырады. Шоу барысында спорт, стратегия, тактика, технология, жылдамдық секілді 5 топқа біріктірілген сайыс түрлері таныстырылды. Ойындардың бағдарламасына классикалық спорт түрлері мен олардың 21 цифрлық баламасы бойынша гибридті спорттық жарыстар енгізілген. Ұйымдастырушылардың мәліметі бойынша, турнирге 100-ден астам елден 2 мыңға жуық киберспортшы келген. Қазақстанның ойыншылары мен командалары спорттың 13 түрі бойынша сайысқа түседі. Жалпы бұл турнирге еліміздің 48 өкілі қатысады.
Салтанатты ашылу рәсімінен кейін Татарстан астанасына келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен басқа елдердің президенттері «Болашақтың ойындары» халықаралық мультиспорт турнирінің негізгі шаралары өтетін «Қазан Экспо» кешенін аралап көрді. Экскурсия барысында қонақтарға Dota 2 конгресс-залы, арт-нысандар, «фиджитал-зертхана» көрсетілді, сондай-ақ денешынықтыру мен киберспортты (physical+digital) біріктіретін инновациялық «фиджитал-қозғалыстың» ерекшеліктері таныстырылды. Алаңдардың бірінде Қазақстан Президенті «Футбол достыққа жол ашады» бағдарламасына қатысатын жас спортшылармен әңгімелесті. Халықаралық команданың құрамында «Астана» футбол клубында жаттығатын 10 жастағы Жан Әли Ермағамбетов те бар. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда балалар спортына мемлекет тарапынан тұрақты қолдау көрсетілетінін атап өтті.
Аkorda.kz