Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қос қанатымыздың бірі - өнер бірі - отбасы...

Қос қанатымыздың бірі - өнер бірі - отбасы...
Ашық дереккөз
«Отан – отбасынан басталады» деп жиі айтамыз. Алайда Отанымыздың дамуына, гүлденуіне қандай үлес қосып жүргенімізді бір уақыт ойланып көрдік пе?! Иә, кей адам Отанына өнерімен, бірі табысты бизнесімен, тағы бірі қарапайым еңбек адамы ретінде қызмет етіп жатады. Міне, сондай жандардың бірі – Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының артисі Бексұлтан Әлекешовтің отбасы.

Бексұлтан Саматұлы 1994 жылы 27 тамызда Тараз қаласында дүние есігін ашып, орта мектепті бітіреді. 2016 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетін «Мәдени-тынығу жұмысы» мамандығы бойынша тәмамдағаннан кейін облыстық қазақ драма театрына жұмысқа орналасады. Сөйтіп жүргенде сері жігіттің көзі алыстағы аруға емес, жақындағы сұлуға түседі. Ол – қарлығаштың қанатындай қияқ қасты, сөзінен бұрын ісі жылдам көрінетін, өзінің қызметтес серігі Әсем Қондыбаева еді.

 

Ажарына ай ұялағандай ару Бексұлтанның жүрегін бірден жаулап алады. Сонымен махаббаттың алдында дәрменсіз екі жан отау құрады. Қазіргі таңда екі жас та облыстық қазақ драма театрында қызмет атқарады. – «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген дана қазақтың сөзі бар ғой. Біз де бірімізді-біріміз кезіктіргеннен кейін бірден отау құруға бекіндік. Әрине, Әсемді бұрыннан сырттай бақылап жүретінмін. Кейін жақыннан тануға мүмкіндік туды. Сол аралықта оның бойындағы көптеген артықшылықты байқадым. Ең бастысы, оның махаббатқа аса жауапкершілікпен қарайтынын сезіп, өзімнің болашағымды онымен байланыстыра бастадым. Қазір отбасы болып бір үйде, ата-анамыздың қасында тұрып жатырмыз. Меніңше, әрбір шаңырақ иесі, ең бастысы, бір-біріне сенім арта білуі керек. Сонымен қатар бірінің тағдырын бірі аманатқа алып тұрмын деп ойлауы тиіс. Сонда ғана ортақ жауапкершілік болып, ынтымақтарына сызат түспейді деп ойлаймын, – дейді Бексұлтан Саматұлы.

Бексұлтан Әлекешов облыстық қазақ драма театрында 2017 жылдан бері актер болып қызмет атқарып келеді. Содан бергі уақытта тұрақты ізденісі мен қажырлы еңбегінің нәтижесінде актерлік шеберлігін арттыруға ынта-қабілеті зор, барлық тапсырмалар мен жүктемелерді, сондай-ақ берілген рөлдерді орындауда біліктілігі мен жауапкершілігі жоғары өнер иесі ретінде көзге түсті. Ол тек соңғы үш жыл уақыт аралығында көптеген басты, негізгі кейіпкер бейнесін сомдап, өзін толық қалыптасқан актер ретінде танытты.

Бір сөзбен айтқанда, Бексұлтанның бір қанаты – отбасы, енді бір қанаты – өнер. Ол актерлік шеберлігін шыңдау үшін тұрақты түрде ізденіс жасап жүретін еңбекқор актер. Аға буын өнер иелерін ұстаз тұтып, олардан актерлік техниканың әр алуан элементтерін үйренуден жалықпайды. Өзі де кейінгі буын жас актерлер қатарынан шәкірттер тәрбиелеп, өнегелі ісімен танылып келеді.

Тіпті ол соңғы жылдары облыс әкімінің, Қазақстан Театр қайраткерлері одағының, облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының, театр басшылығының және облыстық кәсіподақ комитетінің Құрмет грамоталарымен, алғыс хаттарымен марапатталды. Бұл өз кезегінде оның қаншалықты белсенді әрі шебер актер екенін көрсетсе керек. Ал жары Әсем Жұмахметқызы болса, 1997 жылы 26 маусымда Тараз қаласында дүниеге келген.

2018 жылы Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжін «Сөйлеу жанрының артисі» мамандығы бойынша бітіріп, 2021 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде «Мәдени тынығу» мамандығы бойынша жоғары білімін жалғастырған. Қазіргі таңда ол түрлі жанрлардағы қойылымдарда әр алуан болмысты қыздар образын режиссерлік шешімге сәйкес шебер шығара алатын талантты жан. Сахна төрінде ол сомдаған Айша бибі, Ақтоқты, Еңлік, Топыш ханым, Айдана Айдарбекқызы, Айсұлу, Гүлназ бейнелері кейіпкердің іс-қимылы мен келбетін, бітім-болмысын өте жанды әрі сенімді шығуымен ерекшеленіп, көрерменін тәнті етіп келеді.

Ол өзіне берілген рөлдерді орындауда біліктілігі жоғары, жауапкершілігі мол өнер иесі. Енді отбасылы болып, бір мойнына екі саланың жүгі артылып отырған Ә.Қондыбаева өзі үшін бірінші орында шаңырағы екенін айтады. – Жанұяның жауапкершілігі ең бірінші әйел адамға түсетін сыңайлы.

Әрине, жұбайым да актер болғандықтан сахнадан алыстай қоймаспыз, бірақ мен үшін бірінші орында отбасымның міндеттерін адал атқару тұрады. Бұйырса, алғашқы сәбиімізді күтіп жүрміз. Әрі ата-ана ризалығын алу деген парызымыз да бар. Міне, осылардың бәрін алдағы уақытта адал атқарамын деген сенімдемін. Әрі жолдасымның өнерде өз жолын салып, болашақта қазақтың белді актерлерінің бірі болуына тілектеспін, қолдау көрсетуге қашанда дайынмын, – дейді Әсем.

Иә, біз кейде өнер, жұмыс деп шапқылап жүргенде ең маңызды деген құндылықтарымыздан айырылып қалып жатамыз. Шын мәнінде, адам баласы үшін өз отбасынан, бала-шағасы мен жан жарынан асқан жанашыр да, бақыт та жоқ. Кейде өмірдің қалтарыс-бұлтарысында көп жүріп, асыл құндылықтарымызды көлеңкеге қалдырып қоятынымыз жасырын емес. Сондықтан да Бексұлтан мен Әсемнің өмірі өзі қатарлас көп жастарға үлгі болады деген сенімдеміз.

Шапағат Әбдір

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар