Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Куба әсерлері» кітабы қалай жазылды?

«Куба әсерлері» кітабы қалай жазылды?
Ашық дереккөз
Бауыржан Момышұлының алғашқы шығармалары 1930 жылдан бастап жазылып, өлең және мақала күйінде қазақ тілінде тарала бастады. Ал аты аңызға айналған батырдың қайталанбас ғажайып сырға толы өмірі мен шығармалары мерзімді баспа бетін көріп, кең таралуына 82 жылдың жүзі толса, көркем туындыларының ең алғаш орыс тілінде жеке кітап болып жарық көргеніне биыл 72 жыл болды. Бауыржан Момышұлының ерлікке, батырлыққа баулитын туындыларының бірі – «Куба әсерлері» кітабы.

 Кубадан Алматыға келе салысымен көрген-білгенін, ойға түйгендерін жоспарлап алып сапарнамасын жазуға кіріседі. Куба Революциялық Қарулы Күштерінің министрі Рауль Кастро Руське Бауыржан Момышұлы әртүрлі аудиторияларда сөйлеген сөздерін елге келісімен еске түсіріп жазып беруге уәде береді. Ал бас штабтың бастығы Серхон Дэль Вас, Кауссенің орынбасары Рио Бауыржан Момышұлының сол сөздерінің жиынтық нұсқасын испан тіліне аудартып, шағын оқу құралын кітапша етіп шығаруға уәде етеді Бауыржан Куба басшыларына берген өз уәдесін орындады. Ол «Отан немесе өлім! Біз жеңеміз! 11-21.11.1963 ж.

Кеңес Одағының полковнигі, жазушы Бауыржан Момышұлының Кубаның әртүрлі аудиториялары алдында сөйлеген сөздерінің қорытынды жұмыс жазбалары» деген атпен баяндамасын орыс тілінде жазып, оны қазақ тіліне аударып, «Достар арасындағы сөз» деген тақырыппен «Қазақ әдебиеті» газетінде жариялайды.Орыс тілінде жазылған осы баяндамасының толық нұсқасы Рауль Кастро Русьтің қолына тиді ме екен? Серхон Дэль Вас пен Рио оны испан тіліне аудартып, кітапша етіп шығартты ма? Ол жағы бізге белгісіз. Оның жауабын Кубаға арнайы іссапармен шығып не болмаса Қазақстандағы Куба елшілігі арқылы анықтау керек.

Бауыржан Момышұлының 1965 жылы шыққан «Куба әсерлері» атты кітабына енбей қалған тағы бір материалы бар. Ол – «Куба» деп аталатын жазбасы. Баукеңнің «Куба» деген қолжазбасының мазмұнына бойласақ, онда Куба сапарына шығар алдындағы жайлар баяндалады. Соған қарағанда, Баукең «Куба әсерлері» кітабының бас жағын осы материалымен бастауды жөн көрген сияқты. Бірақ кітапты баспадан шығарарда ол материалдарды қысқартып, повесті Гавана аэродромына қонған күннен бастағанды жөн көргендей сезіледі.

Сөйтіп, «Куба» деген материалы архивінде елеусіз жатып қалған тәрізді. Баукеңнің «Куба», «Отан немесе өлім! Біз жеңеміз! 11-21.11.1963 ж. Кеңес Одағының полковнигі, жазушы Бауыржан Момышұлының Кубаның әртүрлі аудиториялары алдында сөйлеген сөздерінің қорытынды жұмыс жазбалары» деген материалдарды Мекемтас Мырзахметұлы бастаған 30 томдықты бастырушылар Бауыржан Момышұлының көптомдық шығармалар жинағына алғаш жариялады.

«Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының қызметкері Мұхаммеджан Кәтімхан орыс тіліндегі «Отан немесе өлім! Біз жеңеміз! 11-21.11.1963 ж. Кеңес Одағының полковнигі, жазушы Бауыржан Момышұлының Кубаның әртүрлі аудиториялары алдында сөйлеген сөздерінің қорытынды жұмыс жазбалары» деген баяндаманы өзі құрастырған «Куба әсерлері» (2009 жыл) кітабының екінші басылымына қосқан.

«Куба әсерлері» (2009 жыл) кітабының аннотациясына: «Жазушының 1963 жылғы Куба сапарындағы естелік әңгімелері. Бұрын бұл шығарма бір рет жарық көрген. Көптомдық шығармалар жинағына толықтырылып, қайта басылуға ұсынылып отыр. Бұл жинаққа мұрағат деректерін пайдалана отырып, төрт баспа табақ көлемінде автордың өзінің жеке мұрағатынан және Бақытжан Момышұлының қолынан алынған тың деректер қосылды» деген деректі жазбаға қарап, жоғарыдағы орыс тіліндегі материалды толықтырылған екінші басылымның ішіне қосқанын кітаптың 215-235-беттерінен оқып көруге болады.

«Лениншіл жас» газетінің бас редакторы Шерхан Мұртазаның тапсырмасымен газеттің тілшісі Баукеңнің үйінде болып, әңгімелесіп: «Қазір Бауыржан Момышұлы Куба күнделіктерін жазу үстінде. Таяу уақытта біз өз оқушыларымызды осы туындымен таныстыра бастаймыз» деп, газет бетінде ақпарат береді.

Сөйтіп, «Лениншіл жас» газетінің 1964 жылғы 25 қаңтардағы №16 санынан бастап «Куба күнделіктері» деген атпен газет оқырмандарын сол ұмытылмас сапардың күнделіктерімен таныстыруды бастайды. Біздің қолымыздағы газеттің он санында болашақта кітап болып шығатын повестің үзінділерін және Куба сапарынан түсірілген 13 фотосын жариялаған.

Повесть үзінділері жарияланған әр газеттің санын қиып алып өзінде сақтап, оларды кейін жеке қорына өз қолымен және Куба сапарынан түсірілген 2 000 (екі мың) дана фотоқұжатты да архивке өткізгендігі туралы сенімді ғалым інісі, бүгінде атақты профессор Мекемтас Мырзахметұлына айтқан. Қазір сол фотоқұжаттарды іздестіріп жатырмыз.

Баукең күндіз-түні жұмыс істеп, Кубаға барған саяхаты туралы еңбегін екі-үш айдың ішінде жазып бітіреді. Қазір Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивіндегі Бауыржан Момышұлының жеке қорында машинкаға басылған сапарнама қолжазбаларының 4 нұсқасы (1, 2, 3, 4-нұсқалар) сақтаулы.

Вера Павловнаға 1965 жылғы 3 маусымда жазған хатында: «Менің «Куба әсерлерімді» шамамен 17 баспа табақты баспахана қабылдады. Бірақ әлі жарық көрген жоқ», десе, тағы бір хатында: «Сіз менің кубалық әсерлерімді оқыдыңыз ба? Мен Куба әсерлерінің 250 бетін жаздым. Менде тағы теретін 150 бет бар», дейді. Бауыржан Момышұлының «Куба әсерлері» кітабы сол 1965 жылы Алматыдағы «Жазушы» баспасынан 200 000 данамен қазақ тілінде жарық көрді.

Әлімжан Аманбайұлы,

 облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар