Айта кетейік, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнестің мемлекеттік органдармен келіссөздер күшін нығайтып, кәсіпкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғауды, бизнес жұмысының заңнамалық және өзге де нормативтік қағидаларын қалыптастыру процесіне барлық кәсіпкерлерді тартады. Кездесуге облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Еркін Атымтаев, облыс прокурорының орынбасары Нұрбек Ұласбекұлы, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілдері, бақылаушы және мемлекеттік атқарушы органдар мамандары мен кәсіпкерлер қатысты.
Бизнес нысандарға жүргізілген тексерістерге тоқталған облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Нұралы Ергебаев өткен жылы 5 заңсыз тексеру анықталғанын айтты. – Кәсіпкерлік субъектісінің қатынастарында бақылау органдарының лауазымды адамдары тексеру жүргізу тәртібін бұзғаны үшін ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 175-бабында лауазымды адамға жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, ал қайталанған жағдайда 25 айлық есептік көрсеткіш айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілік көзделгенін атап өткен жөн.
Мәселен, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің облыс бойынша департаментінің мәліметтеріне сүйенсек, 2021 жылы мемлекеттік органдар кәсіпкерлерге қатысты 1 182 тексеру жүргізген. Оның 405-і шағын кәсіпкерлік объектілеріне қатысты болса, 442-сі орта және 335 ірі кәсіпкерлікте болған. 16 заңсыз тексеру анықталды және 4 тексеруді тіркеуден бас тартылды. 2022 жылы мемлекеттік органдар 1 077 тексеру жүргізіп, департамент мамандары 4 заңсыз тексеруді анықтады. Ал өткен жылы мемлекеттік органдар тарапынан 843 тексеріс жүргізілген.
Департамент 5 заңсыз тексеру жүргізілгенін анықтады және 2 субъектіге қатысты тексерулерді тіркеу күшін жойды. Мораторий кезеңінде 3 жылдағы статистикадан 2023 жылы шағын бизнеске қатысты тексерулердің ең көп саны тіркелгенін байқауға болады. Өткен жылы облыстық кәсіпкерлер палатасына 161 өтініш келіп түсті. Оның ішінде бизнесті қорғау желісі бойынша 91 өтініш қаралып, нәтижесінде 33-і оң шешімін тапты. Өтініштерді сараласақ, мемлекеттік сатып алу саласында 22 проблема, жерге қатысты 11 мәселе туындаған. Мемлекеттік органдарға 16, құқық қорғау органдарына 6 шағым және басқа да мәселелерге байланысты 36 өтініш түсті.
Өткен жылы 1 миллиард 637 миллион 97 мың теңгенің мүліктік құқықтары қорғалды. Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің 10 отырысы өткізіліп, 14 мәселе қаралды. Олар бойынша бизнесті жүргізу жағдайларын жақсартуға және аталған саладағы әкімшілік кедергілерді жоюға бағытталған 19 ұсыным әзірленді. Қаралған 14 сұрақтың ішінен 8 сұрақ оң шешімін тапты, – деді Нұралы Ергебаев Осы жылғы бірінші жартыжылдықта кәсіпкерлік палата бақылау субъектісіне бара отырып, профилактикалық бақылау жүргізудің жартыжылдық тізіміне талдау жасағанын жеткізді.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА