Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

БІРЫҢҒАЙ УАҚЫТ БЕЛДЕУІНЕ КӨШУ ҚАНШАЛЫҚТЫ ТИІМДІ?

БІРЫҢҒАЙ УАҚЫТ БЕЛДЕУІНЕ КӨШУ ҚАНШАЛЫҚТЫ ТИІМДІ?
ашық дереккөз
БІРЫҢҒАЙ УАҚЫТ БЕЛДЕУІНЕ КӨШУ ҚАНШАЛЫҚТЫ ТИІМДІ?
Елімізде 1 наурыздан бастап бірыңғай уақыт белдеуі енгізіледі. Осыған орай кеше облыс әкімдігінде аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен кеңес өтті. Облысымызға іссапармен келген ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Қуаныш Елікбаев бірыңғай уақыт белдеуіне көшудің тиімділігі туралы баяндама жасап, кеңеске қатысушылар тарапынан туындаған сұрақтарға жауап берді. – Біздің негізгі мақсатымыз – бірыңғай уақыт белдеуіне көшу мәселесіне байланысты халықты ақпараттандырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Осы мақсатта Ақтөбе, Шығыс Қазақстан өңірлерінде болып, бүгін киелі Әулиеата өңіріне ат басын тіреп отырмыз. Өздеріңіз білетіндей, ел аумағында бірыңғай уақыт белдеуі туралы Үкімет қаулысына өзгерістер енгізілді. Осыған сәйкес еліміздің батыс аймағынан өзге өңірлерде биыл 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні сағат 00.00-де жергілікті уақыт 1 сағат артқа ауыстырылады. Осылайша еліміздің барлық өңірі UTC+5 бірыңғай уақыт белдеуіне көшеді. Жалпы бірыңғай уақыт белбеуіне көшу мәселесін жеке азаматтар, Парламент депутаттары, қоғам белсенділері бірнеше рет көтерді. Көбіне Қостанай, Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстарынан ұсыныстар көп келді. Талқылаудың бірнеше кезеңінің нәтижесінде сарапшылар уақытты UTC+5 уақыт белдеуіне аудару Қазақстанның көптеген өңірі үшін ең дұрыс нұсқа болатындығымен келісті. Себебі Қазақстан UTC+5 уақыт белдеуінде орналасқан. Сондықтан табиғи уақытқа UTC+6 емес, UTC+5 белдеуі сәйкес келеді. Қазір әлемдегі 175 мемлекет бірыңғай уақыт белдеуінде. Сондықтан мұндай шешім уақытында қабылданды және ғалымдардың пікірімен сәйкес келеді», – деді Қуаныш Елікбаев. Ал биотехнолог, ғалым Әмір Қуат бірыңғай уақыт белдеуіне көшудің адам ағзасына пайдасы жайлы түсіндіріп берді. – Қазіргі таңда Қазақстан территориясында 4 уақыттық белдеуі бар. Ол – UTC+3, UTC+4, UTC+5 және UTC+6. Нақтырақ айтсақ, UTC+3 (Батыс Қазақстан) пен UTC+6 (Шығыс Қазақстан) уақыт белдеулері ел территориясының шет аймақтарына аздап қатысы бар. Қалыптасқан жағдайға байланысты қазіргі таңда UTC+6 уақыт белдеуін еліміздің жартысынан көп бөлігіне жасанды жолмен тартып, созып қойған. Ол табиғи уақыттық белдеу болмағандықтан адамдардың түн ұйқысы табиғи уақытқа сай келмей, бір сағатқа кеміп тұр. Бұл – Астана, Шығыс Қазақстан сияқты еліміздің өзге өңірлеріне тән құбылыс. Бірыңғай уақыт белдеуіне көшудің еліміз үшін экономикалық тұрғыдан да, адам ағзасына да оң әсері бар. Ұйқы – адам ағзасындағы маңызды процесс. Енді бұл өзгеріс адам ағзасына қалай әсер етеді? Адамның ағзасына ұйқы не үшін керегін бәріміз білеміз. Өйткені осы уақытта адам ағзасы өзінің регенеративтік процестерін өткізіп, демалады. Бірақ адам баласы UTC+6-да ұйықтайтын болғандықтан түнгі уақыты бір сағат қысқарып отыр. Былайша айтқанда, регенеративті процестер бір сағатқа кем өтіп жатыр. Соны ғылыми тұрғыда қарастыратын болсақ, 1 сағат дегеніміз – ол күн сайын бірінің үстіне бірі қабаттаса беретін проблема. Бұл 30-40 жылда үлкен мәселеге айналуы мүмкін. Сондықтан біздің елде обыр, инфаркт, инсульт, суицид, тіпті ажырасудың көбеюіне де осы мәселе әсер етеді. Көпшілік бұл мәселенің ажырасуға қандай қатысы бар екенін сұрап жатады. Ол адамның психоэмоционалды жағдайына тікелей әсері бар. Бұған жай ғана мысал келтірейік. Мәселен, сіз қалыптасып қалған өміріңізде 7-8 сағат ұйықтайтын болсаңыз, соны бір апта бір сағатқа қысқартып көріңіз. Бір аптада сіздің психоэмоционалдық жағдайыңыз күрт өзгереді. Әрине, ол жақсы жағына қарай өзгермейді. Осы процесті бірыңғай уақытқа қарай көшіру, демек, өзінің табиғи белдеуіне көшіру адам азғасына тікелей оң әсерін тигізеді, – деді ғалым. Жиын барысында баяндамашыларға бірқатар сұрақ қойылып, нақты жауаптар берілді.

Т.БЕРІКБАЙҰЛЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар