Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Квота бойынша ұсынылатын бос орындар анықталды

Квота бойынша ұсынылатын бос орындар анықталды
ашық дереккөз
Квота бойынша ұсынылатын бос орындар анықталды
Өткен жылы облыста арнайы белгіленген квота бойынша 86 мүгедектігі бар азамат, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 3 түлек, жазасын өтеп шығып, пробация қызметінде тұрған 80 адам жұмысқа орналасты. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің «Мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын құратын жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау қағидалары мен шарттарын бекіту туралы» өткен жылғы бұйрығына сәйкес Тараз қаласында былтыр 11 арнайы жұмыс орны құрылған болатын. Мәселен, «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің «Тараз» корпоративтік қоры көру қабілетінен толық айырылған мүгедектігі бар 1 адам үшін 1 380 000 теңгеге, «Жамбыл оқу-өндірістік кәсіпорны» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 5 адамға 6 925 000 теңгеге арнайы құрал-жабдықтар алды. «Бағыт Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 5 кресло-арбамен жүріп-тұратын мүгедектігі бар адамға 6 898 300 теңгеге арнайы құрал-жабдықтар әперген. Осыған орай Тараз қалалық мансап орталығы мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын құратын жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялаған еді. Құрылған арнайы жұмыс орындарына мансап орталығында жұмыссыз ретінде тіркелген мүгедектігі бар азаматтар түгелдей тұрақты жұмыспен қамтылды. Биылдан бастап ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған жұмыс орнын субсидиялауды барлық аудандарда жүзеге асыру қолға алынып отыр. Сонымен қатар облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының Еңбек мобильдігі орталығының мансаптық орталықтары арқылы кәсіптік оқыту да жүзеге асырылады. Ондағы басты мақсат – жұмыс берушілер үшін жұмыссыз азаматтар қатарынан қысқамерзімді білікті кадрларды даярлау. Кәсіптік оқытудың мерзімі біліктілік пен дағдылардың ерекшеліктеріне қарай 6 айдан аспайды. Жұмыс орнында кәсіптік оқыту үшін тиісті оқу орнына қойылатын талаптар бар. Яғни Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген жұмыс істеп тұрған заңды тұлға немесе дара кәсіпкерлік статусы болуы керек. Бір жылдан астам жұмыс істеп тұруы, салық, жарналар және аударымдар бойынша өтіп кеткен берешегі жоқ, материалдық-техникалық базасы талапқа сай, өндірісте кемінде бір жыл кәсіптік практикалық жұмыс өтілі бар білікті жұмыскерлерінің болуы шарт. Жұмыс беруші жұмыссыздың жеке оқу бағдарламасын жасайды және білікті тәлімгерді бекітіп, жұмыс орнында оқытуды жүзеге асырады. Жұмысшы біліктіліктер бойынша кадрлар даярлаудың жеке оқыту бағдарламаларының болуы міндетті. Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының Заңына, «Мүгедектігі бар адамдар үшін жұмыс орындарына квоталау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 7 маусымдағы №207 бұйрығына (Нормативтік-құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде №33211 болып тіркелген) сәйкес облыс әкімдігінің қаулысы шыққан болатын. Атап айтқанда, 2024 жылға ауыр жұмыстарды, еңбек жағдайлары зиянды, қауіпті жұмыс орындарын есептемегенде, мүгедектігі бар адамдарды арнайы квотамен жұмысқа орналастыру міндеттелген. Сонымен қатар қаулыда пробация қызметінің есебінде тұрған және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды жұмысқа орналастыру да атап көрсетілген. Сондай-ақ 18 жасқа толғанға дейін ата-анасынан айырылған немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, білім беру ұйымдарының түлектері саналатын жастар қатарындағы азаматтарды жұмысқа орналастыру үшін де квота бөлу жүктелді. Осыған орай биыл облыс бойынша мүгедектігі бар азаматтар үшін 37 мекемеде 56 бос жұмыс орны бөлінді. Оның ішінде Тараз қаласына 10 мекеменің келісімімен 15 бос жұмыс орны белгіленді. Ал пробация қызметінің есебінде тұрған және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды жұмысқа орналастыру үшін 36 мекемеде 49 бос жұмыс орнын бөлу жоспарланды. Оның ішінде Тараз қаласында 14 мекеме 17 бос жұмыс орнын ұсынып отыр. Ата-анасынан айырылған немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған түлектер үшін өңірде 3 мекемеде 3 бос жұмыс орны қарастырылды. Оның ішінде Тараз қаласында 2 мекемеде 2 бос жұмыс орны белгіленді.

Ерлан Байұзақов, Тараз қалалық мансап орталығының бөлім басшысы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар