Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

2023 ЖЫЛДЫҢ ЕҢ ТАНЫМАЛ ФЕЙКТЕРІ

2023 ЖЫЛДЫҢ ЕҢ ТАНЫМАЛ ФЕЙКТЕРІ
ашық дереккөз
2023 ЖЫЛДЫҢ ЕҢ ТАНЫМАЛ ФЕЙКТЕРІ
«Stopfake.kz» порталы кейінгі үш жылда отандық кеңістіктен 3 мыңнан аса ақпараттың жалған екенін анықтаған. Өткен жылдың өзінде 800-ден аса басылымның дерегі тексерілген. Талдау барысында фейк жаңалықтың көбіне вакцинация, коронавирустық пандемия, қастандық жасау, 5G байланыс форматы және интернет-технологиялар тақырыбында тарайтыны белгілі болған. Осы орайда «Stopfake.kz» порталының деректерін негізге алып, өткен жылы кең таралған, қоғамда қызу талқыланған танымал фейктерге тоқталғанды жөн көріп отырмыз. Жаңа пандемия 2023 жылдың мамырында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы COVID-19 пандемиясының аяқталғанын ресми түрде жариялады. Біраз уақыт өткеннен кейін оқу жылы қарсаңында тағы бір жаңа вирус пайда болатыны туралы жалған ақпарат тарай бастады. Халықтың үрейін алған ақпаратта барлық мектептер жабылып, балалар қашықтан оқуға ауыстырылатыны айтылды. Ол аздай, 2024 жылдың қазан айында әлемде «Х ауруы» таралады деген ақпарат шықты. Шындығында, бұл нақты ауру емес, тек теориялық болжам ғана. ДДҰ болашақта жаңа індетке әкелуі ықтимал анықталмаған инфекцияны осылай атады. Бұған жол бермеу үшін ғалымдар бүгінде белгілі вирустарды зерттеп жатыр. Сондай-ақ қараша айында желіде «СПАРС» (SPARS) деп аталатын жаңа инфекция туралы ақпарат тарады. Тіпті оның пайда болу кезеңі – 2025 жылдан 2028 жылға дейін деп көрсетілді. Осы тақырып бойынша жалған ақпарат жасаушылар миллиондаған бала мен ересектер көз жұмады, Ақ үй, ДДҰ, Дүниежүзілік банк және Джонс Хопкинс денсаулықты қорғау орталығы пандемияға дайындалуда деп айыптады. Ақпарат жалған болып шықты. Оған Джонс Хопкинс институты шығарған медициналық әдістеме негіз болды. Мамандар жаңа пандемия қаупі туындаған кезде аурухана қызметкерлерінің дағдыларын пысықтау үшін «СПАРС» вирусын ойлап тапқан. 15 минуттық қалалар туралы түсінік 15 минуттық қалалар туралы жалған ақпарат желіде жыл басында белсенді тарала бастады. Оны ойдан шығарғандар үлкен қалалар қоршалып, секторларға бөлінеді, ал периметрі бойынша жолдарға тосқауылдар қойылады деді. Секторлар арасында жүруге тыйым салынады, ал олардың ішінде билік автомобильдерді пайдалануға рұқсат бермейді. 15 минуттық қала тұжырымдамасы бар екені рас. Тек ол адамдарды шектеу үшін емес, олардың жайлылығы үшін жасалған. Оның авторы – профессор Карлос Морено. Ол өз идеясын 2016 жылы ұсынды. Мореноның идеясына сәйкес, мұндай қалаларда адамдар үшін бәрі қолжетімді болады – жұмыс, үй, дүкендер, білім беру және медицина мекемелері, ойын-сауық. Көліктерге деген қажеттілік жоғалады, өйткені қала ішінде велосипедпен немесе жаяу жүреді. Нәтижесінде адамдардың өмірі тыныш болады, кептелістер мен әбігерлік болмайды. 15 минуттық қалаға кіріп-шығуға ешқандай шектеулер қойылмайды. Мұның бәрін конспирологтар ойдан шығарған. Чиптеу Адамдарға чиптер енгізіліп жатыр деген қауесет COVID-19 пандемиясы басталғаннан бастап айтылып келеді. Бірақ өткен жылы қиялы ұшқыр адамдар тапқырлықтарымен ерекшеленді. Вакциналарға адамдарды бақылайтын құрылғылар «салынатыны» туралы ескі фейктермен қатар, чиптеу изотоптық сызба арқылы жүзеге асырылады деген ақпарат пайда болды. Белгісіз инновациялық таңбалар адамдарды бір компьютерге қосуға ықпал етеді. Бұл ерекше таңбалар – олардың кванттық нүктесі бар. Бұл теорияны жақтаушылар нақты уақыт режимінде қалай болатынын түсіндіре алмады. Әлемде цифрлық валюталар туралы жиі айтылып жүргендіктен конспирологтар интернет қолданушыларын басқа оқиғамен қорқыта бастады. Айтуларынша, адамдарға тері астына көлемі күріштің дәніндей ғана имплант енгізіледі екен. Онсыз электронды ақшаны қолдану мүмкін емес. Сондықтан адамзат аштық пен кедейлікке тап болады. Әртүрлі елдердегі фактчекерлер цифрлық ақша ешқандай микрочипсіз қолжетімді болатынын дәлелдеді. Тамақ пен тәттілердегі жәндіктер Өнімдерде жәндіктер болатыны туралы фейктердің шығуына Еуропалық одақ елдерінде жаңа норманың қабылдануы түрткі болды. Арнайы өңделген шегіртке ұнын макаронға, пиццаға, кейбір өңделген тағамдарға, тұздықтарға және тағы да басқаларға қосуға рұқсат етілген екен. Мұндай ұн қосылған өнімде арнайы таңбалау қолданылады. Ол ағзаға қауіпсіз және ақуызға бай, конспирологтар енді шегірткелерді тамақ өнеркәсібінің барлық өнімдеріне жасырын түрде қосады деп мәлімдеді. Бұл шындыққа жанаспайды, өйткені өндірісті Еуропалық азық-түлік қауіпсіздігі басқармасы қатаң қадағалайды. Сондай-ақ жәндіктерді тәттілерге қосады деген қауесет тарай бастады. Егер тағамның құрамында шеллак пен кармин болса, бұл онда жәндіктер бар дегенді білдіреді екен. Карминнің қоңыздан алынатыны рас. Бояғыш зат жасау үшін Кармин қышқылын бірнеше сүзгіден өткізеді. Шеллакты Kerriidae тұқымдасының құрттары бөліп шығарады. Бірақ бұл тағамдық ингредиенттердің екеуі де өңдеудің көптеген сатысынан өтеді. Сондықтан нәтижесінде өнімдерде жәндіктердің қалдықтары болмайды. Жасанды жұмыртқалар Жалған жұмыртқалар туралы алғаш рет 2013 жылы айтылды. Бұдан кейін ең қоректік тағамдардың бірі туралы жалған ақпарат жойылды. Өткен жылы жалған жұмыртқалар туралы жалған жаңалықтар қайта тарала бастады. «Мамандар» қабықтағы өсінділер мен кедір-бұдырлар тек табиғи емес өнімде ғана болады деп мәлімдеді. Шындығында, жұмыртқа қабығының тегіс болмауы кальций қалдықтары болып табылады. Алаңдауға негіз жоқ. Бұл дәм мен сапаға әсер етпейді. Ақуыздың сулы және сарыуызының пішінсіз болуы да қалыпты жағдай. Жасанды жұмыртқалар өндірілсе, олар табиғи жұмыртқаларға қарағанда әлдеқайда қымбат болар еді. Ағашқа байланысты қауесет Өткен жылы Қазнетте Билл Гейтс климаттың өзгеруімен күресу үшін ормандарды шабу бағдарламасына демеушілік жасайды деген ақпарат тарады. Билл Гейтстің ормандарды кесуге демеушілік жасағаны туралы хабарламалар желінің ағылшын тіліндегі сегментінде 2023 жылдың қыркүйек айының ортасында пайда болды. Пайдаланушылар «Microsoft» компаниясының негізін қалаушы 280 шаршы шақырымнан астам орманды кесу үшін төлейді деп жазды. Алайда фактчкерлер бұл хабарламаны тексерудің нәтижесінде мұның бәрі өтірік екенін анықтады. Шын мәнінде, Билл Гейтс Калифорниядағы тығыз, өрт қаупі жоғары ормандарда ағаштарды кесуге бағытталған «Kodama Systems» жобасының бірнеше инвесторларының бірі. Ағаштарды кесу орман өрттерінің ықтималдығын азайтады және ормандарды сақтауға көмектеседі. Билл Гейтс «ағаш отырғызу әлемді жояды» деп мүлдем айтпаған болатын. Бұл оның «The New York Times» ұйымдастырған «Climate Forward» іс-шарасында айтқан сөздерінің бұрмаланған нұсқасы. Филантроптың сөйлеген сөзінің толық жазбасын «The New York Times» ресми «YouTube» арнасынан табуға болады. Видеоның 18 минут 20 секундында Гейтс аз қамтылған отбасылар тұратын үйлер үшін электр жылыту қазандықтарын сатып алатынын айтады. Осылайша адамдар қоршаған ортаға зиян келтірместен жылу төлемдерін үнемдей алады. Сондай-ақ ол күн батареяларын сатып алып, басқа да көптеген «жасыл» бастамаларға демеушілік жасайтынын атап өтеді. Жер жойылмайды Біздің планетамыз жақын арада өмір сүруін тоқтатып, барлық тіршілік иелері жойылады деген жаңалық ресейлік БАҚ-та 2023 жылдың тамызында шығып, қазақ қоғамында да қызу талқыланды. Хабарламаларда «америкалық ғалымдар тобы» «Жер ядросының ерекше ығысуы мен тұрақсыздығын, планетаның айналуының кездейсоқ және ретсіз үдеуін, оның айналу осінің ығысқанын» анықтаған делінген. Бұл ретте олар жарияланымдарда «Earth Save Science Collaborative» порталына және «Гарвард университетінің зерттеушісі» Аллен Эгон Чолакянға сүйенеді. Чолокян 2023 жылдың 13 тамызында «YouTube»-те жарияланған видеосында алдағы жылдары Жер жойылады деп болжам жасаған. Бұл ретте оның Жердің тез айнала бастағанын, осінен ығысқанын, дүниежүзілік мұхиттың жылу өткізу қабілетін жоғалтқанын қалай анықтағаны түсініксіз. Яғни бұл мәлімдемелер ақылға қонымсыз. Оның үстіне Жердің айналу осі мезгіл-мезгіл өзгеріп отырады, онда тұрған ештеңе жоқ. Орбита жазықтығына перпендикуляр сызыққа қатысты Жердің айналу осінің көлбеуі 22,1 және 24,5 градус мәндер арасында ауытқиды. Мұндай ауытқулар қалыпты жағдай болып саналады және бұл ақыр заманның болатынының белгісі емес. Жердің айналу жылдамдығы да тұрақсыз. Ол миллисекундтарға артып, баяулауы мүмкін, бұл алаңдайтын жағдай емес. Мұндай ауытқулар мезгіл-мезгіл болып тұрады, ол көптеген факторларға байланысты және Жердегі тіршілікке ешқандай қауіп төндірмейді. Чолокян байқаған дүниежүзілік мұхиттың жылу өткізгіштігінің жоғалуы және жер ядросының тұрақсыздануы сияқты өзгерістерді басқа ғалымдар растамайды. Демек, алдағы бірнеше жылда Жер өздігінен жойылады дегенге сенуге негіз жоқ. Бұл туралы айтқан адам ешқандай дәлел келтірмейді, ал әлемдік ғылыми қауымдастық мұндай мәлімдеме жасамаған. Осылайша әлеуметтік желілерде «тұрақты түрде» түрлі жалған ақпараттар таралып жатады. Жалған ақпараттың жетегінде кетіп, кең таралуына атсалысудан абай болыңыз.

Талғат Нұрханов

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар