ЦИФРЛЫҚ ДӘУІРДЕГІ МЕДИА ӘЛЕМ
Кейінгі жылдары цифрлық медиаға қатысты зерттеулердің өзектілігі артып келеді. Себебі цифрлық технология медиаиндустрияға көп өзгеріс әкеліп, барлық салада бірінші орынға шықты. Бұл мәселеге қатысты медиа мамандар мен зерттеушілердің ой-пікірлері сан алуан. Жаңа медианың бүгінгі сипатына қатысты деректер мен болжамдарды «Reuters» журналистика институты «Журналистика, медиа және технология трендтері мен 2024 жылға арналған болжамдар» атты зерттеу есебінде де жариялады.
Зерттеу барысында 56 елде сауалнама өткізіліп, медиа саласының қазіргі және болашақтағы даму бағытына болжам жасалған. Зерттеу әлемдегі жетекші ірі медиахолдингтердің бас редакторлары мен директорларының (жалпы саны 314 адам) цифрлық технологияларды қолданудағы кәсіби тәжірибесі мен практикасы және олардың сандық инновация бағытындағы медианың мүмкіндіктерін бағалау сауалнамасына жауабы негізінде әзірленген.
Сарапшылар өткен жылы редакциялардың бұрын-соңды болмаған кедергілерге тап болғанын айтып, оларды Украина мен Таяу Шығыстағы қақтығыстармен, әлемдегі климаттың өзгеруімен, пандемияның салдарымен және экономикалық дағдарыстармен байланыстырып отыр. Мамандар бұл ауыртпалық 2024 жылы да жалғасатынын жасырмайды.
Зерттеу көрсеткендей, сарапшылардың 47 пайызы осы жылы журналистиканың болашағына сенімді екенін айтса, 12 пайызы сенімсіздік танытқан. Журналистиканың болашағына алаңдаушылықты жыл сайынғы шығындардың өсуі, жарнамалық кірістердің төмендеуі және жазылымдардың азаюы, сондай-ақ саяси шешімдер мен қысымдардың артуымен байланыстырады. Сауалнамаға қатысушылардың үштен екісі (63 пайыз) әлеуметтік медиа трафигінің күрт төмендеуіне алаңдаушылық білдірген. «Сeartbeat» аналитикалық провайдерінің деректері бойынша, «Facebook»-тегі жаңалықтар сайттарының трафигі 2023 жылы – 48, ал «Twitter»-де 27 пайызға төмендегенін көрсетті. Бұл дегеніміз алдағы уақытта әлеуметтік медиада ақпарат таратудың алгоритмі мен әдісі өзгеретінін дәлелдейді. Әлемдегі ірі медиакомпаниялар тікелей байланыс арналарына назар аударатынын және әлеуметтік медиада ақпарат таратудың балама түрлерін іздеуге және тәжірибе жасауға ниетті екенін білдіріп отыр.
Əлеуметтік желілер мен алгоритм дəуірінде адамның назарына, уақытына талас туындайтыны сөзсіз. 2024 жылы медиа мамандары үшін басты жаңалықтардың бірі «WhatsApp» платформасындағы өзгерістер болуы мүмкін. Себебі «Meta» компаниясы «WhatsApp» пен «Instagram» желілерінде хабар таратудың қосымша арналарын дамытуды жоспарлап отыр. Бұл ақпарат тарататын сандық платформалар арасындағы бәсекелестікті одан әрі күшейтетіні анық.
Сауалнама нəтижелері көрсеткендей, «TikTok» және «YouTube» сияқты бейне желілерге деген қызығушылық жоғары болып қала бермек.
Сауалнама нəтижелері медиа сарапшылардың басым бөлігі, 64 пайызы бейне контентті көбірек жасауға көңіл бөлетінін көрсетті. Ал 52 пайызы ақпараттық бюллетеньдерді кеңейтуге және 47 пайызы подкасттарды түсіруге назар аударатыны анықталды.
Жасанды интеллект (ЖИ) құралдарын контент жасауға пайдалануға қатысты редакторлардың көзқарасы екіұшты екені белгілі болды. Респонденттердің жартысынан көбі жасанды интеллектті қолдану ең үлкен тәуекел және медиакомпанияның беделіне әсер етуі мүмкін деп санайды. Сондай-ақ зияткерлік меншік, құқықтық және этикалық мәселелерге қатысты сұрақтарды алға тартады.
Бірақ медиа сарапшылардың 56 пайызы жаңалық жариялау үдерісін автоматтандыру үшін жасанды интеллектті пайдалануға қарсылық білдірмейді. Олар ЖИ-дың осы бағытта қолданылуы маңызды деп есептейді. Ал зерттеуге қатысқан респонденттердің 37 пайызы ЖИ-ды ұсыныстарды жақсарту үшін және 28 пайызы коммерциялық мақсатта пайдалануға болатынын білдірген.
Биыл әлемнің ірі медиахолдингтері жазылушыларын сақтап қалу және көбейту үшін күн тəртібіндегі өзекті жаңалықтармен қатар, адамдарға қызық болатын түрлі контентті ұсынуға көбірек көңіл аударатыны да анықталды. Мысалы, ойындар, подкасттар, журналдар мен кітаптарға жазылымдардың толық қолжетімділігін қамтамасыз ету арқылы көбірек тұтынушы тартуды көздейді. Тіпті басқа редакциялардың контентін жариялауды да практика жүзінде енгізуді жоққа шығармайды.
Цифрлық технологиялардың ықпалынан әлемдегі ақпарат кеңістігі жылдам трансформацияланып жатыр. Бұл кез келген медиакомпанияларға, оның атқаратын қызметтеріне өзгеріс енгізуді талап етеді. Медиа өзгерген сайын цифрлық медиа тілін білетін, мультимедиялық, графикалық технологиямен жұмыс істеу әдістерін меңгерген кәсіби мамандарға сұраныстың одан әрі артатыны анық. Сондықтан қазіргі нарық талабына сай редакторлар да, журналистер де жан-жақты жетіліп, бұрынғы ақпарат таратушы қызметімен қатар, медиаиндустрия саласы ұсынатын жаңа технологиялармен, трендтермен бірге ілесіп отыруы қажет.
«Reuters» журналистика институтының бұл есебі аталған сала мамандарына, зерттеушілер мен қызығушы азаматтарға қажетті көмекші құрал бола алады. Медиа бағытындағы мұндай талдамалық зерттеулер саланың даму динамикасынан хабардар болып, отандық БАҚ-тың даму көрсеткішін бағалауға мүмкіндік беретін құндылығымен маңызды.
Жақсыбек ЖИЕНАЛИЕВ, Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы
Келесі мақала