Бойымызды ерекше елжіретіп, оқығанда есімізді тандырып жібере жаздайтын ғажап жырлар жазған ақынды Құдай қалай жаратты? Ол туғанда ақындық тағдырын онымен бірге жаратқан секілді. Яғни тағдыр әу бастан ақынды қиындықтарға кезіктіріп, ауыр азапқа салып, зар еңіретіп, ғұмырын күреспен өткізіп, өмір сапарын өксікпен өткізіп аяқтауды маңдайына жазған секілді.
Мұқағали Мақатаевтың «Бесік балағындағы жылан» атты поэмасында өзіне тиесілі тағдырдың шынайы көріністері суреттеледі. Дастандағы бесік балағындағы жылан – ақынға алғаш рет жолыққан тағдырдың символдық көрінісі болса керек. Жылан кейпіндегі тағдыр кейін адам бейнесінде жолығып, кездескен сайын ақынды аямай шағып, уын жіберіп әлсіретті.
Бірақ ақын бой бермеді, дауылпаз болып ағысқа қарсы жүзді. Ақынға тән асқақ қалпынан танбай, әр кездескен сайын тағдырын жылы қарсы алып, басына ақ құйып, ақ пейілмен шығарып салып отырды. Тағдыр ақынды қысқан сайын Мұқағалидың қаламынан бұрынғыдан да керемет, бұрынғыдан да көркем, адам жүрегін елжіретер ғажап жырлар туа берді, туа берді... Тағдырлы ақын поэзияны бар өнерден жоғары қойды. Оған піріндей сыйынып, барынша аялады. «Қасиетіңнен қара өлең, айналайын» деп ерекше тебіренді.
«Ақынмын деп қалайша айта аламын, Халқымның өзі айтқанын қайталадым» деуінде қаншама терең сыр, қаншама терең мағына бар десеңізші! «Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін» деп, поэзия әлеміне келгендігін айбынды үнімен жеткізді. Өлең өлкесінде жасаған сапары қаншалықты ауыр әрі азапты болса да осы нағыз ақындық тағдырды таңдап, өзін-өзі аямады.Ақындық жолда қанша азап көрсе де мыңмен жалғыз алысып, мыңдардың ішінде тұлпар болып самғады.
Жырдың жүйрігі болып, жалпақ жұртын таңғалдырды. «Поэзия – ғылым. Зерттеу керек. Адам өмірінің, адам жанының зерттелмеген, қалам тартылмаған несі қалды? Соны табу, соны зерттеу керек. Адам сезімін жан-жақты зерттейтін құдірет болса, ол – тек поэзия. Басқа ешқандай да ғылымның қолынан келмейтін шаруа бұл!» деп жазды ақын өзінің күнделігінде («Aq jol» газеті, 10 қараша, 2016 жыл). Поэзия деп аталатын ғылымды халықтың ұстазы атанған хакім Абайдан кейін дамытып, шырқау биікке көтеріп, «өлең – сөздің патшасы» екендігін дәлелдеп, «Туады, туады әлі нағыз ақын!» деп келешек көкжиегіне үміт артып, зор сенім білдірді.
Бұл әулиелік демей, не дерсің енді?! Тағдырдың ноқтасын басына салғызбай, асау мінез көрсетіп, ешкімге иіліп жалпаңдаған жоқ. Мұқағали жырларының бәрін қаламын қанына малып отырып жазды. Жанын сыздатқан әр өлеңін үлкен толғақпен тудырып, сергелдең күй кешті. Өз дәуіріне бар дауыспен үн қатты. Қоғамға қорғасындай ауыр да салмақты сөзін арнады. Ақындық мінезінен айнымады. Атағы мен қызметіне қарамай жағымпаздар мен жарамсақтарға, күншілдер мен екіжүзділерге шүйлікті.
Алайда шындықты шырылдап тұрып айтқан ақынды өмір сүрген қоғамы жақтырмады, үнемі шеттетумен болды. Көз майын тауысып жазған жауҺар жырлары лайықты бағасын алмай жүрегін сыздатты. Ал заманға икемделіп жан баққан талай пысықайлар кітаптарын шығарып, атақтарын алып жатты. «Әдебиетімізді арамшөптерден тазартатын күн туар ма екен?! Қайдам? Осы күнгі әдебиет нағыз таланттардың әдебиеті емес. Пысықтардың, жерлестер мен достардың, жағымпаздар мен қорқақтардың шатпағы. Әдебиеттің көкжиегіне өйтіп-бүйтіп бір алаяқ іліне қалса, ол өзі сияқты бір Санчо-сыншысымақты сүйрелей келеді», деп күйінеді жыр жампозы өзінің күнделігінде («Aq jol» газеті, 28 қаңтар, 2017 жыл). Жер бетіндегі жақсылық атаулының рақатын көруі тиіс хас таланттың маңдайы тасқа соғылып, далада сенделіп қалды.
Бала-шағасын асырай алмай, жұмыстан шет қалып, күйзелістің ащы дәмін татты. Аса ауыр жағдайға тап болған ақынды қолдап, жанашырлық танытқан адам болмады. Замандастары да ат-тондарын ала қашты. Жолым менің болмай жүр көпке дейін, Тағдырыма сондықтан өкпелеймін. Алды тартып, өмірдің арты теуіп, Ығыстырып тастайды шетке, кейін. Айбын, ашу, жоқ менде адам қанау, Менде жоқ жағымпаздық – табан жалау. Менде – төзім, сірә да, жүйкем менің, Өгіздің терісінен жаралған-ау. Жо, жоқ! Менің өкпем жоқ тағдырыма, Өміріме, өзіме – барлығына. Нан батырып жесем де ризамын, Көз жасымның бір тамшы қалдығына.
Жүректе қан, кеудеде жан тұрғасын, Көңілден күй, көзден жас сарқылмасын. Көз жасымен тағдырым суарылып, Жарқылдасын өмірім, жалтылдасын. Көтеріліп көңілім шарқ ұрғасын, Көз алдымда тағдырым қалтылдасын! Ішек үзілсін, домбыра сынсын мейлі, Шер тарқатар шемен күй тартылғасын! Таудай биік қыран ақын өз кеңістігінде кеңінен құлаш жайып, еркін самғады. Өмір сүрген аспаны аздық еткендей, бір мазасыз күй кешті.
Ол бұдан да биік заңғар көкті тіліп өткенді жаны қалады. Кеудесінде талантының тамыры бүлкілдей соғып, жанына, шалқыған шабытына тыным бермеді. Тұлпардай тыпыршып, өршіл өлеңдерін тоқтаусыз дүниеге келтірумен ғұмыр кешті. Алайда өр ақынды жүрегімен ұғатын, тиісті бағасын беріп, елеп-ескеретін, мадақтайтын жан баласы табылмады. Керісінше мүйіздейтіндер көбейіп, күн көрсетпеді. Момын едім, жақсы едім, ұяң едім, Аттап өттім олардың қия белін. Енді міне, қауқарсыз құр ашуды, Жия бергім келеді, жия бергім. Маңдайымнан сипайтын бір жан болса, Енді қалған өмірімді қияр едім. Жан-жағынан жанашыр іздеген ақын орта жолда тоқтап қалмады.
Өмір бәйгесінде қас жүйріктің екпінімен алдағы асқақ армандарына қол созумен аппақ арына кір түсірмеді. Жүректің лүпілі, жүректің қасіреті, жүректің сыры шығармаларының өн бойынан көрініп, оқырмандарына әрдайым ой тастап, толғандыра білді. Жан жүрегі сөйлеген сайын мынау дүниеде айбынданып, томағасын сыпырған қырандай қомдана түсетін. Жырдың тиегі ағытылып, шабыт әлемінде жүргендей сезінетін. «Әрбір жыры ақынның соңғы жыры, Соңғы жырды жазуға жүрек керек» деген сөздің ақын аузынан айтылуы да тегіннен-тегін емес.
Я, Жаратушы Аллам! Қолдай гөр, сүйей гөр мені, сүйей гөр! Қолдары да, қорғаны да жоқ жан ем. Жасаған ием! Құлап барам, сүйей бер! Пенделерге табына-табына болған ем. Жаратушы жалғыз ием, қуат бер, Азабымды, тозағымды жеңейін. Жаратушы жалғыз Ием, шуақ бер, Өзіме де, өзгеге де төгейін. Я, Аллам! Жаратушым, қорғаушым, Өзің – өмір, өзің – қуат, қорғансың. Іші өртенсін, дұшпандарым долдансын, Достарым кеп демесін бір, қолға алсын.
Я, Аллам! Адамдарға қас қылма, Сорлы қылма көк аспанның астында. Я, Аллам! Жауыздықтан сақтай гөр, Жамандыққа, жауыздыққа бастырма! «Мұқағали Алладан медет тілеп, ақырғы сөзін осылай жеткізген бе?» деген ойға да жүгінесің. «Айтып өткен ақында арман жоқ» деген ойдың шетін шығарған да дамылсыз соққан ақынның жүрегі болатын. Жаратушыдан жәрдем сұрап жалбарынған жанның мұңын қапысыз ұғасың.
Құдай беретінін мықты адамына беретінін, мықтысын қолдап, жарылқайтынын ақын жүрегі сезетін. Бірақ ұзақ өмір сүруді емес, жыр-тауын тұрғызып кеткен құлагер ақынға 45 жыл ғұмыр кешуді жазыпты. Жазушы ағамыз Несіпбек Дәутайұлы: «Мұқағали арлан ақын болып, ешкімге басын иген жоқ», деп жазды өзінің «Ойынды еті он бөлек» атты кітабында. Шындығында, бұл теңеумен келісуге болады. Арлан қасқыр секілді өз азығын өзі іздеп табатындығын меңзеген секілді.
Бәрінен түңілгенде арлан болып, керек-жарағын өз күшімен, өз ақыл-парасатымен таппағанда, енді қайтсін? Жәрдем беретіндер жоғалғанда жолға шықпағанда, басқа не істемек? Алматыда ҚазМУ-дың 2-курсында оқып жүрген кезіміз. Пір тұтып, атына қанық болған біз ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың жаңа жыр жинағы шығыпты дегенді естігенбіз. «Аққулар ұйықтағанда» атты кітабы қолымызға тимесе де көруге құмартып жүрдік. Ақындықтың ауылына бет бұрған курстас жігіттер Мұқағалидың лапылдаған өлеңдерін жатқа айтып, жаңа жинағынан сыр шерткенде ұйып тыңдап қалатынбыз.
Тезірек сол кітабына қол жеткізіп, өлеңге деген шөлімізді қандыруға асығып жүрдік. Бір күні курстасымыз Жәнібек Кәрменов Мұқағали ағамызды корпустың алдында қарсы алып, қолтығынан ұстап, сабақ өтіп жатқан аудиторияға алып келмесі бар ма. Стилистикадан дәріс оқитын Бари Манасбаев ағайдың лекциясы болатын. Үзіліске шыққан бетіміз еді. Кең иықты, тау тұлғалы, келбеті кісі қызығарлық, қою қалың қара шашты, арыстандай айбатты арлан ақын алшаң басып аудиторияға кіріп келді. Қолтығында «Аққулар ұйықтағанда» атты кітабының бір бумасы бар. Мен Мұқағалиды бірінші рет жақыннан көрдім.
Ақынға тән мінезді байқадым. Жасқану, имену деген жоқ. Даусы ашық, таза, саңқылдап сөйлеп тұр. «Қарақтарым» деп бастағаннан соң біз де иіліп ақынға құрмет көрсеттік. Жаңадан шыққан кітабына байғазымызды беріп, қолтаңба беруін өтіндік. Арқалы ақын жарқылдап, мәре-сәре болып қалды. Бір-бірлеп атымызды сұрап, қолтаңбасын беріп жатыр. Біз оны қоршап алғанбыз, жібергіміз келмейді. Сұрақ қойып, әрнәрсені білгіміз келеді. Ақын жазып жатыр, сұрақтарға да жауап беріп үлгеруде. Бір кезде сабаққа қоңырау соғылды. Ұстазымыз Бари Манасбаев ақынды көріп, тіксініп қалды. Сөйлегісі келіп тұр, бірақ сөйлей алмайды. Наркескендей өткір ақынның мысы басып тұрғаны анық білінді.
Ары-бері қипақтап, кінәлі баладай жүрді де қойды. Шыңға қонған қырандай жан-жағына барлай қарап, қақпақтай жауырынымен бір партаны жалғыз өзі жаулап алып, жыр жинағына маржандай сөздерін тізбектеп жазған қазақтың тұлпар ақыны ешкімге мән берер емес. Мына дүниеде өзінен басқа мықтыны сезбегендей еркін отыр. Аласа бойлы, шағын денелі оқытушымыз ақынға естіртпей, жіңішке даусымен жайлап қана біздерге: «Сабақты бастауымыз керек қой», дегенге шамасы келді.
Бұл кезде Мұқағали ағамыз қолтаңбасын аяқтап қалған еді.Мұғалімнің келгенін байқаған болуы керек, жайлап орнынан көтерілді. Шетте тұрған оқытушыға қарап, онымен амандасты. Бари ағамыз ақынның бетіне тура қарай алмай, сасқалақтай берді. Өзін ыңғайсыз сезініп, ары-бері теңселе берді. Міне, нағыз ақын. Қырандай қанатын қомдап, биікке самғағысы келіп тұрғандай көрінді бізге. Жүзі нұрланып, еңсесі биіктеп, керемет күйге түскендей болып тұрды. Біз ақыннан көзімізді алмаймыз.Тұлғасына, бітіміне тамсанып тұрмыз. Ақын сөйлегісі келетіндей. – Сендерге лекция оқып берсем бе екен? – деді бір кезде ақын. Сосын Бари ағайға қарады. Ол ештеңе демеді. – Егер ағайларың рұқсат етсе, менің оқитын лекциям бар, – деді.
Сөйтті де шетте тұрған ұстазға қарап, одан жауап күтті. Дәріс беретін ағай қипақтай берді. Жауап бермек түгіл, үн шығармады. – Менен алатынды алып қалыңдар, мені қанша жүреді дейсіңдер? Айтып өткен ақында арман бар ма, жүрегінің түбіне кір жасырмай, – деді бір кезде ақын ойлы көзбен бізге қарап. – Менің үміт еткендерім сендерсіңдер. Абай жаққан бір сәулені сөндірмей, сендерге аманаттап кетсем деген ақындық аппақ арман бар менде, – деп ойын жалғады. Азығын іздеп жүрген арлан ақын иығын қомдап, алға қарай қозғалып, көкейдегі түйдектелген ойларын ақтарып айтқысы келетіндей. Отты жанарымен бүгежектеп жүрген оқытушыға тағы бір барлай қарады. Ол торда қамалған аңдай шарасыз қимылдаудан басқа ишарат білдірмеді.
– Жарайды, уақыттарыңды алмайын. Құрметтеріңе ризамын. Үлкен азамат болыңдар! – деп есікке қарай беттеді. Міне, осы оқиға әлі күнге дейін есімнен кетпейді. «Мұқағали ақын не айтқысы келді екен, бізге нені жеткізбек болды екен?» деген ой жиі мазалайды. Мүмкін артынан ерген іні-қарындастарына, күллі жастар қауымына, жалпы қалам ұстаған ұрпағына ұлағатты ойларын, өсиет-арманын айтып, өзінің жүрек түкпірінде сақтаған аманатын тапсырып, көзі тірісінде ақ батасын беріп кеткенді жөн санады ма екен?! «Бари ағайымыз неге рұқсат бермеді?» деп те қоямын. «Жоқ, қызғанды ма? Ақынның лекциясынан кейін мені жек көріп кетеді» деп сескенді ме екен? Ақын кеткеннен кейін лекцияны тыңдауға зауқым соқпады. Көпке дейін ақын бейнесі көз алдымнан кетпей қойды. Оның тағдырын ойлап, өлеңдерін жаттаумен болдым. Өзінен-өзі жатталатын өлеңдері неткен мөлдір, неткен керемет! Ол менің жатпай-тұрмай оқитын ақыныма айналды. Қолым қалт еткенде жыр көгінде қырандай самғаған саңлақ ақынның өлеңдеріне бас қоямын.
Мен оның жырларынан рухани ләззат, рухани күш аламын. Иә, ақын ұстаз да бола алады. Ақын да ұстаздың алдынан өткен. Мұқағали секілді ғажап ақынның тағылымды тәлім-тәрбиесін, ақыл-парасатын тыңдаудың өзі рухани дүниемізді барынша байытып, үлкен әсерге бөлейтінін айтсам да болатын шығар. Университетте оқыған бес жылда елге мәшҺүр болған талантты ақынымыздың шығармашылық кешінің немесе арнайы кездесу-жүздесулердің куәсі болған жоқпыз. Соған қынжыласың. Тірі кезінде ақынын қадірлей алмағанымызға өкінесің. Асқан дарыны мен талантын көре алмай, қызғаныштан іштері күйген кейбір бейшаралардың болымсыз бақталастығына күйінесің. Әдебиет төңірегінде жол бермей аяқтан шалған, тасада тұрып тас атқан кейбір жарымжан шала жандардың шарасыздығына опынасың.
Тау тұлғалы арқалы ақынымыз солардың сорлы әрекеттеріне пысқырып та қарамастан, асқар таудай бойын асқақ ұстап, жалынды жырларымен жалпақ жұртының жүрегінен орын таба білді. Екі жылдан кейін қазақтың тұлпар ақыны дүниеден өтті. Ақынның өзі айтқандай, біз Мұқағали ағамыздан алатын нәрсені ала алмадық. Бес-он минут сөйлеуіне мұрсат бермедік. Қазақстан Жазушылар одағы да Мұқаңды жиындарына шақыра бермейтін. Бәрінен шет қалып, жаны қатты қиналғанда сол кездегі қазақ елінің басшысы Дінмұхамед Қонаевқа жәрдем және араша сұрап, арнайы хат жазғанын білеміз. Өкінішке қарай, ол хатына да тиісті жауап алмады.
«Ақынның өлгенін естіген емеспін» деген сөзді Мұқаңның өзі айтып кеткен. Иә, ақындар өлмейді. Ақынның: «Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев, Өлтіре алмас алайда өлеңді ешкім» дейтіні, ұлы ақындар рухының мәңгі жасайтынын меңзеп тұрған жоқ па?! Батар күн, Келер түн, Атар таң, Шығар күн, Бәріңе, бәріңе, бәріңе құмармын! Осы мен осылай мәңгілік тұрармын, Осы мен, сірә да, өлмейтін шығармын! Жақындық сеземін – Жерден де, аспаннан. Жылылық сезінем – Мұздардан, тастардан. Өмірім, сірә да, әріден басталған, Әріден басталып, мәңгіге тасталған. Осы мен өлмейтін, өлмейтін шығармын, Сәл ғана мызғып ап, қайтадан тұрармын.
Мұқағалидың өзі айтқандай, бұл дүниеде асқақ рухымен бізбен бірге мәңгі өлместей ғұмыр кешетіні анық. Ақынның 90 жылдығында өзі туып-өскен Нарынқолда Мұқағали ағамыздың еңселі ескерткіші бой көтерді. «Осы мен өлмейтін шығармын» дегені айдай ақиқатқа айналды. Ол туған жерінің төсінде жарық дүниенің әдемі сәулесін жарық күндей жарқыратып, аспан әлемінен бізге қарап тұрған сияқты.
Мақұлбек Малдарбеков,
Қазақстанның Құрметті журналисі