Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Кітап – кинодан артық құндылық

Кітап – кинодан артық құндылық
ашық дереккөз
Кітап – кинодан артық құндылық
Түрлі жанрдағы фильмдерді көріп, жақсы демалып, түрлі әсерге бөленетініміз рас. Бірақ кино кітаптағы әсерді беріп, өзің оқып, өзіңнің қорытуыңдағыдай суреттей алмайды. Түрлі картиналарды режиссерлер бар ынта-шынтасымен көрерменге ұсынғанымен, біреу елеп, бірі елемей, демде өте шығады. Ал кітап... Бұл мүлде бөлек әлемге жетелейді. Оқи отырып өз қиялыңмен қорытып, картиналар лек-легімен көз алдыңнан өте береді. Ешнәрсе елеусіз қалмайды. Ерекше ұнаған, тың әсер еткен, ғажап күй сыйлаған тұсын қайта-қайта оқи бергің келеді. Осындай артықшылықтары үшін кітап оқуды әрине, жақсы көру керек. 
Мен бүгін Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» романы туралы өз ойыммен бөліскім келеді. Романды орыс тілінен аударған – Шерхан Мұртаза. Туынды «Бұл кітап – менің тәнім дегейсің, Бұл сөз – менің жаным дегейсің...» деген өлең жолымен басталады. Тым әсерлі, ерекше, тартымды. Бірден оқырманына ой салады. Романда Едіге атты кейіпкердің өмірі суреттеледі. Едігенің өмір жолы арқылы соғыстан кейінгі қиын кезең, ауыл адамдарының ауыр тағдыры баяндалады. Сарыөзек даласындағы Боранды бекетінде тұратын шағын ауыл адамдары темір жолда жұмыс істеп, бар өмірін сонда сарп етті. Бұл ауылда өмір сүрудің өзі қиын. Себебі жазы ми қайнатар ыстық болса, қысы суық. Жазда ыстықтан жандарын қоярға жер таппаса, қыста боранның азабын тартады. Жұмысшылар темір жолды қардан тазалап, ұйытқып соққан боранмен алысады да жатады. Шығыстан батысқа, батыстан шығысқа зулаған пойыздағы адамдар бұл ауыл маңынан өткенде адамдарын аяйтын шығар, осындай жерде де күн көреді екен-ау деп таңғалатын да болар. Сорлылар басқа жаққа неге көшпейді екен деп ақымақ та санайтын болар. Кім білсін... Расымен де бұл ауылға тағдыр айдап келген адамдар қиындыққа көп шыдай қоймайтын. Көбі алды-артына қарамастан тайып тұратын. Әрине, қиын өмір кімге керек?! Бірақ Борандыда өмірлікке өзек байлаған екі адам болды. Бірі – Қазанғап, бірі – Едіге. Екеуі адал достар. Қазанғап осы жерде тапжылмай қырық төрт жыл еңбек етті. Едіге сол жалғыз достан айырылды. Енді бақилық сапарға аттандырмақ. Досы көзі тірісінде өзін «Ана-Бейітке» апарып жерлеуін өтінген болатын. Ендігі кезекте дос аманатын орындамақ. Міне, қимас досын ақырғы сапарға шығарып салар жолда бар өмірі көз алдынан өтеді... «Ана-Бейіт» олар үшін қасиетті жер. Ақылынан адасқан ұлының қолынан өлім құшқан Найман-Ананың жерленген жері. Сол заманда дұшпандары қолға түскен тұтқындарының басын тықырлап алып, түйенің ыстық терісін адам басына қаптайды екен. Уақыт өте шаш ішке өсіп, адам ақылынан адасатын көрінеді. Бұндай адам құлақкесті құлға айналады, айтқаныңа көнеді, айдауыңнан шықпайды. Міне, адам баласының ең құнды қазынасы – ақыл-есі болса, жау дәл сол қазынадан айыратын болған. Ана болса, қашанда ана. Жынды болса да ол өз перзентінен бас тарта алмайды. Қолында өлуге бар. Тек соңғы рет құшып, бір көрсе арманы жоқ. Найман-Ана ақылынан адасқан ұлының қолынан ажал құшады. Осы аңызды, «Ана-Бейітті» қастерлі санаған Қазанғап сол жерге жерлеуін досына өтініш етіп айтқан болатын. Досының қалауын аяқасты етуге Едігенің қақы жоқ, әрине. Романда Борандыға бас сауғалап келген Әбутәліп пен Зарипаның да өмірі суреттеледі. Соғыста Әбутәліп жау қолына түсіп, кейін партизандар құрамында жауға қарсы күрескен болатын. Соғыстан кейін тергеліп, ақталғанымен, тыныштық бермеді. Қайда барса алдынан кедергі болып шыға берді. Зарипа екеуі мұғалім, көзі ашық адамдар. Екі ұлына бар жақсыны үйретіп, білімге құштар етіп өсіргісі келетін нағыз қамқор ата-ана. Еш жерге сыймай, қуғын көрген Әбутәліп осы Борандыдан бір-ақ шығады. Ел қатарлы жұмыс істеп, ауылдың қиын өміріне бейімделіп, бос уақытында өзінің әскери өмірі туралы, ел аузындағы аңыз-әңгімелерді қағазға түсіреді. Едіге мен Үкібаланың қыздары мен Әбутәліп пен Зарипаның балалары бірге ойнап, бір үйдің балаларындай тату болады. Әттең, әлгі ревизор келмегенде... Жыл сайын бұл ауылға да тексеруге адамдар келіп тұратын. Соңғы келген қысық көз, мес қарын тексерушіге жазудан бас алмайтын Әбутәліп күдікті көрінді. Бәлкім, жасырынған жауды ұстап берген батыр сезінгісі келді ме кім білсін... Әйтпесе, Әбутәліп балалары үшін жазатын. Балаларым білсін, оқысын дейтін. Жазғаны басына бәле болып жабысатынын қайдан білсін. Иә, күндердің бір күні Әбутәліпті қылмыскердей алып кетеді. Соңында өмірінен артық көретін отбасы еңіреп қала береді. Өз отбасын жанынан артық жақсы көретін Әбутәліп бұл сынаққа шыдай алмады. Тергеу аяқталғанша инфаркт алып, қаза болады. Осы отбасының қайғысы Едігенің жанына қатты батады. Екі отбасының жоғын түгендеуді өз мойнына алады. Балаларын өз қыздарынан кем жақсы көрмейді. Тіпті бұл екі баланы өз қыздарынан артық көретін де сияқты. Ал Зарипаға деген көңілі тіпті ерекше. Алғашқыдағы аяушылық сезімі өте келе зор махаббатқа ұласты. Өз сезіміне тұншығып, талай қиналды. Жүрегі құрғыр Зарипаны көруге асығатын да тұратын. Зарипа Едігенің бұл көңілін іштей ұғып, бұл ауылдан балаларымен көшіп кетті. Ғашығынан айырылу Едігеге оңай тимеді. Күйзелді, қиналды. Өмір сүрудің мәні жоқтай болды. Күйеуінің алабұртқан көңілін Үкібала біледі, әрине. Бірақ қызғанып, мінез көрсетіп, отбасының сиқын бұзатын Үкібала емес. Ол Едігенің жанын түсінеді, жүрегі ауырса да қиналғанын сездірмейді. Сабыр сақтап күтеді. Романның ерекше тұсы – шетпланеталықтар туралы тұсы. Адам баласы мекен еткен Жер планетасынан бөлек, тағы тіршілік көзі бар Орман Төс деген планета бар екен. Ондағы адамдардың шашы көкшіл, ал бет әлпеті кәдімгі өзімізге ұқсас. Осы планетаның барын екі ғарышкер біліп, жасырын тілдесіп, шетпланеталықтардың мекеніне барып, ормантөстіктердің өмірімен танысып біледі. Олар өте дамыған, татулық пен бірлікті бірінші орынға қойған ғажап тіршілік иелері екен. Қос ғарышкер екі планета өзара пікір алмасып, байланыс орнатқанын қалады. Орман Төс планетасының тұрғындары түзу ниетті екенін айтып, көптеген жаңалықты үйреніп, өркениетке аяқ басуға тамаша мүмкіндік екенін жеткізді. Бірақ бұл ғаламдық жаңалықты Жер тұрғындары қабылдағысы келмеді... Қауіптен сескенді. Екі ғарышкерге Жерге оралуға тыйым салынды. Романда разъезд тұрғындарының өмірімен қатар ел аузында жүрген аңыздар да тамаша баяндалады. «Ғасырдан да ұзақ күн». Иә, Қазанғапты жерлеуге бара жатып Едігенің көз алдынан бар өмірі, қиындыққа толы, қызығы да жоқ емес тағдыры тізбектеліп өтеді, ой түбіне жетелейді. Ол солай өмір сүрді. Біреуге мәнсіз болар, біреуге елеусіз болар. Бірақ ол ешбір қиындыққа мойынсымай Борандының сыйлы азаматы бола білді.

Гүлбақыт БЕРІКҚЫЗЫ, журналист

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар