Жақында облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің №25 мекемесінде облыс және қала әкімдіктері, облыстық прокуратура, облыстық кәсіпкерлер палатасы, «Еңбек-Тараз» республикалық мемлекеттік кәсіпорны арасындағы 2024 жылға арналған бірлескен жұмыс жоспары негізінде сотталғандарды жұмысқа шығаруды ұлғайту үшін өндіріспен айналысатын шағын және орта бизнес субъектілерін тарту мәселесіне қатысты жиын өтті.
Бұл басқосудың басты мақсаты – қылмыстық атқару жүйесі мекемелеріндегі жағдайды сауықтырудың 2023-2025 жылдарға арналған жол картасы тармақтарын орындауды жүзеге асыру. №25 мекеме бастығы Ерлан Оразгелдиев ашып жүргізген жиынға облыстық прокуратураның аға прокуроры Эльдар Баймешов, «Еңбек-Тараз» республикалық мемлекеттік кәсіпорны директорының орынбасары Ескендір Сүлейменов облыстық кәсіпкерлер палатасы әкімшілік бөлімінің басшысы Бақытжан Оспанов, Тараз қаласы әкімдігі кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің бас маманы Нұржан Жапар мен осы бөлімнің маманы Жасұлан Байысбаев және 7 шағын және орта бизнес жетекшісі қатысты.
Онда сотталғандарды лайықты жұмыспен қамту, жұмыс орнын ұсынушы кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау мәселесі сөз болды. Бұдан кейін сотталғандардың қолынан шыққан бұйымдардың көрмесі өтті. Онда ағашты өндеу арқылы жасалған сан түрлі өнімдер мен үстел, орындық секілді жиһаздар көрмеге қойылды. Көрмеге қойылған бұйымдарды мекемеде жұмыс істеп жатқан жеке кәсіпкерліктің шеберлері таныстырды.
Сотталғандарды жұмыспен қамтуға қатысты жиын мен көрме өндіріс орындарын таныстыруға арналған «Ашық есік» күніне ұласты. Мұнда кәсіпкерлер №25 мекеме аумағында орналасқан «Еңбек-Тараз» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бос ғимараттарын аралады.
Облыс бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаменті бастығы Жәнібек Қосжанов бизнес өкілдеріне көрсетілер қолдау түрлерін түсіндірсе, Ескендір Мырзалыұлы бос ғимараттарды таныстырды. Жалпы бүгінгі таңда облыс бойынша мекемелерде жазасын өтеп жатқан барлығы 2 500-ден аса сотталған бар болса, оның ішінде 1000-ы жұмысқа орналасқан екен.
Тарқата айтсақ, қылмыстық атқару жүйесі кәсіпорындарында – 101, шаруашылық қызметкері ретінде – 156, басқа да жұмыстар мен 28 жеке кәсіпкерлікте 839 адам жұмыс істеп жатыр. №25 мекемеде 5 жеке кәсіпкер мекеме аумағында 120 сотталғанды, №26 мекемеде 4 жеке кәсіпкер Тараз қаласы аумағында 132 сотталғанды жұмыспен қамтыған.
Сондай-ақ 311 жазасын өтеушіге №58 мекемеде 10 жеке кәсіпкер, 276 жазасын өтеушіге №59 мекемеде 8 жеке кәсіпкер жұмыс беріп отыр. Бір айта кетерлігі, жұмысқа орналасқандар мен жеке кәсіпкерлердің саны күнделікті өзгеріске түсіп тұрады екен.
Себебі «Еңбек-Тараз» республикалық мемлекеттік кәсіпорнындағы бос ғимараттарға жаңадан келіп жатқан жеке кәсіпкерлер жұмысшылардың санын өзгертеуге құқылы. Бас бостандығын айыру орындарындағы сотталғандарды жұмыспен қамту бойынша және жаңа өндіріс орындарын ашып, сотталғандарды жұмысқа тарту іс-шаралары алдағы уақытта да жалғаса береді.
Нұрым Сырғабаев
Бәрі де халықтың қамы үшін
Ұқсас жаңалықтар
Танымал корей жүзімі «Шайн Мускат» қауіпті ме? — Зерттеу нәтижелері
- авторAR-AY
- 21 қараша, 2024