Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Ән мен жырым – қазынам!»

«Ән мен жырым – қазынам!»
ашық дереккөз
«Ән мен жырым – қазынам!»
Бүгінде қоғамға пайдасы тиетін, ел-жұртқа рухани азық сыйлайтын іс-шаралардың өтуіне мұрындық болып жүрген мекеменің бірі – «Анаға тағзым» орталығы. Игі істердің басы-қасында орталықтың директоры Эльмира Мырза-Ғали жүрсе, ардагер ұстаз, профессор Сейсекүл Исматова мен Баян Мұртазаева және журналист Қымбат Қаржау көпшілікке ұйымдастырушылық қабілетімен танылуда. Осы жолы да кезекті бір келелі кештің куәсі болдық. Ол қазақ поэзиясында өзіндік орны бар ақын, композитор Перизат Оспанованың өмірі мен шығармашылығына арналды. Асылында, жұрт арасында айтылатын «Таластың талантқа бай топырағы» деген сөз бекер болмаса керек. Аталған ауданда Амангелді деген ауыл бар. Осы ат төбеліндей ауылдан жиырманың үстінде ақын, жазушы шықса, сол дарын иелерінің ізін басып, жолымен жүріп келе жатқан Перизат Шахабайқызы да тума таланттың бірі. Ол 1978 жылы Талас ауданының Амангелді ауылында дүниеге келген. 1997 жылы Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің хор дирижері бөлімін бітірді. 2007 жылы Тараз мемлекеттік институтынан «Бастауыш сынып мұғалімі» мамандығын алды. Шығармашыл ұстаздың туындылары 2006 жылы облыстық «Алтын бесік», 2007 жылы «Жақсы жыр іздеп шөлдеймін» жыр жинақтарына енді. 2007 жылы айтыскер ақын Әзімбек Жанқұлиевтің құрметіне арналған айтыста жүлдеге ие болды. Туындылары 2013 жылы облыстық ақындардың жыр жинағына енді. Бүгінгі таңда ақынның 300-ге жуық өлеңі, 30-дан аса әні бар. «Анаға тағзым» орталығында ұйымдастырылған ақынның «Ән мен жырым – қазынам!» атты шығармашылық кеште Перизат Шахабайқызының әуезді әндері шырқалып, өлеңдері оқылды. Жұртшылыққа кеңінен танымал «Ақ тілек» әнінің авторы, белгілі сазгер Қалия Сейітхалыққызы да кешке арнайы қатысты. Ол Перизат Оспановаға ақжарма тілегін арнады, өз әнін де шырқады. Кеш барысында «Асыл ана» әжелер ансамблі де өнер көрсетті. Перизат Шахабайқызының «Ауылды қимай кетемін», «Нарша аға» әндері көпшіліктің көңілін баурады. Өзінің де гитарамен әуелете салған әндері жұртшылықтың жүрек қылын тербетті. «Ізденген жетер мұратқа» дейді халық даналығы. Бұл кеш нәзікжанды арудың әйел ретінде үй шаруасын дөңгелетуінен бөлек, өнерге талпынысы арқылы әдебиет пен мәдениетке, жалпы руханиятқа үлес қосып жатқанын көрсетті. Ақынның кезекті кеші Алматы қаласында өтпек.

Эльмира Байназарова

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар