Орталық тарапынан облыс көлемінде мәдениет үйлерінің мамандарын, оның ішінде әдіскерлеріне, көркемдік жетекшілеріне, режиссерлерге, хореографтар мен клуб меңгерушілеріне, техникалық қызметкерлерге арналған «ART format», «Art-project» және басқа да тақырыптарда семинар-тренингтер мен шеберлік сағаттары тұрақты өткізіліп тұрады.
2024 жылы орталықтың жоспарына сәйкес әр аудан орталықтарында «Озық тәжірибе – рухани тәрбие» аудандық, ауылдық клуб мамандарына арналған облыстық семинар-тренинг өтті. Семинар-тренинг Меркі ауданынан бастау алып, Т.Рысқұлов, Қордай, Шу, Мойынқұм, Талас, Сарысу, Жамбыл және Байзақ аудандарында жалғасын тапты.
Басқосулар барысында орталықтың халық шығармашылығын қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Ақсұлу Үсенбаева «Мәдениет үйлері мен клубтарда үйірмелер жұмысын ұйымдастыру», орталықтың бас режиссері Нұрали Абдуллаев концерттер мен іс-шараларды дұрыс ұйымдастыру, орталықтың ұйымдастыру-әкімшілік бөлімінің басшысы Жансая Серікбаева іс-қағаздарды дұрыс толтыру, мекемеде аттестацияны дұрыс ұйымдастыру, кадр мәселесі жайында толық түсіндірсе, орталықтың редакторы Арайлым Нарбатырова «Әлеуметтік желі ақпараттық ресурс бағытында» тақырыбында баяндама жасады.
Сонымен қатар жиынға қатысушыларға облыстық халық шығармашылығы орталығының арнайы әзірлеген әдістемелік нұсқаулықтары таратылып, алдағы уақытта аудандық, ауылдық клуб мамандары осы нұсқаулықтарды пайдалана отырып жұмыс жүргізетін болады.
Кез келген маманның жұмысын жандандырып, жақсарту үшін семинарлардың маңызы зор. Олар осындай семинарлар арқылы өзіне үлкен сабақ алып, шыңдалады. Осыған дейін өткізіп келген кездесу, семинарларымыз жоғары деңгейде өткен болса, бұл жолғы «Озық тәжірибе –рухани тәрбие» атты аудандық, ауылдық клуб мамандарына арналған семинар-тренинг те алдағы уақытта өз нәтижесін берері анық.
МӨЛДІР ҚЫЗДАРБЕКОВА, облыстық халық шығармашылығы орталығы
ақпараттық-әдістемелік жұмыстар және мониторинг бөлімінің басшысы