Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жігері мықты Жамал

Жігері мықты Жамал
Ашық дереккөз
Бұл жалғанда төрт құбыласы сай болып өмірден өтетіндер ілуде біреу ғана шығар. Әйтпесе өмір қиындықсыздан, тағдыр тауқыметсіздіктен тұрмайды. Біреу қолының кірі болмай, дүниенің жетіспеушілігінен ашқұрсақ өмір сүрсе, тағы бірінің мал-мүлкі болғанымен денсаулығында ақауы болуы мүмкін. Біреу арқа сүйеген азаматынан айырылып, бала-шағасын жеткізуі үшін ауыртпашылықпен күн кешсе, кейде адамдар арасында әділетсіздіктің құрбаны болып, қуғынға түсіп, жазықсыз жазаланып жататындар да бар.

 Пенде болғаннан кейін әр адам әртүрлі жағдайда өмірдің сынағын бастан осылай өткеріп жатады. Дегенмен арамызда жүрген туабітті тағдыр тауқыметін тартқан немесе жұмыс барысында немесе басқа да оқыс жағдаймен денсаулығына зақым келген жандар қаншама? Денсаулығы бар, бірақ өмірдің түрлі соқпағында сыналғандарды жұрт «тағдырлы адам», «тағдыр тауқыметін тартқан» деп іштей мүсіркегенімен мүгедектігі бар адамдардың қасында олардың көрген қорлығы, бастан өткерген қиындығы уақыт емдеп жазарлық жағдай.

Не десек те мүгедектігі бар адамдардың бойында өмір сүруге деген талпыныс пен құштарлық, мұқалмас қажыр-қайрат, мақсат-мүдде өте жоғары болатынын мойындауымыз керек. Олар денсаулығы бар, бірақ іштей күйзеліске ұшыраған адамдарға қарағанда қиындыққа қарсы тұруға қабілетті. Осы қасиет оларды сынып кетуден сақтайды.

Біз сөз еткелі отырған Жамал Бегалиева да сындарлы сәттерде мойымай, қиындыққа қарсы тұра білген жан. Тағдыр тауқыметімен бір иығынан төмен қарай сол қолынан айырылған кейіпкеріміз оған дейін де мына өмірде аз қиыншылық көрмепті.

– 1961 жылы Шығыс Қазақстан облысының Марқакөл ауданындағы Ақбұлақ ауылында дүниеге келдім. 1979 жылы орта мектепті бітіріп, 1980 жылы Алматы облысының бұрынғы Қаскелең мәдени-ағарту училищесі, қазіргі Қаскелең мәдениет колледжіне оқуға түстім. 1980 жылы Кенжехан Бегалиев есімді азаматпен көңіл жарастырып, Меркі ауданының Талдыбұлақ ауылына келін болып түстім. Ол қарапайым жұмысшы болып еңбек етті.

Өзім 1983 жылдан 1990 жылдарға дейін аталған ауылдық клубта меңгеруші болып жұмыс істедім. Одан кейін КСРО бойынша қаржылық дағдарыс елімізді қыспаққа алып, жұмыс орным да қысқарып кетті. Сол кезде жан бағу үшін отбасымызбен Алматы қаласын барып паналадық. Бір ұл, бір қыз тәрбиелеп, ел қатарлы өмір сүріп жатқанымызда 2006 жылы күйеуім жол апатынан қайтыс болды. Бір жылдан кейін мен де жол апатына ұшырап, сол қолымнан айырылдым.

2008 жылға қарай маған өмірбойғы ІІ топтағы мүгедек санаты берілді. Өзімнің денсаулығымда кінәрат, балаларым жас болған соң Талдыбұлақ ауылына қайта оралдым. Қазір қызым Алматы қаласында өзінің отбасымен тұрып жатса, 23 жастағы ұлым да аталған мегаполисте еңбек етіп жүр, – деді Жамал Байсекқызы. Ж.Бегалиева бір кездері мемлекеттен қайтарымсыз қаржы алып, түйетауық өсірумен де айналысыпты. Мүгедектігінен бөлек жүрек ауруы ақауы, қан қысымының жоғары болуы бұрынғыдай шалт қимылдауға мүмкіндік бермегендіктен аталған кәсібін уақытша тоқтата тұруға мәжбүр болған.

– 2019 жылы «Көпбалалы аналар, аз қамтылған отбасылар, мүгедектігі бар азаматтар және халықтың басқа да осал тобына жататындар мемлекеттен қайтармсыз қаржы алып жатыр» дегенді елден естіп, сол кездегі Меркі аудандық халықты жұмыспен қамту орталығына бардым. Ондағы мамандар ақыл-кеңесін, тиісті бағыт-бағдарын берді. Осылайша «Атамекен» ұлттық палатасының аудандағы филиалы арқылы «Бизнес Бастау» жобасы бойынша оқыту курсынан өттім.

Ол кезде қазіргідей онлайн курс емес, біз бизнес тренерлерден көзбе-көз тілдесіп, сөзбе-сөз білім алдық. Маған кәсіппен айналысудың қыр-сырын Нұрлан Дулатұлы есімді жас жігіт үйретті. Бизнес-жоспарды қалай құру керектігін үйретіп, нарыққа болжам жасап, қай бизнес түрі қыспақтан алып шығатынына дейін санамызға құйды. Сол жылы тамыз айында Тараз қаласына барып, облыстық кәсіпкерлер палатасында өз бизнес-жоспарымды сәтті қорғап, артынша қолыма 505 мың теңге грант тиді.

Ол қаражатқа ірілі-ұсақты, арасында қара қанат бола бастаған балапандары бар 70 түйетауық пен олардың тиісті дәрі-дәрмегін, дәрумендерін, жемін сатып алдым. Бір жыл арнайы қора салып, 70 түйетауықты ауылдағы үйде ұстадық. Бірақ бұл өте азапты, машақаты көп жұмыс болды.

Өйткені түйетауық көктемнен қара күзге дейін мал секілді үйден ұзап жайылғанды жақсы көреді екен. Екінші жылы көршіммен сөйлесіп, үй құстарын оның Аспара ауылы аумағындағы фазендасына алып барып бақтық. Менің бір байқағаным, түйетауық шегіртке шыққан кезде семіреді екен. Көршіме рақмет, малына деп алған жемшөбінен менің түйетауықтарыма да тегін беріп тұрды, біз жоқта өз малындай қарады. Семіртіп, салмақ жинағандарын сойып, келісін мың теңгеден өткізіп, орнына қайтадан балапан сатып алып, істі дөңгелетіп жаттық.

Негізінде түйетауық балапан кезінде өте нәзік болады. Түйетауықтың өзі жұмыртқадан басып шығарған балапандарын болмаса, инкубатор балапандарды алуға болмайды екен. Мен бір мәрте сондайға ұрындым. Олардың екі күнде біреуінің мойны мен қанаты салбырап, ауырып тұрады. Оны мал дәрігерін шақыртып емдеп, күтуің керек. Ол ауруынан айығып кетсе мейлі, ал өліп қалса, ішің удай ашиды екен. Одан кейін тек балапанын соңына ертіп жүрген түйетауықтарды сатып ала бастадым. Бұл құстың бір серті бар.

Егер арасында біреуі ауырып тұрса, қалғандары оны жабылып шоқып, өлтіріп тастайды. Осы тектес түйетауықтың ерекшеліктері мен күтімін үш жылда бір кісідей меңгеріп шықтым. Түйетауықтың үлкендері сол кезде 20 келіге дейін ет беріп жүрді. Одан кейін менің денсаулығым сыр беріп, бұл іспен айналысуым қиындай бастады, қасымда қолқанат болып жүрген ұлым да Алматыға жұмысқа тұрып кетті. Амал жоқ, барлығын өткен бағасына сатуыма тура келді. Алдағы уақытта бәрі қалпына келіп жатса, осы кәсіпті қайта жалғастыруға болады. Өйткені бұл кәсіптің мен пайдасын көрдім және жинаған тәжірибем жеткілікті, – деді Жамал Байсекқызы. Жамал Бегалиева бүгінде «денсаулығым сыр берді» деп қарап отырған жоқ. Ол зейнетте болса да қоғамда белсенділігін төмендетпеді.

– Меркі ауданындағы №35 жалпы орта білім беретін мектепте қамқоршылық кеңес төрайымы болып, қоғамға қызмет етіп жатырмын. Бұл ақы төленбейтін жұмыс болғаннан кейін жұртшылық онша көңіл бөле бермейді. Әрине, қамқоршылық кеңестің төрайымы болуды қызмет деп санайтындар да бар. Ең бастысы, біздің де жұмысымыз бала тәрбиесі мен оның жағдайына, біліміне тікелей қатысты. Мысалы, біз оқушылардың құқықтарының сақталуына, білім беру мекемелерінің шотына түсетін қайырымдылық көмектің жұмсалуына қоғамдық бақылау жасаймыз. Қайырымдылық көмек түрінде білім беру ұйымдарына түскен қаржыны бөлуге қатысамыз.

Ауылдағы азаматтардың отбасына, жетім және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды орналастыру мәселелері жөнінде шараларды жетілдірумен айналысамыз. Білім беру жұмысында кемшіліктер анықталған жағдайда тиісті ұсыныстар береміз. Жетім және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға, аз қамтылған отбасы балаларына ыстық тамақ беру, олардың бұл мәселемен қай деңгейде қамтылып отырғаны туралы тиісті тараптың есебін тыңдаймыз. Мектеп қызметінің мәселелері бойынша конференцияларға, кеңестерге, семинарларға қатысамыз.

Білім беру ұйымының қызметімен, білім беру ұйымындағы білім алушыларға және тәрбиеленушілерге жасалған жағдайлармен танысып, мектеп психологін қатыстыра отырып, олармен әңгімелесеміз. Әлеуметтік-мәдени, сауықтыру және дамыту іс-шараларын өткізуде мектепке көмек көрсету, баланың сапалы білім алуына жәрдемдесу ісіне белсене араласамыз. Мектепте оқушылардың білім алуы мен тәрбиеленуін лайықты қамтамасыз етудің жайын, қауіпсіздігін назарда ұстаймыз.

Жетім және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды, аз қамтылған оқушыларды жазғы сауықтыру лагерьлерімен қамтамасыз етуде әділ шешім қабылдау ісінің басы-қасында боламыз. Осы секілді бізге де жүктелген міндеттер жетерлік. Бұл тұрғыда мен ұрпақ алдында қолымнан келгенін жасап жатырмын деп ойлаймын, – деді ол. Кейіпкеріміз іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі ретінде түрлі жиындарға да қатысып тұрады. Бір кездері Астана қаласына дейін барып, түрлі форумдардың куәсі болған. Жігері мықты жан әлеуеті жетіп тұрса, қандай жағдайда да кісі еңбектенсе, бейнеттен қашпаса, кітап оқып, жақсы адамдармен бір сәт әңгімелессе, ол адамның жүрегі ешқашан қараймайтынын, өмірге деген құлшынысы артатынын сөз етті.

Нұрым Сырғабаев 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар