Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ОБЛЫСТА БАСПАНА МӘСЕЛЕСІ ҚАЛАЙ ШЕШІЛУДЕ?

ОБЛЫСТА БАСПАНА МӘСЕЛЕСІ ҚАЛАЙ ШЕШІЛУДЕ?
ашық дереккөз
ОБЛЫСТА БАСПАНА МӘСЕЛЕСІ ҚАЛАЙ ШЕШІЛУДЕ?
Отбасы үшін ең үлкен қуаныштардың бірі – баспаналы болу. «Үйі жоқтың күйі жоқ» дегенді қазақ атамыз бекерге айтпайды. «Еңкейіп кіретін үйің болсын, жылытып ішетін асың болсын» деген қазақ даналығында қандай ғибрат пен қанағат жатыр десеңізші! Бұл орайда Жамбыл облысының аумағында да атқарылып жатқан ілкімді істер аз емес. Оның көпшілігі көңілге қонады, халықтың да қуанышын еселеп отыр. Бақыт шамы... Облыста 2022 жылдың 1 шілдесіне дейінгі мәліметке сүйенсек, коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегіне 35 924 азамат тіркелген Оның ішінде көпбалалы отбасылар – 7 040 (19,6 пайыз), әлеуметтік осал топтағылар –16 141 (44,9 пайыз), жетім балалар – 2 906 (8,1 пайыз), бюджеттік мекеме қызметкерлері – 9 831 (27,3 пайыз), үйі апатты деп танылғандар – 5 (0,1 пайыз). Тұрғын үй кезегіндегі азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету үшін 2021 жылы бюджет есебінен 4 481 пәтерлі 76 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, 2 241 пәтерлі 41 тұрғын үй пайдалануға тапсырылды. Бұл сөз жоқ, тұрғындарға жасалатын жағдайдың артқанын көрсетеді. Әрине, бұл жағдай алдағы уақытта да қарқынды жалғаса беретіні анық. Сонымен қатар, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында аз қамтылған және көпбалалы отбасылар үшін бюджет қаражаты есебінен 92 пәтер сатып алынды. Ағымдағы жылы 4 388 пәтерлі 68 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, жыл қорытындысымен 3 120 пәтерлі (218,4 мың шаршы метр) 47 тұрғын үйдің құрылысын аяқтап, пайдалануға беру жоспарлануда. Бүгінгі күнге 620 пәтерлі 9 үйдің құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Оның ішінде 420 пәтерлі 6 кредиттік, 200 пәтерлі 3 арендалық үй бар. Атап айтқанда Тараз қаласында 420 пәтерлі 6 кредиттік үй, Қордай ауданында 60 пәтерлі 2 арендалық үй, Т.Рысқұлов ауданында 80 пәтерлі 1 арендалық үй ел иілігіне берілмекші. Бұл жүздеген отбасын зор қуанышқа бөлейді. Көпшіліктің сондай қуанышқа кенелгені елдің экономикасының көтерілгенін байқататын факторлар екені анық. Құрылыстың қарқынды жүзеге асуы игілікті жұмыс. Өңірде жүздеген тұрғын үйлер салынып жатса, ол ел игілігі мен мұраты. Осы халық тілегінің жүзеге асуы жолында ондаған жобалар мен мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асып, оң нәтижесін беріп жатыр. Оған халықтың көзі жетіп отыр. Өзіміз де күнделікті көзімізбен көріп, қуанып, жұрттың шаттығын бөлісіп жүрміз. Бұл халыққа берері көп бағдарламалар мен құрылыс жұмыстары алдағы жылдары да үздіксіз жалғаса беретіні анық. Облыс бойынша жер алуға 163 895 адам кезекте тұр. 2021 жылы облыс аумағында 30 алқапта 46 жоба салынып, жыл қорытындысымен 43 нысанның құрылысы аяқталды. Нәтижесінде, жеке тұрғын үй құрылысы үшін жерге кезекте тұрғандарға 3997 жер учаскесі беруге дайындалды. Ағымдағы жылы 19 алқапта 43 жобаның құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына 42 нысанның құрылысы аяқталады, ал қалған 1 нысан 2023 жылға өтпелі. Нәтижесінде 3198 жер телімдері кезекте тұрғандарға таратуға дайын болады. «Асар» жобасының адымы кең Облыс аумағында тәрбиелік мәні бар «Асар» жобасы басталып, жүзеге асып жатқаны көпшілікке белгілі. Асар сөзінің мәні мен мағынасы ерекше. Асар ұғымы нағыз мұқтаж жандарға көпшілік тарапынан жасалып жатқан қолдау, көмекті білдіреді. Оны үнемі байқап, аңғарып жүрміз. Себебі бұл мағынасы кең, сауабы мол ауқымды жоба. Асарлатқан ағайынның көмегімен мұқтаж жандарға 2020 жылы 99 тұрғын үй, 2021 жылы 134 баспана табысталып, жалпы жоба басталғалы 233 отбасы өз шаңырақтарына қол жеткізген. Атап айтқанда Тараз қаласында – 15, Байзақ ауданында – 18, Жамбыл ауданында – 9, Жуалы ауданында – 14, Қордай ауданында – 15, Меркі ауданында – 13, Мойынқұм ауданында – 9, Т.Рысқұлов ауданында – 14, Сарысу ауданында – 9, Талас ауданында – 9, Шу ауданында 9 үй ел игілігіне беріліп отыр. Бұл игі жағдай қаншама отбасының зор қуанышқа кенелуіне себепкер болды. Мұндай ізгі істер алда да жалғасын таба беретіні анық. Ағымдағы жылы 117 тұрғын үйдің құрылысы жоспарланды. Асарлатқан ағайынның көмегімен бүгінгі күнде 13 үйдің құрылысы аяқталды. Атап айтқанда, Байзақ ауданында – 1, Қордай ауданында – 4, Сарысу ауданында – 2, Т.Рысқұлов ауданында – 2, Талас ауданында – 2, Шу ауданында 2 үйдің құрылысы сапалы аяқталып, мұқтаж отбасыларға қуаныш сыйлап отыр. Бұл құрылыстың бәрінің инженерлік инфрақұрылымы сапалы жасалған. Оның өзі ел игілігі жолындағы тындырымды іс. Одан бөлек жер телімі, ауыл шаруашылық жерлерін пайдалануда да бірқатар ілкімді істер бар. Бұл құрылыстың игілігі инженерлік инфрақұрылымдардың сапалы жүргізілумен де еселеніп отыр. Инженерлік құрылымдардың сапалы жүргізілуі болашақ игіліктердің де, берекелі істің де бастауы. Инженерлік инфрақұрылымның жақсаруы да –халықтың игі жолына бағытталған. Өңірдің құрылыс жұмыстары алдағы уақытта да қарқынды жалғаса беретіні анық. Тараз қаласында шағын аудандардың қосыла түскені қуантады. Алдағы уақытта да нақты жобалар мен бас жоспар аясында жүзеге асатын істің көп екеніне көзіміз жетеді. Ең бастысы – халықтың жаңа баспаналы болып қуанғаны. Халықтың жанарындағы қуаныш – ең құнды бақыт. Сол қуанышты көрудің өзі адамдарға бір ғанибет. Шаһардағы тұрғын үй құны қанша? Жоғарыда атап өткеніміздей соңғы жылдары елімізде тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жаңа технологиялар мен заманауи құрылыс шикізаттарын пайдалана отырып, көпқабатты үйлерді жарты жылда тұрғызатындай дәрежеге жеттік. Әдетте құрылыс жұмыстары көктемде басталып, қысқа дейін аяқталады. Тәуелсіздік мерекесіне дейін жаңа баспаналардың дені иелеріне таратылып беріледі. Келер жылдың басында кезекті құрылыс жұмыстарына әзірлік қолға алынады. Міне, осы уақытта баспана бағасы көтеріліп, артынша сабасына түседі. Бұл жылда қайталанатын құбылыс. Облыстық статистика департаменті құрылыс бөлімінің жетекші маманы Көркем Қарабаеваның айтуынша, Таразда жеке тұрғын үйлер үшін бір шаршы метрі 120 мың теңге, көпқабатты үйлер үшін шаршы метрі 160 мың теңге. Мысалы, 100 шаршы метр пәтер (шамамен төрт бөлмелі) 16 миллион теңге тұрады. Бірақ, дамыған инфрақұрылым, сауда орталықтары, мектептер мен балабақшалардың қолжетімділігі, аулаларында көлік тұрағы үшін арнайы орынның қарастырылуы, өзен мен саябақтың жақындығы – осы аумақтағы тұрғын үйлердің бағасын арттыра түсетін факторлар екендігін ескерген жөн. Мәселен, қаланың орталығындағы, әсіресе, әкімшілік пен маңызды мекемелерге жақын көпқабатты үйлердің бағасы ұшып тұр. Ондай үйлер айтқан бағаңа өтеді. Бірақ сондай үйге қол жеткізудің өзі мына заманда оңай болмасы белгілі. Сарапшы мамандардың пікірінше, оқушы балалары бар отбасылар үшін мектептің жақын орналасуы маңызды рөл атқарады. Сондықтан ата-аналар балаларын жақын маңда орналасқан мектеп-лицей, гимназия, өзге де элиталық мектептерге бергенді жөн санайды. Өйткені мұндай санаттағы білім беру мекемелерінің дені шаһардың орталық бөлігінде шоғырланған. Оның үстіне, ол маңда сауда-ойынсауық орталықтары мен мейрамхана, басқа да көңіл көтеретін орындар жеткілікті. Келесі кезекте құрылыс материалдарының бағасы назарға алынады. Сәйкесінше орталықта орналасқан тұрғын үйлер мен жаңадан бой көтеріп жатқан нысандардың бағасы қымбатырақ. Байқағандарыңыздай, тұрғын үй бағасының көтерілуіне ең алдымен құрылыс нысанының орналасқан жері, ауданы ескеріледі. Аталған факторларды есепке алмағанда Тараз еліміз бойынша баспана бағасы арзан қалалар санатында. Түйін: Дегенмен, Тараз қаласы баспана құны жағынан арзан қалалар қатарына жатқанымен мұндағы қарапайым көпшілік тұрғындардың алатын жалақысы да орта есеппен 70-75 мың теңге көлемінде. Мұндай жалақымен қандай арзан үйді де сатып ала алмайтыныңыз анық. Мысалы, Ақтау мен Атырауда пәтер бағасы өте қымбат болса, ол жақта жұмысшы мұнайшылардың өзі кемінде 350 мың теңге айлық жалақы алады. Сіз енді 350 мың теңгемен біздің тараздықтар табатын 70 мың теңгені салыстырып көріңіз. Дегенмен «Отбасы» банкінің жергілікті филиалы арқылы бүгінгі таңда көптеген жас отбасы пәтерге қол жеткізіп жатыр. Сол пәтер үшін ай сайын 70-80 мың теңгесін 19 жылға жуық уақыт бойы төлейді. Олар бұл жағдайға да риза. Себебі басында баспана бар. Пәтер жалдап тұрғаннан гөрі анағұрлым жақсы. Сондықтан Тараз тұрғындары үшін баспананың қазіргі құны да арзан болмай тұрғанын естен шығармаған жөн.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар