Қазақстанда балаларды зорлық-зомбылықтан, буллинг және кибербуллингтен қорғау және көмек көрсетудің арнайы әдістемесі бекітілді. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығы Әсет Оспанов мәлім етті.
ІІМ өкілінің мәлімдеуінше, барлық өңір бойынша әкімдік жанынан балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау үшін ведомствоаралық мобильді топтар құрылды.«Балаларға қатысты зорлық-зомбылық фактілерін анықтау мақсатында полицейлер жұмысының алгоритмі әзірленді. Оған сәйкес өгей ата-анамен тұратын балаларға ерекше назар аударылады. Өткен жылы желтоқсанда мемлекеттік органдармен бірлесіп зорлық-зомбылыққа, буллинг және кибербуллингке ұшыраған балалар мен жасөспірімдерді анықтау және оларға көмек көрсету жөніндегі арнайы әдістеме бекітілді», - деді Әсет Оспанов ІІМ-де өткен баспасөз мәслихатында.
«Оның құрамына бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдер, білім беру, халықты әлеуметтік қорғау қызметкерлері және учаскелік полиция инспекторлары кіреді. Жедел ақпарат алмасу ватсап-чаттардың көмегімен жүргізіледі», - дейді ол.