Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

DAVOS – 2024: КЕҢЕС ҚҰРҒАНДАР НЕ АЙТТЫ?

DAVOS – 2024: КЕҢЕС ҚҰРҒАНДАР НЕ АЙТТЫ?
ашық дереккөз
DAVOS – 2024: КЕҢЕС ҚҰРҒАНДАР НЕ АЙТТЫ?
Биыл 54-рет ұйымдастырылған форумға әлемге танымал 2,7-ден астам бизнесмен, саясаткер, мемлекеттік қоғам қайраткері қатысты. Жиынға ат басын тіреген 60 мемлекет және үкімет басшысының отызы Еуропа елдерінен келіпті. Ал форум «Сенімді қалпына келтіру» дейтін тақырыппен өтті. Форумға Қазақстан атынан Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров бастаған делегация қатысты. Көрші Ресейден делегация қатысқан жоқ, Мәскеу өкілдері форумға 2020 жылдан бері қатысқан емес. Бастапқы кезде пандемияның кесірінен қатыспаса, кейін форумды ұйымдастырушылар ресейліктерді шақырғанды қойды. Ал Қытайдың 80-нен астам адамнан құралған делегациясын премьер-министр Ли Цян бастап барса, АҚШ өкілдеріне ел президентінің климат мәселелері бойынша кеңесшісі Джон Керри басшылық етті. Ал Еуропа елдерінен жиынға Испания, Франция, Ирландия, Нидерланд, Бельгия, Польша, Сербия мен Грекияның президенттері мен үкімет басшылары, Еурокомиссияның президенті, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш қатысты. Сөйтіп, әлемнің қаржылы кәсіпкерлері мен беделді саясаткерлері жаһандағы өзекті мәселелерді талқыға салды. Тың тақырыптар, болжамдар айтылды, түрлі деңгейдегі кездесулер де болды. Әйтеуір, «алқалы жиын» өтті, ал оның адамзат өмірін өзгертуге пайдасы бола ма, жоқ па, оған жауап беру қиын. Өйткені С.Хантингтон айтқан «Давос мәдениетіне» кіретін топтың геосаясаттағы ықпалы мен әрекеті бөлек, ал жиындағы уәждері басқа.

«Тылсым дерт»...

Әдетте Давос форумында жаһан жұртын алаңдататын тақырыптардың талқыға түсетіні бар. Геосаясат, жаһандық жылыну, қақтығыстар, індеттер, қаржы-экономикалық ахуал тәрізді көптеген тақырып сөз болады. Форум аясында екіжақты, көпжақты кездесулер де ұйымдастырылып жатады. Түрлі зерттеулердің қорытындысы да жария етілетіні бар. Биыл да жиналғандар осынау дағдыларынан айныған жоқ. Айталық, басқосуда алдағы жылдары адамзатқа қауіп төндіруі мүмін «Х індеті» жайлы айтылды. Дегенмен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Гебрейесус бұл індеттің нақты бір қауіп емес екенін, ғылымға белгісіз кез келген дерт болуы мүмкін екенін айтты. Форум аясында «Х індетіне даярлық» дейтін арнайы панелдік отырыс өтті. Міне, сол отырыста белгісіз індеттің қауіпті екені айтылды. ДССҰ басшысы «Х індеті» жайлы алғаш 2018 жылы айтылғанын, ол нақты ауруды білдірмейтінін тілге тиек еткенімен белгісіз аурудың кесірінен болатын өлім-жітім коронавирустан 20 есе көп болуы ықтимал екені сөз болды. Сөйтіп, сарапшылар адамзатқа белгісіз, бірақ кез келген сәтте басталып кетуі мүмкін пандемияға даяр болудың маңыздылығына назар аудару керек екенін алға тартты. Бұл дегеніңіз медициналық мекемелерді сақадай сай ұстау, мамандардың біліктілігін арттыру, ғылыми зерттеулерге көңіл бөлу, дамушы елдерді қолдау тәрізді көптеген мәселені қамтыса керек. Алайда әлеуметтік желіде бұл ақпаратты конспирологиялық сипатта қабылдағандар бар. Яғни түрлі вирусты қолдан жасау мүмкін екенін алға тартқандар кездесті. Әрине, әлеуметтік желілердің қазақстандық сегментінде Давос форумына назар аударушылар сирек болды, медиа да тым қатты назар аудармады. Әйтпесе «коронавирусты қытайлар жасап шығарған» дейтін мифке, Билль Гейтс коронавирус пандемиясы болатынын 2016 жылдың өзінде біліп отырғаны жайлы алыпқашпа сөзге сенетіндер «Х індеті» жайлы әңгімені сан-саққа жүгіртуі мүмкін еді. Қазірдің өзінде «Х індеті» ұғымының медициналық емес, экономикалық сипаты бар екенін алға тартушылар бар. Одан бөлек форумда БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш сөз сөйлеп, біраз мәселені сөз етті. Ол Израиль мен «Хамас» арасындағы басталғанына 100 күннен асқан қақтығыстың зардабын атап өтті. «Хамастың» 2023 жылдың 7 қазанындағы шабуылы қатігездік болса, одан бергі уақытта Израильдің соққылары да аз зардап әкелмегенін айтты. Мыңдаған адам өлді, мыңдағаны босып кетті. Сондықтан Израиль-Палестина кикілжіңін шешу үшін араб пен еврей халықтарының екі мемлекетін құру мәселесі шешілуі керек екенін атап өтті. Одан бөлек қазба отындардан бас тарту, жасанды зерде, үкіметтік институттарға сенімнің азайғаны туралы сөз етті. Айталық, БҰҰ Бас хатшысы 2023 жылдың адамзат ауа райын ресми бақылауды бастағаннан бергі ең ыстық жыл болғанын атады. Бірақ алдағы уақытта 2023 жыл салқын кездердің қатарына кіріп кетуі мүмкін. Яғни былтырғыдан да ыстық жыл алда болады. Сондықтан жер астындағы отынды қазып ала беруді тоқтатқан жөн болса керек. Ал жасанды зердеге қол жеткізген компаниялар мен мемлекеттер адамзаттың бай-кедей болып бөлініп, дамыған және дамымаған елдер ретінде жіктелуін тереңдетуі мүмкін екенінен қауіптенетінін айтты. Одан бөлек мемлекеттік институттарға сенім азайды. Адамзат ядролық қаруды таратпау туралы айта отырып, керісінше қаруланып жатыр. Теңсіздік күшейді. БҰҰ-ның өзіне реформа қажет болып тұр. Реформа демекші, БҰҰ институттарын жетілдіру жайлы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жиі айтып жүр. Мәселен, 2022 жылдың қыркүйек айында Қ.Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясы 77-сессиясының жалпы дебатында сөз сөйлеген еді. Сол баяндамасында Қазақстан Президенті: «Тәртіп пен жауапкершілікке негізделген әрі бұрын қалыптасқан халықаралық жүйенің орнын хаос пен болжауға келмейтін жағдай басып жатыр. Жаһандық тежеу мен тепе-теңдік жүйесі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтай алмады. Қауіпсіздік архитектурасы жойыла бастады. Әлемдік державалар арасындағы өзара сенімсіздік жылдам артып келеді. Әлем әскери қақтығыстардың жаңа толқынының құрбанына айналды. Біз бірінші рет екі буыннан кейін ядролық қаруды қолдану қаупімен бетпе-бет келдік. ...Өткен жылдардағы көптеген және көбіне өзара байланысты дағдарыстар жаһандық басқаруда айтарлықтай кемшіліктер бар екенін көрсетті. Олар БҰҰ-ны жаңғырту және реформалау қажет екенін айқындап берді. БҰҰ алдағы сын-қатерлерге және туындайтын мүмкіндіктерге дайын болуға тиіс», деген еді. Дәл осы мазмұндағы пікір биыл Давос форумында да айтылды. Ал ядролық қарулануға келсек, жуырда Солтүстік Корея тағы да ядролық сынақ жасағанға ұқсайды. Былтыр қазан айында Ресей атом қаруын сынауға тыйым салған келісімнен шығатынын мәлімдеген соң-ақ АҚШ өзінің Невада штатындағы сынақ алаңдарында ядролық қаруды сынақтан өткізді. Қыркүйекте CNN Ресейдің, Қытай мен АҚШ-тың ядролық сынақ алаңдарында белсенділік күшейгенін жазды. Ал жуырда Қытайдағы ядролық оқтұмсықтар саны 500-ге жеткені белгілі болды. Олардың 440-ы бірден қолдануға даяр тұрған көрінеді. Ал Ресейде – 5 889 дана, АҚШ-та 5 244 дана ядролық оқтұмсық бар. Бірақ бұл деректерге тактикалық мақсатта қолданылатын ядролық снарядтар кірмейді. Демек, адамзатқа қатер адамның өзінен төнетін сияқты. Климаттың өзгеруі де, ядролық қатер де, түрлі індет тарау қаупі де «адам араласқан ертегі оңбайтынын» байқататын болса керек. Давостағы әңгіме-дүкеннің астарынан осындай ой оқыдық.

«Global Risks Report – 2024»: қауіп қайдан?

Дүниежүзілік экономикалық форумда жаһандағы 1,4 мың сарапшының қатысуымен әзірленген «Global Risks Report – 2024» есебі ұсынылды. Сарапшылардың болжамынша, алдағы 10 жыл бойы әлем ұстараның жүзінде жүргендей күй кешеді екен. Мамандар адамзат үшін қауіпті 20 жағдайды атапты. Тізімді ауа райының экстремальді жағдайы бастап тұр – 66 пайыз. Одан соң жалған ақпарат пен фейктерден, соның ішінде жасанды зерденің көмегімен жасалатын осындай өнімдерден көбірек зардап шегетін сыңайлымыз, яғни 53 пайыз деседі. Сонымен қатар қоғамның әлеуметтік-саяси поляризациясы күшейеді екен. Сарапшылар оның қатерін 46 пайызға бағалапты. Өмір сүру құны дағдарысын – 42 пайыз, кибершабуылдар қаупін – 39 пайыз, экономикалық құлдырауды – 33 пайыз, маңызды тауарлар мен ресурстарды жеткізу тізбегінің бұзылуын – 25 пайыз, бір немесе бірнеше мемлекет қатысатын әскери қақтығыстардың өршуі қаупін 25 пайызға бағалапты. Ал 19 пайыз ықтималдығы бар қатер ретінде сарапшылар маңызды инфрақұрылымдарға шабуылды атапты. Бұл дегеніңіз терроризмнен төнер қауіптің жойылмағанын білдіреді. Адамзаттың бейғам өміріне цензура мен сөз бостандығының шектелуі де әсер етеді деп болжапты. 16 пайыз шамасында қауіп бар деседі. Ал кездейсоқ болған немесе қасақана ұйымдастырылған ядролық апат қаупі 12 пайыз болса керек. Қысқасы, «Global Risks Report – 2024» есебінде адамзат өмірінің алдағы 10 жылына кері әсер етуі мүмкін басты факторлар сипатталған. Біздің пайымдауымызша, осынау 20 қатерді тиісті мамандар сараптап, қажет стратегияны ойластыруға тиіс. Өйткені жаһандық қатерлер адамзатқа ортақ. Демек, біздің тұрмысымызға да тікелей әсер етуі мүмкін. Өйткені Қазақстан өзгеден бөлек өмір сүре алмайды. Табиғаттың тосын мінезіне қарсы тұруға ешкімнің қауқары жоқ. Ал фейктер мен жалған ақпараттардың зардабы қоғамдағы берекені алуы ықтимал. Кибершабуыл, өмір сүру құнының қымбаттауы, әлем елдерінің жік-жікке бөлініп, бір-біріне қыр көрсетуі... Қысқасы, қатер көп. Бәрінің тікелей немесе жанама әсері Қазақстанды айналып өтпейді. Сондықтан Давоста айтылғандар Швейцария тауларына жиналған ығай мен сығайдың бос әңгімесі емес. Дерегі мен дәйегі, болжамы бар дүниелер. Бәлкім, сол себепті де бұл жиын маңызды шығар.

Амангелді ҚҰРМЕТ, саясаттанушы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар