Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Сурет өнерінің падишасы

Сурет өнерінің падишасы
ашық дереккөз
Сурет өнерінің падишасы
Тараз қаласындағы «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығында суретші Әбілхан Қастеевтің туғанына 120 жыл толуына арналған «Сурет өнерінің падишасы – Әбілхан Қастеев» атты «дөңгелек үстел» отырысы өтті. Жастарға қазақтың саңлақ суретшісі Әбілхан Қастеевтің өмірі мен өнерін насихаттау және суретшінің қылқаламынан туған шығармаларын таныстыруды мақсат еткен іс-шараға алыс-жақыннан келген қонақтарды арнайы қарсы алып, сөз сөйлеген орталықтың директоры Элмира Мырза-Ғали қатысушыларға өз алғысын білдірді. – Қазақтың бейнелеу өнерін Әбілхан Қастеевсіз көз алдымызға елестету мүмкін емес. Әйгілі суретші 20-30-жылдары-ақ Қазақстандағы болашақ Суретшілер одағының негізін қалаушылардың бірі бола білді. Суретшінің қылқаламынан шыққан туындылар қазақ мәдениетінің таным-тарихы деуге болады. Әбілхан Қастеев біздің рухани тарихымызға өзек салған, санамызға суреті арқылы сәуле түсіре білген ұлы суретші. Өз дәуіріндегі өзіне ғана тән жолмен, өзіне ғана тән дара өнермен қазақ мәдениетін жаңа кезеңге көтерген хас шебер. Сондықтан да Қазақстанның халық суретшісі Әбілхан Қастеев есімі – республика жұртшылығына кеңінен танымал және аса құрметті. Бейнелеу өнеріне ең алғаш назар аударған және оның еліміздегі қалыптастырушысы ретінде танылған бірегей тұлғаның 120 жылдық мерейтойы қарсаңында алғашқылардың бірі болып осындай іс-шараны ұйымдастырып отырғанымызға қуанып тұрмын, – деді Э.Мырза-Ғали. «Дөңгелек үстелге» елге танымал азаматтар қатысып, суретшінің өнері мен артында қалдырған мол мұрасы туралы сөз қозғады. Қазақстан Суретшілер одағының мүшелері Қайрат Гумаров, Мұхтар Егізеков және І Республикалық суретшілер арасындағы байқаудың «Қолөнер» номинациясы бойынша дипломанты, республикалық, облыстық, қалалық байқаулардың және көрмелердің үздіксіз қатысушысы Мақсат Айдарқұлов пен кәсіби суретші Есенбек Серкебаев Әбілхан Қастеевтің салған суреттері туралы жан-жақты түсінік беріп, оның ұлттың ұлы суретшісі екенін айтып, осындай іс-шараны ұйымдастырушыларға өздерінің ризашылығын білдіріп, алғыстарын жаудырды. Сонымен қатар кездесу кешінің аясында орталық қызметкерлері мен үйірме қатысушыларының арнайы дайындаған концерттік бағдарламасы көпшілік назарына ұсынылды. Одан бөлек көпшілік назарына Әбілхан Қастеевке арналған бейнеролик ұсынылды. Ал іс-шара соңында қонақтар облыстық Д.А.Қонаев атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасы ұйымдастырған арнайы кітап көрмесін тамашалады.

Шапағат Әбдір

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар