Суретші соқпағы
Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, талантты өнер шебері әрі кескіндемеші-суретші Владимир Матюшковтың есімі ел-жұртқа жақсы таныс. Ол 1935 жылы 27 қыркүйекте Қырғыз Республикасының Қызыл ауданындағы Ахин деген ауылда дүниеге келгенімен саналы ғұмыры Әулиеата өңірінде өтті. Олай дейтініміз, 1970 жылы сол кездегі «Джамбулстрой» мекемесінде еңбек жолын бастап, ширек ғасыр бас суретші қызметін атқарды. Тағдырдың маңдайға жазғанына қарсы келер шара бар ма, қылқалам шебері өткен жылдың желтоқсан айында өмірден озды. Егер тірі болғанда биыл 89 жасқа толар еді.
Әйтсе де тума талант иесін Жамбыл облысының жұртшылығы ұмытпақ емес. Осы мақсатта алдағы 19 қаңтарда суретші-кескіндемешінің облыстық тарихи-өлкетану музейінің Көркемсурет галереясында арнайы жеке көрмесі өткелі отыр. Көрмеге Владимир Матюшковтың 25-тен аса кескіндемелік шығармашылық туындысы қойылды. Автордың бейнелеу өнерінің көмегімен әр картина айрықша сыр аңғартып тұрғандай. Көпшілікгі қазақ елінің салт-дәстүрі мен ауыл көрінісі, әсіресе киіз үй, қайнаған қазан, самаурын, қызғалдақ гүлдер, жайылған мал, көңілді жайлау өзіне тарта түсетіндігі сөзсіз. Негізінен автор жыл мезгілдерін, саябақтың күзгі бұлағын, пейзаж жанрында табиғаттың әсем әлемін сурет тілінде сөйлете білген.
Айта кету керек, суретші көптеген халықаралық, республикалық және облыстық көрмелердің жеңімпазы атанған. Тараз қаласында өткен Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойындағы байқау-көрменің дипломанты, сонымен қатар Қазақстан Суретшілер одағы конкурсының лауреаты болды.
Расында да хас шебердің салған суреттері талайдың таңдайын қақтырып, қиялын қияға қалықтатты. Әсіресе табиғат көрінісін бейнелеген туындылары еріксіз өзіне баурап алады. Мұның бәрі де шалқар шабыттың жемісі екендігі сөзсіз.
Тәңір жазған тағдырға төзумен қатар, өмірін суретшілікпен ғана өрнектеген қылқалам шеберінің болмысы бөлек болғандығы даусыз. Ол өз еңбектері арқылы жастарды отаншылдыққа, патриоттыққа шақыра білді. Сонымен қатар түрлі тауқыметке таусылмай, бүкіл әлемге өзінің мақсатын танытып, өнер жолында аянбай еңбек еткен қайсар рухына сүйсінбеске амал жоқ.
Гүлназ КӨЛБАЕВА, облыстық тарихи-өлкетану музейіне қарасты Көркемсурет галереясының көрме жұмысын ұйымдастырушы маманы
Келесі мақала