Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жұдырықтай жұмылған Жүзбаевтар

Жұдырықтай жұмылған Жүзбаевтар
Ашық дереккөз
Қазақ халқы отбасы құндылығына ертеден-ақ ерекше мән берген. «Отбасының өнегесі – Отан өнегесі», «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деген сияқты мақал-мәтелдер соның айғағы. Яғни ұлтты өзгеден ерекшелеп, оның болмысын сақтауда отбасының рөлі бірінші орында тұрған.

 Аудандағы мерейлі отбасылардың бірі – Көкбастау ауылдық округіне қарасты Көктөбе ауылындағы Жүзбаевтар әулеті. Әулеттің отағасы Оралбек Тұрысұлы 40 жылдан астам уақыт ұстаздық қызмет атқарса, оның 16 жылында Көктөбе ауылындағы №30 Көктөбе орта мектебіне басшылық жасады. Оралбек Жүзбаев 1958 жылы Көктөбе ауылында өмірге келген. Әкесі Тұрыс көзі ашық, оқыған адам болған.

Ол кісі өз жылдарында колхозда, совхозда зоотехник маманы болып жұмыс істеп, зейнетке шыққан. Ал анасы Айпен бес баланы өмірге әкеліп, аман қалған үшеуін тәрбиелеп, өсіріп, үй шаруасында болған.Оралбек Жүзбаев орта мектепті бітіргеннен кейін Шымкент қаласындағы гидромелиоративтік техникумға оқуға түседі.

Оқуды аяқтап келіп, Отан алдындағы борышын өтейді. Әскерден оралған соң Жамбыл педагогикалық институтына сызу, сурет және еңбек мамандығы бойынша сырттай бөлімге құжат тапсырып, мұғалім мамандығын алып шығады.

Еңбек жолын өзі алғаш білім алған №30 Көктөбе мектебінде бастайды. Оралбек Тұрысұлы өзін жақсы қырынан көрсете білді. Сол кездегі мектеп басшысы жас маманның білімін, ұйымдастырушылық қабілетін бағалап директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары етіп тағайындайды.

Бірақ уақыт өте ауылдағы мектеп жабылып, оқушылар Теріс ауылындағы С.Сейфуллин атындағы орта мектепке қатынап оқиды. Қыс мезгілінде қатынап оқыған оқушылар үшін қиындық туғызады. Ауыл тұрғындары мен ұстаздары ауыл мектебін қайта ашу керектігін түсініп, өздері бар күштерін салып 1994 жылы Көктөбе орта мектебінің қайтып ашылуына ұйытқы болады. Сол жылдан бастап Оралбек Тұрысұлы осы мектептің директоры болып тағайындалады.

Білікті де білімді ұстаз аталған мектепке табан аудармастан 16 жыл басшылық етіп, білім саласының дамуына өз үлесін қосады. Ол білім шаңырағында білім сапасының артуына ерекше мән беріп қана қоймай, ұстаздардың әлеуметтік жағдайына, жеке психологиялық ахуалына баса көңіл бөлді. Көптеген талантты жас ұстазды ізденімпаздыққа, еңбекқорлыққа тәрбиелеп, биік белестерге жетелейді.

Оралбек Жүзбаев №30 Көктөбе орта мектебіне басшылық еткен жылдары мектеп ҰБТ қорытындысы бойынша жоғары көрсеткішті көрсетті. Басшының білімі мен тәжірибесі ескеріліп, көптеген марапатқа ие болды. – Ұстаздық – ұлы мамандық. Нағыз ұстаз болу үшін, ең бірінші, мамандығына деген сүйіспеншілік пен адалдық керек.

Мен қазіргі жас мамандарға шыдамдылық пен төзімділік тілеймін. Ұстаз әрбір баланың жүрегіне жол тауып, қызығушылығын оята білсе, бала сабақтан бір нәрсе болса да үйренсе – ұстаздың жетістігі осы.

Қазіргі таңда оқушыларды ғылыми-зерттеу жұмысына көбірек тарту керек. Өйткені зерттеу жұмысы баланың ой-өрісін дамытады.Балаға ата-ана тарапынан да қадағалау, қолдау керек. Небір талантты балалар бар. Ұстаз бала бойындағы қабілетті байқап, аша білсе, ұстаз үшін үлкен жетістік – осы, – дейді ардагер ұстаз. 2005 жылғы қыс мезгілі тұрғындардың әлі есінде шығар. Сол қыста қар мөлшерден тыс көп жауып, аудандағы кейбір білім ошақтары қалың қарға дес бермей, шатырлары қираған болатын. Қираған білім ошақтарының жағдайын өз көзімен көруге Қазақстан Республикасының сол кездегі Премьер-Министрі Даниал Ахметов жұмыс сапарымен келген еді.

Ауыл ақсақалдары мен тұрғындары ауылға келген Үкімет басшысына ауылға жаңа мектеп салу жөніндегі тілектерін жеткізді.Сол жылы үш айдың ішінде ескі мектептің орнына жаңа мектеп бой көтерді. Жаңа мектеп салынып біткенде ауыл тұрғындарының қуанышында шек болмады. Олар бала­ларының жаңа білім ошағында білім алатынына қуанып, Үкімет басшысына алғыстарын айтып, ризашылық­тарын білдірді. Сөйтіп, қыркүйек айында оқушылар жаңа білім ошағының табалдырығын аттады.

Отанасы, ардагер ұстаз Гүлсім Ақылбекова да 40 жыл мектепте ұстаз болып қызмет атқарған. Гүлсім Пәшірәліқызы Қайрат ауылындағы «Октябрьдің 40 жылдығы» атындағы орта мектепті бітірген. Әрі қарай Шымкент қаласындағы педагогикалық институтқа «Филология» мамандығына оқуға түседі. Оқуды бітіріп, еңбек жолын Көктөбе ауылындағы №30 Көктөбе орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастайды. – Қазіргі таңда білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы – өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту. Өйткені бұл сала заман көшінен, уақыт талабынан қалыс қалмауы тиіс.

Өзгеріс қажет. Серпіліс керек. Мектеп бағдарламалары да заман талабына сай жетілдіріліп, жаңаруы тиіс. Ал бұл үшін балаларға дәріс беретін ұстаздардың өздері үнемі ізденіп, оқу-білімдерін жетілдіріп, озық тәжірибелерін бөлісуі қажет, – дейді ардагер ұстаз. Ұстаздар отбасында төрт ұл мен бір қызды тәрбиелеп, өсіріп, ұлдарын үйлендіріп, қызын құтты орнына қондырып, олардан 18 немере сүйіп отыр. Балаларының барлығы жоғары білімді. Ата-анасының жолын қуған ұстаздар.

Ерназары аудан әкімдігінің білім бөлімінде әдістемелік кабинеттің меңгерушісі болса, Бекназар №30 Көктөбе орта мектебінде денешынықтыру пәнінің мұғалімі, Берік Алматы қаласында әскери бөлімде жұмыс істейді, қыздары Меруерт Т.Рысқұлов ауданының Сәбден ауылындағы №15 мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді, сүт кенжелері Құттыбай Тараз қаласындағы №5 мектеп-гимназияда денешынықтыру пәнінің мұғалімі болып еңбек етеді.

– Отағасы балаларына ешқашан ұрысқан емес. Оларға жай ғана сөзбен айтатын. Аллаға шүкір, балалардың барлығы еңбек­қор, білімді болды. Жұбайым директор болғандықтан мен үнемі оның атына кір келтірмеуге, кішкентай марапат алсам да соған лайықты болуға тырысатынмын. Екеуміздің де ұстаз болғанымыз, бірге еңбек еткеніміз өмірімізде ешқандай қиындық тудырған емес. Біз әрқашан бір-бірімізді түсіне білдік, – дейді ұлағатты ұстаз Гүлсім Ақылбекова.

Жүзбаевтар әулеті – ұстаздар династиясы. Өйткені бұл отбасының балалары ғана емес, келіндері мен немерелері де ата-апасының жолын қуған ұстаздар. Айта кететін болсақ, тұңғыш немерелері Гүлназ Оралбек мектепті үздік бітіріп, Астана қаласындағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін қызыл дипломмен аяқтап, қазіргі таңда Тараз қаласындағы Керімбай атындағы №12 мектеп-гимназияда IT маманы болып қызмет атқаруда. Оралбек аға мен Гүлсім апай зейнет­керлікке шыққаннан кейін құр қарап отырмай, немерелерінің тәрбиесімен айналысуда.

Олар өздерінің бар білгендерін үйретіп, ақыл-кеңес­терін айтып, жол сілтеп, ата-апалық ақ батасын беріп отырады. Үйдегі немере басқа немереге қарағанда ата-апасына жақын болып өседі. Еркеназ атасының немересі. Ол 9-сыныпты үздік бітіріп, қазіргі таңда Астана қаласындағы медициналық колледжде білім алуда. Ал Еркебұлан апасының баласы, кішкентайынан зерек, өнерлі бала болып өсті. Ол бес жасынан бастап дзюдо күресімен айналысып, аудандық, облыстық, республикалық жарыстарда жүлделі орындардан көрініп жүр.

Өткен жылы жарық көрген республикалық «ХХІ ғасыр көшбасшысы» атты жинақ кітабына №30 Көктөбе орта мектебінің озат, зерек оқушысы Еркебұлан Бекназарұлы да енген болатын. Балаларының осындай жетістікке жетуі – ата-апасы мен ата-анасының қолдауының арқасы.

Еркебұланның інісі Ерсұлтан да ағасының жолын қуып күреске қатысуда. Өткен жылы мұғалімдер күні мерекесіне орай ұлағатты ұстаздардың қаншама жылғы еңбектері еленіп, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Алғыс хатымен марапатталды. Жүзбаевтар әулетінің еңбек жолы мен өмір жолы жас ұстаздарға, жалпы жастарға үлгі-өнеге боларлық ұстаздар отбасы десек, еш артық айтқанымыз емес.

Баян Тұрсынқұлқызы,

журналист,

Жуалы ауданы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар