Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Тұқым жақсармай, сапалы өнім алынбайды

Тұқым жақсармай, сапалы өнім алынбайды
Ашық дереккөз
Қазіргі таңда кез келген салада тың бастамалар көтеріліп жатыр. Орын алған олқылықтарды жоюға ден қойылғаны дұрыс-ақ. Жаңа Қазақстанда ауылшаруашылық саласына да жаңаша бетбұрыс жасалуы тиіс.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімінде ауылды дамытуды көздейтін жаңа Жарлыққа қол қойғанын мәлімдеді. Онда Үкіметке ауылды дамытудың 5 жылға арналған нақты жоспарын әзірлеуді тапсырды. Мемлекет басшысы: «Үкімет ауылды дамытуға арналған барлық жобаны жүйелі түрде реттеп, жинақтауға тиіс. Содан кейін мақсатты түрде тиімді жұмыс жүргіземіз», – деді. Бұл – халықтың көкейіндегі мәселе. Қолға алынатын жобаның ішінде бәрі де қамтылады деген үмітіміз зор. Жердің байлығын тиімді, өркениетті жолмен пайдалану маңызды. Несін жасырайық, кезінде елімізде ауылшаруашылық саласы жақсы өркендеді. Жыл сайын мол өнім жинаған, табысқа кенелген кеңшарлар болды. Әрине, тапқан пайдасынан шығыны көп, артта қалған кеңшарлардың да болғаны рас. 1990 жылдары жаппай жекешелендіру тұсында «өнімділігі жоғары кеңшарларды алып қалайық» деп жанашырлық білдірген азаматтар көп болды. Ол кезде жер телімдері жекеге бөлініп берілді. Техникалар талан-таражға түсіп кетті.

Оның сыртында қаншама білікті мамандардан айырылып қалдық. Ең өкініштісі, білікті агрономдар, мал дәрігерлері керексіз болып қалды. Халық соның бәрін бастан өткерді. Ауылшаруашылығын өркендетуді ең бірінші бастау керек. Ал жермен шұғылданатын маман – агроном. Бүгінде «ауыспалы егістік» деген тәсіл атымен жоқ, ол сақталмайды. Қазіргі адамдар ондай түсінікті ұмыта бастаған. Мәселен, бір жерге мақтаны ондаған жыл бойы еге береді. Жерді тоздырып жіберді. Топыраққа дамыл беріп, қоректендіру керек қой. Жерге дәнді екпестен бұрын топырағын жан-жақты зерттеп алған дұрыс. Бұрын картограмма жасалатын еді. Бұл ретте зерттеу институттарының жұмыстары жаңа сипат алуы тиіс. Өйткені топырақтың құнарын анықтауға жіберген сынама да толыққанды зерттелмей жатады. Институттардың осыған жеткілікті түрде мән бермей отырғаны қынжылтады. Айталық, келесі жылы ол алқапқа қандай өнім егуге болатынын биыл анықтап қоюымыз қажет. Топырақ құрамында азоттың, фосфордың құрамы қанша? Калий бар ма? Тұзы қанша пайыз? Мұндай зерттеуді ешкім жасап жатқан жоқ.

Дұрыс өнім аламыз десек, жұмысты әуелі картограмма жасаудан бастау керек. Мәселен, ол жерде азот көп болса, шаруа қожалығы оны білмегендіктен тағы да азот берсе, өсімдікті өлтіреді. Бәлкім, калийі жетпейтін шығар? Бұрын тұқым өсіретін екпелер мен тәжірибе шаруашылығы болды. Ал кеңшарда тұқым өсіруші агроном маманы жұмыс істеді. Ол тек қана тұқымшаруашылығымен айналысты. Бір-екі гектар жерге арпа, күріш, бидайдың тұқымын егеді. Одан сұрыпталып алынған тұқымды кеңшарға береді. Біз кезінде күріш егумен айналыстық. Ол кезде тұқымның сертификаты болмаса, алқапқа егуге тыйым салынатын-ды. «ҚазАгроэксперт» компаниясының өкілі болып істедім. Сонда 350-ден астам зерттеу жұмысын жүргіздім. Оның ішінде күріш те, мақта да, арпа-бидай да, жоңышқа да бар. Диқандардан сұрасам, арпаның қандай түрін егіп жатқанын білмейді. «Қандай сұрып, мұның сертификаты бар ма? Қайдан алдыңыз?» деген сауалыма «Сатып алдық қой, қайдан білеміз? Мен тұқымын пәленшеден алдым» дейді. Бұл неге алып келеді? Бірнеше жылдан кейін жер мүлдем жарамсыз немесе улы болып қалуы ықтимал. Кеңес өкіметі кезінде бір алқапқа жоңышқа егіп, жердің бәрін шоңайна басып кеткен. Оны мал жемейді. Жесе, қырылады. Содан құтыла алмай қалған.

Ол жерді бірнеше қайтара жыртып, үлкен күшпен тазартылған. Сондай апатқа алып келуі мүмкін. Қазір шаруадан «Қанша өнім аласың?» деп ешкім сұрамайды, талап етпейді. Еккенін жинап алса, сол да қуаныш. Өлшеусіз кетіп жатқан шығынын ешкім есептемейді. Шаруалар не егерін білмейді. Жері бар. Әйтеуір өнім алып, салығы мен түрлі қарыздарын өтеуді ойлайды. Мақта егеді, ертеңіне шаруа қарызға батады. Мақта егу үшін барлық құжаттарыңды зауытқа тапсыруың керек. Сөйтіп, тұқымды да, тыңайтқыштарды да қымбатқа сатып алады. Ақырында еккен өнімін ала алмай зауытқа қарыз болып, жерінен айырылады. Шаруалар осындай жағдайға душар болып отыр. Шаруа қожалықтарына барып, семинарлар өткізген абзал болар еді. «Сіз мына тұқымды ексеңіз, осындай көлемде өнім аласыз» деп диқанға дұрыс бағыт беретін ғылыми-зерттеу институттары жоқ болып тұр. Мал және егін, көкөніс өсірушілер үшін тұқымшаруашылығын ғылыми тұрғыда қолға алатын және ғалымдар тікелей айналысатын орталықтар керек. Топырақтың құнарын анықтауға байланысты бір мысал.

Бір жылы зерттеу институтының өкілдері келіп, күріш өсіп тұрған жерден және кезінде топырағы сортаң болғандықтан ештеңе екпей тастап кеткен жерден сынама алды. Топырақ құрамын зерттей келіп, келесі жылы сортаң жерге күріш егіп еді, жылда күріштен өнім алып жүрген алқапқа қарағанда 5 центнер жоғары өнім алды. Бұл – ғылыми зерттеудің нәтижесі. Сондықтан қандай өнім алу үшін де ғылымның пайдасы мол. Жерді тоздырмаудың неше түрлі тәсілі бар. Сол кезде айтылды, бірақ жалғасы болмай қалды. Жерді тоздырмау үшін ауыспалы егістікті сақтау керек. Егілетін өнімнің түрлерін ғылыми түрде ауыстырып тұру қажет. Бізде бір жерге жыл сайын мақта еге береді. Ол жер 10-15 жылда тозып кетеді. Қазан айына дейін алқапта мақта жатады, оны жинап болғанша қараша келеді. Бұл кезде жер қатып кетеді. Наурызда жер жыртып, сәуір айында тұқым егеді. Бұл дұрыс емес, технологияға қарсы. Негізі топырақ қатып кетпеуі үшін жерді жыртудың неше түрлі жолдары бар. Жерді тыңайту мақсатында алқапты қазан айында жырту керек. Сонда топырақ суға бөгіп жатады. Зиянкестер қырылып қалады. Әрі күзде жыртылған жерге тұқым себілсе, ол екі-үш есе өнім береді. Тұқымшаруашылығына түбегейлі жаңа көзқарас керек. Өйткені әр өңірде топырақ құрамы әртүрлі.

Мысалы, елімізде шетелден әкелген жүгері тұқымын өсіріп жатыр. Ол Жетісу өңірінде жақсы өнім береді, ал сортаң топырағы бар аймақтарда шықпайды. Тұқымшаруашылығымен айналысып жатқан ешкім жоқ. «Бұл сала қалай болып жатыр?» деп бір адам ынта білдірмейді. Ел бойынша тұқымшаруашылығымен айналысатын 6-7 зерттеу институты бар. Бұл ұйымдарға жаңаша талап қойылуы керек. Олар әр өңірдің табиғатына қарай өсетін өнімдерді анықтап, ұсынуы қажет. Бізге солтүстікте жақсы өнім алынатын тұқым жарамайды. Оңтүстіктің өз жерінде өсірілген тұқым керек. Мысалы, қазір жоңышқаның Түркияда шыққан өнімін әкеліп егуде. Ол біздің табиғатқа келе ме, келмей ме? Анықтаған адам жоқ.

Бұл ретте бірнеше ұсынысым бар. Тұқымшаруашылығына Үкіметтің бөлетін жеңілдетілген несиесі бар. Он жыл көлеміне техника, тұқым және тыңайтқыштар алуға қаржы қарастырылған. Бұл жұмысты жүйелі жүргізіп, шаруаларға қолжетімді ету қажет. Өйткені әркім өз күшімен ауқымды іс тындыра алмайды. Арық, атыздар да тозған, су дұрыс жүрмейді. Бір жерге тұрып қалған су бұзылып, аталған жерге неше түрлі жәндіктер, құрттар пайда болып, кейін ол егіс алқабына таралады. Шыққан өнімді жеп қояды. Зиянкестер содан пайда болады. Тұқымшаруашылығына ерекше көңіл бөлінуі қажет. Тұқым жақсармай, сапалы өнім алынбайды. Тұқымшаруашылығымен айналысатындарға субсидия бөлінуі керек.

Шаруалар екі-үш гектардан жер алады. Алайда біреуінде де заманауи техника жоқ. Бұрынғы техникалары мүлдем ескірді. Лизинг бойынша алудың жаңа тәсілдерін қарастырған жөн. Ең қиыны, лизингке алу үшін шаруаның кепілдікке қоятын жылжымайтын мүлкі болуы тиіс. Көп жағдайда кепілдікке қоятын мүлкі болмайды. Ауылдағы үйінің құны түкке де жетпейді. Жаңа техника он жылдай жақсы жұмыс істесе, шаруа қарызынан толық құтылады. Сонда ғана сапалы өнім алуға болады. Айталық, қазір қант қымбаттап кетті. Оның тапшылығын болғызбай, бұл мәселені шешудің жолы – қант қызылшасын өсіруді дұрыс жолға қою. Ал оны өсіру оңай емес. Соған қажетті барлық техникаларды алып, зауыттарды іске қосу керек. Қандай өнімді де өзіміз де өсіріп, халық сұранысын қамтамасыз еткенге ештеңе жетпейді. Сондай-ақ май өндіретін дәнді дақылдарды да көптеп өсіру қажет. Мұның бәрін мемлекеттік деңгейде қарастыру қажет.

Қуатбек Аймен,

агроном, еңбек ардагері

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар