Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Нұржан НҰРЖІГІТОВ:«Білікті жастарды қызметте өсіруге дайынбыз»

Нұржан НҰРЖІГІТОВ:«Білікті жастарды қызметте өсіруге дайынбыз»
ашық дереккөз
Нұржан НҰРЖІГІТОВ:«Білікті жастарды қызметте өсіруге дайынбыз»
Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Тараз қаласындағы «Жеңіс» саябағында өңір жастарымен кездесіп, еркін тақырыпта сұхбат құрды. Жиында белсенді жастар атқарылған жұмыстары жөнінде баяндап, өңірге тиесілі өткір сұрақтарын ортаға салып, өз ұсыныстарын айтты. Басқосуда сөз алған облыс әкімі қоғамның қозғаушы күші, еліміздің болашағы саналатын жастарға мемлекет тарапынан әрқашан қолдау көрсетілетінін айта келіп, жастар саясатында орын алып жатқан мәселелермен күресу керектігін жеткізді. – Біз әдетте жиналыстар мен қандай да бір маңызды іс-шараларды мәжіліс залдарында, кабинеттерде ресми жағдайда өткізіп келдік. Ондай басқосуларда сұхбаттасушылармен арамызда алшақтық болатын. Бірақ бүгін бәрі басқаша. Бүгін міне, басқаша атмосферада ашық аспан астында «Жеңіс» саябағында табиғат аясында жиналып отырмыз. Жағымды, еркін жағдайда барлық өзекті мәселелерді талқылай аламыз деп үміттенемін. Облыс әкімі ретінде қызметіме кіріскен күннен бастап аудандарды көп аралап, ауыл тұрғындарымен, қала тұрғындарымен кездесулер өткізіп жүрмін. Іссапарлар аясында байқағаным жастарға қатысты шешімін күтіп тұрған мәселелер аз емес екен. Ендеше ашық диалог бағытында өткізіліп отырған бұл кездесуіміз жастар саясатына қатысты қордаланған кемшіліктердің оңтайлы шешілуіне ықпал етеді деп сенемін, – деді аймақ басшысы. Нұржан Молдиярұлы бүгінде жастардың 10 пайызға жуығы мүлдем жұмыссыз жүргендігін тілге тиек етті. – «Тоқырау» кезеңі атанған тоқсаныншы жылдар көпшіліктің есінде болар. Ол заманда экономика құлдырап, ел жұмыс таппай өз бетінше күн көріп, жан бағудың қамын жасады. Көптеген ата-ана олардың ішінде ғалым, инженер, дәрігерлер де бар, балаларын асырау үшін базарға шығып, саудамен айналысуға мәжбүр болды. Үлкендерде балаларының қалай білім алып жатқанына қарауға уақыт та болмады. Өзіміз де сондай кезеңнен өттік. Қазір еліміз күннен-күнге дамып келеді. Кеңес одағы ыдырағаннан кейін өз тәуелсіздігін алған 15 елмен салыстырғанда мемлекетіміздің экономикалық көрсеткіші жаман емес. Қарап тұрсақ көптеген елдерде кәсіпкерлерге грант беретін бағдарламалар нәтиже бермеген соң жабылып қалған. Ал біздің елде грант бөлетін бағдарламалар нәтижесіз емес. Сондықтан мемлекетіміздің экономикалық көрсеткіштері жаман деп айта алмаймыз. Осыған қарамастан елімізде жұмыссыз жастар қатары көбейіп келеді. NEET санатындағы жастар білім алуға да, жұмыс істеуге де құлықсыз. Қаңтар оқиғасынан кейін арнайы талдау жасалған болатын. Сол кезде анықталғаны бізде 58 мыңнан астам жас болса, 10 пайыздан астамы NEET жастар қатарында. Жастардың арасындағы жұмыссыздық деңгейі 0,2 пайызға өсіп отыр. Өкініштісі республика көлемінде біздің облыстың жұмыссыздық деңгейі ең төмен аумақтар қатарында тұруы. Сондықтан жұмыссыз жастарға ерекше назар аудару өте маңызды. Мәселен, соңғы жылдары көптеген жұмыссыз азаматтардың жеке кәсібін дамыту үшін жеңілдетілген несие алу мүмкіндіктері жасалып келеді. Қаржылай несие алуға болатын кәсіп түрлерін ұсынып, еңбек етуге ынталандыру қажет, – деп жалғастырды өз сөзін Нұржан Молдиярұлы. Сондай-ақ аймақ басшысы Үкіметтің жастар саясаты бағытында қолға алып жатқан бағдарламаларымен таныстырып өтті. – Бір қарағанда ең нәтижелі жобалардың да ұтымсыз тұсы бар. Мысалы, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасын алайық. Тек өткен жылдың өзінде осы бағытта 250 миллион теңге бөлінді. Жас мамандар бағдарлама бойынша жұмысқа орналасады, қызмет тауып, олардан талап етілетіннің бәрін жасайды. Бірақ міндеттеме мерзімі біте салысымен, ары кеткенде төрт жылдан кейін қайта қалаға оралады. Сондықтан жастар өз өскен өлкелерінде қалып қызмет етіп, аудандарын дамытуға күш салғанын қаласақ біз де өз тарапымыздан бар мүмкіндікті жасап беруіміз керек. Сонда ауыл жастары жұмыс іздеп қалаға кетпес еді, – деді ол. Нұржан Нұржігітов өз сөзінде деструктивті діни ағымдардан сақ болуға да назар аударды. Ол бүгінде мемлекеттің ақпараттық кеңістікте де жеңіліп жатқанын айтып, жастарды жат ағымның жетегіне кетпеуге үндеді. Аймақ басшысының баяндауынша, ғаламтор желілерінде салафиттік бағыттағы көптеген сайттар, видеолар бар. Олардың миллионға жуық қаралым жинауы мемлекетіміздің ақпараттық шабуылда ұтылып жатқандығының дәлелі. Сонымен қатар аймақ басшысы жастарға арналған «Әулиеата жастары» ипотекалық несиелендіру бағдарламасына тоқталды. Өңір басшысының айтуынша, бағдарлама сәтті болса, әкімдік бөлінген 500 миллион теңгемен шектеліп қалмай, алдағы уақытта да қаржылай қолдау көрсету жалғаса бермек. Жиналғандар алдында сөз алған облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа басқарманың әзірленген жоспар бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Басқарма басшысы жыл соңына дейін жұмыссыз жастардың санын екі есеге азайту жоспарланып отырғанын, ол бойынша тиісті жұмыстар қолға алынғанын жеткізді. Сондай-ақ басқарма басшысы ағымдағы жылдың қыркүйек айында жоғары технологиялар саласындағы гранттарды жүзеге асыру құжаттары дайын болатынын атап өтті. Сыйақы мөлшері 300-ден 500 мың теңгеге дейін, ал соңғы жобалар мен қаржыландыру бағыттары үш айлық талдау жұмыстарынан кейін желтоқсанға дейін анықталады. Басқарма басшысының сөзін мұқият тыңдаған облыс әкімі Серікбол Қайратұлына бірқатар тапсырмалар жүктеді. – Білуімше облыста 7000-нан астам NEET жастар болса, олардың 3000-нан астамы әлі анықталмаған. Сол мәселеге көңіл бөлуіміз керек. Жастарды жұмысқа тартайық. Олар мемлекет тарапынан көмек берілетіндігін, өздерінің мемлекетке, қоғамға керек екендігін сезінсін, – деп қадап айтты. Басқосуда «Amanat» партиясы жанындағы «Jastar ruhy» жастар қанатының төрағасы Уәлихан Болатбек сөз сөйлеп, өңір басшысына кейбір спорттық жобаларға қаржылай қолдау көрсетуді сұрады. Оның айтуынша, жаңа атауға ие болған мекеме биыл жастар өміріне жаңаша леп алып келу мақсатында «Өрлеу» және «Қайсар» деген екі жобаны қолға алған. – «Қайсар» жобасының мақсаты жас буынды әскери өмірге шыңдап, патриоттыққа тәрбиелеу. Жоба аясында 9-11-сынып оқушылары арасында облыстық спорттық іс-шаралар өткіздік. Әр ауданға хат жолдағанымызбен, қаладан 8 мектеп зорға қатысты. Байқағанымыз көп оқушы жастарымыздың спорттық көрсеткіштері төмен. Бір оқушы қашықтыққа жүгіре алса, жүзе алмайды, өзгесі жүзе алғанымен жүгіре алмайды. Сондықтан осы саладағы жұмысты ерекше қолға алуымыз керек. Тағы бір айтарым, кәсіпкерлердің қолдауымен өзімнің жеке бастамам бойынша екі рет облыстық марафон өткіздік. Алғашқысында 600, көктемгі марафонға 800 адам қатысты. Марафонға деген қызығушылық жоғары болды. Енді тағы күз айында өткізейін десек облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бюджетінде екі-үш рет марафон өткізуге қаражат қарастырылмаған. Осыған қолдау көрсетуіңізді сұранамын, – деді Уәлихан Болатбек. Айтылған ұсынысты назарға алған Нұржан Нұржігітов бұқаралық спортты дамыту жастар ұйымдарының маңызды міндеттерінің бірі екенін атап өтіп, тиісті өтініш түскен бойда қажетті қаржы бөлінетініне уәде берді. Мұнан соң «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының өкілдерімен әңгімелесіп, ұсыныстарын ескерген өңір басшысы олардың жұмыс маусымын тоғыз айдан он екі айға дейін ұзартуды ұсынды. Әкім егер еңбек жасағының қарауына саябақ секілді орындар берілсе, жастар тұрақты жұмыспен қамтылып, әрі мәдени орындарымыз көркея түсер еді деген оймен сөзін түйіндеді. Кездесуде облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жастарының қоғамдық бірлестігі жетекшісінің орынбасары Артур Лигостаев та өз ұсыныстары мен ойларын ортаға салды. Ол Ассамблея жастары көптеген қайырымдылық істерге мұрындық болып жүргенін айта келіп, Ассамблея жастарына бірыңғай үлгідегі форма берілсе деген өтінішін жеткізді. Мұнан бөлек Ассамблеяға қарасты «Айбын» патриоттық жастар клубының жұмысын дамытуға көңіл бөлуін сұрады. Артурдың айтуынша, жастардың әскерге баруға құлықсыз екендігінің бір себебі әскери дайындыққа назар аудармау. Сондай-ақ ол облыста Ассамблея жастарының республикалық слетін өткізсек деген ұсынысын айтты. Өңір басшысы жастардың өтінішіне орай Серікбол Берікқожаға республикалық жастар жиынына дайындықты бүгіннен бастауды тапсырды. Дебатшы Шұғыла Қайратқызы барлық мектептерде пікір сайыс үйірмесі ашылса, онда арнайы сертификаты бар ұстаздар білім берсе деген ұсынысын жеткізді. Серікбол Берікқожа да бұл ұсыныс Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтің тікелей тапсырмасы екендігін хабарлады. Жиында жастар қаладағы тозығы әбден жеткен жатақханалардың жай-күйін, ауылдық жерлерде оқу орталықтары мен спорт кешендерінің жоқтығын, маман тапшылығын, жастар резервіне тиісті көңіл бөлінбей жүргендігін қозғады. Жастардың ұсыныс-пікірін мұқият тыңдаған облыс басшысы аудандық жастар ресурстық орталықтарының жұмысын оң бағалады. Сонымен қатар ауылдық жердегі бұқаралық спортты дамыту керектігін, мектептегі спортзалдарды, спорт кешендерін жастар пайдалана алуы үшін үнемі ашық тұруы керектігін айтты. Жастар ресурстық орталықтары, басқарма тарапынан жақсы бастамалалар, ұсыныстар айтылса облыс әкімдігі қаржыландыруға дайын екендігін жеткізді. Әрдайым жастарға қолдау көрсетіп, өзін көрсете білген лайықты маманды қызметте өсіруге дайын екендігін айтты. Жиын соңында Нұржан Молдиярұлы жастардың алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар