Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Балалар әдебиетін дамыту тетіктері талқыланды

Балалар әдебиетін дамыту тетіктері талқыланды
ашық дереккөз
Балалар әдебиетін дамыту тетіктері талқыланды
Еліміздің Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева балалар тақырыбында қалам тербейтін ақын-жазушылар, балалар баспасы басылымдарының бас редакторлары, Журналистер және Жазушылар одағы өкілдерінің, сондай-ақ республикалық кітапхана директорларының басын қосып, «Шығармашылық зиялы қауым –ؘ Қазақстан балаларына» тақырыбында «дөңгелек үстел» өткізді. «Дөңгелек үстелге» қатысушылар балалар әдебиетін дамытудың өзекті мәселелерін талқылап, қазақ тіліндегі контенттің сапасын арттыру және оны өңірлік білім басқармаларымен, кітапханалармен, ата-аналар ұйымдарымен, сондай-ақ ірі еңбек ұжымдарымен бірлесе жұмыс істеу жолдарын қарастырды. Оқу-ағарту министрі мектептерде балалар басылымдарын ілгерілету бойынша кешенді бағдарлама әзірленетінін алға тартты. «Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Балалар кітапханасының» жаңа моделі құрылып жатыр. Биылғы оқу жылында белсенді оқырмандарды 100 көркем, ғылыми-танымдық кітап оқуға ынталандыру, электронды кітапханалар мен онлайн-ресурстар құру, газеттер мен журналдарды оқу мәдениетін арттыру бойынша іс-шаралар басталды. Бұл бағыттағы жұмыс «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» аясында да жүргізіліп жатыр. Қазір біз мектеп кітапханашыларының мәртебесі мен жалақысын көтеру мәселесін қарастырып жатырмыз», деп атап өтті Ғани Бейсембаев. Оқу-ағарту министрі балаларға арналған басылым ұжымдарының жұмысын жоғары бағалап, алғыс хаттармен марапаттады. Олардың қатарында «Ұлан», «Дружные ребята», «Qazaqstan dauiri» газеттері, сондай-ақ «Ақ желкен», «Балдырған», «Ақылдым», «Жеті әлем», «Мөлдір бұлақ», «Айгөлек» және басқа да журналдар болды. Кездесу қорытындысы бойынша балалар мен жастарға арналған тақырыпта қалам тербейтін шығармашылық зиялы қауымды, креативті индустрия шеңберінде балалар басылымдарының жобаларын қолдау жөніндегі шаралар кешенін ұйымдастыру, «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» аясында жеке тақырыптық секция өткізу туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар қос министр Алматыдағы «Достық» үйінде «Қазақстан балалары және шығармашыл интеллигенция» тақырыбында сала өкілдерімен кездесу өткізді. Мемлекет басшысының балалар кітапханасы мен шығармашылығын дамытуға көңіл бөліп отырғанын жеткізген Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева баспа-басылымдар арқылы өскелең ұрпақтың өнер, білім, ғылым мен әдебиетке қызығушылығын арттырудың маңыздылығын атап өтті. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев бала тәрбиесі аса маңызды іс екенін айта келіп, осы тұрғыда балалар әдебиеті мен балалар музыкасын дамытуға ерекше көңіл бөлініп жатқанын мәлімдеді. Басқосудың соңында қос министр балалар шығармашылығына байланысты әзірленіп жатқан кешенді бағдарламаның бағдар-мазмұнымен таныстырып, көпшіліктің сұрақтарына, ұсыныстарына құлақ түрді. Кездесу түйінделер тұста бірқатар балалар басылымының ұжымына қос министрліктің Алғыс хаттары тапсырылып, қаламының қарымы мол белсенді тілшілер «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

Айжан Өзбекова

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар